Қытайды тамсандырып қайтты

Среда, 28 Декабрь 2016 05:52

«Оңтүстік Цирк» Қытай Халық Республикасы, Хэнань провинциясының Лоян қаласында өткен III акробатикалық фестивалінен жүлдемен оралды.

tsirk

Көптеген мемлекеттер бақ сынаған өнер сайысында О.Касаткин жетекшілігіндегі әуе акробаттары жеңіс тұғырынан көрінді. Халықаралық байқауда қиын да күрделі трюктерімен көзге түскен әртістер қытайлық көрерменді таң-тамаша қалдырды. Сөйтіп жүлделі орынды қанжығасына байлады. 

Қытайға сапар барысында «Оңтүстік-Цирк» МКҚК директоры Арман Алиев «Суйтаң Пəйши Чын» циркінің директоры Джаң Гоу Шинмен екіжақты меморандумға қол қойды. 

Ынтымақтастық келісімінің мақсаты – «Оңтүстік цирк» əртістерінің Қытайда өнер көрсетуіне жəне шығармашылық тəжірибе алмасуына ықпал ету болып табылады.

Өнер ұжымын халықаралық байқаудағы жеңісімен құттықтаймыз!

Жайдарманның жеңімпаздары

Среда, 28 Декабрь 2016 05:49

Облыстық опера және балет театрында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Қоғамдық келісім» КММ-ның ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – тұғырым» атты «жайдарман» ойыны мәреге жетті. Әзіл-сықақ аламанына 11 команда қатысып, бақ сынады.

kvn 2

ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов атап өткеніндей, қазақстандықтар «Жайдарман» ойындарын тәуелсіздік алған жылдардан бері республикалық деңгейде тамашалап келеді. «Жайдарманшылар» саясат, мәдениет, жалпы мемлекет өміріндегі барлық бағыттағы жағдайларды әзіл арқылы сахнада көрсетіп жүр. Көрерменді әзілге қарық қылған әзіл-сықақ аламаны тартысты өтті. Шарада этнос өкілдері де құрамалар арасында өнер көрсетті. Көгілдір экран арқылы талайдың жүрегіне жол тартқан үздік командалар барын салды. 

Сайыс қорытындысында «11 пәтер» құрамасы жеңімпаз атанды. «Байдың балалары» 1-орынға лайық деп танылса, 3 орын «Жетісай» құрамасына бұйырды. Ал ынталандыру сыйлықтарына «Жасұлан», «Хэштэг», «Парасат», «Мирас» командалары ие болды.

Шымкентте «Жастар ресурстық орталығы» ғимаратының салтанатты ашылу рәсіміне  орай республикалық «Жайдарман» ойыны өтті.

15665696 1417748811568460 5665415383718322013 n

Облыс әкімінің жүлдесі үшін әзіл сайысына командалар республиканың түкпір-түкпірінен келіп қатысты. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында өткен шараның ерекшелігі көп. Құрамалардың барлығы жақсы дайындықпен келіп, жайдарман ойындары өте тартысты өтті. Жастар көпшілікті тартымды өнерімен тамсантты. Өткір әзілдерімен көрерменге ой салып, қошеметке бөленді.

15665696 1417748811568460 56654153383718322013 n

Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынның 300 мың теңгелік сыйақысын жетісайлық «Сырдария» командасы жеңіп алды. Шымкенттік «Байдың балалары» командасы 2-орыннан көрінді. Бұл топ жас болса да, көрерменнің көзайымына айналып үлгерген жігіттер. Сондықтан сайыс қорытындысында жеңіске кездейсоқ жетпегенін дәлелдеді. Ал талдықорғандық «Шапалақ» командасы үздік үштіктің қатарынан табылып, 100 мың теңгелік қаржылай сыйлыққа ие болды. Жарыс жеңімпаздарына кубокты өңір басшысы Жансейіт Түймебаев арнайы табыс етті.

Ардагерлер марапатталды

Среда, 21 Декабрь 2016 06:09

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Шымкент қаласының ардагерлері марапатталды.

