Тұрғындардың талап-тiлегi ескерiледi

Пятница, 22 Январь 2016 06:41 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 4201 раз

Абай ауданы – жер көлемі бойынша Шымкенттің 50 пайызға жуығын құрайтын үлкен ауданның бірі. Мұнда қазір 220 мыңға жуық халық тұрады. Бүгінде ауданға қарасты 12 тұрғын үй алабы мен 21 шағынаудан бар. Осындай ірі ауданда іргелі істермен қатар, өзекті мәселелер де жеткілікті.

22222Жұртшылықты толғандырған сауалдар аудан әкімі Ахмет Татыбаевтың тұрғындармен есеп беру кездесуінде жан-жақты талқыға салынды. «Құрсай» шағынауданындағы №49 мектепте өткен жиында алдымен Абай ауданының әкімі 2015 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Есеп беру жиынына қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай қатысып отырды. 

А. Татыбаев өз баяндамасында аудандағы оңды істерге тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Әкімнің айтуынша, аудан аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында және жасөспірімдер арасындағы қылмыстарды болдырмау үшін 2011-2015 жылдар аралығында 293 электр бағаналары орнатылып, аудандағы жалпы 206 ауланың 105-і жарықтандырылған. Оның ішінде 2015 жылы 20 аулаға 57 бағана орнатылып, аулалар жарықпен қамтамасыз етілген. Осы орайда 2016 жылы балалар ойын алаңшалары және спорт алаңшалары орнатылған 60 ауланы жарықтандыруға және ол аулаларға 50 бейнекамера орнату жоспарлануда.

Аудан әкімінің баяндамасынан соң жергілікті тұрғындар жарыссөзге шығып, көкейлеріндегі сауалдарын қойды. Сауалдардың басым көпшілігі жол, жарық, ауызсу, үйдің құжатын заңдастыру секілді мәселелерге бағытталды. Жарыссөзде сөз алған «Құрсай» шағынауданының тұрғыны Ш. Аббасов: «Біздің елді мекенде жаңа мектеп, жаңа балабақша, жаңа мешіт бой көтерді. Бұл үшін қала, аудан басшылығына алғысымыз зор. Ендігі ретте бір мәселе бар. Жаңа елді мекенде басында баспанасы бар, бірақ қолында құжаты жоқ көптеген үйлер бар. Солардың құжатын заңдастырып беруге көмек берсеңіздер» деп бұйымтайын айтты. Аталған ауданның тұрғыны С. Ордабаев болса, №60 бағыттағы автобустардың жүру арақашықтығы жарты сағатқа дейін созылатынын, осы бағытта қоғамдық көлік санын көбейтуді сұрады. Есептік жиында аудан әкімі А. Татыбаев залдан қойылған сауалдардың әрқайсысына арнайы жауап беріп, халықтың талап-тілегі бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілетінін айтты. Жалпы, жарыссөзде сөз сөйлеген тұрғындар аудан әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген бағасын берді.

Жиынды қорытындылаған қала әкімінің орынбасары Қ. Нұртай қаламызда Елбасы тапсырмасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі жүзеге асып жатқанын қысқаша баяндап өтті. Әкім орынбасары жұртшылықты алдағы кезеңдерде де оңды істердің жолында бірлесе қызмет атқаруға шақырып, әкімдіктің тиісті сала жетекшілеріне тапсырмалар жүктеді.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.