БИЫЛ 229 АВТОБУС ӘКЕЛІНЕДІ

Среда, 26 Июнь 2024 04:43 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 309 раз

Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов 2024 жылдың 5 айында атқарылған жұмыстар бойынша баспасөз брифингін өткізді. Басқарма басшысы жолдарды жөндеу, қоғамдық көлік қызметін дамыту, аялдамалар орнату, қоғамдық көліктегі мәдениетті көтеру бағытындағы атқарылған жұмыстардан хабардар етті.

 

Басқарманың мәліметінше, қазіргі уақытта күнделікті 916 автобус және 11 тасымалдаушы компания жолаушыларға қызмет көрсетеді. Жалпы автобустар саны резервпен қоса 1142 болса, оның 640-ы метан газымен, 464-і дизельмен және 36-ы бензинмен жүреді. Қазіргі қолданыстағы кешенді схема да өзектендіруді қажет етеді. Сондықтан халықтың сұранысын ескере отырып, жыл басынан бері 22 бағыттағы қоғамдық көліктердің сызбасы оңтайландырылған.
Сондай-ақ, қазіргі таңда қоғамдық көліктерде дауыстық хабарлама орнату жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде №12,27,35,74,84 бағыттағы жолаушылар көлігінде, жалпы 110 автобуста дауыстық хабарлама жүйесі орнатылған. Жыл соңына дейін тағы 500 көлікте аялдамалар дыбыс құралымен хабарланады деп жоспарланып отыр.
– Биыл қалада 229 қоғамдық көлікті жаңарту жоспарлануда. Наурыз айында «Автоимпульс» ЖШС тарапынан Zhongtong маркалы 5 жаңа автобус әкелінді. Сондай-ақ, «Санжар моторс» ЖШС және «Абдуганиев» ЖК тарапынан «SAZ LE-60» маркалы 12 автобусты, «МАН-Оңтүстік» ЖШС Youtong маркалы 3 жаңа автобусты мамыр айынан бастап бағытқа қойған. Жалпы, бүгінде қаладағы 1142 автобустың 95 пайызға жуығы соңғы 5 жылда алынған. Қоғамдық көліктер жыл сайын кезең-кезеңімен жаңартылуда, – деді басқарма басшысы.
Қалада 1886 аялдама бар. Оның ішінде, павильондармен қамтамасыз етілгені – 1338, ескі үлгідегі аялдама саны – 500, жаңа үлгідегі аялдама – 838.
2024 жылы Шымкент қаласында жол инфрақұрылымын дамыту бағытында 47 нысан (159,6 шақырым) жол жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Оның ішінде 17 көшеде (49,9 шақырым) құрылыс жүріп, қайта жаңғыртылады, 2 көшеге (17,1 шақырым) күрделі жөндеу жүргізіледі. 29 көше (92,6 шақырым). орташа жөндеуден өтеді. Жыл соңында 35 нысанды (113,2 шақырым) пайдалануға беру жоспарлануда.
Брифинг соңында басқарма басшысы дауыстық хабарламамен қамту, жүргізушілер мәдениеті, жол сапасына қатысты БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Т.ҚАСЫМ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.