IMAG2305Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы И. Рысбай қариялардың омырауына мерекелік медалды салтанатты жағдайда қадап, құрмет көрсетті. Ұлы Отан соғысының майдангері Анна Шаля, ардагерлер кеңесінің төралқа мүшелері Сейдахмет Байдәулетов, Айтымбек Құмарбеков, Оразалы Омаров, Әл-Фараби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхан Омарұлы, облыстық кеңестің төралқа мүшесі Кәрсенбай Қунақов, кеңес мүшесі Базарбек Уәлиханов, пленум мүшесі Любовь Ралдугинаны Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық медалімен марапаттады. 

– Сіздерді мемлекетіміздің ең мерейлі мерейтойымен құттықтаймын. Бұл күн біз үшін ерекше толғаныспен қарсы алатын мерекелердің бірі. Сіздердің өмірлеріңіз ерен ерлікке, қаһармандыққа және табандылыққа толы. Әрқайсыңыз мемлекетіміздің көркейіп, дамуына өзіндік үлес қоса білдіңіздер. Ерліктеріңіз бен еңбектеріңіз біз үшін әрқашан үлгі болып қалады. Сіздерге денсаулық пен жақсылық, отбасыларыңызға бақыт тілеймін! – деді И. Рысбай. 

Марапатталған ардагерлер өздеріне көрсетілген құрметі үшін Елбасына алғыстарын жеткізді.

Т¦уелсiздiк – теңдесі жоқ бақыт

Вторник, 20 Декабрь 2016 09:44

Тәуелсіздік таңының атуына түрткі болған Желтоқсан оқиғасына биыл – 30 жыл. Жалынды жастардың рухы мен айбары асқақтаған бұл күн ел тарихының бедерлі беті болып қалары шындық. Желтоқсан жарқын болашағымызға бағдаршам болды.

