Жуырда Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен кездескен болатын. Басқосуда елдегі діни тұрақтылық мәселесі талқыланған еді. Президент теріс ағымдармен күрес мәселесін де күн тәртібіне шығарып отыр. Осы орайда, қатерлі ағымға қарсы күрес, оның жолын кесу шаралары жайында Шымкент қалалық А.Қаттани мешітінің бас имамы Бағдәулет Абдрахмановпен сұхбаттасқан едік.

IMG 0650-27-04-17-12-07

– Бағдаулет Нұрматұлы, Елбасымыз имамдармен болған кездесуде діни экстремизм мен тероризмге қарсы күресті қайта көтерді. Діни ағымдардың атын атамағанымен, исламды араб мәдениетімен шатастырып жүргендер туралы қадап айтты және оларға заңмен тыйым салу керектігін тапсырды. Діни ахуал бойынша қаламызда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Елбасының дәстүрлі емес діни ағымдар үшін алаңдауына негіз бар. Өйткені әлем елдерін шарпыған терроризм Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Өткен жылы терроршылар қазақcтандықтарды аяғынан тік тұрғызғаны есімізде. ҚМДБ тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға келсем, нәтиже жоқ емес. Әр мешітте сауат ашу курстары, ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Білікті имамдардан құралған жергілікті ақпараттық-насихат топтары халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде өткен жылы 200-ге жуық адам райынан қайтты. Сондай-ақ имамдарымыз түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілермен бекітілген жұмыс кестесі бойынша, діни ағымдармен күрестің алдын алуда түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Жалпы Шымкент қаласында 102 мешіт, 75 имам бар. Біздің пайымдауымызша қаламызда 300-дей жат ағымдағы азамат бар. Олар көбіне базар, сауда орталықтарында және мешіттерде жиі кездеседі. Өткен жылы діни экстремизм және терроризммен күрес бойынша имамдар 52 рет жоғары және арнаулы орта оқу орындарында кездесулер ұйымдастырды. Онда 6700-ге жуық жас қамтылды. Айта кетейін, қалалық әкімшілікпен бірлескен жұмысымыз нәтижесін беруде. Басқа облыстармен салыстырғанда Оңтүстікте діни ахуал тұрақты. 

– Елдің экономикалық, саяси мәселелеріне өзіндік ықпал жасап, өз дегенін жүргізуге ұмтылатын экстремистік ағымдармен күресті жандандыра түсу жолы қандай деп ойлайсыз?

– Әртүрлі діни ағымдармен бүркемеленген бірқатар ұйымдар экстремистік идеологиясын таратып, халықтың санасын улап жатыр. Діни уағыздармен бүркемеленген идеялардың ақ-қарасын ажырата алмаған азаматтарымыз әлі де адасып жүр. Осал тұсты ұтымды пайдаланған эмиссарлар әдетте содыр-террористерді, экстремистік бағыттағы идеялармен сусындайтын жасырын діни ұйымдарды іздестіреді. Бұл ретте экстремистік ағымдармен күрес қоғамның, әсіресе, – БАҚ-тардың қатысуымен алдын алу мақсатында жүргізілетін үгіт-насихат жұмыстары арқасында нәтижелі болатынын айтқым келеді.

– Діни сауатсыздығының нәтижесінде жастарымыз сақал қойып, шалбарының балақтарын қысқартып тастайды. Қара көйлек киіп, бет-аузын тұмшалаған қыздарымыздың қатары көбейді. Бұл біздің дәстүрімізге де, халқымызға да жат. Бұған заңнамалық деңгейде тыйым салу мәселесін пысықтау керек. Қазақ қара киімді қаралы кезде ғана киеді, – деді Мемлекет басшысы. Президент қазақ мәдениетінің тарихына, қазақ әйелдерінің дәстүрлі киіміне тоқталып, қара киім мен дін арасында ешқандай байланыс жоқ екенін айтты. Мұсылман әйелдерінің киімдері жөнінде не айтасыз?

