Каирде өткен 10-шы халықаралық анимациялық фильмдер форумында «Қазақ елі» бірден үш жүлдені иеленді. Бұл туралы картинаның режиссері Батырхан Дәуренбеков мәлімдеді.

qazaq eli 2

Халықаралық фестивальде 50-ден астам елдің үміткерлері бақ сынаған. Олардың қатарында анимациялық фильм түсіруден үздік АҚШ, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Германия елдері бар. Бұл мемлекеттердің ең үздік киностудиялары 90-нан астам қысқаметражды және толықметражды фильмдер ұсынған. Солардың арасында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ ұсынған «САҚ» киностудиясының «Қазақ елі» анимациялық фильмі бас жүлдені жеңіп алды. Өткен жылы көрерменге жол тартқан туынды кинотеатрлардан көрсетілген болатын. Мультфильм Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібектің балалық шағы мен хан болған шағына дейінгі аралықты баяндайды. Оның түсіріліміне 2D және 3D-технологиялары қолданылған.

– Анимациялық туындының шетелде жоғарғы баға алып, жүлдегер болғанына қуаныштымын. Мұндай жеңістер алдағы күнге деген сеніміңді арттырып, жаңа белестерді бағындыруға шабыт береді. Фильмнің түсіру тобын жеңісімен құттықтаймын, – дейді фильмнің режиссері Батырхан Дәуренбеков. 

Халықаралық фестивальде «Қазақ елі» анимациялық фильмнің авторлары да «Үздік музыка», «Үздік режиссура» номинациялары бойынша да жүлдегер атанды. Атап айтқанда, картинаның композиторы Руслан Шынықұлов және фильмнің әуенін жазған музыкант Жанболат Әділов құрмет дипломдарымен марапатталды.

Өткен аптада қала жолдарын су басты. Екі күн жауған жаңбырдың салдарынан арық-атыздар арнасынан тасыды. Кейбір орталық көшелерді жауын суы басып, көлік қатынау қиындады. Ал еңісте орналасқан шағынаудан тұрғындарына қолайсыздық туғызды.

«Қазгидромет» мекемесінің ОҚО бойынша филиалының синоптигі Динара Айтмырзаеваның айтуынша, биылғы ақпан айының бірінші және екінші онкүндігінде облыс аумағында ауа райы құбылмалы болып, былтырғы жылмен салыстырғанда жаңбыр мен қар өте көп мөлшерде түскен. Бірнеше айда түсетін қалыпты нормадан асып кеткен жауын-шашын салдарынан судың мөлшері Шымкент қаласында 184 мм болды. Табиғаттың тосын мінезінен ирригация жүйелері арнасынан асты. Жауын-шашыннан туындаған қолайсыздықпен күресуге – 2 эксковатор, 12 мотопомпа, 11 су сорғыш құралы және 245 жұмысшы жұмылдырылды. Ал қаладағы коммуналдық қызметкерлер жаңбыр суын айдап, бітеліп қалған арықтарды тазалаумен шұғыл айналысып кетті. Дегенмен синоптиктер ақпан айының 25-28 аралығында облыс көлемінде тағы да жауын жауатынын, Шымкентте ауа температурасы 3-5 градустан +12-15-ке көтерілетінін айтады.

vlcsnap-2016-08-17-14h08m24s235

Су алу қаупі бар 22 мекенжай анықталды

Толассыз жауған жауын-шашын тұрғындарды әжептәуір әбігерге салды. Мәселен, Таң нұры көшесіндегі апатты №17 үй жаңбырға шыдамай, опырылып қалды. Бұл үйлер кезінде сүрілуі тиіс болған. Сондай-ақ «Самал-3»-тегі Өтегенов жолын қиятын аты жоқ көшеге лай су жиналған. 

– Өз үйімізге өзіміз кіре алмай отырмыз, – дейді тұрғындар. Абай ауданы әкімі аппаратының халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Бауыржан Қалмұратов бұл мәселе шешімін табады деп сендірді. 

– Өтегенов көшесіне кәріз жүйесі жүргізілген. Бірақ көше еңісте орналасқан. Соның себебінен жауын суы жиналады. Алдағы уақытта асфальт төсеу жоспарланып отыр, – дейді Б. Қалмұратов. 

