Республика күні – жас ақындардың жыр арқауына айналды Избранное

Среда, 18 Октябрь 2023 03:50 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 676 раз

Шымкентте 25 қазан – Республика күніне орай жас ақындар арасында «Күміс қалам - 2023» атты республикалық байқау мен «Күміс домбыра» айтысы «Тәуелсіздік – бабалар аманаты» тақырыбымен өтті. Осымен үшінші жыл қатарынан дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан жыр мүшәйрасына 19 бен 35 жас аралығындағы ақындар қатысты.

711

 

Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен мүшәйра жыр маржанын терген жас ақындардың шабытына шабыт қосып, оларға жан жақты қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған.
Жыр кешіне Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов арнайы келіп, көпшілікті Республика күнімен құттықтап, үлкен додада бақ сынағалы отырған жас таланттарға сәттілік тіледі.
—Поэзия адам жанына рухани азық беретін әдебиеттің ең ұлы жанрларының бірі екені белгілі. Бүгінгі байқау жас ақындардың бойындағы шығармашылық қабілеттерін, өнерге деген құштарлығын арттыра түседі деп ойлаймын. Сол арқылы жастар әдебиет әлеміне нық қадам басып, өз туындыларының көркемдік деңгейін шыңдай түссе деген ізгі ниетіміз бар. Байқау үміткерлерінің арасынан Ұлы Абай айтқандай, «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын» келістіріп жазатын дара ақындардың шығатынына сенім білдіреміз, — деді Қ.Асылов.
Ережеге сәйкес, байқаудың шешуші кезеңінде 16 ақын өнер көрсетіп, көрермен қауымды мән-мағыналы әрі жалынды жырларымен қуантты. Нәтижесінде үздік деп танылған қос ақын финалға шығып, бақ сынасты. Осылайша, Ұлытау облысынан келген Айзада Рахымжан «Күміс қалам-2023» байқауының бас жүлдесін жеңіп алды. Жеңімпазға арнайы күмістен құйылған қалам мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

703

Ал, Жадыра Байбұланова – Есенғали Раушанов атындағы, Шерхан Талап – Әмірхан Балқыбек атындағы, Абзал Мақаш – Әбілдә Аймақ атындағы, Сезім Мергенбай – Мархабат Байғұт атындағы, Серғазы Қайырболды – Аманхан Әлім атындағы арнайы жүлделерге ие болды.
Қазылар алқасында «Ана тілі» газетінің бас редакторы Ерлан Жүніс бастап, Ханбибі Есенқарақызы, Абай Қалшабек, Танакөз Толқынқызы және Әлімжан Әлішер төрелік етті.
***
Сонымен қатар Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған жас ақындар арасындағы республикалық «Күміс домбыра» айтысы «Тәуелсіздік – бабалар аманаты» деген тақырыпта өтті. Жыр додасына еліміздің әр өңірінен жиналған 16 айтыскер ақын қатысты.
– Тәуелсіздік алғалы айтыс өнері ұлттық мәдениетіміздің асыл мұрасы ретінде кеңінен насихатталып келеді. Соның ішінде «Күміс домбыра» жобасы халық арасында кеңінен қолдау тауып, биыл үшінші жыл қатарынан өтіп отыр. Осы орайда киелі өнердің дамуына қолдау көрсетіп келе жатқан қала әкімдігіне алғыс айтамыз. Бұл айтыс еліміздің Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерін насихаттау және жас ақындардың ішкі мүмкіндіктерін ашып, шабыттарына қанат бітіру мақсатында өткізілді. Жас ақындар арасындағы республикалық айтыс тек Шымкент қаласында ғана өткізіліп жүргенін де айта кету керек. Жас ақындардың бұл айтысқа қызығушылығы жоғары, сондықтан жоба тоқтап қаламаса екен деген өтінішіміз де бар, - деді Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің айтыс сыныбының жетекшісі, белгілі айтыскер ақын Қажымұқан Абзал.
Ал, жыр додасында белгілі айтыскер ақындар мен мәдениет саласының мамандары жас өнерпаздарға әділ бағасын беріп, қазылық етті. Атап өтсек, Бекарыс Шойбеков, Маржан Есжанова, Күлия Айдарбекова, Ахметжан Өзбеков, Еркебұлан Қайназаров сынды азаматтар айтыстың қазылар алқасы құрамынан табылды.
Жыр додасында жас ақындар қоғамдағы өзекті тақырыптарды қозғап, көрерменді ұшқыр ой, ұрымтал шумақтарымен тамсандырды.
- «Күміс домбыра» айтысына биыл үшінші рет қатысып тұрмын. Бірінші айналымда Астананың ақыны Ердәулет Ыбыраймен шықтым, екінші айналымда түркістандық ақын Ахмет Расул Баянбаймен айтыстым. Айтыстың көрермені жылдан жылға жасарып келеді. Сондықтан да жастар арасындағы маңызды мәселелерді қозғадым, – дейді Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің мұғалімі, ақын Аян Иманбайұлы.
Айтыстың финалдық кезеңіне жолдама алған үш жұп суырып алып, шаппа-шап айтыс көрсетіп көрермен қауымның қошеметіне бөленді.
Айтыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов марапаттап, ұлттық өнерімізді ұлықтап, тамаша айтыс көрсеткен өнерпаздарға алғысын білдірді.
Сонымен, әділқазылар алқасының шешімімен жүлделі ІІІ орын Ердәулет Ыбырай мен Нұрдаулет Өмірбекке, ІІ орын Жамбыл облысының өкілі Мұхтар Қонарбай мен түркістандық ақын Ахмет Расул Баянбайға, ал, І орын Баянауылдан келген Мәрес Байронға берілді. «Күміс қалам» айтысының бас жүлдесін Шымкент қаласының өкілі Аян Ниязбек жеңіп алды.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.