– Қыздарымыз атам заманнан бөрік киген. Келіндері орамал салған. Аналарымыз кимешек киген. Міне біздің салтымыз деген еді Елбасы. Мұсылман әйелдері киімінің негізгі ерекшелігі - тұла-бойды жауып тұратындығында. Бұрынғы аналарымыз, әжелеріміздің киімінде ұлттық болмысымыз қатталып жатқандай. Ислам діні шариғатының қойған талаптары мен тәртіптері қазақ халқының ғасырлар бойы сақталып келе жатқан салт-дәстүрлерімен біте қайнасып жатқанын көрсетеді. Ал, осыны мойындамай, адасып жүрген бауырларымыз өзге жат ағымдардың жетегінде тұмшаланып киініп жүр. Негізінде Қазақстан діни мұсылмандар басқармасының тұғырнамасы бар. Онда Қазақстан мұсылмандарының келбеті қандай болуы керек? Жан-жақты жауап берілген. Тұмшаланып киіну мәселесіне келетін болсақ, біздің дінімізде жоқ. Әйел адамның жүзі ашық болуы керек. Қазіргі таңда қаламыздағы екі қыздар медресесінде арнайы киім үлгісі дайындалуда. 

– Әңгімеңізге рахмет!

nursbekШымкент. Желтоқсан көшесі. ОҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесі. Иран этномәдени орталығының төрағасы Нұрсбек Капар-Пурмен кездесуге келдім. Көп күттірген жоқ, жылы жүзді кісі есіктен кіріп келе жатты. Жігіттермен «Ассалаумағалейкум!» деп амандасты. 

Нұрсбек Құрбанұлы қазақша сөйлегенде таңданып-ақ қаласыз. Мақалдап, мәтелдеп сөйлегенде риза боласыз. Ол бірінші кезекте туған жерін бәрінен биік қояды екен. Өйткені, кіндік қаны тамған жер парсылар үшін қасиетті саналады. Олар дінін, салт-дәстүрін қалай сыйласа, қазақтардың тілі мен ділін де солай құрметтейді. Ал, немерелері қазақ тілін балабақшадан меңгеріпті. Өйткені, отбасы мүшелері қазақ елінде тұрып жатқандықтан өздерін Қазақстан халқының бір бөлшегі санайды.

«Қысылтаяң шақта құшақ жая қарсы алған»

– Көршілерімізге бауыр басып кеткеніміз сонша, олар біздің ұлтымыздың иран екенін ұмытып кететін. Кейбір этностардың тіл үйрену қиын дегеніне сенбеймін. Біз қазақ халқының ортасында ана тілін тез үйрендік. Әкем үнемі, татулық, көрші парызы, елдің қадірі жөнінде айтып отыратын. Қазақтың қасиетін бойларыңа сіңіріп, бауырмалдығы мен дархан мінезінен үлгі алыңдар дейтін. Қазір әкемнің әлі күнге өсиетін орындап, берік ұстанып келемін. Қазақ ағайынның ортасында қалаған кәсібімізді өркендетіп, өсіп-өніп отырмыз. Мен ынтымағы мен бірлігі жарасқан, Қазақстанда оның ішінде салт-дәстүрі сақталған Оңтүстікте тұрып жатқанымды мақтан етемін, – дейді Нұрсбек Капар-Пур. 

Иә, қилы-қилы замандарда түрлі тағдырмен қазақ еліне қоныс аударған ирандықтарды қазақ халқы жатсынған жоқ. Құшақ жая қарсы алды. Қысылтаяң шақта шынайы жанашырлық танытты. Қазақстанға Иран ұлты өкілдері үш толқынмен келген. Алғашқы толқыны төӊкеріс кезеӊінде, екінші толқыны 30-шы жылдардағы аштық дәуірінде мал айдап келіп, саудалап жүріп тұрақтап қалады. Ал үшінші толқыны Ұлы Отан соғысынан кейін келгендер екен. 

