Қайтарымды қаржымен шатырды жөндеп, үйді жаңалауға болады Избранное

Среда, 13 Февраль 2019 04:09 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3398 раз

Шымкентте мыңға жуық ескірген үйлер жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы аясында қалада 136 көпқабатты тұрғын үй жөнделсе,  дәл қазіргі уақытта 4 үйдің шатырын жаңарту жұмыстары жүріп жатыр.

IMG 20190206 122133

Бұл жұмыстардың барлығы қайтарымды қаражат есебінен жүргізіледі. Мемлекет ұсынған бағдарламаның тиімділігі қандай? Шатырдан су кетіп, мазаласа кімнен көмек сұрауға болады? Қайтарымды қаражаттың мөлшері қандай, оны қайтармағандарға қандай шара көріледі? Сауалдарға жауап іздеп көрсек.

Елімізде осыдан сегіз жыл бұрын көпқабатты үйлердің шатырынан бастап, су, жылу құбырлары мен кәріз желілерінен жеделсатысына дейін жаңартуға қол ұшын беретін «2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» бағдарламасы бекітілген болатын.

Мұндағы басты мақсат – тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартып, тұрғын үйлердің жайлылық деңгейін көтеру еді. Бағдарламада көрсетілгендей бұл мақсатқа бюджеттен қомақты қаражат жұмсалып, ал жөндеуге кеткен ақшаны тұрғындар 15 жыл ішінде мемлекетке толығымен қайтаруы тиіс-тін. Ал Шымкентте бұл жұмыстарды үйлестіру «Тұрғын үй Шымкент» мекемесіне жүктелген.

– Бағдарлама басталғаннан бері бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 1 млрд 277 млн теңге бөлінген. Қайтарымды қаржы тамыз айына дейін 155 млн теңге болса, одан бері 210 млн теңге қаржы түсті. Шымкентте бағдарлама аясында 136 үй жөндеуден өтті.Қазіргі таңда, тұрғын үй иелерінен жөндеу жұмыстарына жұмсалған қаржыны қайтару жұмыстары қарқынды жүруде.

IMG 20190206 105957

Осыған дейін айына 2-2,5 млн теңге түсіп жатса, қазір оны 6 млн теңгеге жеткізуге қол жеткіздік. Егер қайтарымды қаржы уақытында түссе, қаладағы тозығы жетіп тұрған өзге көпқабатты тұрғын үйлер жөнделер еді, – дейді мекеменің басшысы Аятай Бекжігітов.

Аятай Бекжігітов көппәтерлі үйлерді жөндеудің екі механизмі: күрделі және ағымдағы болып бөлінетінін айтады. Күрделіге қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді де, шатыр мен жертөле жаңартылады, су, жылу, газ, кәріз жүйелері жаңасымен ауыстырылады. Ал ағымдағы жөндеуге қаржы жергілікті бюжеттен қарастырылып, тек тұрғын үйдің шатырын ауыстыруға мүмкіндік бар.

– Қазір күрделі жөндеуді қажет ететін 100 үйдің жобалық-сметалық құжатын дайындап жатырмыз. 50 үйдің құжаттары өткізіліп, 30-ының құжаты сараптамадан өтті. Аудан әкімдіктерімен бірлесе жасаған зерттеу-зерделеу жұмыстары нәтижесінде 40 көпқабатты тұрғын үй ағымдағы жөндеуді қажет ететінін анықтап, тізімін жасадық. Қазір төрт үйде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр Олар – 100 пәтерлі Қарасу шағынауданы №110 үй (3 411 755 млн теңге), Уәлиханов көшесіндегі №190а (20 499 140 теңге), Қаратөбе №38 (17 663 452 теңге), Күншығыс шағынауданындағы №95 үй (19 592 436 теңге), – деді жауапты басшы.

Сапаны бақылай аласыз...

Иә, мемлекеттік бағдарлама арқылы шатырды ауыстырып, шіріген құбырларды жаңартуға болады. Ол үшін әрбір тұрғын үйдің шаршы метріне 24 теңгеден төлейді. Сонда төлем айына кемінде шамамен 1000-2000 теңгені құрайды. Төлем коммуналды түбертекпен келеді. Осы себепті, сала мамандары жөндеу кезінде құрылыс материалдары мен жұмыс сапасын әрбір тұрғынның бақылауда ұстауға құқы бар екенін айтады.

– Мемлекет 15 жылға қайтарымды негізде қаржыландырады. Пайызсыз, оған артық бір теңге де қосылмайды. Жөндеу жұмысы жүргізілетін тұрғын үйдің үй төрайымдары және тұрғындардан комисссия құруды тапсырдық. Олар жөндеу жұмыстарының басы-қасында жүріп, сапасын бақылауда ұстайды, – дейді А. Бекжігітов.

Ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатқан көпқабатты тұрғын үйдің бірі – Уәлиханов көшесіндегі 100 пәтерлі №190а үй. Үй басқарушысы Жақсыкүл Сыздықованың айтуынша шатырдан өткен судың бірінші-екінші қабатқа жетіп, тұрғындар әбден мезі болған. Сосын пәтер иелерімен сөйлесіп, қайтарымды қаражат арқылы шатырды ауыстыруға келіскен.

– Шатырды ауыстырып, су ағарларды жаңалайды. Бәрін есептей келе тұрғындардың қалтасына айтарлықтай салмақ түспейтінін ұқтық. Мәселен, 1 бөлмелі пәтерге – 780 теңге, 2 бөлмеге – 1080 теңге, 3 бөлмеге – 1440 теңгеден түсті. Комиссия құрамына осы үйде тұратын екі-үш тұрғынды сайладық. Өзім де бар. Құрылыс материалдарының сапасына, жұмыс барысына бақылау жасап отырамыз, – деді үй басқарушысы.

Құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан «Южказстройдор» ЖШС-і. Мекеменің бас инженері М.Қаныбеков: «Наурызда шатырды толық ауыстырып бітеміз. Заманға лайық темір жабынмен жабылады. Қазір ағаштарды қатыру жұмыстары жүруде. Пайдаланып жатқан құрылыс материалдары сапалы отандық өнімдер. 10 жылға кепілдік береміз», деп уәде беріп отыр.

Қаратөбе тас жолы бойындағы №38 үйдің шатырын жөндеу кезек күттірмейтін болғандықтан тізімге енген. Ағымдағы жөндеуге бюджеттен 17 663 452 теңге қарастырылған. Тұрғын үйдің жартысы қоныс калониясына тиесілі болғанына қарамастан тұрғындардың өтініші ескерілген. Мердігер компания бұл үйдің шатырын наурыздың алғашқы аптасында жаңалап бітеміз деп отыр.

36 тұрғын үй қаржыны қайтармаған

Ескі үйлерді жаңалауға мемлекет берген қаржы айналымда жүреді. Яғни, қайтарылған қаржы келесі үйлерді жөндеуге жұмсалады. Дегенмен Шымшаһарда бұл жұмыстар баяу жүруде. 36 көпқабатты тұрғын үйдің пәтер иелері қаржыны қайтаруға асықпайтын көрінеді. 

– Егер қайтарымды қаражаттан айына 7-8 млн теңгеден түсіп тұрса, бір жылда сол қаржымен 10 үйді жөндеуге мүмкіндік бар. Өкінішке орай, 2012-2014 жылдары шатыры жөнделген тұрғын үйлердің пәтер иелері қаражатты мүлдем қайтармаған. Өткен жылы ғана Ілияев көшесіндегі №69 көпқабатты үй жаңғырту бағдарламасымен жөнделді. Олар да төлемеген. Тұрғындармен сөйлессек, жөндеу жұмыстарының сапасыз жүргізілгенін алға тартты. Қайта комиссия жасақтап, сараптама жасаттық. Оған да әжептәуір шығын кетті. Бірақ бәрі дұрыс жасалған – деді А.Бекжігітов.

Мекеменің заңгері Нұрғали Амиралиев мемлекеттің қайтарымды қаражатын қайтармағандармен түсіндіру жұмыстары жүріп жатқанын айтып өтті. Жауапты мекеме әзірге сотқа жүгінбеген, тұрғындармен келісімге келуді көздейді.

– Қазір заң талабы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Алдымен хабарлама жібереміз. Он күнде нәтиже шықпаса, сотқа жүгінуге мәжбүрміз. Дегенмен түсіндіру жұмыстары нәтижесінде тұрғындар өз кемшілігін түсініп, төлем кестесін қайта жасап жатырмыз,– дейді заңгер.

Сала мамандары Шымкентте тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы аясында жөнделген үйлерге қайта сараптама жасауды жоспарлап отыр. Өйткені қайтарымды қаражатты қайтармауға асықпағандардың біразы жөндеу жұмысына көңілдері толмайтынын айтып шағымданған. Мамандар кемшіліктер анықталса, қайта қалпына келтіруге дайын. Оның үстіне, мердігер мекемелердің жұмысына бақылау күшейеді.

Шымқалада ескі үйлер аз емес. Жаңбыр жауса болды шатырынан өткен су пәтерлерге сорғалайды. Шіріген құбырлардан аққан сулар көл-көсір болады, жылу дұрыс келмейді. Мамандар осындай тізімге 150 көпқабатты тұрғын үйді кіргізді. Ал оларды мәселесін шешу үшін жөндеуден өткен үйлер мемлекет берген қаржыны уақытында қайтаруы қажет...

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.