Көшелер жөнделiп, бағдаршамдар орнатылады

Пятница, 29 Январь 2016 05:23 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2880 раз

Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясовтың тұрғындармен қорытынды есепті кездесуі №24 мектептің мәжіліс залында түйінделді. Жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, қала-ауданның құрылым басшылары мен тұрғындар қатысты.

Ғ. Ильясов баяндамасында ауданның 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы айтты. Аудан әкімінің айтуынша, көше қиылыстарына бағдаршамдар орнатып, жолаяқтар салу ісі – биылдың еншісінде. Еңбекші ауданында азаматтардың еңбек нарығындағы белсенділігі де жоғары. Шағын кәсіпкерліктің де қарқыны мықты. 3 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Дегенмен атқарылатын шаруалар да жетерлік. Көше бойын жайлаған жабайы базарларды жою күрделі мәселелердің біріне айналған. Өйткені қаланы көріктендіруге, абаттандыруға айтарлықтай кедергісі көп. Әкімнің баяндамасынан соң, тұрғындар көкейіндегі сауалдарға жауап алуға тырысты. Ауданды көріктендіруге байланысты бірқатар ой-пікірлерін ортаға салды. Қоғамдық көлік, балалар алаңқайлары, әлеуметтік нысандар, апатты үйлер, жол мәселелері тұрғындар тарапынан сынға алынды. Бір кездері Төлеби ауданы құрамында болып, кейін Шымкентке қосылған елді мекендерді құжаттандыру мәселесі көтерілді. Бұл ауыл шаруашылығы саласынан несібесін терген азаматтардың арнайы субсидия алуына қиындық туғызған.

Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов есеп беру кездесуіндегі тұрғындардың өтініші ескерусіз қалмайтынын жеткізді. Әр салаға қатысты тұрғындар өтінішін тиісті мамандарға тапсырды.

Сонымен қатар Ғ.Әбдірахымов әлі де ауыз суы, жарығы, жолы жоқ шағынаудандардың бар екенін атап өтті. Мұндай жағдайдың тұрғын үй саларда коммуникацияны естен шығарғанның салдары екенін, халықтың қажеттілігін өтеу уақыт талабына сай жүргізілетінін, тұрғындардың түйткілді мәселелерін қатаң бақылауда ұстайтынын да айтты.

– Келешекте Шымкент көркейіп, еліміздегі ең әдемі қаланың бірі боларына сенеміз. Сондықтан барлығымыз бірігіп, қызмет атқарайық, – деген Ғ. Әбдірахымов аудан әкімінің өткен жылғы жұмысын оң бағалады.

Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.