 DSC3001

«Біздің халқымызда ет асу жоқ. Бірақ бала күнімізден етті жақсы көрдік. Әйелім Ханым ұлттық тағамды жақсы пісіреді. Қамырын өзі жайып, дайындайды, Ал фестивальде әділқазылар алқасы астан дәм татып, тоқпан жілікті кімге беру керектігін, бас тартудың әдістерін сұрады. Оза шауып, бас жүлдені еншіледік»

Нұрсбек ағаның айтуынша, 1946 жылы соғыстан кейін 600-ге жуық иран жігіті Қазақстанның оңтүстігіне, Бәйдібек ауданына жер аударады. Осы өңірге қоныстанған ұлттар өзге ұлттың қыздарымен отбасын құрады. Әкесі қиын кезеңде жер аударылғандардың көпшілігі суық климаттық жағдайларға, аштыққа шыдамағанын, қазақтардың кең пейілі мен бауырмалдық қасиеті болмағанда бүгінгідей халге жетулері беймәлім екенін айтып, еске алып отырады екен. Сондықтан Нұрсбек Капар-Пур үшін ұшы-қиыры жоқ көсіліп жатқан қазақтың кең даласынан қымбат мекен жоқ.

Наурыз – біздің де ұлттық мерекеміз

Нұрсбек Капар-Пурдың айтуынша, Наурыз ирандықтардың да сүйікті мейрамы саналады. Өйткені, оларда Наурыздай кең тараған мереке сирек. Ежелгі мереке ұлттық сенім мен әдет-ғұрыптың бір бөлшегіне айналған. Иран халқының мерекелік дастарханынан қасиетті заман, өмірге келу, өсіп шығу, тазару сияқты мифологиялық нышандары байқалады. Сол себепті, мерекелік дастарханға 7 тағам мен зат міндетті түрде қойылады. Мәселен, ирандар үшін алма денсаулық пен сұлулықтың белгісі болса, шырақ жылылық пен татулықтың, жиде мықтылықтың белгісі саналады. Сарымсақ көзден сақтаса, қызыл балық тыныштық пен байлықты білдіреді. Ал, мерекелік Аштың (көжесі) құрамы бөлек дайындалып, күріші майға пісіріледі. 

 DSC8086

Сондай-ақ ирандар бала тәрбиесіне өте кірпияз. Ата-анасын қатты құрметтейді. Үлкеннің бетіне қарсы келмейді. Әжесі мен апасын, әпкесі мен қарындасын сыйлауды парыз санайды. 

Иран этномәдени бірлестігіне - 20 жыл Бүгінде Оңтүстікте 5 мыңға жуық иран халқы бар. Олардың көбісі Бәйдібек, Сарыағаш, Төлеби, Қазығұрт аудандарында шоғырланған.

Иран этномәдени бірлестігіне Нұрсбек Капар Пур 2000 жылдан бері жетекшілік етіп келеді. Қазіргі таңда бірлестікте 34 мүшесі бар. Осы орайда, этномәдени бірлестіктердің жанынан құрылған жексенбілік мектептердің маңызы зор. Діндері мен салт-дәстүрлерін ұстануға мол мүмкіндік қарастырылған.

– Кеңестік дәуірде өзгелердің тіліне мән берген ешкім болмады. Содан болар, кейінгі ұрпақ парсы тілін білмей өсті. Бір қуантарлығы, этномәдени бірлестіктердің жанынан жексенбілік мектеп жұмыс істейді. Мектепте оқулықтардың көбісі елшілік арқылы алынған. Кішігірім кітапхана қажетті оқулық, керекті құралдармен қамтылған. Қазір иран ұлтының өкілдері ана тілінде сөйлей бастады және 90-95 пайызы мемлекеттік тілді біледі. Ана тілінің жоғалуына жол бермеген Қазақ еліне мұнда тұратын өзге ұлттар құрметпен қарауы тиіс, – дейді бірлестік жетекшісі.

«Аптасына екі рет ет асып жейміз»

Этномәдени орталықтың атқарып отырған жұмыстары да ауқымды. Өйткені, бірлестіктің құрылғанына наурыз айында 20 жыл толды. Осы орайда Қазақстандағы Иран елшілігі мәдени іс-шараларды өткізуге ұйытқы болып отыр. Нұрсбек Капар-Пурдың айтуынша, бірлестік Қазақстандағы Иран диаспорасыныӊ жалғыз этномәдени орталығы саналады. 