Жауын-шашын кезінде Ақжар тұрғын үй алабының тұрғындары да зардап шегеді. Өткен сенбіде шайынды су алты үйдің ауласын басып қалды. 

7564830

Су деңгейінің көтерілуіне орай, сала мамандары дер кезінде көмекке келіп, төтенше жағдайды ретке келтірді. Атап айтқанда Ескі қалашықтағы Хаят көшесі, Тәуке хан даңғылындағы «Салтанат» балабақшасына су тарту жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ 112 орам, «Қайтпас-1», шағынауданындағы Аманкелді, Аймауытов, «Самал -3» шағынауданындағы Қобыланды батыр, Манкентская көшелеріне жиналған су тартылып, ретке келтірілді. 

Бүгінде қаланың ирригациялық жүйесі шаһар басшысы Ғ. Әбдірахымовтың басты назарында. Ирригация мәселесі тек Шымкент үшін ғана емес, Қазақстанның өзге де қалаларында да өзекті. Ирригациялық жүйелер ескіріп, жарамсыз күйге енген. Жуырда облыс әкімі Ж. Түймебаев қала басшысы Ғ. Әбдірахымовқа Шымкентке қосылған елдімекендердің картасын әзірлеп, арық атыздар салу үшін зерттеу жұмыстарын жүргізуді тапсырған болатын. Сонымен қатар, облыс пен қалаға шаһардың ирригациялық жүйесін реттеу мақсатында арнайы карта схемасын дайындауды жүктеген еді.

Ал Шымкент қаласы тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі қала аумағында су алу қаупі бар 22 мекенжайды анықтады. Қазіргі таңда оның 17-не сметалық құжаттары әзірленіп, 167,0 млн теңгені құрайтын құрылыс жұмыстарына бюджеттік комиссияға ұсыныс енгізілді. Яғни, Бәйдібек көшесі арқылы өтетін ирригациялық өткел Манкентская көшесіне дейін жүргізіледі. Шымкент қаласы тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі көріктендіру секторының бас маманы Алмас Шитеновтің айтуынша, «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-і тарапынан жалпы ұзындығы 1100 метр 22 ирригациялық өткел мен қала аумағындағы өзен, каналдардың 5,7 шақырым арнасы тазаланды. Қазіргі таңда мамандар су басу қаупі бар аймақтарды жіті бақылауға алған. 

Ауа райының тосын мінезі әп-сәтте абыржытатыны анық. Алда-жалда төкпелеп жауын жауса, су арықтардан асып, көшелер көлшікке айналары ғажап емес. Осы орайда Төтенше жағдай қызметкерлері тұрғындардың қора-қопсысы мен аулаларын қымтап, тасқын суға бөгет салуды ұмытпауды еске салады.

Шымкент – мәдени ошақтар мен ойын-сауық орталықтарының ордасына айналған қала. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев осындай көпшілік орындарда  мәдени демалысты тиімді ұйымдастыру үшін  халық шығармашылығы туындыларын тыңдарманға жеткізу жөнінде ұсыныс жасаған еді.

DSC 5969

Игі бастамаға Ш. Қалдаяқов атындағы филармония өнерпаздары қолдау білдіріп, «Шымкент плаза» және «Mega planet» ойын-сауық орталықтарына келуші қала тұрғындары мен қонақтарына өнер көрсетті. Мұндай игі шараны мұнан соң облыстық опера және балет театры іліп әкетті. 

Мәдени тынығуды тиімді ұйымдастыру мақсатында қолға алынған шарада шығармашылық ұжым Қазақстан және әлем композиторларының туындыларын орындады. Көрерменге есімдері кеңінен танымал Үралхан Сейілбекова, Марат Оразымбет, Ерлан Жандарбай, Алексей Скибин, Гүлжан Раскалиева, Қайрат Құлыншақов, Гаухар Ахетова, Мадихан Дүйсеев сынды театр әртістері өнер көрсетті. Вокалдық ансамбль, хор және балет труппасы симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен жиналған қауымға үздік шығармаларды ұсынды. Ойын-сауық орталықтарына келушілер әсем әуен мен тәтті күйді тыңдады. Алдағы уақытта саябақтарда тұрғындар өнер ұжымдарының мәдени шараларын тамашалап, уақыттарын көңілді өткізетін болады.

