Ғасырлардың жауыны жуып-шайған қала Избранное

Среда, 07 Октябрь 2020 04:07 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1768 раз

Осыдан бір апта бұрын Қазақстандағы өзінің тарихи өзегін сақтап қалған жалғыз қала – Шымкенттің атымен аттас «Ескі қалашыққа» Елбасы Н.Назарбаевтың табаны тиді. Бұл заманауи мегаполистегі 4,5 гектар аумақты алып жатқан көне қалашықтың тарихында елеулі күн болып жазылары анық. Зерттеулер біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдықтан бастау алатын қалашықтың тарихы тым тереңде екенін дәлелдеп берді. Ескі қалашықтағы мәдени қабаттардың тереңдігі орта есеппен 14 метрге дейін барады. Археологтар ең төменгі қабатынан б.з.д. ІІ ғасырдың басы мен ІІІ ғасырдың аяғы деп көрсетілген керамика бұйымдарының бөліктерін тапқан.

402

 

Шымшаһардың көне дәуірін елестету үшін ғасырлардың қойнауына үңілу қажет. Жуырда «Шымкент қаласына үлкен экскурсия» атты журналист, өлкетанушы марқұм Кеңесбай Исмаилов мәтінін жазған кітапша қолымызға тиді. Сондағы тарихи мәліметтермен бөлісуді жөн санадық.
Бабаларымыздың Бадам мен Арыс өзендерінің сағасындағы жұмақты жерге қос тігіп, орныға бастауының өзіндік себебі бар... Сол бір тым алыста қалған уақыт бедері туралы шымкенттік белгілі журналист, ұшқыр ойлы өлкетанушы Алексей Гончаров былай жазады: «Бізге тарихтан белгілі тайпалардың ішінде Шымкент маңына алғаш келіп қоныстанғандар – қола қару-жарақты жасаудың шебері адроновтар. Сондықтан да тарихшылардың олар жайындағы аңызы бір-біріне ұқсап жатады. Қалаға жақын жерде біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықтың ортасына жататын сақ қорғандары аз емес, ал сақтар темірден соққан қанжар (акинак) Шымкенттің өз аумағынан табылды. Біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықтың шегінде және біздің дәуіріміздің бірінші мыңжылдығының басында бұл жерлерді құдыретті де күшті кангюй тайпалық бірлестіктері жайлады. Дәл сол кезеңде пайда болған отырықшылық ауылдар кейіннен ғажайып қалаларға айналды. Шымкент қалашығының мәдени қабатының қуаты 14 метрге жетті. Оның ішінде біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырдың керамикасы белгілі болды.

403


Бұл дегеніңіз қыш күйдіргіштердің қолынан шыққан кеселер, құмыралар, цилиндр тектес ыдыстар және «бокалдар». Олар Самарқандағы көне Афрасиаб қалашығынан табылғандарға ұқсас әрі қала орталығына арналған бір үлгіде болып келеді (Осы тұста сол кезеңнің туындыларына сәйкес келетін екі алтынмен апталған жалпақ жапырақша дүниелерді еске ала кету керек болар – авт.).
Картаны мұқият әзірлеген тарихшылар да, 629 жылы қытай монахы Сым Цяньның жүріп өткен жолдарын жазған жылнамашылар да сол кездегі шаһардың аты араб тілінен аударғанда «Жаңа қала» деген ұғым беретін – Нуджикет болған деген қорытындыға келді. Бұл айтылғандарды кейіннен Шымкент деп аталып кеткен, Испиджаб (Сайрам – авт.) қаласының қақпасының бірі Нуджикет деп аталуы да нақтылай түседі. Археологтар қаланың дамуының бірнеше кезеңін сараптаудан өткізді. Айталық, VII-IX ғасырларға жататын қабаттарында араб басқыншылары кезінде қираған және өрт шалған іздер байқалады. Ал X-XII ғасырларда қала аумағы 30 га. дейін ұлғайған. Бұл қараханидтер басшылық құрған бейбіт кезең болатын...»