– Наурыз айында этномәдени орталықтың мерейтойы атап өтілді. Оған Ираннан бауырларымыз арнайы келді,-дейді бірлестік жетекшісі. 

Қайсыбір этноорталық болмасын, қоғамдық іс-шаралардан шет қалмайды. Бәрі де белсене атсалысады. Мәселен «Қазақ дастарханы» фестивалі дәстүрлі шараға айналды. Өткен жылы иран этномәдени орталығы байқауда алдына жан салмай, бас жүлдені жеңіп алды. 

– Біздің халқымызда ет асу жоқ. Бірақ бала күнімізден етті жақсы көрдік. Ираннан, басқа елден достарымыз, туысқандарымыз келсе қазақтың кеңпейілдігіне, қонақжайлығына, мол дастарханына қатты таңырқайды. Өзіміз етсіз отырмаймыз. Аптасына екі рет ет асып үйренгенбіз. Әйелім Ханым ұлттық тағамды жақсы пісіреді. Қамырын өзі жайып, дайындайды, Ал фестивальде әділқазылар алқасы астан дәм татып, тоқпан жілікті кімге беру керектігін, бас тартудың әдістерін сұрады. Оза шауып, бас жүлдені еншіледік», – дейді Нұрсбек Құрбанұлы. 

Ет асу, табақ тарту – қазақтың ежелден сақталған кәделерiнiң бiрi. Салт-дәстүрiмiздi дәрiптеген этностар халқымызға ықыласын осылай білдіріп жатыр. 

Тіпті «Қазақ елiне мың алғыс!» монументiн тұрғызудағы басты мақсаты да осы. Бiрi қуғынға ұшырап, бiрi жер аударылып келген этностар төрінен орын берген қазақ халқына айтар алғысы шексіз. 

Бүгінде иран ұлтының өкілі қазақтармен туыс болып кеткен. Үлкен әпкесі қазақ жігітіне тұрмысқа шықса, ұлы қазақ қызымен бас қосқан. Нұрсбек ағаның достарының көбісі қазақтар. Ал, тіл мен мәдениетімізге құрметі тіптен бөлек. Қазақтың кішіпейілділігі мен қонақжайлылығын жоғары бағалайды.

Қазақ үшін тойдың мән-маңызы айрықша. Ұлан-асыр той жасау халқымыздың қағидасы іспетті. Әсіресе,  бүгінде той бизнесінің орны ерекше. Шымкентте өткен «Той эксклюзив-2017» көрмесі соның бір дәлеліндей. Алғаш рет ұйымдастырылған шарада тойға барлық қажетті толық қамтылды.

toi kormesi

Көрмеге өңірден 20-дан астам той салоны мен той-думан ұйымдастыру орталықтары қатысты. Келушілер назарына қатысушылар өз өнімдері мен қызмет түрлерін ұсынды. Мұнда қоржын, кәде сыйлар, тойбастардың сан алуан түрі бар. Қыз жасауына, тойға арналған ою-өрнектермен әшекейленген заманауи дүниелер көз жауын алады. Сондай-ақ кәде сыйлардың жас қыздар мен бойжеткендерге үлгілері тіптен өзгеше. Ұлттық нақыштағы бұйымдарды Эльмира Дайрабекова өз қолымен жасаған. 

– Алғашқы кезде анамыз екеуміз дайындадық. Біздің өңірде той көп. Кейде түскен тапсырыстарға үлгермей қалатынбыз. Алдағы уақытта «Өрлеу» бағдарламасы арқылы кәсібімді ұлғайтамын,-дейді Э. Дайрабекова.

Көрмені тамашалаушылар таңданыстарын жасыра алмады. Тіпті ұлттық кәдесыйларға қызығушылығы жоғары болды. 

– Жалпы барлық қолөнер еңбектерінің бәрі әдемі. Жаманы жоқ. Қазіргі заман талабына сай жасалған. Әсіресе қыз жасауының бұйымдары үлкен сұранысқа ие, – дейді қала тұрғыны А. Байжігітова. 