«Бір түп алма ағашы»

Среда, 15 Февраль 2017 06:22

ЖАСТАР ТЕАТРЫНЫҢ ШЫМЫЛДЫҒЫН ТҮРДІ

 

Шымкент қаласында Жастар театрының тұсауы кесілді. Өнер көгіне ұядан ұшқан балапандай қанат қаққан жас ұжым алғашқы қойылымына Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» пьесасын таңдапты. Олардың «өз театрымыз болса екен» деген ұсынысы қолдау тапты. Көрдік, көзайым болдық. Қоюшы режиссері М.Əуезов атындағы ОҚМУ-дың аға оқытушысы Айна Емкулова.

IMG 8028

Оның актер шеберлігі маманы ретінде қолтаңбасы анық байқалды. «Немен бітер екен?» деген ойдың жетегінде тұңғиығына тартып әкетті. Дегенмен көрерменнің көңіл пернесін дөп басты. 

«Баяғыда бір түп алма ағашы болыпты. Үлкейіп өсіп, жеміс беріпті. Ағаш әрі қарай иесінен мұнан да көп алма берсем дейтін көрінеді. Бірақ бұтақтары «сенсіз де өмір сүреміз» деп тамырлы ағаштың көңілін қалдырады. Не істерін білмей күйінген ағаш күннен күнге сола береді. Қойылымда да солай... Тағылымды аңызға негізделген пьеса алма ағашының түбінде баяндалады. 

Әкеден ерте айрылған отбасы мүшелерi аналарының туған күніне жиналып, ауылдағы қарашаңыраққа жиналады. Бауырлардың отбасында бас қосуына үйдің кенжесі Мақсат ықпал етеді. Қоларбаға таңылған мүгедек жігіт анасының жанында болады. Ал көкесі мен әпкесі қалада. Әрқайсысы арман қуып, оқиды. Білім алады. Бірақ олар қарақан басының қамын ойлап, адамдық қасиеттен алыстап кетеді. Жалғызбасты анасы мен мүгедек бауырларының сенімін ақтамайды. Қуанышқа жиналған дастархан басында әрқайсысы өз басының жайын күйттейді. Бірін-бірі тыңдамай, менікі дұрыс деп бет бақтырмайды. 

IMG 8142

Бала күнгі бауырмалдық пен сыйластықтың жұрнағы да қалмаған. Бір-бірі үшін жүрегін жұлып беруге дайын бауырлардың жанашырлығы құмға сіңген судай ғайып болған. Бүгінгі қоғамдағы отбасындағы араздық, бауырлар арасында талас-тартыс бір дастархан басындағы сюжет желісіне сыйып тұр. Қойылым соңы қайғылы оқиғамен аяқталады. Мақсат бауырларының араздығына шыдамай, өзін құрбандыққа шалады. 

Алғашқы қойылымда езу тартқызар диалог та, күлдіргі көрініс те көп. Әрине, көрерменге мұндай көңіл күй сыйлау үшін әртістік шеберлік керек. Бірақ қойылымды студенттер кейіпкерлер арқылы сәтті ойнады. Еңбек жолында сахналаған алғашқы туындысын жүрекке жеткізу үшін театр ұжымының көп күш жұмсағаны көрініп тұр. Рөлдерді М. Әуезов атындағы педагогика және мәдениет факультетінің оқытушылары мен студенттері алып шықты. 

IMG 8116

– Жастардың өнері толқытты. Кәсіби кемшілігін, шынайы сенімдері толықтырды. Студенттердің ойыны көрермендерін сендірді. Маңыздысы сонда! Жастардың өнерін өрістету арқылы, Оңтүстік мәдениеті жаңа биікке жол ашты, – дейді Ж. Шанин атындағы қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Сая Қасымбек. Сондай-ақ Жұмат Шанин атындағы облыстық академиялық драма театрының актері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мәжит Ілиясқаров сөз сөйлеп, жастар театрына сәт-сапар тіледі. 

Алғашқы қойылымға біраз шығармаларды таңдадық. Десе де, Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағашына» тоқталдық. Бұл пьеса жастардың жан дүниесіне жақын – дейді театрдың көркемдік жетекшісі, сахна қозғалысы маманы Алмас Бауыржанұлы. 

