ШЫМКЕНТТЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫ АРТАДЫ Избранное

Пятница, 26 Январь 2024 05:32 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 562 раз

Қаланың бекітілген жаңа Бас жоспарында жыл сайын пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемін 2,1 млн шаршы метрге дейін арттыру көзделген. Алдағы 15 жылда салынатын тұрғын үй құрылысына 9492 гектар жер айқындалған. Бұл туралы қалалық Қоғамдық кеңес отырысындағы Шымкенттің 2035 жылға дейінгі Бас жоспарын талқылау барысында белгілі болды.

qogamKenes

 

Шымкенттің 2035 жылға дейінгі бас жоспары 2023 жылдың 17 қазанында бекітілген болатын. Мамандар бас жоспарды жасауда шаһардағы демографиялық өсімге мән берген.
– Бас жоспардың негізгі бағыты – қала халқының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау, экологияны жақсарту, көліктік-инженерлік инфрақұрылымды дамыту. Бас жоспарда қаланың 2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімді перспективасы қаралған. Яғни, қала тұрғындарының саны 1,2 миллионнан 1,9 миллионға жетеді деген ықтималды болжам бар. Ал, жыл сайын пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемін 2,1 млн шаршы метрге дейін арттыру көзделген. Алдағы 15 жылда салынатын тұрғын үй құрылысына 9492 гектар жер айқындалған. Бұл аумақтарға 31 млн 610 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, баспана қоры қалыптасады. Оның 80 пайызын көп қабатты тұрғын үйлер құрайды, – деді Шымкент қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Арман Әбдешов.
Қоғамдық кеңес отырысында әуежай маңынан темір жол станциясы салынатыны да айтылды. Сондай-ақ, Бас жоспарға сәйкес, алдағы 10 жылда жаңа өндірістік аймақтар құрылып, тәулігіне 20 мың адам қабылдауға қауқарлы жаңа темір жол вокзалы салынбақ.
Кеңес мүшелері бас жоспарға байланысты басқарма өкіліне бірқатар сұрақтарын қойды. Шаһарды көгалдандыру мәселесі де кеңес мүшелерінің назарынан тыс қалмады.
Басқарма өкілінің айтуынша, бұрынғы балалар темір жолының бойына ағаш отырғызу жоспарланған. Яғни, А.Асқаров атындағы дендросаябақ пен Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионды байланыстыратын жаяуларға арналған тротуар, жүгіру және вело жолақ салынады. Жауаптылар бұл жоспардың 2027 жылға дейін жүзеге асырылуы мүмкін екенін тілге тиек етті.
Айта өтейік, кеңес отырысында қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының атқарып жатқан жұмысы тыңдалды. Сонымен қатар білім басқармасына қарасты балабақшалардағы санитарлық тазалық пен бала қауіпсіздігі жайында да сөз қозғалды. Ал, білім басқармасының басшысы Нұргүл Шамшиева Ө.Жәнібеков атындағы №19 жалпы білім беретін орта мектептің қосымша ғимаратының құрылысы жайында баяндады.

«ШК»-ақпарат

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.