Енді шегеге дейін өзіміз шығарамыз Избранное

Среда, 04 Ноябрь 2020 04:27 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1582 раз

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында сұранысқа ие тауарлар өндірісі бойынша қалалық әкімдік, кәсіпкерлер палатасы және бизнес өкілдері тарапынан үш жақты меморандумға қол қойылды.

809

 

Шымкент әкімдігі тарапынан қала әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев қол қойса, кәсіпкерлер палатасынан осы ұйымның басшысы Нұрлан Қабыштаев келісім жасасты. Бұл меморандумның басты мақсаты – қаладағы ірі кәсіпорындарға қажет кейбір өнім түрлерін өзімізде шығару.
– Осы мақсатқа орай тиімді әрі табыс әкелетін 100 жобаны әзірледік. Сөйтіп, кәсіпкерлерге ұсынып отырмыз. Тек ұсынып қоймай, оларды қаржыландыру көздерін қарастырамыз, жобаларды жүзеге асыруға әкімшілік тарапынан көмектесіп, сүйемелдеп, жан-жақты қолдау көрсетеміз. Негізгі мақсатымыз – Шымкент қаласын кәсіпкерлер мегаполисіне айналдыру. Қазір осы бағытта жұмыс атқарылуда. Ең бастысы – мемлекет тарапынан қолдау бар. Мемлекеттік бағдарламалар да бизнес бастамаларға көп қаржылай жәрдемін тигізуде. Ал импорт тауарларды алмастыратын 100 жобаны жүзеге асыруға қалада орын жетеді. Ол үшін арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар бар. Мәселен, жаңадан бой көтерген, аумағы 300 гектардан астам «Жұлдыз» индустриалды аймағын атап өтуге болады. Сонымен бірге импорт алмастыратын 70 түрлі тауар тізімін жасадық. Ендігі міндет – осы шетелдік тауарларды өзімізде шығарып, шетелдік өнімдерге қажеттіліктен арылу. Бұдан бөлек, қаламызда «Кәсіпкерлерге арналған үкімет» деп аталатын арнайы орталық жұмыс істейді. Онда бір терезе қағидасы бойынша кәсіпкерлерге түрлі қызмет көрсетіледі. Оның ішінде бизнес жоспарды әзірлеу, банктермен келіссөздер жүргізу мен басқа да құжаттарды ресімдеу сынды көмектер ұсынылады. Сонымен қатар, Жобалық кеңсе жұмысын атап өту керек. Онда апта сайын жиын өтіп тұрады. Жиында жергілікті және республикалық маңыздағы бизнеске қатысты әртүрлі мәселелерді қарастырамыз. Егер шешімі республикалық деңгейдегі проблема болса, жоғары жақтағы тиісті органдарға арнайы ұсыныстар жолдаймыз, – деді қала әкімінің орынбасары А.Сәттібаев.
Оның айтуынша, пандемиядағы карантин кезінде табыссыз қалған кәсіпкерлерге әкімдік тарапынан көмек көрсетіледі. Олар – несие мерзімін, салық төлемдерін кейінге шегеру, субсидиялар қарастыру сынды қолдаулар. Қала әкімі орынбасарының мәлімдеуінше, көмек беру шарасы пандемияға байланысты әлі де жалғасуда. Тіпті қолдау түрлері артып, бұрынғыға қарағанда көлемі ұлғайған.
Сонымен, үш жақты меморандум барысында «Компания WDA», «БумПром», ЖШС-лері мен «Касимов» жеке кәсіпкерлігі арасында келісім-шарт түзілді. Ол бойынша аталмыш кәсіпорындар импорт тауарларды өзімізде шығаруға бағытталған жобаларды жүзеге асырмақ. Мәселен, бірінші аталған компания пластик есік-терезе шығаратын кәсіпорынның қажет бұйымдарын, яғни, ашық-машық, тұтқа секілді есік-терезеге керек қосымша заттарды істеп береді. Бұған дейін өндіріске қажет бұрандалар, бекітпелер шетелден алдырылып, ол компания қымбатқа түсетін. Енді жаңа жоспарға сәйкес бұл дүниелерді кәсіпорын қалалық әкімдіктің, кәсіпкерлер палатасының қолдауымен өзі шығаратын болады. Сол секілді алдағы уақытта «БумПром» кәсіпорны қағаз қалдықтарынан картон шығаратын өндірістік желісінің қуатын арттырады. Ал оның өнімін пайдаланатын «Касимов» жеке кәсіпкерлігі сол картоннан фтулкалар дайындайды. Бұл фтулкалар өз кезегінде жіп иіретін жергілікті тоқыма фабрикаларының осы өнімге деген импорттық тәуелділігін азайтады деп күтілуде.
Қалада шетелден жеткізілетін тауарға мұқтаж басқа да ірі кәсіпорындар жетерлік. Мәселен, шаһардағы жеңіл және тамақ өнеркәсібі саласындағы өндіріс орындарына целлофан, картон, жұмыртқа салатын қағаз ыдыс, ағаш түпқойма (поддон), паралон, полиэтилен қаптар секілді қарапайым заттар қажет. Бұлар өнім шығарушы ірі кәсіпорындарға не тұрады, ұсақ-түйек нәрсе ғой деуіңіз мүмкін. Ал осыларды сатып алудың өзіне әлгі алпауыт өндіріс орындары қыруар қаржы жұмсайды екен. Мәселен, «Еврокристалл» компаниясы ағаш түпқойма алу үшін жыл сайын 95 миллион теңгеге шығындануға мәжбүр. Қала әкімдігі осылайша бұл шетелдік тауарларды отандық баламасымен ауыстыру арқылы импорттық тәуелділіктен құтылуды мақсат тұтып отыр. Әрі мемлекет ұсынып отырған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына сай жұмыстар іске асырылса, екінші жағынан қосымша жұмыс орындары ашылып, бюджетке түсетін салық төлемі артады. Ал мемлекет қоржының толық болуы әлеуметтік проблемаларды оңтайлы шешуге, әлеуметтік төлемдерді, жәрдемақыларды тұрақты төлеуге көмегі орасан зор екенін ұмытпайық.