Қазіргі таңда театр құрамында 30 студент бар. Алдағы уақытта жас ұжым 14 пен 29 аралығындағы өнерге қызығушылығы бар жастарды қабылдайды.

Оңтүстіктегі «Арай» байқауы жылдан жылға тамырын тереңге жайып келеді. Бұл – жас әншінің өнерге қадам басуына үлкен мүмкіндік, болашақ жұлдыздардың бағын ашатын айтулы алаң.

FB IMG 1486824751844

Өнер бәйгесі бүгінге дейін А. Жорабаева, Б. Исаев, В. Ступин, М. Сәдуақасова, Т. Серіков, А. Жүнісбеков сынды талай талантты танытты. Биылғы облыстық опера және балет театрында өткен байқауға 36 үміткер қатысты. 

2017 жыл «Арайдың» нағыз кемелденген кезеңіндей. Өнер бәйгесі таланттардың жарқырай көруінуіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Жыл сайын ән додасына осы толқынға бой түзегісі келетін жас әншілер қатысады. 2016 жылы байқауға 293 үміткер қатысуға ниет білдірсе, биыл олардың қатары 500-ден асты. Биылғы байқаудың ерекшелігі де бар. Өнер бәйгесіне үміткерлер тәлімгерлердің қатысуымен іріктеліп алынды. Сөйтіп шешуші сында 24 әнші, 12 іс-жүргізішісі бақ сынады. 

FB IMG 1486825740266

21-ші рет шымылдығын түрген ән додасына нағыз жүйріктерді анықтау қазылар алқасының мүшелеріне оңайға соқпады. 

– Жастармен бірге қобалжыдық. Нағыз талантты табу қиын болды. Үміткерлердің ешқайсысы да осал емес. Бірінен бірі өтеді. Өзіндік үні, әдемі дауысы бар. Шындығында бас жүлдеге де, бірінші орынға лайықты өнерпаздар көп. Ең бастысы, байқауға қатысып, ән айтқанның бәрі бақытты, – дейді қазылар алқасының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері Шахизада Байбатжанова. 

FB IMG 1486825667908

Жобаның жетістігін жеңімпаздарымыз тағы да бір дәлелдеді. Бір қызығы, екі айналымда да жанды дауыста вокалдық топпен ән шырқаған Мағжан Әлтенбаевтың өнеріне көпшілік сүйсінді. Себебі, «Тенор» тобының әншісінің жетістіктері аз емес. Бұған дейін ол 2015 жылғы Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық «Менің Қазақстаным» байқауының бас жүлдесін иеленген болатын. Сондай-ақ халықаралық ән байқауларында да жеңіспен оралып жүр. Ал Бәйдібек ауданынан келген үміткер Асан Садықов та болашағынан үміт күттіретін жас әнші. Ол кәсіби әншілер орындайтын «Мой город» әнін кең диапазонды дауысымен шырқап, көпшілікті тәнті етті. 

– Өнерпаздардан кенде емеспіз. «Арай» байқауының форматы бөлек, деңгейі жоғары. Біздің конкурсқа халықаралық фестиваль, бәйгелердің жеңімпаздары қатысып келеді. Бұл елдің назарын өзіне аударып, іле-шала із-түссіз жоғалатын шара емес. Ән додасында бақ сынаған жастардың болашағы бар деп ойлаймын, – деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов. 

FB IMG 1486825618662

Өңіріміздің аудан-қалаларынан үкілі үмітпен келген қатысушылардың арасында мақтаралдық Балжан Тағантұрдының бағы жанды. Жас әншінің шырқаған әні қазылар алқасынан өз бағасын алды. Сондай-ақ әншілер арасында шымкенттік Арай Серікханның (1 орын), Мағжан Әлтенбаевтың (2 орын), Бәйдібек ауданының үміткері – Асан Садықовтың (3 орын) орындаушылық шеберлігі жоғары бағаланды. Ал іс-шара жүргізушілері бойынша бас жүлде Берік 

Сабырға берілді. Бірінші орынды Шымкент қаласының қатысушысы Нұрсұлтан Дәуренбеков иеленсе, екінші орын белесінен Шымқаланың аруы Таңшолпан Имантаева көрінді. Ал, үшінші орын Сайрам ауданының үміткері Нұрлан Қылышбековке бұйырды. Өзге де қатысушылар арнайы жүлде және номинацияларға ие болды. Байқаудың соңы гала-концертке ұласты. Онда Шахизадамен қатар, Айжан Тәженова, Бейбарыс Серікбаев, Әлден Жақсыбеков сынды әншілер өнер көрсетті.

