НАУРЫЗДЫ 10 КҮН ТОЙЛАЙМЫЗ Избранное

Пятница, 15 Март 2024 06:17 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 260 раз

Жыл сайын төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрін қалыптастырып, оның мазмұнын идеологиялық мәнмен байыту үшін 14 – 23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі тойланып келеді. Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев баспасөз брифингінде биылғы мерекенің он күндік жоспарымен таныстырды.

brif

 

—Ел Президенті Наурызды бірлік, бауырластық пен ынтымақ мерекесі ретінде тойлаудың жаңа тұжырымдамасын бекітті. Тұжырымдамаға сәйкес, мейрамды мазмұндық тұрғыдан толықтай жаңғырту және оның халықты біріктіруші рөлін арттыру үшін Наурыздың бірегей логотипі бекітілді. Сонымен қатар тұжырымдамада мерекенің мазмұнын идеологиялық мәнмен байыту үшін 14 – 23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігін жариялап, оның әр күнін белгілі бір тақырыпқа арнау ұсынылған. Яғни, дәстүрлі түрде халықтық мерекелер мен фольклорлық қойылымдар, киіз үй орнату, әдет-ғұрыптарды, ұлттық киімдерді, ұлттық тағамдарды насихаттау форматында өтпек, –деді Б.Орынтаев.
Мерекелік онкүндік
14 наурызда көрісу күні – Амал мерекесімен басталды.
15 наурызда «Қайырымдылық» күні аясында қарттар үйі, балалар үйі мен көпбалалы отбасыларды мерекемен құттықтау іс-шарасы өткізіледі. Сондай-ақ, қала әкімінің қатысуымен көпбалалы аналар, тұрмысы төмен отбасылар мен зиялы қауым өкілдеріне ауызашар беріледі.
16 наурызда «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» Наурыз алаңында мәдениет мекемелерінің ұйымдастырумен алты бөлімнен тұратын «Сүйінші сұрау», «Балаға ат қою», «Бесікке салу», «Жақсының орнына аунату», «Тұсаукесер», «Ашамайға мінгізу», «Құлақ тесу», «Бұрым өру», «Қызды оң босағаға отырғызу», «Қыз ұзату», «Беташар», «Тілеу көже дайындау» ғұрыптары насихатталып, музыкалық-театрландырылған қойылым өтеді.
17 наурызда «Шаңырақ күні» аясында перзентханаларда жаңа туған нәрестелердің ата-аналарына «Наурыз базарлық» естелік кәдесыйлары табысталады.
18 наурызда «Ұлттық киім кию» күні Шымкент қаласының мемлекеттік қызметкерлері ұлттық киім кию челленджін бастайды. Сондай-ақ, Көрме орталығында үш номинациядан тұратын «Ең үздік балалар мен жасөспірімдердің киім үлгісі», «Ең үздік күнделікті киім үлгісі», «Ең үздік жұмыс киім үлгісі» атты ұлттық киім дизайнерлерінің байқауы өтеді.
19 наурыз – «Жаңару күні». Бұл күні қала тұрғындары қаланың саябақтарында ағаш көшеттерін егуге шығады.
20 наурызда «Ұлттық спорт күні» ипподромда бәйге, аударыспақ, көкпар, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, теңге ілу сынды ұлттық спорт ойындарынан жарыстар ұйымдастырылады.
21 наурыз «Ынтымақ күні» болып белгіленді. Бұл күні әлеуметтік желілерде зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қала тұрғындарын наурыз мерекесімен құттықтайды.
22 наурыз – «Жыл басы». Астана алаңында қала әкімінің қатысуымен «Армысың, әз-Наурыз» концерті ұйымдастырылады. Концерт сахна өнеріндегі этникалық және заманауи үрдістерді үйлестіретін музыкалық театрландырылған қойылым ретінде өтеді.
Сонымен қатар, қаладағы «Әл-Фараби» және Наурыз алаңдарында, «Жеңіс» саябағында, Сайрам тұрғын алабындағы «Наурыз» саябағында, Қажымұқан атындағы орталық стадионда мерекелік думанды іс-шаралар өтеді. Күндізгі думан кешкі гала-концертке ұласады. 
Іс-шарада еліміздің белгілі өнер жұлдыздары «Орда» тобы, «Ер Тұран», Qanay, Наzима және Шымкент қалалық мәдениет үйі өнерпаздары, «Қазына», «Қарагөз», «Шамсинұр», «Шаттық» би ансамбльдері өнер көрсетеді.
23 – наурыз «Тазару күні» тазалық эстафетасын бастап, қаланың көрікті жерлері мен саябақтарын мерекеден кейінгі қоқыстан тазарту үшін жалпыұлттық сенбілік өтеді.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.