tauelsizdik tendesi jok 100 1Сәбит Исабеков ызғарлы сол күндері алаңды кернеген өзі құралпы жастармен бірге Желтоқсан оқиғасының бел ортасында намыс туын көтеріп жүрген жігіттің бірі еді. Желтоқсан желі оның тағдырына өз таңбасын салды. Ол сот үкімімен төрт жыл бас бостандығынан айырылып, жалпы режімде жазасын өтеуге кесілген болатын. Біз бүгін Сәбит Исабековпен мұз жастанып, мұң арқалаған сол күндердің естелігін бөліссек деп едік.
Тәуелсіздік мерекесі жақындағанда тарихи оқиғаның үзік бейнелері көз алдыма келеді. Жiгiттердi былай қойғанда, қазақ қыздарының өжеттiгi мен қайсарлығы жұртшылықты қатты таңқалдырды. Жастардың алаңға шығуына ешкім ықпал еткен жоқ. Мен әскерден келген соң, оқуға түсу үшін Алматыға аттандым. Алайда кешігіп қалғандықтан, арманым орындалмады. Ауылға қайтуға жөн көрмей, құрылыста жұмыс істедім. Мен де қазақтың қыз-жігіттерімен жатақханада тұрдым. Орыс тілін жақсы білгендіктен, жатақханада коменданттың көмекшісі әрі комсомол ұйымының хатшысы болдым. 16 желтоқсанда құрылыста жүргенде жұмысшылар арасында «Қонаевты орнынан алып, орысты қойыпты. Алаңға жастар жиналып жатыр екен» – дегенді естідік.
Жатақханаға келгенімде де жастардың қызу талқысының үстінен түстім. Орталық комитеттің шешіміне қазақ жастары наразылық білдіріп, алаңға шығыпты. Олардың арасында соққыға жығылған қыз-жігіттер болыпты. Мұнан соң, жігіттермен ақылдастық. Алаңға барып көрейік деген шешімге келдік. Ертеңіне таң атпай, алаңға жиналдық. Бізге Жандосов көшесінің бойындағы жатақханалардан қазақ жастары келіп қосылды. Таңданған күйде алаңға жеттік. Ойымызда ештеңе жоқ. Жастардың наразылығы орыс ұлтының өкілі тағайындалуы. Болғаны осы... Алайда оқиғаның ушығып, соңы қантөгіске ұласатынын білген жоқпыз. Жан-жағымызға қарап жүріп, Үкімет үйінің (қазіргі қалалық әкімшілік үйі) қарулы әскермен қоршалғанын байқадық. Желтоқсан көшесінің арғы жағында иықтарына автомат асынып, қолдарына «шоқпар» ұстаған солдаттардың түсі ызғарлы. Жастарды алға өткізбей тұр. Қыстың суығы шекеден өтеді. Бізбен тіресіп тұрған әскерилер «Жоғарыдағыларға талап-тілектеріңді айту үшін араларыңнан делегация жіберіңдер» – деді. «Сәбит, орысша білесің ғой, барсаң қайтеді» – деді сол жердегі таныс жігіттер. Он шақты қыз-жігіттен құралған делегацияның құрамына мен де кірдім. Әскерилер бізді алаңдағы мінберге қарай алып барды. Жақындағанымызда рациямен сөйлесіп тұрған әскерилердің бірі: «Қазір хабарлады, қазақтың жігіттері балабақшаларға басып кіріп, бүлдіршіндерді ұрып-соғыпты» – деді. Біз есі дұрыс адам ондай ақымақтыққа ешқашан бармайды дедік.
Бізді генерал шеніндегі азаматтар күтіп алды. Сол жерде республиканың басшылары да тұр екен. Олар «мына жастармен сөйлесейік, талап-тілектерін тыңдайық», – деп еді, генералдардың бірі «Кімдермен сөйлеспексіңдер, мына бұзақылармен бе?» деді. Десе де, олар жастарды өткізіп, талап-тілегін тыңдады. Қыз-жігіттер ашына сөйледі.
Бірі :«Қазақстанның басшысы қазақ ұлтынан болсын», – десе, бірі: «Алматыда бір қазақ мектебі мен бір қазақ балабақшасы ғана бар. Соларды көбейтуге болмай ма?» – деді. Ал мен: «жастарды соққының астына алуды доғарыңыздар» – дедім.
Басшылар: «барлық мәселені шешеміз деп уәде берді. Осыдан кейін айтылған әңгімелерді халыққа жеткізу үшін алаңдағы мінберге қарай бет алдық. Бірақ солдаттар жібермей қойды. Сол сәтте айнала апыр-топыр болды. Әскери киімді адамдар қыз-жігіттерге ашық шабуылға шықты. Қолға түскендерді аяусыз ұрып-соғып жатыр. Бейбіт шеру өткізіп, талап-тілегімізді айтамыз деген жастардың тауы шағылды. Армандары аяққа тапталды. Арт жағымнан келіп қалған дүбірге жалт бұрылып қарадым. Оқыстан қатты соққы басыма тиді. Мені солдаттар саперлік күректен ұрған болуы керек. Көз алдым қарауытып кетті. Есімді екі курсант сүйреп бара жатқанда жидым. Тағы да әскери қызметкер мені бірнеше рет ұрғанда есімді жоғалттым. Одан ары не болғанын білмеймін.


Тар қапастағы күндер

Мені ішкі істер бөліміндегі кішкентай камераға қамады. Бірнеше күннен соң тергеу амалдары жүргізілді. Алаңға барғандардың бәрі сурет пен бейнекамераға түсіріліпті. Сол күннен бастап, ұсталғандарға кешірім болмады. Бірден жазаға тартылып, түрмеге жабылды. Оқудан қуылды. Өкініштісі, теріс ақпарат беріп, бопсалаған адамдар көп еді. Соның салдарынан қаншама жас жазықсыз күйзелді, намысы аяққа тапталды. Тіпті балалары қайтыс болған, жоғалып кеткен ата-аналар да шағымдана алмады. Өз баласының қазасын зерттеуге батылы бармады.
 Маған да негізсіз жала жабылды. Болған жайды айтсам, өзімді келеке етті. Басымнан алған ауыр соққыдан жағдайым ауыр болды. Жауап алу кезінде дәрігерлер мені көріп, ауруханаға алып кетті. Маған ота жасалды. Мұнда да қазақтың өрімдей жастары. Көбісі басынан ауыр жарақат алыпты. Ақиқатын айтқанда екінші қалалық емханада бос орын болған жоқ. Ал менен жауап алу ұзаққа созылды. Үстіне былғары қара күртеше киген бір орыс «чекисі» маған Бейбітшілік көшесінде қазақ қызына араша түсіп, солдатқа қарай таяқ ұстап ұмтылған суретімді көрсетті. – Қолыңдағы таяғың не, кімді ұрмақ болдың? – деді.

