Сақтансаң, сақтайды Избранное

Среда, 01 Ноябрь 2023 03:48 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 584 раз

Жылыту маусымы басталысымен Шымкентте қайғылы оқиға орын алды. Бүтіндей бір отбасы газдан уланып, қайтыс болды. Қайғылы оқиға 27 қазанда Ынтымақ шағынауданында орын алды. Оқиға орнында бір отбасының 5 бірдей мүшесі – 39 жастағы отағасы мен әйелі, үш баласы — 15, 16 жастағы қыз және 11 жастағы ұл жан тапсырған. Қыс мезгілі газдан улану қаупінің күшейетін кезеңі. Бұл мезгілдерде әрбір қарапайым ережені ескермей қателікке жол берудің соңы орны толмас өкінішке ұрындырады.

708

 

Жылыту маусымына жауапкершілікпен қараңыз

«ҚазТрансГаз аймақ» компаниясы Шымкент қаласы филиалы басшысының орынбасары Елдар Қуандықовтың айтуынша, үй иелері көгілдір отынды заңсыз қосып алған көрінеді.
–Оқиға болған жерге жеткен апаттық диспетчер қызметкерлері жылыту қазандығының беткі қақпақ жабындысы мен мұржаның жоқ екенін анықтаған. Сондай-ақ, автоматты реттеу жүйесіне қосылмай, тікелей жалғанған. Салдарынан үйдегі 5 адам газбен уланды. Марқұмдардың мәйіті табылған үй биыл шілдеде газ жабдықтарын дұрыс пайдаланбағаны үшін табиғи газдан ажыратылған. Бірқатар кемшілік анықталып отыр. Қазіргі күні сот сараптамасы жасалып жатыр, – дейді Елдар Қуандықов.

706


Айтып айтпай не керек, жыл сайын орын алатын осындай олқылықтың көбі тұрғындардың қауіпсіздік шараларына немқұрайлы қарауынан туындап отыр.

Қазандықтар маусымға сақадай сай

Мамандар жылыту маусымына дайындық пен қауіпсіздік ережелері жайлы баспасөз брифингінде бөлісті. Брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек, Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Мақсат Ердембеков «Қуатжылуорталық-3» мекемесінің директорының міндетін атқарушы Нұрбек Орынбаев атқарылған жұмыстармен таныстырып, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертті.
–Штаб құрамы бекітіліп, бүгінгі таңда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілері мен инфрақұрылым жүйелерінің дайындық жұмыстары толық аяқталды. Қаланың 23 бөлек орналасқан жылу қазандықтары мен орталықтандырылған жылу жүйесіндегі 17 сорғы станциялары жылу беру маусымына дайын. Жылу жүйелерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында жергілікті және республикалық бюджеттен 13,2 шақырым жылу желілерін жөндеуге 5,4 млрд теңге қаржы қаралды. Тұрғындар үйдің ішкі жылу жүйесіне қызмет көрсететін жеке сервистік мекемелермен келісімшартқа тұрып, тозығы жеткен құбырларды ауыстыру және күтіп ұстау жұмыстарын жүргізу қажет. Сондай-ақ, жылу берілген үйдің пәтер иелері жоғарғы қабаттан немесе пәтер ішінен ауа шығару жұмыстарын жүргізу тұрғындардың міндетіне кіреді, – деді Н.Ергешбек.
Бүгінгі таңда қаладағы 464 бюджеттік мекеме жылуға толық қосылған. Оның ішінде 251 білім мекемесі, 100 денсаулық сақтау мекемесі, 68 мәдениет, 29 спорт, 16 жұмыспен қамту мекемелері жылумен қамтылған.
–Қала әкімі Ғ. Сыздықбековтың өкіміне сәйкес, жылу беру маусымы 20 қазаннан басталды. Жылу есептегіш құралы бар тұтынушыларға 20 қазаннан бастап тұтынылған жылуға төлем ақы жүргізіледі, ал жылу есептегіш құралы жоқ тұтынушыларға 1 қарашадан бастап төлемақы жүргізілетін болады. Қазіргі кезде «3-Энергоорталық» АҚ-да (ТЭЦ-3) №1, №2 қазандықтар жұмыс істеуде, №3 қазандық резервте, №1, №2 турбогенератор 128 МВт электр қуатын өндіруде. Мекеменің резервтік отынға қажеттілігі 10,7 мың тонна. Өткен жылу маусымынан соң 9,7 мың тонна резервтік мазут бар (90,5%), қосымша 1 мың тонна мазутты қараша айында алу жоспарланған. Сондай-ақ, аудан әкімдіктеріне қарасты коммуналдық мемлекеттік мекемелері құрылып, тұрғындардың коммуналдық мәселеге қатысты арыз-шағымдарын қабылдауға бірыңғай байланыс орталықтары жұмыс атқаруда. Жалпы қаланың 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымының өту барысы қала әкімдігінің тұрақты бақылауына алынған, күнделікті мониторинг жүргізілуде, – деді қала әкімінің орынбасары.

«7 және 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады»

Ал, «Қуатжылуорталық-3» МКК-на қарасты 23 қазандық пен 17 сорғы станциялар бірқалыпты жұмыс атқаруда.
–Үйлерді жылуға қосу кезінде айта кететін жағдай, «Қуатжылуорталық-3» МКК-ны жүйесіне қосылған көппәтерлі үйдегі элеватордың бірінші торабына дейін ғана жылумен қамтамасыз етуге жауапты. Тұрғындар үйдің ішкі жылу жүйесіне қызмет көрсететін жеке сервистік мекемелермен келісім-шартқа тұрып, тозығы жеткен құбырларды ауыстыру және күтіп-ұстау жұмыстарын жүргізу қажет. Сондай-ақ, жылу берілген үйдің пәтер иелері жоғарғы қабаттан немесе пәтер ішінен ауа шығару жұмыстарын жүргізу қажет. Бұдан бөлек, сервистік қызмет көрсететін мекемелермен келісім-шартқа тұрмаған көпқабатты тұрғын үй тұрғындары жарамсыз құбырлары мен тағы басқа материалдарын қамтамасыз еткен жағдайда «Қуатжылуорталық-3» МКК-ны тиісті жұмыстарды атқаруға дайын. Қаладағы 5 ауданда, жылу жүйелерінде ақау орын алған жағдайда, «Қуатжылуорталық-3» МКК-ны тарапынан 36 авариялық бригада жасақталған, – деді «Қуатжылуорталық - 3» мекемесінің директорының міндетін атқарушы Нұрбек Орынбаев
Бұдан бөлек, қала тұрғындары үшін жылу маусымында орын алған ақаулықтарды оперативті түрде жөндеу үшін өтінімдерді қабылдау бойынша диспетчерлік қызмет тәулік бойы және бірыңғай «I-Komek-109» орталығы да жұмыс атқаруда.
Қазіргі таңда тұрғындарға арнайы қызмет көрсететін 14 мекеме бар. Ол мекемелермен келісімшартқа тұрған жағдайда тұрғындардың қауіпсіздігіне жауапты болады. Олар жылына екі рет тексеру жұмыстарын жүргізіп, арнайы мамандар мұржалардың дұрыстығын қадағалайды. Мұны мамандар ескерткенімен, келісімшартқа тұрғысы келмейтін тұрғындар көп.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңының талаптарын орындамаған жағдайда 7 және 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Өзіңіздің және отбасыңыздың қауіпсіздігі үшін талаптарды қатаң сақтап, жауапкершілік танытқан абзал.

Гүлнұр СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.