Көрмеде той-думандар мен мерекелі кештерге киетін киімдер де ұсынылды. Сәнгерлер оларды заманға сай пішіп тіккен. Ұйымдастырушы Азамат Айтбаевтың айтуынша, шара алдағы уақытта да жалғасын табады.

Үздік фармацевт анықталды

Пятница, 21 Апрель 2017 09:21

Шымкентте 2017 жылдың «Үздік фармацевті» байқауы өтті. Сайысқа еліміздің медициналық колледждерінен 11 студент қатысты.

DSC 4355

Бұл конкурс аталған мамандықтың беделін арттыруға, фармацевтердің кәсіптік шеберлігін шыңдауға бағытталған. Шымкент медициналық колледжінде өткен байқауда еліміздің аймақтарынан келген келген болашақ фармацевтердің теориялық білімі мен тәжірибелік шеберліктері сыналды. 

Шара барысында қатысушылар өз білімін көрсетіп, сауалдарға мүдірмей жауап берді. Рецепт жазып, дәрі-дәрмек дайындады. Нәтижесінде үш жеңімпаз жүлдегер атанды. Атап айтқанда, Жамбыл медициналық колледжінің түлегі Мария Шитова «Үздік фармацевт» деп танылды. Екінші орынды ақтөбелік Александра Потуга иеленсе, үшінші орын Қостанай медициналық колледжінің түлегі Юлия Каневскаяға бұйырды.

Шымкентте «Мәңгілік Ел» атты патриоттық әндер мен әншілердің байқауы мәресіне жетті. Дәстүрге айналған шараны облыстық мәдениет басқармасы және облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырды.

mangilik el-30

Байқаудың мақсаты облыстан шыққан композиторлардың патриоттық тақырыптағы әндерін халық арасында кеңінен дәріптеп, жас таланттарға қолдау көрсету болатын. Өнер сайысының шарты бойынша 18 бен 35 аралығындағы 49 үміткер бақ сынады. 

Конкурс екі кезеңде өткізілді. Бірінші бөлімде патриоттық тақырыптағы әндер шырқалса, екінші кезеңде қатысушы өз таңдауы бойынша ән орындады. Үздіктерді таңдауға елімізге белгілі композиторлар, мәдениет қайраткерлері мен әншілер қазылық етті.

Байқауда шымкенттік композитор Ізбасар Кеңесовтің әні үздік деп танылды. Ал әншілер арасында жүлделі бірінші орынға түркістандық Бижігіт Исмағұлов пен шымкенттік
Гүлхая Жуашбаева ие болды.

Шымкенттік байкерлер кезекті маусымды мотошерумен бастады. Шараға Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей мемлекеттерінен мотоциклистер келді.

17884634 1272452876204382 1640629149889556602 n

Автошабандоздар кезекті маусымның ашылуын «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне арнады. Байкерлер қала көшелерін аралап, «ЭКСПО-2017» көрмесін насихаттады. Сондай-ақ №3 жетім балалар үйіне барып, қайырымдылық шарасына қатысты. 

Оңтүстік Қазастан байкерлер федерациясының президенті Рүстем Базарбековтің айтуынша, 29 мамырда оңтүстікқазақстандық 10 байкер республикалық мотошеру ұйымдастырмақ. Шымкенттен бастау алатын іс-шараның мақсаты – ЭКСПО көрмесін республика жұртына кеңінен насихаттау. Бұл идеяға облыс әкімдігі қолдау білдіріп отыр. 

– Автошабандоздар шеруді рухани астана Түркістан қаласынан бастайды. Қызылорда, Ақтөбе, Қостанай, Петропавл, Көкшетау қалалары арқылы елордада өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылу салтанатына дөп түседі, – дейді Оңтүстік Қазастан облыстық мотоциклистер федерациясының президенті Рүстем Базарбеков.

Айта кетейік, Оңтүстікте байкерлердің саны 300-ге жуық. Олар жыл сайын қаламыздағы қоғамдық іс-шараларға қатысып, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына атсалысып келеді.