tauelsizdik tendesi jok 100 2

Мен:
– Ешкімді ұрғаным жоқ, азаматшаны қорғадым, – деп жауап бердім. Тергеуші менің жауаптарыма күмәнмен қарады. Жастарды алаңға баруға үгіттедің. Ұлтшылсың! – деп айыптады. ...Арада бірнеше күн өткен соң, жағдайым жақсарып, өз-өзіме келе бастадым. Дәрігерге жұмысқа баратынымды айтып, ертерек шығаруын өтіндім. Алайда тергеушілердің сыртымнан бақылап жүргенін білген жоқпын. Дәрігерден анықтама қағазымды алып, екінші қабаттан төмен түстім. Сол сәтте екі жендет қолыма кісен салып алып кетті.


4 жылға жаза кесті

– Тергеу абақтысында жатқанда «біз қылмыс істегеніміз жоқ, сондықтан ақталып шығамыз» деген сенімде едік. Азап көріп, жазаға тартылсақ та әділдіктен үміт үзбегенбіз. Бірақ үміт ақталмады. Судья төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындағанда таңқалдым. Алдымен Маңғыстауда, кейін Ақтөбе түрмесіне отырдым. Құрт аурына шалдығып, кейін Маңғыстау облысына қарасты Жетібай түрмесіне ауыстырылдым. Сол темір тордың арғы жағында жүріп, бір бүйрегім мен өкпемнің жартысын алдырдым. Үшінші жылдың мерзімі бітпей, туған жерге оралдым. Ауылым Шаянға келген соң өзімнің тірі екенімді естіп қалдым. Мен сол уақытқа дейін ішкі істер органдарының тізімінде із-түссіз жоғалған азамат ретінде тіркеуде тұрыппын.
Бүгінге дейін желтоқсаншылармен араласып тұрамын. Олардың арасында белгілі журналист Құттыбек Аймаханов, Ермұқан Қуандықов, Мұратбек Шекербеков, сонымен қатар Келес өңірінен шыққан, қазір Алматыда Әуезов театрында жұмыс істейтін Үсіпхан Сейтімбетов бар. Өкінішке қарай, Желтоқсанның шындығы толық ашылмай келеді. Қанша жас мерт болды, қаншасының тағдыры талқыға түскені әлі күнге дейін белгісіз. Содан болар, Тәуелсіздік мерекесі жақындағанда көңіл толқиды. Сол кездегі көріністер көз алдыма қаз-қалпында тұра қалады. Алаңдағы өрімдей қазақ жастарының бейнесі әлі күнге есімнен кетпейді. Ойға түссе бойымды үрей билейді.
Шүкір, Желтоқсан оқиғасынан кейін араға бес жыл салып, Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Кеш болса да, жалынды жастардың тілегі орындалды. Елбасымыздың ұстанған сарабдал саясаты елімізді әлемге танытты. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған, сол үшін күрескен – Тәуелсіздігімізден асқан ұлттық мерекеміз жоқ. Сол кездегі оқиғадан кейін Тәуелсіздікке қол жеткізіп, бүгінгі таңда көршілес мемлекеттерімізден мәртебеміздің жоғары болып тұрғанына қол жеткізгенімізге қуанамын.
Тәуелсіз елдің тарихы мәңгі өзгермейтін тарих. Сол тарихтың бастауында желтоқсандықтардың тұрғаны ақиқат. Біз сол егемен елдің келешегіне үлкен сеніммен қарап, бақытты өмір кешудеміз. Дегенмен бүгінгі және келешектегі ұрпақ осы елдік рухтың құндылықтарын білуі тиіс.Тәуелсіздік тұғыры берік болсын! Егемен еліміздің ертеңі нұрлы, келешегі кемелдене берсін!

Жылдың үздік жастары кімдер?

