Аудан халқын коммуналдық мәселелер толғандырады

Среда, 20 Январь 2016 07:03 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3617 раз

Кез келген нәрсенің сұрауы бар. Осыған орай, Шымкентте аудан әкімдері жыл бойы атқарған жұмыстары жөнінде халық алдында есеп беру кездесулерін бастады. Халықпен жүздесіп, атқарған жұмыстарын тізбектеп, жергілікті тұрғындардың мұң-мұқтажы мен ұсыныстарын тыңдау нәтижесінде көптеген мәселелер өз шешімін тауып отыр. Осы ретте Әл-Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжанов жергілікті халықпен алғашқы кездесуін жылдағыдай «Түркістан» шағынауданындағы №62 орта мектептің ғимаратында өткізді. Аудан басшысының есебін тыңдап, көкейкесті сауалдарын жолдау үшін халық көп жиналды. Кездесуге қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, шағынаудандар мен көше басқарушылары, орам басшылары, сонымен қатар сала мамандары қатысты.

DSC 0800Қаланың орталығы саналатын Әл-Фараби ауданында өзге аудандармен салыстырғанда мәселе шаш етектен деп айта алмаймыз. Бірақ, күрмеуі шешілуі тиіс жұмыстар жеткілікті. Өйткені, қала аумағы кеңейгелі бері, бұл ауданға елді мекендер қосылып, жауапкершілік жүгі одан сайын артты. Бүгінгі таңда ауданның жер көлемі 14 мың 380 гектарды құрап, 156 мыңнан астам халық тіршілік етіп жатыр. Ауданда тазалық мәселесі назардан тыс қалған емес. Өткен жылы елді мекендерді тазалықпен қамту үшін қалалық бюджеттен 133 миллион теңгеден астам қаржы бөлініпті. Осы орайда, Бауыржан
Ахметәліұлының айтуынша, көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы мен ішкі орам жолдары тазаланып, жұмыстар өз дәрежесінде жүргізіліпті. 2015 жылы «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында жоспарланған 30 көпқабатты үйдің 13-не күрделі жөндеу үшін қаржы бөлініп, жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Биыл 12 көпқабатты үй күрделі жөнделмек. Әкімнің айтуынша, аудан халқы ауыз су, табиғи газбен және электр қуатымен жеткілікті деңгейде қамтылған. Ал Сайрам ауданынан қосылған «Откорм» елді мекенін ауыз сумен, жарықпен және көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін жобалық- сметалық құжаттар әзірлеу 2017 жылға жоспарланыпты. Бұдан бөлек Бауыржан

DSC 0802Ахметәліұлы аудандағы жолдардың жағдайын, ирригациялық арықтар орнату, жарықтандыру, ретсіз сауда, ретсіз жарнама, кәсіпкерлік пен өнеркәсіптің дамуы туралы және осы салаларда атқарылған жұмыстарға да кеңінен тоқталды.
Мұнан соң, жарыссөзге шыққан жергілікті тұрғындар әкімнің жыл бойы атқарған жұмысына оң бағасын беріп, өз ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, Әл-Фараби ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұқан Омаров, алдағы уақытта да бірігіп жұмыс істеу туралы ұсынысын ортаға салды. Ал «Түркістан» шағынауданы, 350 орам басқарушысы Қуандық Сауранбаев былтыр «Ардагерлер аллеясының» салынып, бірқатар көшелердің жөнделгенін және жарықтандырылғанын айтты. Дегенмен, «Береке» және «Беткей» көшелеріне асфальт төселмей қалғанына ренішін білдірді. Бұл ретте аудан басшысы аталған мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін және «Беткей» көшесінің де мәселесі назарда екенін жеткізді. «Түркістан» шағынауданының тұрғыны Пернебек Қалыбаев №24 автобусты қайта бағытқа қойса деген ұсынысы көпшілік тарапынан қолдауға ие болды.
Жарыссөзден соң, халық әкімге көкейкесті сауалдарын жолдады. Мәселен, «Түркістан» шағынауданы, «Бәйтерек» көшесінің тұрғыны жеке кәсіпкердің тұрғын үй жанынан салған екіқабатты коммерциялық нысаны сол маңдағы тұрғындардың мазасын алып отыр. Автожуу және бильярдқа келген клиенттер күндіз көліктерін тұрғындардың үйлерінің айналасына қойса, түнде ішкілік ішкен адамдар әбден мазаларын алатын көрінеді. Бұл орайда, Әл-Фараби ауданы бойынша ІІБ бастығы Нұрмахан Жолдас кәсіпкердің ісіне араласа алмайтынын, бірақ көліктерді орынсыз қою мәселесіне қатысты жағдайды реттеп беретінін айтты. Зейнеткер Қалжан Рысбаев өткен жылы ғана ашылған «Ардагерлер аллеясын» вандализм әрекетінен арашалау үшін патрульді полиция бөлінсе деген ойын ортаға салды. Н.Жолдас бұл ұсынысты қарайтынын жеткізді. Әйтеке би көшесінің №30/24 үйінің тұрғындары пәтер жалдап тұратынын, алайда бірнеше айдан бері үйдің жарық пен судан ажыратылғанын айтып, көмектесуін сұрады. Бұл ретте Бауыржан Ахметәліұлы ол үйдің ескі қалашық маңында орналасқанын және үйдің заңсыз салынып, жалға берілгені айта келе, бұл мәселемен тағы да айналысатынын және тұрғындарға газ бен су жағынан мүмкіндігінше көмек беретінін айтты.
Жалпы, аудан халқы Б.Қалжановтың жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға берді. Есептік кездесуді қорытындылаған қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай көптеген маң-ызды мәселелердің көтерілгенін және олардың тиісті уақытында өз шешімін табатынын жеткізді. Халықты коммуналдық мәселелер көп толғандыратындықтан, алдағы уақытта осы бағытта тындырымды тірліктер атқарылмақ.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.