Шағынаудандардың инфрақұрылым жүйесі нәтижелi жүргізілуде

Среда, 20 Январь 2016 07:10 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3907 раз

Шымкенттегі «Көкбұлақ» шағынауданы, №118 орта мектептің ғимаратында Абай ауданының әкімі Ахмет Татыбаев халық алдында есеп берді. Өткен жылды қорытындылап, алдағы күннен күтер нәтижелер туралы баяндады.  Есеп беру жиынына Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров қатысты.

DSC 0844Аудан әкімі А. Татыбаев өз есебінде 2015 жылдағы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Осындай кездесулерде көтерілген мәселелер аяқсыз қалмайтынын айтқан аудан басшысы, өткен жылғы сын-ескертпелер бойынша жұмыс жасалғанын да тілге тиек етті. Әкімнің айтуынша, 2015 жылы аудан бойынша 9510 тұрғын үй көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Ауыз су бойынша «Самал-3» шағынауданындағы 4133 үйге (18600 адам) су өткізгіш жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте аталған шағынауданды электр жарығы бойынша 1 кезеңде 1380 тұрғын үй жарықпен қамтамасыз етіліпті. Сонымен қатар, былтыр аудан бойынша жаңа типтегі 59 қоқыс алаңшалары ауыстырылып, 20 аулаға 57 бағана орнатылып, аулалар жарықтандырылған.
Жол құрылысы саласында да ауқымды жоба-жоспарлар жүзеге асқан. Мәселен, аудандағы Ақжар тұрғын алабындағы Ынтымақ көшесіне, К.Маркс елді мекеніндегі Құрылыс көшесіне, «Қорғасын» шағынауданындағы Байтөреев пен Елқоныс көшелеріне және
«Қатынкөпір» шағынауданындағы І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, Кеңес Одағының батыры Молдабаев көшелеріне асфальт жол салынған. Сонымен қатар, Конституция көшесі мен «Қатынкөпір» шағынауданындағы Е.Өмешұлы көшесінің бойына аяқжолдар төселген.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан аумағында орналасқан ретсіз сауданы жою жұмыстарын жүргізу мақсатында құзырлы органдармен бірлесе отырып, 135-тен аса рейдтік тексерулер өткен. Оның ішінде 207 ретсіз сауда орындары анықталып, 237 жарнама бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Заңсыз сауда бойынша барлығы 1234 хаттама толтырылған, 2 621 196 теңге көлемінде айыппұл салынып, 1 283 345 теңге өндірілген.
Әрине, есеп беру кездесуінде өзекті мәселелер де
назардан тыс қалған жоқ. Әкім баяндамасынан кейін жарыссөзге кезек беріліп, тұрғындар өздерінің көкейіндегі сауалдарын қойды. Айта кетерлігі, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың басым көпшілігінде жер учаскелерінің шешімі, қоғамдық көліктердің бағытын реттеу, жол жиегіне аяқжолдар мен бағдаршам орнату мәселелері сөз болды.
Мәселен, Жаңаталап елді мекенінің тұрғыны Қолдас Әлімқұлов аталған елдімекенде 7 мың халық тұратынын, мектепке барар жолда оқушылардың жиі апатқа ұшырайтынын айта келе жол жиегіне аяқжол салып берсеңіздер
деген өтінішін жеткізді. Осы ретте Қызылжар елді мекенінің имамы Ынтымақ Омаров та В. Терешкова атындағы мектептің алдына бағдаршам керектігін айтты. Себебі, мұнда балалардың мектепке барып-келуі қиындық тудырып отырған көрінеді. Жаңаталап елді мекеніндегі жол құрылысына байланысты үйлері бұзылмақ болған 10-ға жуық отбасыға арнайы жер телімдері берілетіні де осы жиында айтылды.
Жалпы жарыссөзге шыққан азаматтар аудан әкімінің есебін оң бағалап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Аудан әкімі қорытынды сөзінде тұрғындар талабын назарда ұстайтынын және көтерілген мәселелер бойынша нақты әрі нәтижелі шешімдер болатынын мәлімдеді. Кездесу соңында жазбаша берілген сұрақтар мен ұсыныстар да ескеріліп, оған арнайы жауап берілетіні хабарланды. Еске сала кетейік, аудан әкімінің биылғы алғашқы есеп беру кездесуі «Қатынкөпір» шағын-ауданындағы №52 орта мектепте өткен болатын.

Последнее изменение Среда, 20 Январь 2016 07:57
Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.