Нәтижелі жұмыс жетістікке бастайды Избранное

Пятница, 29 Январь 2016 05:43 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4313 раз

Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен әкімдіктің кезекті мәжілісі өтті. Күн тәртібіне сәйкес, Шымкент қаласының 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы, сондай-ақ қаланың қылмыстық көрсеткіштері талқыланып, биылғы 2016  жыл бойынша алға қойған негізгі міндеттер сараланды.

j

Мәжілісте қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Рахымберді Мулкеманов қаланың 2015 жылға арналған бюджетінің атқарылу қорытындысы туралы баяндама жасады. Сала басшысының айтуынша, 2015 жылы қаланың жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуын сипаттайтын негізгі көрсеткіштерде өсім бар. Атап өтетін болсақ, халық саны 884,1 мың адамды құрап, 2014 жылмен салыстырғанда 24,7 пайызға, ал, өнеркәсіп өнімінің көлемі 289,1 млрд теңгені құрап, 3,7 пайызға артқан. Шаһар аумағында іске қосылған тұрғын үй көлемі 217,4 мың шаршы метрді құрап, 3,8 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 74,7 млрд теңгені құрап, 0,6 пайызға өскен. Алайда 2015 жылы бөлшек сауда көлемі 248,5 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 9,0 пайызға төмендеген.
Келесі кезекте басқосуда Шымкент қаласының қылмыстық хал-ахуалы сөз болды. Құқық қорғау саласы өкілдерінің сөзіне сүйенсек, қазір қалада қылмыс саны азаймай тұр. Статистика бойынша қалада қылмыс саны өсіп, 28,7 пайызды көрсеткен.

Жиында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов шаһардағы жол ережесін өрескел бұзып, көше-көшелерді жауып, кептеліс тудыратын той кортеждеріне қатысты да сын айтты. Осы мәселелер бойынша қала басшысы қалалық ішкі істер басқармасына шаһардағы түрлі қылмыстық себептерден болатын өлім-жітім санын азайтуға, заң талаптарына сай түнгі белгіленген уақыттарда алкогольді ішімдік сатпауға тиісті шара қолдануға тапсырма берді. 

Қаланың экономикалық дамуын сөз етсек, бұл бағытта 2015 жылы шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін қалада «Индустриялық-инновациялық даму», «Бизнестің жол картасы 2020», «Өңірлерді дамыту», «Жұмыспен қамту – 2020», «Балапан», «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламалары жүзеге асырылды. Бағдарламада жоспарланған жұмыстар толығымен орындалды. Сонымен қатар, жергілікті деңгейдегі «Шымкент қаласының 2011-2015 жылдарға арналған даму бағдарламасы» іске асты. Тарқатып айтсақ, бұл бағдарламада 2015 жылға жоспарланған 41 индикатордың 36-ы орындалды, 2 индикатордың статистикалық қорытындысы шықпаған, 3 индикатор орындалмады. Олар: бөлшек сауданың нақты көлем индексі, жол-көлік оқиғаларынан қайтыс болғандар санын төмендету, құрылыс жұмыстарының нақты көлемінің индексі.

Баяндаманы тыңдаған соң жиынды қорытындылаған қала әкімі Ғ. Әбдірахымов тиісті бөлімдерге бірқатар міндеттер жүктеп, кемшіліктерден оң нәтиже шығаруды тапсырды.

Последнее изменение Пятница, 29 Январь 2016 05:55
Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.