ҚАРТ МАЙДАНГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ Избранное

Среда, 12 Май 2021 05:26 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1588 раз

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекесіне орай ұйымдастырылған «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов Ұлы Отан соғысының ардагерлері Шаля Анна мен Атантаев Халел ақсақалдың шаңырақтарына бас сұғып, мерекелерімен құттықтады.

762

 

Іс-шара барысында ардагерлерге сый-сыяпат көрсетіліп, театр әртістері соғыс даласында шырқалған әндерден шашу шашты.
Соғыс ардагері Шаля Анна маусым айында 98 жасын тойлайды. Майданда радист болған ол Ұлы Жеңіс мерекесін Прага қаласында қарсы алған. Шымкенттегі пединституттың 2 курсында оқып жүрген өрімдей қыз Отанын жаудан қорғау үшін өз еркімен майданға аттанған. Бейбіт өмірде талай жоғары лауазымды қызметтер атқарған қарт майдангер миллиондаған жанды құрбан еткен алапат соғыс енді жер бетінде ешқашан болмасын деп тіледі.
Ал өткен жылы күзде бір ғасырды артқа тастаған қария, соғыс ардагері, қарт майдангер Халел Атантаев 18 жасында әскерге алынып, қиян-кескі шайқастардың нағыз қайнаған ошағында болған. 1939 жылы фин соғысында етігімен қан кешіп, сонау Жапонияға дейін барған.
Бұл күні Шымкент қаласының қорғаныс істері департаменті мен шаһардағы әскери бөлімдердің сарбаздары да Ұлы Отан соғысының ардагерлерін Ұлы Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, қарт майдангерлерге құрмет көрсетті. Атап айтқанда, департамент басшысы полковник Алмаз Тілеуханов 105 жастағы соғыс ардагері Негмат Гареевтің шаңырағына барып, оған Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің құттықтау хатын салтанатты жағдайда табыстады.
– Сіздер майданда дұшпанмен жан аямай шайқасып, ерлік пен отаншылдықтың керемет үлгісін көрсеттіңіздер. Бұл бүгінгі жас сарбаздар үшін тамаша үлгі-өнеге дер едім. Сізге Ұлы Жеңіс пен бүгінгі бейбітшілік заман үшін алғысымыз шексіз, – деді Алмаз Тілеуханұлы.
Сондай-ақ, Н.Гареевті Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Алдияр Мұсабаев та құттықтап, қала әкімінің Алғыс хатын тапсырды.
Айта кетейік, Негмат Гареев 1938 жылы 22 жасында Кеңес әскеріне алынған. 1941 жылы алғашқылардың қатарында майданға аттанып, жаяу әскер ретінде алғы шепте шайқасқан. Ауыр жараланып, елге қайтқанымен арада бір жыл өтпей майданға қайта шақырылып, әйгілі 202 атқыштар девизиясының қатарына қосылған. Курск түбіндегі шайқастан бастан бастап Германияға дейін барған. Жеңіске бірнеше күн қалғанда екінші рет ауыр жараланып, 9 мамырды госпиталда қарсы алыпты.
Оқ пен оттың арасынан аман өткен ардагер бейбіт өмірде ел дамуына еселі еңбегімен үлес қосқан. Нан зауыты, вагон деполарында еңбек етіп, гидролиз зауытынан зейнетке шықты.
Ардагер 1 дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, бірнеше медальдермен марапатталған.

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ
Айдар ҚҰЛЖАНОВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.