Пятница, 09 Декабрь 2016 06:12

Осы аптада білімді еңбекпен ұштастырған 25 жас «Үздік жастар» сыйлығының иегері атанды. Олардың қатарында дәрігер, ұстаз, спорт шебері мен өнерпаздар, БАҚ өкілдері, ауыл шаруашылығы саласының мамандары бар.

Мерекелік шарада жастарды қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Қалыбеков арнайы құттықтады. 

– Біздің қала тұрғындарының 29 пайызын жастар құрайды. Биыл түрлі салалар бойынша жетістіктерге жеткен жастарға қала әкімінің премиясы алтыншы рет тапсырылып отыр. Ел ертеңі саналатын жастарға артылатын жауапкершіліктің жүгі салмақты. Біз сендерге сенеміз, – деді Қ. Қалыбеков. 

Марапатқа ие болғандар арасында елдің намысын қорғап, көк байрақты көкке көтеріп жүрген спортшыларымыз да бар. Соның бірі – 2016 жылы олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұлова. Елдің үмітін арқалаған жастардың арасында «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының редакторы Ақмарал Көпжасарова «Үздік жас қаламгер», «Айғақ» телеарнасының тілшісі Ұлдархан Уәлиханқызы «Үздік жастар айдары» номинациясы бойынша марапатталды. Сондай-ақ «Байдың балалары» көңілді тапқырлар командасы да үздік деп танылды. Марапат иелері «Үздік жастар» сыйлығы өздеріне артылған үлкен сенім, зор жауапкершілік деп біледі.

durildegen aitys 97 1

Өткен жұма, сенбі күндері Шымкенттің төрінде, Түркістан сарайында «Бірлігіміз жарасқан – Мәңгілік ел» атты халықаралық айтыс өтті. Ақиқатты астарсыз жеткізген өнер иелерінің аламанын Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырды. Қазақтың төл өнері бұл жолы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен Тұңғыш Президент күніне арналды. Жыр додасына еліміздің айтулы 16 ақыны мен Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан елдерінің сөз дүлдүлдері арнайы қатысты.

Айтысқа Қазақстанның халық ақыны, Жамбыл Жабаев атындағы сыйлықтың және «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекова, қоғам және мәдениет қайраткері Оразкүл Асанғазы, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы Мархабат Байғұт пен айтыскер ақын Әбдіхалық Әбдірайымұлы қазылық етті. Ақындар айтысын «Парасат» орденінің иегері, белгілі сатирик Көпен Әмірбек жүргізді.
Ақындар еліміздің бүгінгі күнге дейінгі тарихы мен даму белестерін, жетістіктерін өлеңмен өрнектеді. Айтыс – синкреттік өнер болғандықтан халықтың көкейіндегі өзекті мәселелер де қозғалды. Бабалардан қалған ұлық өнерді қадір тұтатын жұртшылық айтысқа келіп, кәусар жырдан нәр алды.
Сахнаға алғашқы жұп болып Қарағанды облысынан келген Айтбай Жұмағұлов пен шымкенттік Нұрғали Әнапия шықты. «Алдымен сөз бастау қиын» демекші, айтыстың шымылдығын түрген алғашқы жұпқа оңай тиген жоқ. Нұрғали айтысқа кейін қосылған жас ақындардың бірі. Ол қарсыласын әзіл-қалжыңымен қағытып отырды. Екінші жұптың айтысы да көрерменге салмақты ой салып, жырға шөлдеген елді сөз құдіретімен сусындатты. Тұрар Тілеулиев (ОҚО) пен Қанат Мырзахан (Жамбыл облысы) сөз жарыстырды. Тұрар көпшілікті алаңдатып отырған елдік мәселелерді түйдек-түйдегімен айтып, жұртшылықты желпіндіріп отырды. Алайда қарсыласы Қанат та қалыспады. Талай жыр додаларында ысылған ол отты жырларымен еркін көсілді. Сондай-ақ Оңтүстіктің намысын қорғаған Дәурен Полатбаев пен Моңғолиядан келген Сәтжан Класханның айтысы да тартысты өтті. Сәтжанның төрт аяғын тең басқан өлеңдерінен оның айтыста ысылып қалғандығы көрінді. Қарсыласының мақтауына масаттанбай, тең дәрежеде өнер көрсетті. Рухани қазынамыз төл өнерді дәріптеді. Ал Қырғыз елінің қыраны Азамат Болғанбаев пен сарыағаштық ақын Жарқынбек Наушабектің араларындағы сөз жарысы айтыстан гөрі екі елдің достығын дәріптеген сұлу сөзге айналып кеткендей. Көптен бері айтыс аламанынан көрінбей жүрген Жандарбек Бұлғақовтың (Астана қаласы) Қажымұқан Абзаловпен (Оңтүстік Қазақстан) айтысы тартысты өтті. Екі ақын да Тәуелсіздік жетістіктерін жырға арқау етті. Айтыстың көркін қыздырған екі ақынға қазылар алқасы жоғары баға берді.
Көрермен асыға күткен ақындардың бірі – Айнұр Тұрсынбаева. Халық сүйікті ақындарын қошеметпен қарсы алып, шапалақтарын аямады. Әйткенмен Аян Ниязбекпен сайысқа шыққан Айнұр ақын бұл додаға аса бапты дайындықпен келмегенін байқатты.