Қаланы бірге көркейтейік!

Среда, 19 Апрель 2017 10:16

Облыстық кәсіподақ орталығының белсенділері Шымкентті көгалдандыруға үлес қосты. Өткен сенбіде ғимарат алдында көшеттер отырғызылып, гүлдер егілді.

17952799 1542754745734532 6339459508676091157 n

– Ағаш көшеттерін біз өз қаржымызға отырғыздық, – деп бөлісті орталық төрағасы Ғани Қарабеков. 

– Жасыл акцияларды кез келген ұжым өткізе алады. Ол үшін көп қаражаттың қажеті жоқ. Ең бастысы, туған қалаңды, аулаңды әдемі әрі жайлы етуге ынта болу керек. 

Патриотизм, міне, осыдан басталады. Мұндай игі бастама біркүндік акция түрінде шектеліп қалған жоқ. Кәсіподақ ұжымы эстафетаны облыстық кәсіпкерлер палатасына ұсынды. Ендігі кезек кәсіпкерлерде. Олар қазір көгалдандыру, оның ішінде «Шатқал» бағдарламасы шеңберінде жұмысқа белсене кірісіп кетті. Валентина Ващенко осындай шараларға белсенді араласады. Қалалық білім саласы қызметкерлері кәсіподағының төрайымын қала тұрғындарының көшет отырғызу акцияларына ынтамен қатысатыны қуантады. 

17904020 1542723695737637 7414771532428237858 n

– Шымкент үшін жасыл желектің маңызы ерекше, – дейді ол. – Ыстықтан қорғап қана қоймайды, екінші жағынан ауаны тазартады. Бір кездері Шымкент Қазақстандағы ең жасыл қала болатын. Сол бір шаққа қайта орала бастағандаймыз. Халық даналығында әрбір адам өмірінде ағаш егу керек деген тәмсіл бар. 

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіподағының құрамында бүгінде 205 мың шамасында адам бар.

Шымкент қаласының тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығы, көріктендіру секторының бас маманы Жандос Оспановтың айтуынша, 2017 жылы қала аумағындағы көшелер бойына және саябақтар мен гүлзарларға 49 800 дана ағаш көшеттері отырғызылады. 12 850 м 2 алаңға 350 мың данаға жуық жаздық гүлдер егіледі. Ал 42 600 м2 раушан гүлдеріне күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ егілген ағаш көшеттері органикалық тыңайтқыштармен өңделеді. Қазіргі таңда 328 мың дана егілген қызғалдақ қалалықтарды әсемдігімен қуантуда. 

17757173 1898232003756491 5689903404644377685 nБиыл қала көшелерін абаттандыру жұмыстарын үш мердігер компания атқаруда. Олар –«ЛТД-Тұрмыс» ЖШС, «Бәйтерек ЛБ» ЖШС және «Жасыл қала» ЖШС. 

– Гүлді өсіру оңай емес. Жасыл желекке де бап керек. Әрбір өсімдіктің өзіндік ерекшеліктері бар. Қазір гүлдеп жатқан қызғалдақтар біздің еңбегіміздің жемісі. Мұнда қаншама адамның шеберлігі мен қол еңбегі жатыр, – дейді ЛТД Тұрмыс ЖШС-нің көркейту көгалдандыру бөлімінің жұмысшылары. 

Тұрғындар қала көркіне ерекше көңіл бөлініп жатқанына риза. Олардың қала басшылығына айтар алғысы шексіз. Түрлі түсті гүлдермен әсемделген қала саябақтары шымкенттіктердің сүйікті демалыс орнына айналып отыр. Айта кету керек, биыл 34 га жер теліміндегі бұрынғы қоқыс полигонына жаңа саябақ жұмыстарының бірінші кезеңі басталды. «Қуат құрылыс» мердігер мекемесі өздеріне жүктелген жұмысты тиянақты атқаруда. Сондай-ақ «Наурыз» саябағында қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Күрделі жөндеуден өткен саябақ биыл маусым айында пайдалануға беріледі.

Страница 19 из 47