РЕНОВАЦИЯ: жаңа баспана салып беретін бағдарлама Избранное

Пятница, 15 Март 2024 05:56 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 265 раз

Алматыны қайта-қайта дүр сілкіндірген зілзаланың салқыны өзге өңірлерге де тимей қалған жоқ. Салынғанына 50-60 жыл болған көпқабатты үйлердің тозығы жеткені, апаттық жағдайда тұрғандары бар. Ондай үйлерді күрделі жөндеуден өткізуден гөрі жаңадан салу ыңғайлырақ әрі мегаполистің ажарын жаңа сәулетімен ашады.

kurtrilis

 

«ЕСКІНІ ЖАМАСАҢ, ЕСІҢ КЕТЕДІ»

Шымкентте реновация бағдарламасы бойынша тозығы жеткен, апатты үйлер жаңартылып жатыр. Осы жоба бойынша бүгінде Еңбекші ауданы Безделев көшесі, 72а мекенжайында жаңа көпқабатты үй салынуда. Құрылысы былтыр қазан айында басталған. Бұл – сапалы, күйген қыштан салынатын, биіктігі 7 қабатты, комфорт санатындағы зәулім үй. Біз құрылыс барысымен танысып қайттық.
Жаңа бағдарлама бойынша салынып жатқан қаладағы алғашқы нысанның басында 25 адам еңбек етіп жатыр екен. Инвестор – «B like» ЖШС, бас мердігер – «ADAL TOBY» компаниясы. Мердігер компания өкілдері былтыр қазан айында басталған құрылысты биыл шілдеде аяқтап, тұрғындарға тапсырмақ.
«B like» ЖШС-ның бас директоры Бауыржан Құлжановтың айтуынша, компания барлық құжаттарын Шымкентке тіркеткен. Инвестицияны және салықты да осы қаланың дамуына құймақ ниетте. Астанадан келген инвестордың Шымкентке қатысты жоспарлары көп-ақ.
Бастапқыда құжаттарды рәсімдеуде бірқатар кедергілер болыпты. Қала әкімдігі, «Shymkent» ӘКК» АҚ тарапынан бәрі де оң шешіліп, құрылыс салуға келісім берілді.
– Реновация бойынша қаладағы алғашқы нысан болғандықтан, жаңа жобаға бар күшімізді салып жатырмыз. Құрылыс материалдары да, қол күші де жеткілікті. Қазір ешқандай мәселе жоқ. Жұмыстың қарқынына қарай адам саны да көбейе бермек. Қабырғасының қалыңдығы жарты метр болады. Жалпы айтқанда, сапалы әрі қалаға көрік берер көпқабатты тұрғын үй. Жанынан білім беру үйірмелері, дүкендер, көлік тұрақтары, ойын алаңшасы да қарастырылған.

kurtrilis11


Алдыңғы ескі үйдің тұрғындары қазір уақытша пәтерлерге орналасқан. Бәрінің де пәтер ақысын төлеп тастағанбыз. Біз қосымша әр отбасына 10-15 шаршы метр бонус, сыйақы қосып береміз. Яғни, бір бөлме шамасында. Пәтерлердің жалпы саны – 36. Бұрынғы тозығы жеткен 2 ескі үйде 22 отбасы тұрған. Енді олар жаңа пәтер кілтіне ие болады. Қалған пәтерлер сатылады. Жалпы бұл алғашқы нысан болғандықтан жақсы көрсеткіш үшін жұмыс істеп жатырмыз. Өзіміздің абыройымыз үшін, – дейді жеке инвестор Б.Құлжанов.
Біз осы үйдің жанында, Безделев көшесі, 111 үй мекенжайындағы құрылысты да көрдік. Онда қазір шұңқыр қазылуда. Бұл үй де 7 қабатты, еңселі тұрғын үй кешені болады.
Қазіргі таңда тозығы жеткен 2 нысанның орнында құрылыс қарқын алған. Енді тұрғындар еңселі, жаңа үйден әрленген, дайын пәтерлерге қоныстанады. Инвесторлар тұрғындардың үйді кеңейту жоспарлары бойынша ұсыныстарын да қарастырыпты. Яғни, олардың арасында болашақ пәтерлерінің жоба-жоспарын сыздырып алғандар да бар.
Жаңа үйдің атауы қалай болмақ? Инвестордың айтуынша, таңдауды тұрғындардың өздеріне қалдырыпты.
Инвесторлар мұнымен тоқтамақ емес. Қазіргі таңда қала бойынша 4 жобаны іске асырмақ. Төле би көшесі 37, Жылқышиев көшесі 28 мекенжайындағы тозығы жеткен үйлерді бұзып, жаңа көпқабатты үй салу жоспарда тұр. Қазір бұл үйлердің құжаттары рәсімделуде.
– Біз осы бағдарлама бойынша қала аумақтарымен танысып, зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Тағы екі жоба бойынша да келісімшарт жасастық. Олар бизнес санатына жақын үйлер. Құрылыс жұмыстарын екі ай шамасында бастаймыз. Сондай-ақ, орам бойынша да бірқатар ұсыныстарымызды, жобаларымызды таныстырдық. Алдағы уақытта құжаттары рәсімделіп, нақты келісімшарт болған жағдайда ол жобаларымызды да іске асырамыз, – дейді Б.Құлжанов.

6 ЖЫЛДА 78 ҮЙ БҰЗЫЛАДЫ

Тозығы жеткен апатты үйлердің орнына сәулетті кешен тұрғызу ең алдымен осындағы тұрғындар үшін қолайлы болмақ. Жаңа пәтер алуда қандай артықшылықтар мен ерекшеліктер бар. Соны баяндайық.
Қаланың тұрғын үй қорын реновациялау бойынша тұрғындарға бағдарлама шарттары түсіндіріліп, тұрақты жұмыстар атқарылуда. Апатты жағдайда және тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу меншік иелерінің келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Меншік иелеріне құрылыс кезеңінде уақытша баспана немесе пәтер жалдау үшін ақшалай өтемақы беріледі.
Бағдарламаға қатысу үшін жеке инвесторлар тұрғын жай меншік иелерінің келісімін алып, «Shymkent» ӘКК» АҚ-мен келісімшарт жасасады. Акционерлік қоғам инвестордың ұсыныстарын қарап, құжаттарын зерделеуден өткізеді. Тиісті келісімдер жасалғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады.
Тұрғындардың уақытша пәтерлерге көшу, жалпы барлық шығындары инвестордың өз қаражаты есебінен төленеді. Былтыр тамыз айында Безделев көшесіндегі 72 а және 111 үйдің тұрғындары өз келісімдерін берген-тін.
Қалада өткен жылы реновация бағдарламасы бойынша жол картасы әзірленді. Қалалық тұрғын үй басқармасының мәліметінше, жол картасымен 2023-2029 жылдар аралығында қаладағы апатты және тозығы жеткен 78 тұрғын үйді (862 пәтер) бұзып, азаматтарды жаңа баспанамен қамту жоспарланған. Жол картасына сәйкес, 2023 жылы 6 үйді бұзып, тұрғын үйлердің құрылысын 2025 жылы аяқтау көзделген.
Реновация – тозығы жеткен тұрғын үйлерді сүріп, орнына жаңа тұрғын үй салу бағдарламасы. Бізге белгілі болғандай, қала бойынша 100-ге жуық тұрғын үй ұсынылып отыр. Жалпы қалада осы бағдарлама бойынша алғашқы нысанның қазығы қағылып, екінші қабаты көтерілді. Осы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.