durildegen aitys 97 2

Ақындар айтысының бірінші айналымын жерлесіміз Анар Жаппарқұлова мен Талғат Уринбаев (Өзбекстан Республикасы) қорытындылады. Жыр додасында Анардың мерейі үстем болды. Ол қарсыласын сүбелі сөздерімен қапы қалдырды.
Азулы ақындардың аламан сайысында сөз алған облыс әкімі Ж.Түймебаев облысымыздағы мәдениет саласына қатысты атқарылған жұмыстардың барысын баяндап, қазақтың төл өнері – айтыстың алаш баласы үшін орны бөлек өнер екенін жеткізді.
– Айтыс өнері ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне енгізілуі Қазақ елі үшін үлкен мәртебе. Осындай баға жетпес, теңдесі жоқ сөз сайысы біздің Оңтүстікте жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіз елімізде мәдениеттің, ұлттық өнеріміз бен дәстүріміздің өсіп-өркендеуіне үнемі көңіл бөліп келе жатқаны баршамызға аян. Бүгінгі өткізіліп жатқан ақындар айтысы осының айғағы, – деді Ж.Түймебаев.
Жалпы, айтыс жоғары деңгейде өтті деуге болады. Ақындар өз ойларын ірікпей, жырларын ақ жаңбырша төкті. Қара өлеңге қанат бітіріп, Тәуелсіздігіміздің жетістіктерін жырға қосты. Сөзден сойыл соққан 5 жұп екінші айналымда да әдемі айтыс ұсынды. Өнер бәйгелерінде топ жарып, шашасына шаң тимеген ақындардың сөз сайысын көрермен тапжылмай отырып тамашалады.
Сонымен, аламан айтыстың бас бәйгесін оңтүстікқазақстандық Анар Жаппарқұлова иеленді. Жеңімпазға Renault Sandero джипі табыс етілді. Жүлделі І орынға астаналық Жандарбек Бұлғақов лайықты деп танылды. Оған Lada Granta теміртұлпары сыйға берілді. ІІ орын Оңтүстіктің намысын қорғаған Тұрар Тілеулиевке бұйырды. Ал жүлделі ІІІ орынды Қажымұқан Абзалов (ОҚО) иеленіп, 1,5 млн. теңгені қанжығасына байлады.

Қалалықтар су қадірін біле ме?

Среда, 16 Ноябрь 2016 07:23

Шымкенттіктерді ауызсусыз қалдырмас үшін күндіз-түні еңбек ететін мекеме – «Су ресурстары – Маркетинг ЖШС. Мұндағы мамандар тәулік бойы қызмет көрсетеді. Әсіресе, кәсіпорынның апаттық-диспетчерлік қызметінде тыным жоқ. Жұмысшылар ауа райының ыстық-суығына қарамайды. Жарылған су құбырларын, кәріздік желілерді жөндеп, дамыл таппайды. Десе де кейбір тұрғындар үйдегі краннан суды тұтынбайды. Сапасына сенбей, дүкендерден сатып алады. Ал ауызсудың сапасы қаншалықты таза? Қалалықтар су қадірін біле ме? Тіршіліктің негізгі тетігі саналатын су төңірегінде алуан мәселелер бар.

su

Суды қайдан аламыз?

