Отбасы құндылықтарын насихаттайды

Пятница, 05 Август 2016 06:45 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3833 раз

Шымкентте Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің тапсырысымен «Оңтүстік жастары» жобасы аясында тағы бір толықметражды бейнефильм түсірілмек. Осы мақсатта «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ғимаратында 18-60 жас аралығында актерлік қабілеті бар үміткерлер кастингке қатысты.

U1xcGHTzbMQ 1

Бұған дейін «Оңтүстік жастары» жобасы аясында «Дипломмен ауылға» бағдарламасын насихаттаған «Хеллоу ауыл» атты кино түсіріліп, көрерменге жол тартқан болатын. Ұлттық құндылықтар арқылы жағдайды қаз қалпында жеткізе алған қазақ киносы ғаламтордан шамамен 1 млн 600 мың рет қаралған. Бұдан бөлек, «Хеллоу, ауыл» елдегі кинотеатрлар мен оқу орындарында да көрсетілді. Яғни, Қазақстан жастарының 40 пайызын қамтыған. Осы орайда, таяуда түсірілімі басталатын жаңа бейнефильм жас отбасындағы келеңсіздіктер арқылы көрерменге ой салып, неке құндылықтарын түсіндіруге арналады.
– Таңғы сағат 10.00-да басталған кастингке келушілер саны 500-ден асып жығылды. Біздің Оңтүстікте киноға түсуге ниетті талантты жастар өте көп екеніне талас жоқ. Дегенмен, болашақ кино жұлдыздарына белгілі режиссер Шапағат Орынбаев пен Серік Таласов таңдау жасады. Жалпы, бұл киноны түсіруге қазіргі кездегі неке тұрақсыздығы, ажырасудың көбейіп кетуі себеп болып отыр. Алдағы уақытта осы олқылықты болдырмауға, отбасылық өмірге үлкен жауапкершілікпен қарауға шақыратын кино ұсынғымыз келеді, – дейді «Жастар орталығының» директоры Ерлан Айтбаев.
«Оңтүстік жастары» жобасы аясында бұл киноны түсіру жұмыстарына 4,5 млн теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Шымкенттің талантты жастары түсіретін қазақ фильмі жыл соңына қарай көрерменге ұсынылады деп күтілуде.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.