Ғ. Әбдiрахымов, қала әкiмi: «Ендiгi мақсат – Тұжырымдамадағы жоспарды жүзеге асыру» Избранное

Пятница, 26 Февраль 2016 06:42 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3722 раз

Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен Шымкент қаласы әкімдігінің кезекті мәжілісі өтті. Онда қала тұрғындарын ауыз сумен, газбен, электр жарығымен қамтамасыз етудің жағдайы, сондай-ақ қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер құрылысының сапасы туралы және бөлімдер тарапынан дайындалған қала әкімдігінің қаулыларын талқылау, бекіту мәселелері талқыланды.

Ауыз судың ауылы алыс емес

IMG 2826

Мәжілісте қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Мәлік Әбдінұров баяндама жасады. Оның айтуынша, 2015 жылы қалада инфрақұрылым жұмыстарына жіті көңіл бөлініп, жүйелі істер жүзеге асқан. Мәселен, ауыз су бойынша қалада 5 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталған. Ал биыл 7 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
– Жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. Биыл бюджеттен қаралған 3516,4 млн теңге қаржыға құрылыс жұмыстарын толығымен маусым-шілде айына дейін аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарлануда («Нұртас» шағынауданы, Сайрам тұрғын алабы, «Мирас», «Қайтпас-1» шағынауданы (2-ші кезең), «Самал-3» шағынауданы (2-ші кезең), «Ұлағат», «Қызылжар» және «Ынтымақ» шағынауданы). Нәтижесінде, 12 жоба іске қосылып, 57,4 мың адам сапалы ауыз сумен қамтылады, – деп атап өтті М. Әбдінұров.
Электр жарығы бойынша өткен жылы 4 нысанның 3-нің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылған, атап айтсақ, олар – «Сәуле», Қайнар бұлақ саяжайы, С.Рахимов, МПС, Теміржолшы және 167/10 ТБ көшелері. Ендігі ретте биыл электр жарығы бойынша 7 нысанның құрылыс жұмыстары желтоқсан айына дейін аяқталып, пайдалануға тапсыру жоспарлануда («Қайтпас-2» (2-ші кезең), «Достық-2» (2-ші кезең), «Қайтпас-1» (3-ші кезең), «Ынтымақ», «Ақниет» шағынауданы, Жастар, Еламан, Застенная көшелері, қосалқы стансасы «Бозарық 220/110/10кВ» – құрылыстың құны 9142,4 млн). Нәтижесінде, 10 жоба іске қосылып, 68,3 мың адам сапалы электр желілерімен қамтылмақ.


Абоненттерге жасалған жеңiлдiк

Мәжілісте көтерілген келесі мәселе – қаланы көгілдір отынмен қамтамасыз ету болды. Жоспарға сәйкес, бұл бағыттағы түйінді мәселелер біртіндеп шешіліп келе жатыр. Мәселен, 2015 жылы қаланы газдандыру бойынша Шымкентте 5 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталды. Олар – «Самал-3», «Қайтпас-2», «Қазығұрт», «Гидролизный» және «Еламан», «Құрсай» шағынаудандары. Айта кетерлігі, биыл қалған 3 нысанның құрылыс жұмыстары тамыз-қыркүйек айына дейін аяқталып, пайдалануға тапсыру жопарлануда («Самал-2», «Таскен» және «Мирас» шағынауданы). Нәтижесінде, 8 жоба іске қосылып, 65,5 мың. адам газбен қамтылмақ.
М. Әбдінұровтың айтуынша, былтыр Шымкентте 15 мыңнан аса тұрғын үйге арналған газ тарату нысанының құрылысы аяқталған. Алайда газ құбырлары көшелерге дейін жеткізілгенмен 15 мың үйдің жартысы ғана табиғи отынды баспаналарына тартып алған. Ал қалғаны түрлі себептермен газды пайдалана алмай отыр. Осы ретте жиында қала әкімі Ғ. Әбдірахымов сөз алып, аталған мәселеге қатысты пікірін айтты.
– Қазіргі таңда 7,5 жарым мыңға жуық абонентке газ құбырлары тартылып, жұмыстар жүргізілген. Алайда ол тұрғын үйлер газға қосылмай отыр. Себебі, көгілдір отынды үйге кіргізу жұмыстарын кейбір тұрғындардың қалтасы көтермейді. Біз бұл ретте «ҚазТрансГазАймақ» мекемесімен бірлесіп, жеңілдік қарастырып отырмыз, – деді қала басшысы.
Жиында белгілі болғандай, енді 90 мың теңгеден астам қаражатты тауып бере алмайтын абоненттер белгіленген соманы 1 жыл ішінде бөліп төлеуіне болады.
– Біз өткен жылы бағдарлама бойынша 2,8 млрд теңгеге газ құбырларын жаңарту жұмыстарын жүргіздік. Ал биыл 3 млрд теңгеге жобалап отырмыз. Осылайша ағымдағы жылы бұл бағдарламаны толықтай бітіреміз, – деді «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ ОҚОФ директоры Нұрдәулет
Үмбетәлиев.

Қала сәулетi – әкiм бақылауында

Қалалық мәжілісте бұдан өзге тұрғын үй сапасы, көше-даңғылдардың келбеті жайлы мәселелер де қаралды. Шымкент қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Тәжібай Егетаев қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер құрылысының сапасы жөнінде баяндады. Жауапты маманның мәлімдеуінше, «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысына 2015 жылы республикалық бюджеттен 2,1 млрд теңге, облыстық бюджеттен 3 млрд теңге қаржы қаралып, игерілген.
– Аталған қаржыға жалпы 41 тұрғын үйдің (3059 пәтер саны, 167 153 ш.м.) құрылысы жүргізіліп, оның 37 тұрғын үйі (2699 пәтер саны, 147 477 ш.м.) пайдалануға тапсырылды, – деді бөлім басшысының орынбасары.
Мәжілісті қорытындылаған қала әкімі алдағы мақсат-міндеттерге тоқталып, сын-ескертпелерден оң нәтиже шығаруды тапсырды. Әкім өз сөзінде алдағы жұмыстар қаланың бес жылдық даму жоспарына сәйкес атқарылатынын да атап өтті.
– Шымкент мегаполис атына лайықты болуы керек. 2-3 метрлік жерді алып, көшелерде сауда жасайтындар бар. Оларға тыйым салынады. Біз қала әкімдігі тарапынан оған жол бермейміз. Бұған дейін Шымкент қаласының 2020 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын нақтылап алдық. Ондағы жоспарлар қаңтар айында мәслихатта бекітілді. Енді қаланың әлеуетін арттыруда және сәулеттік келбетін көркейтуде биыл көп жұмыстар атқарылатын болады, – деді Ғ. Әбдірахымов.
Қала әкімі көтерілген мәселелерге қатысты бөлім басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеп, қаулы қабылдады.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.