Қала халқы тұтынып отырған ауызсу «Ақбай-Қарасу» су қабылдағышынан алынады. Мұнан соң су тазарту стансасына келіп құйылады. Ол жерден Данияның атақты Грундфос компаниясының «Selcoperm-500» деп аталатын қондырғысынан толық залалсыздандырылады. Сонан соң тұтынушыларға жеткізіледі. Алайда, бас директордың маркетинг жөніндегі орынбасары Жанатбек Тұрдалиев тұрғындардың ауызсуға жаны ашымайтынын, талапқа сай қолданбайтынын айтады. Әсіресе, қаладағы автокөлік нысандарынан үлкен зардап келуде. Заң талаптары бойынша мұндай нысандардың базасында суды тазартып қайта пайдаланатын қондырғы болуы керек. Бірақ оны жасап отырған адам жоқ. Көлік жуатын орындар тұрғындарға келетін ауызсуды пайдаланады. Су ресурстары Маркетинг ЖШС-нің бас директоры Анарбек Орманның айтуынша, қалалықтар сапасы жоғары суды тұтынады. Зертханада мамандар күн сайын судан сараптама алады. Бүгінде ауызсудың толық жеткізілуін қадағалайтын 94 бақылау нүктесі жұмыс істейді. Тағы айта кететін жәйт, бұған дейін суды тазарту үшін өте қауіпті сұйық хлор пайдаланылған. Ал қазір арнайы зарарсыздандыру қондырғысында су сапалы аз тұзынан дайындалатын хлорды алмастыратын өте қауіпсіз ерітінді қолданады. Облыстық санитарлық бақылау органы бекіткен кестеге сәйкес ауызсу алынатын жерасты ұңғымалардан айына бір сынама алынады екен. 1 жылда тұрғындар мен басқа да тұтынушылар 40 млн текше метрден астам су пайдаланады. Тәулігіне орта есеппен күн сайын қала тұрғындарына 120 мың текше метр су жеткізіледі екен. 

DSC 5167

Бүгінде су құбырлары желілерінің ұзындығы 1853 шақырымды құрайды. Еуропалық қайта құру және даму банкінен несие алынып, 800 шақырым ескі су құбырлары ауыстырылған. Қалған құбырларды «Қазақсуарнажоба» АҚ жобалау институты дайындаған, мемлекеттік сараптамадан өткен Инвестициялық негіздемеге сәйкес 2025 жылға дейін қалыпқа келтіріледі деп жоспарланған.

Жаңа технология жұмысты жеңілдетті

«Су ресурстары Маркетинг ЖШС» мекемесінің жұмысы толықтай автоматтандырылған. Берілетін су мөлшері компьютер арқылы басқарылады. Мониторингтің арқасында құбырлардағы судың қажеттілік мөлшері қала ішіндегі негізгі 36 тораптарда бақыланады. Мәселен, бір ауданда су қысымы төмендесе немесе мөлшерден тыс көтеріліп кетсе, орнатылған есептегіш тетік ақпаратты диспетчерлік торапқа жөнелтеді. Негізінде суға сұраныс таңертең және кешкі мезгіл шамасында артады. Сол себепті, қатты қысымнан су құбырларының жарылуы қауіптілігіне байланысты мамандар су мөлшерінің деңгейін үнемі бақылауда ұстайды. Жанатбек Турдалиевтің айтуынша, жаңа аппараттардың арқасында құбыр апаттары азайған. Тұтынушыларды сапалы ауызсумен тәулік бойы тоқтаусыз қамтамасыз ету, тұтынушылардан шыққан шайынды суларды тасымалдап, оларды қалалық арнайы қондырғыларда тазарту үшін өндіріске әлемге танымал озық техникалар мен технологиялар ендірілген. 

