Тазалық пен жер мәселесi өзектi

Пятница, 22 Январь 2016 07:25 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 4312 раз

Әл-Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжанов халық алдындағы есеп беруін жалғастыруда. №6 орта мектептің ғимаратында өткен кездесуге «Сәуле», «Химфарм», «Забадам», «Откорм» және осы ауданға қарасты елді мекен тұрғындары жиналды. Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, зиялы қауым өкілдері, орам, көше басшылары мен үй төрайымдары қатысты.

4444Әл-Фараби ауданының әкімі Бауыржан Ахметәліұлы жиналған көпшілікке бір жыл бойы атқарған жұмыстарын баяндап берген соң, жарысөзге сұранып, сауал жолдаушылар қатары көп болды. «Сәуле» шағынауданының орам басшысы Бекжігіт Қалданов Сайрам ауданынан өткен ауыл шаруашылығына арналған жерлерде қазір тұрғын үй салынуы себепті жергілікті халықтың құжатты реттеу бойынша бірқатар қиындықтарға тап болғанын айтты.

– Ондай мақсаттағы жер – тұрғын үй салуға арналмаған. Сіздердің қолдарыңыздағы мемлекеттік актіде де «ауыл шаруашылық немесе қосалқы шаруашылық жері» деп жазылған. Мұндай мәселе тұрғын алаптардың барлығында дерлік кездеседі. Бұл мәселемен қазір қала әкімінің орынбасары Н.Көшеров айналысып жатыр. Қалалық жер қатынастары бөлімінің мамандары да құлағдар. Биыл реттеледі, – деп жауап берді аудан басшысы Б.Қалжанов.

Бұдан бөлек, «Забадам» шағынауданының орам басқарушысы А.Тойшыбаевтың айтуынша, халық ағын судан тарығып отыр. Ал «Откорм» елді мекенінің тұрғыны Ж.Әбдуәлиев мал ұрлығы көбейгенін айтты. Әл-Фараби ауданы полиция бөлімінің басшысы Н.Жолдас мал ұрлығының жылдан жылға азайып отырғанын, мәселен, 2014 жылы 30, 2015 жылы 6 жағдай тіркелгенін жеткізді. «Химфарм» шағынауданының тұрғыны С.Ковалеваны тазалық мәселесі алаңдатады. Жаңа контейнер қойып беруін сұрады. Аудан әкімі өткен жылы

626 контейнер сатып алынғанын, түгендеу жұмыстары аяқталған соң, «Химфармға» да орнатылатынын жеткізді.
Бұдан бөлек, тұрғындардың арасынан Н.Крутицкая, С.Асқаров, О.Бочкарева сөз алып, ирригация, аулалардағы жөндеу жұмыстары мен жылу мәселесіне қатысты сауалдарын жолдап, тиісті жауаптарын алды. Кездесу барысында аудан әкіміне жазбаша түрде де сауалдар қойылды. Есеп беру кезіндегі көтерілген мәселелер БАҚ беттерінде жарияланып, шешімін табатын болады.

Последнее изменение Пятница, 22 Январь 2016 09:00
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.