Жолдау жаңа міндеттер жүктейді

Среда, 15 Февраль 2017 05:19

«Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының кезектен тыс XXXI конференциясы өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Қ. Нұртай, қалалық мәслихаттың хатшысы Н. Бекназаров және облыстық, қалалық мәслихаттың депуттаттары қатысты. Онда Жолдаудың бағыттары талқыланып, билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуінен туындайтын міндеттері туралы ұсыныс-пікірлер айтылды.

Жиынды «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалының төрағасы Ө. Мелдеханов ашты. Ол конференция «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауымен үндесіп отырғанын айтып, оларды жүзеге асыру міндеті партияның қолдаушылары ретінде ортақ мақсат екенін жеткізді.

– Қазақстандықтар үшін үшінші жаңғырту жөнінде бірнеше міндет қойылып отыр. Елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажеттілігі айтылды. Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан – 2050» стратегиясының мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ, – деді Ө. Мелдеханов. 

Конференцияда «Нұр Отан» партиясы Еңбекші аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Бердіқұл Садықов, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Ғани Ташқараев, «Көпсалалы» бастауыш партия ұйымының төрайымы Анар Аманқұлова баяндама жасап, Елбасы Жолдауын белсенді түрде жүзеге асыруға шақырды. 

Конференция барысында Шымкент қаласы №1 сайлау округіне Төреайым Сұлтанова және №5 сайлау округі бойынша мәслихат депутаттығына Мұрат Орманов кандидат ретінде ұсынылып, қабылданды. Сонымен қатар жиында 2017 жылдың 22 ақпан күні «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының кезектен тыс XXXI конференциясына Шымкент қалалық филиалынан сайланатын делегаттар тізімі таныстырылды.

Сот жұмысы жүйеленіп келеді

Пятница, 10 Февраль 2017 05:13

Еңбекші аудандық соты 2016 жылдың жұмыс қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізді.

logotip verhovnogo suda rk - eskiz

Сот төрағасы Низамиддин Жамашовтың мәлімдеуінше қылмыстық іс 2015 жылмен салыстырғанда, 103-ке азайған. Есесіне, азаматтардан түскен арыз-шағым көбейген. 

2016 жылы Еңбекші аудандық сотында 11 мыңнан астам іс тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2381 іске артық. Оның 8 мыңы электронды хат бойынша жолданған. Медиаторлардың қатысуымен 66 іс қаралды. 3927 азаматтық іс келіп түсіп, оның 122-сі тексерілді. Медиация рәсімдерін қолдануымен 2015 жылмен салыстырғанда 44 іс медация тәртібімен қысқартылған. Сот төрағасының айтуынша, істерді қараудың тиімділігі артқан. Мәселен 100 істің 7-8-і ғана облыста қаралса, қалғаны аудандық сотта шешімін тапқан. 2015 жылмен салыстырғанда қылмыстық істердің саны азайған. Өткен жылы 6 адам бас бостандығынан айырылса, 1 адам әкімшілік қамаққа алынып, санкция берілген. 

Сондай-ақ «Сот кабинеті», сот отырыстарында дыбыс-бейне жазу, СМС-хабарландырулар сынды жаңа ақпараттық технологиялар белсенді қолданылуда. Қазіргі таңда Еңбекші аудандық сотында 15 судья қызмет етеді. Еліміз бойынша 1 жылдық тәлімгерлік тәжірибеден судьялық сотқа мамандар даярлануда. Оның үшеуі Еңбекші аудандық сотында біліктілігін арттыруда.

