2018 жылдың басы Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасы үшін жаңаша басталды. Аурухананың жаңа ғимараты пайдалануға беріліп, дәрігерлердің жаңа леппен жұмыс істеуіне мүмкіндік пайда болды.
Екі жыл ішінде салынған 3 қабатты корпус қабылдау-диагностикалық және реанимациялық ота жасау мақсатында пайдаланылуда. Жаңадан бой көтерген ғимарат науқастарға сапалы, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету үшін заманауи медициналық техникамен және медициналық құралдармен жабдықталған.
Ғимараттың бірінші қабатында әкімшілік, қабылдау және зертханалық-диагностикалық бөлімдер орналасқан. Екінші қабатында палаталар мен реанимация бөлімі, ал үшінші қабатта 7 блокты ота жасау бөлімі мен бүйрек пен бауыр алмастыратын хирургия бөлімі жұмыс істейді. Ал емделушілер үшін стационарда қосымша 45 төсек-орын қарастырылған.
Айта кетейік, Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы қала және облыс халқына тәулік бойы хирургия, жарақат, урологиялық, нейрохирургиялық, гинекологиялық, неврологиялық және терапиялық салалар бойынша мамандандырылған және жоғары мамандандырылған жедел және жоспарлы медициналық көмек көрсететін көпсалалы стационар болып табылады. Күн сайын бұл ауруханаға орташа есеппен 200-250 науқас медициналық көмекке жүгінеді. Олардың 70-90-ға жуығы ауруханаға жатқызылады. Мәди Бегалиев бастаған емдеу мекемесінің ұжымы емдік іс-шаралардың инновациялық, жоғары технологиялық әдістерін өндіріске жүйелі ендіріп келеді.