Ұлы Жібек Жолы

404


«Бүгінде Ұлы Жібек Жолының барлық бағыттарын белгілеп, сызып беретін адам аз болар. Сондықтан да өзіме мәлім ақпараттардың басын қоса отырып, бейнелеп беруге тырыстық. Мұнда Ауғанстан және Пакистан немесе Ферғана жазығындағы Ыстықкөл арқылы өткен жолдарды айтпай-ақ қоялық. Біз тек Оңтүстік Қазақстан аумағы арқылы өтетін Жібек Жолының бөлігіне ғана тоқталатын боламыз» - деп жазады кітапша авторы. «Оңтүстік» және «солтүстік» деп бөлінген жолдардың тармағы бұл жерде екі рет қайталанады. Алдымен – Таразға. Содан кейін керуен (жолдың «солтүстік» бөлігі) Құмкен бағытына қарай бұрылып, Созақ арқылы Жаңақорғанға шығады. Одан ары қарай Сырдарияны жағалай отырып, Аралға дейін жетеді. Оны орай түсіп, Каспий теңізіне шығады, содан Сарайшық және Астрахань арқылы Қырымға кетеді. Ол жерде кемеге тиелген жүк Венецияға бет алады. Басқа керуендер Сайрамға қарай бұрылып, Қазығұрт асуы арқылы Сұлтан Рабат және Майбұлақ аумағына барып, сосын Жаңабазардан бір-ақ шықты. Одан ары қарай Сарапханаға (ежелгі керуен сарай орналасқан жердегі Шарапхана аталған бұл елдімекен жуырда Сарапхана деген жаңа атауға ие болды) дейін жетті. Осы жерден екінші тармағы басталып, керуеннің бір бөлігі Сүткент, Отырар, Түркістан, Сауран және Жаңақорған аумағына барғанда «солтүстік» бағытпен қайта түйісті. Басқа керуендер Самарқан, Бұхара, Үргеніш, Хиуа арқылы жүріп отырып, одан әрі иранның Хорасанына (жолдың «оңтүстік» бөлігі) жетті. Каспий теңізінің оңтүстік бөлігін орай келіп, Орта теңіздің қазіргі түрік жағалауына шықты. Осы жерде кемеге артылған жүктер Венецияға бағыт алды.

405


Бәлкім, бұл деректердің бәрі шындыққа жанаса бермес. Әйтсе де бір нәрсе анық: бұл сауда жолы – адамзат тарихындағы логистиканың нағыз кереметі. Өйткені, осы жолдың арқасында қаншама қалалар пайда болып, ондаған мәдениет көздері өзара байланысқа түсті. Оның ішінде қазірге дейін Ұлы Жібек Жолының тарихи «жаңа белдеуі» болып табылатын магистральді бағытта жатқан Сайрам мен Шымкент бар. Тарих ғылымдарының докторы Рүстем Сүлейменовтің пікірінше, Шымкент қаласының негізін қашанда мықтылығымен танылған сақ тайпалық одағынан шыққан ежелгі дахтар қалаған. Оның бұл пікірін нақтылай түскен академик Бауыржан Байтанаев Шымкент қаласының салынғанына 2200 жылға жуық болған деп дәлелдейді.
Қаланың атының өзі «шым» – жасыл шөп, «кент» – қала деген екі ұғымнан тұрады. Мұның себебін түсіндіру оңай. Әңгіме көне қаланың тарихи тұрғындары Қошқарата өзені жағасындағы табиғи жасыл шымды үлкен бөліктермен кесіп алып, үйлерінің төбесін жапқан. Жасыл шөптің тамырлары үйдің төбесін жауыннан қорғаған. Сондықтан да, алыстан келе жатқан қонақтар мен жиһанкездердің көзіне қала жасыл аймақ секілденіп көрінеді.

 

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.