Отан үшін от кешкендер Избранное

Среда, 12 Май 2021 05:39 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2630 раз

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 9 мамыр – Жеңіс мерекесіне орай шаһардағы қарт майдангерлерді құттықтап, сый-сыяпат жасады. Бүгінде Шымкент қаласында 20 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады.

768

 

Қала әкімі Еңбекші ауданы «Бадам 1» елді мекенінің тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Қалтай Бектасовтың шаңырағына барды. 97 жастағы қарт жауынгер әлі де тың. Мұрат Дүйсенбекұлы ардагерге сый-құрмет көрсетіп, ұзақ ғұмыр тіледі.
Қалтай Бектасов 1924 жылы Төле би ауданы, Қызыл қанат ұжымшарында дүниеге келген. 1943 жылы 25 ақпанда соғысқа аттанып, №44 атқыштар дивизиясында автоматшы, «байланысшы» қызметтерін атқарған. 1945 жылы ақпан айында 50 мың жауынгермен бірге жапон империалистерімен соғысуға аттанған.
1947 жылы елге оралған соң шахтада еңбек етіп, зейнетке шыққан қария Сайрам ауданының құрметті азаматы, «Еңбек ардагері» төсбелгісі, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медальдарының иегері. Бүгінде 3 ұл, 3 қыздан 34 немере, 56 шөбере және 15 шөпшек сүйіп отыр.

771


Қаратау ауданы «Ақжайық» шағынауданының тұрғыны, ҰОС ардагері Қаражан Естемесов 20 мамырда 100 жасқа толады. Қала әкімі ғасыр жасаған ардагерді мерекемен құттықтап, ыстық лебізін білдірді.
Қ. Естемесов 1921 жылы Түркістан облысы Қазығұрт ауданында туған. Майданға небәрі 18 жасында аттанған. Алғашқы кезде 61-полкта жаяу әскер қатарында болды. Соғыс кезінде Киев, Житомир, Полтава, Белоцерковь, тағы басқа қалалардағы шайқастарға қатысты. ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және басқа көптеген мерекелік медальдармен марапатталған.
Абай ауданының тұрғыны Ұлы Отан соғысының ардагері Абылай Қазбаев – 96 жаста. Жауынгер Отан қорғауға 1943 жылдың басында аттанады. Ташкентте дайындықтан өткен соң, 4-ші Украин, 3-ші Беларусь майдандарында болып, Латвия, Литваны азат етуге қатысқан. Абылай Қазбаев зеңбірекшілер тобында жүріп, неміс танкісіне қарсы тұра білген жаужүрек жауынгерлердің бірі. 1945 жылы 1 мамырда Кинизбург қаласын азат етуші жауынгерлер сапында болған ол елге 1950 жылдың сәуірінде оралды.
Ардагерлер қала әкіміне ризашылығын білдіріп, батасын беріп, еліміздің тыныштығын тіледі.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.