DSC 5156

Польшаның технологиясы ендірілген қалалық тазарту қондырғылары еліміздегі ең алдыңғы қатардағы кешен екені елміздің мамандары мойындап отыр. Су құбырларын алмастыруда «Шеврон» компаниясының өнімдері пайдаланылса, су көлемін есептеуде Израилдің, Францияның, Германияның және тағы басқа елдердің автоматтандырылған су өлшеуіш құралдары қолданылады.

DSC 5241– Қала бойынша жеке тұрғын үйлер секторындағы көшелік және тұрғын үй су құбырларының 95 пайызы темір құбырға қарағанда қызмет көрсету мерзімі екі есе жоғары полиэтилен құбырларға ауыстырылған. Бүгінгі таңдағы күрделі проблемалардың бастысы, ол көпқабатты үйлердің ескірген су құбырлары болып отыр. 2 мыңға жуық көпқабатты үйдің 400-інде үйішілік су құбырлары ауыстырылды. Қазір тұрғын үйлерде су жетіспеушілігі, су қысымы, су ұрлығы, орынсыз су ысырабы мәселелері жоқ. Сондықтан, қалған көпқабатты үйлердің ескірген су құбырларын ауыстыру жұмыстарын қаладағы мемлекеттік органдар мен тұрғынүй инспекциясы ұйымдастыруы керек, – дейді Жанатбек Тұрдалиев. (суретте)

Операторлар хабарламаны қалт жібермейді

Апаттық-диспетчерлік қызметінің бастығы Бақыт Жолдаров бізді диспетчерлердің операторлардың жұмысымен таныстырды. Қала тұрғындарының қоңырауларын осы бөлім қабылдайды екен. Жалпы бұл қызметте 25 адам жұмыс істейді. Күніне операторлар 30-ға жуық қоңырауларға жауап береді. Сондай-ақ бөлімде қаланың картасы тұр. Геомедиялық картада Шымкенттің коммунациялық жүйелері мен инженерлік желілерінің сызбасы берілген. Бір қызығы мұнда жұмыс істейтін операторлардың жүйкесі темірдей ме деп қаласың. Олар қайта-қайта соғылған қоңырауға жауап береді. Мұнда екі оператор су құбырларына жауапты болса, кәріздік желілерде болған апатты тіркеп алатын қызметкерлер бөлек екен. Жас болса да Гүлмира Алдакабылованың еңбегіне сүйсіндік. Ал су қысымын реттеу бойынша Арман Болатбековтің еңбегі өз алдына. Инженер Мамыр Рустемовке тіпті таңғалмау мүмкін емес. Су жүйелерін бес саусақтай жатқа біледі екен. 

Мұнан соң, су жүйелерін тиімді пайдалану жөніндегі бөлімге бас сұқтық. Бас директордың орынбасары Бауыржан Ділдәбеков жылы қарсы алды. Су құбыры жарылса, қалпына келтіруге көп адамның еңбек күші кететінін жасырған жоқ. Ал жөндеу жұмыстарына тағы қосымша уақыт кетеді. Өйткені жер астында қаншама электр желілері бар. Сондықтан анықталмай жұмыс істеуге болмайтынын түсіндірді. Яғни ауыр еңбек осы бригаданікі десек те болады. Бір жұмыстың өзіне жүк артатын, жүк тиейтін, сорғыш машиналары, экскаватор, бульдозер, КаМаз сынды техникалар жұмылдырылады. Әрине, айтуға оңай, жазуға жеңіл. Техникалық себептерге байланысты жұмыс кейде біраз уақытқа созылады. Бірақ, бригада жұмысты тиянақты аяқтамай қайтпайды.

Сусыз бір күн отыра алмайтынымыз бәріне аян. Тұрғындарды сумен қамтуда мамандардың еңбегін бағалағанымыз жөн. Олар суға үнемшіл. Ал ауызсу мәселесі қашанда өзекті. Қала бойынша 121 мың жеке үй бар. Оның 88 мыңы кәріз жүйесіне қосылмаған. Шымкенттің аумағы ұлғайған сайын ауызсу маңызды мәселе болып тұр. Тұрғындар суды орнымен пайдалануы тиіс. Көлік жуатын орындар ауызсуды ысырап етпей, техникалық суды пайдалануы қажет дейді мамандар.

Суреттерді түсірген Д. ҚОЖАБЕК

Страница 24 из 47