Жүрекке жүк артпа

Пятница, 03 Февраль 2017 07:00

Адам кеудесіндегі жұдырықтай жүректің қызметіне тең келер нәрсе жоқ, сірә. Оны адам ағзасының моторы деп текке айтпаса керек. Бірақ қазір жүрек дерті жас талғамайтын аурудың бірі болып тұр. Бүгінде «жүрегі тоқтап қалыпты», «жүрегі ауырады» деген сөздерді жасамыс емес, уыздай жастарға да қаратып айтылатынын күнделікті көп еститін болдық.

heart-pain-imageКҮРДЕЛІ ОТАЛАР ӨЗІМІЗДЕ ЖАСАЛАДЫ

Мамандардың мәлiметiне сүйенсек, елiмiзде жұдырықтай жүрегі сыр берiп, жүрек-қан тамыры ауруларынан зардап шегушiлер аз емес көрiнедi. Бұл ауру әлем бойынша өршіп барады. Бұрын жүрек дертіне ер адамдар 45 жастан, әйел адамдар 55 жаста шалдығатын болса, қазір сырқаттың бұл түрі жастар арасында белең алған. Алайда жүрек сырқатынан айығудың жолдары жоқ емес. Осы орайда Елбасының қолдауымен 2007-2009 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның берері көп болғанын айтуға болады. Бұл құнды құжат кардиология мен кардиохирургияны жетілдіруге жол ашты. Жүрек ауруына жан-жақты көңіл бөліне бастады. Осы дерттiң алдын алуға, емдеп, жазуға септiгiн тигiзiп отырған бiрден-бiр емдеу мекемесі – облыстық кардиологиялық орталығы. Мұнда тұрғындарға жедел және жоспарлы түрде кардиологиялық, кардиохирургиялық, интервенциондық, аритмологиялық көмек көрсетіледі. Бүгінге дейін 2016 жылы коронарография бойынша 2961, коронарлық қан тамырларын стенттеуге 1385, ашық жүректе 310, туа біткен жүрек ақауына 51, жүре біткен ақауды бекіту үшін 72, яғни барлығы 5602 ота жасалған. 2015 жылмен салыстырғанда жасалған оталар 10,7 пайызға көбейген. Жалпы 4239 науқас 2016 жылы стационарлық ем қабылдаған. Кардиология орталығының жетістігі сол, сырқаттар бұрынғыдай шетелге бармайды. Жүрек-қан тамырларына стенд қою, тарылған тамырды кеңейту жолға қойылған.
Коронарография дегеніміз не? Оның артықшылығы жөнінде мекеменің бас дәрігерінің орынбасары Айнұр Боранбайқызы әңгімелеп берді.
– Коронарография жүрек қан-тамырларына арнайы зат жіберіп тексереді. Қай жерде қан тамыры тарылған болса, сол жерге стенд қояды. Стенд дегеніміз – кәдімгі серіппе. Оны арнайы тәсілмен тамыр арқылы тарылған жерге жібереді. Ол жүректің қалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Мұндайда ота жасалынбайды. Бәрі рентген арқылы қадағаланады. Жүректе қан алмасулар әртүрлі болады. Оң жақ, сол жақ тамырларда екі немесе үш тамыр бекітіліп қалатын болса, ондай жағдайда аяқтың көктамырын алып жалғау арқылы сырқатқа көмек көрсету өз жемісін беруде. Соның нәтижесінде ондаған емес, мыңдаған адамдардың өмірі ұзартылуда, – дейді А. Боранбайқызы.

СЫРҚАТҚА СЕБЕП БОЛАР ФАКТОРЛАР

Кеуде тұсы шаншып, адам өзін жайсыз сезінеді. Науқастың басы айналып, дем жетпей, жүрегі айниды. Бұл сырқаттың белгілерін адамдар елей бермейді. Мамандар көптеген науқастардың тексерілуге келмей, уақытын жоғалтып алатынын айтады. Инфаркт деп жүрек бұлшық етінің өлуін атайды. Әлемде инфаркт алған адамдардың 50 пайызы жедел жәрдем келмей, қайтыс болады екен. Кардио орталықтың дәрігерлері жүрек ауруларының себептерінің көптігін айтады. Дұрыс тамақтанбау, қан құрамындағы холестерин мөлшерінің көбеюі жүрек ауруына әкеліп соғады. Холестерин қан тамырларының қабырғаларына жиналып, қанның жүруін баяулатып, жүрек пен миды қажетті заттар және оттегімен қамтамасыз ететін қан айналымы әлсірейді. Ал бұл жағдай миокард инфарктіне немесе инсультке шалдықтырады.

