Қаратөбеде мәдениет үйі салынады Избранное

Пятница, 15 Март 2024 05:59 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 242 раз

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек ауданның 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін баяндап, 2024 жылға арналған жоспарын таныстырды.

AlAkim

 

Аумағы 22 800 гектарды алып жатқан Еңбекші ауданында 228 830 тұрғын бар. Аудандағы 18 тұрғын алап пен 11 шағынауданда 728 көше мен өткел, 1 саябақ, 2 гүлзар, 283 көпқабатты және 37061 жеке тұрғын үй орналасқан.
Д.Есілбектің мәлімдеуінше, аудандағы 29 шағынаудан мен тұрғын алаптар инженерлік жүйемен қамтылған. Ауыз су, жарық, газ бар. Алайда, аудан аумағындағы асфальт жолдың үлесі 73,1%, ал кәріз жүйесіне тұрғын үйлердің 41 пайызы ғана қосылған. Бұл мәселені шешу үшін Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы 2022-2025 жылдарға арналған инфрақұрылым жүйелерін дамыту туралы жол картасын бекітіп, жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Қалаға қосылған 7 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталып, былтыр жалпы 3724 абонент ауыз су жүйесіне қосылған. Биыл Жастар көшесі мен «Қазығұрт» станциясы аумағындағы 102 абонентті және Оңтүстік-Жаңақұрылыстағы 989 абонентті сапалы ауыз сумен қамту мақсатында жобалық-сметалық құжат әзірлеу жоспарланған.
– «Жайлы мектеп» жобасы аясында Ұлағат шағынауданы мен Қарабастау жаңақұрылыс аумағында 1200 орынды мектептің құрылысы жүруде. Бұл нысандарды келер оқу жылында пайдалануға беру жоспарланған. Ал, Базарқақпа тұрғын алабындағы «Қаратөбе» мәдениет үйінің ғимараты апатты деп танылып, бүгінде ғимаратты бұзу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта заманауи үлгідегі мәдениет нысаны салынады, – деді Досбол Күздікбайұлы.
Аудан әкімі Бадам өзені жағалауына жақын салынған үйлердің мәселесіне де тоқталды.
– Бадам өзені жағалауына жақын орналасқан Маятас, Тоғыс, Жыланбұзған тұрғын алабында үйлерге келетін қауіптің алдын алу бойынша 2021-2025 жылдарға арналған су тасқыны іс-шараларының жол картасы әзірленген. 2022 жылы
«SK Best Spec Story KZ» ЖШС жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, 2023 жылы қаралған қаржыға мердігер мекеме «TOLAGAI-2050» ЖШС Бадам өзенінің 2,6 км жағалауында құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр, – деді аудан әкімі.
Айта кетейік, «TOLAGAI-2050» ЖШС-нің демеушілігімен Маятас тұрғын алабында Бадам өзенінен өтетін жаяуларға арналған аспалы көпірдің құрылысы жүргізіліп, ел игілігіне берілген болатын.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.