zhurek 10

– Қазір жүрек-қан тамыр ауруларының бір себебі, қозғалыстың аздығы. Адамдардың көбісі компьютер арқылы жұмыс істейді. Оның салдары ауыр сырқаттарға шалдықтырып жатады. Гиподинамия кесірінен артық салмақ пайда болып, ол өз кезегінде артериалды гипертензияға және қан тамырлары мен жүрекке ауыртпалық түсіруге ұрындырады. Жүрек-қан тамырлары дерттерінің пайда болуына, түрлі әлеуметтік күйзелістер де әсер етеді. Адам неғұрлым көп уайымдаса, соғұрлым мұндай дертке шалдығудың қаупі артады, – дейді жоғары санатты дәрігер-кардиолог Зәуре Ормаханова.
Жүрек ауруының пайда болуына артық салмақтың да әсері бар. Кардио орталықта ем алып жатқан Шымкент қаласының тұрғыны Жұмаділлә Тойшыбек салмағының артықтығынан зардап шегіп жүр. Қалыпты салмақтан артық болғандықтан ол 3 рет инфаркт алған. Сырқат кісі қазір диетада. Бұрынғыдай шамадан тыс тамақтанбайды. Бұл дағдыны күнделікті әдетке айналдырамын, – дейді ол. Кардио орталықта ем алып жатқандардың көбісі жүрек ауруына шылым тартатындықтан душар болған. Мәселен, осы орталықта емделушілердің бірі 70 жастағы Сағындық Әміров темекіні көп тартатындықтан жүрек ауруына шалдыққан. Жүрегін дімкәс еткен 50 жылдан бергі «досымен» ол кісі енді қоштасыпты. Себебі, никотиннің жүрек ауруына әкеліп соғатынын кардио орталыққа келіп, кеш білген. Ал орталықтан ем алып, үйіне жиналып жатқан 67 жастағы Шамил Төлепұлы жүрек ауруына қан қысымының себеп болғанын айтады. 35 жастан бастап сырқатпен ауыратын кісі 4 рет инфаркт алған.
Темекінің зияны жайында айтылып та, жазылып та жүр. Жаман әдеттен арылу үшін дәрігерлер де жұмыс істеп келеді. Бірақ бұдан қорытынды шығып жатқан жоқ. Адамдар арасында миокард инфаркті темекі шегетін адамдарда екі есе кездеседі екен. Шылым ірі қан тамырлары мен перифериялық қан тамырларын тарылтып, ми мен басқа да дене мүшелеріндегі қан айналымын әлсіретеді. Бұл тек шылым шегушілердің арасында кездесетін тығындалған эндартериит деп аталатын аурудың қозуына соқтырады. Аталған дерт адамның аяқ-қолдарының қан айналымын тарылтып, қауіпті гангренаға айналуы мүмкін.
Кардио орталықтың бөлім меңгерушісі Асқар Рахматалиев ағзаның жүйке жүйесі жүрекпен де тығыз жұмыс жасайтынын айтады.
– Жүректің сырқатын емдеу көбіне жүйке жүйесін емдеумен қатар жүретіні тегін емес. Сол себепті адамдар бір-біріне мейірімді болса дейсің. Болмашы нәрсеге бола жүйкені жұқартпау керек. Болған іске болаттай берік болып, күйзеліске ұрынбаған жөн. Кейбір науқастар алкогольдік ішімдіктің көмегімен «стрессті басуды» әдетке айналдырып жүр. Ішімдікпен жеңілдеудің соңы маскүнемдікке шалдықтырып, жүрек пен жүйке жүйесінің ауруларына әкеліп соғады, – дейді Асқар Рахматалиев.


P.S. Жүрек-қан тамырлары ауруының пайда болуына себеп болатын алты қағиданы есте ұстасаңыз, жүрегiңiздi сақтай аласыз. Жұдырықтай жүрегiмiздi ауыртпай, салмақ түсiрiп, күйзелiспен ағзамыздың қан тамырына салмақ салмасақ, адам жүрегiнiң 100 жылға дейiн тоқтамай соғуына мүмкiндiгi бар.

Страница 22 из 47