Вакцинациялау – өз қауіпсіздігің Избранное

Среда, 12 Май 2021 05:44 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3054 раз

негізсіз қауeсеттерге сену өкінішке ұрындырмасын

Эпидемиолог дәрігерлердің тұжырым жасауы бойынша COVID-19-ды жеңудің бірден бір жолы – вакцинация. Бұл орайда халқының 70-80 пайызы екпе салдыру арқылы бүгінде бұрынғыша қалыпты өмір сүру салтына көшкен Израиль мемлекетін мысалға келтіруге болады. Десек те індетке қарсы күресте вакцинаның тиімділігіне күмәнмен қарайтындар аз емес. Бұл орайда әсіресе, әлеуметтік желі – Whatsapp арқылы тарап жатқан түрлі жазбалар, роликтер, екпенің зияны туралы тұжырымдамалар онсыз да күпті көңілді одан сайын айныта түскендей. Вирусқа қарсы егіліп жатқан вакцина шынында да адам ағзасына зиян ба? Мәселенің мән-жайын Шымкент қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Забира ЕСЕНҒАРАЕВАДАН сұрап білгенді жөн санадық.

773

 

–Забира Шырбанқызы, COVID-19-ға қарсы салынып жатқан вакциналарға күмәнмен қараушылар аз емес. Олардың алға тартатын бірден-бір уәжі, «ағзаны улайды» немесе «екпе салдырған әйелдер бала көтере алмай қалады екен» деген әңгімелерге саяды. Бұл қаншалықты рас әңгіме?

766


– Бірден айтайын бұл әңгімелердің бәрі де негізсіз. Жалған ақпарат. Елді дүрліктіру. Мұндай әңгімелерді күн сайын біз де естіп, оқып жүрміз. Соншалықты қауіпті болса осы саланың маманы ретінде бірінші кезекте өзімізге салдырмас едік қой?
– Сіз екпе алдыңыз ба?
– Әрине. Бірінші кезекте. Әрі отбасымды, барша дос-жаран, туыстарымды, жақындарымды екпе алуға үгіттеп жүрмін. Бір ғана мысал, былтыр жаз кезіндегі жағдайды еске алайықшы... Індет кең етек жайғанда білікті деген маман дәрігерлердің өзі не істерін білмей абдырап қалған жоқ па?! Халық дәріханалардың есігін тоздырып, ұзын-сонар кезекке тұрып, табылған дәріні қымбат бағасына және сапасымен сертификатына қарамай алып жатты. Шыбын жанын сақтап қалу үшін арпалысты. Қаншама ардақтыларымыздан айрылдық.
Сол кездің өзінде-ақ қазақстандық ғалымдарымыз қол қусырып жатпай вакцинаны зерттеп, сынақтан өткізумен болды. Ал енді сол вакцинаның пайдасын ғалымдарымыз дәлелдеп, оны Үкіметіміз халыққа тегін салдыруға мүмкіндік жасап отырғанда «зиян екен» дегенді шығардық. Мен сіздерге айтайын, бұл вакциналарды ғалымдар әбден зерттеп, тәжірибеден өткізген соң ең алдымен өздеріне салады. Жазылмаған қағида сондай. Сосын барып халыққа ұсынады.
Жақында БАҚ беттерінде қазақстандық вакцинаны әзірлеуші ғалымдар тобының жетекшісі, Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарьяның сұхбаты жарияланды. Оқыдыңыз ба?
– Иә, оқыдым.
– Сол сұхбатта тараздық келіншектің жағдайын мысалға келтірген. Ғалымның айтуынша вакцинаны сынақтан өткізуге келісім берген қарапайым азаматтар арасында 43 жастағы келіншек те бар. Ол осы кезге дейін бала көтере алмаған. Ал, дәл осы вакциянадан соң 20 жыл арман болған қуанышқа кенелген. Яғни бала көтерген. Бұл жағдайды Жамбыл облысының дәрігерлері де растап отыр. Әлгі келіншек QazVac вакцинасының екі компонентін де қабылдаған. Бұл ғана емес, екі келіншек дәл осылайша екпенің екі компонентін де толық қабылдаған соң жүкті болған және дәрігерлерге алғысын айтқан. Анығында Covid-19-ға арналған вакциналардың, соның ішінде QazVac вакцинасыныңда жүктілікке еш зиянды әсері жоқ.
Олай болса бұл жағдайлар екпенің қауіпсіз екенін дәлелдеп тұрған жоқ па?!
–Забира Шырбанқызы, сіздің маман ретіндегі тұрғындардың денсаулығын сақтауға қатысты жанашырлығыңызды түсініп отырмын. Десек те, әр адамның ағзасы әртүрлі. Жасы ұлғайған аға-апаларымыздың қауіптенетіні де жасырын емес қой?!
– Әрине, екпені қабылдау әр азаматтың өз құқығы. Біреуді қинап, зорлықпен вакцина салдыра алмайды. Бірақ, білесіз бе, біз күн сайын екпе салдырғандар туралы мәліметті жинақтап жіті бақылап отырамыз. Солардың арасында керісінше жасы 50-ден асқандар көп. Жасы 70-80-дегі ата-апаларымыз белсенді. Олар вакцина салдыру жұқпалы дерттің дендеп кетпеуіне кепіл болатыны хабарлаған кезден-ақ, емханаларға барып екпе алуға ерікті түрде өтініш білдірген.
Ал, созылмалы ауруы бар азаматтарды емхана дәрігерлері толық тексеруден өткізіп барып рұқсат беруде. Олардың да арасында екпені қабылдау – қауіпсіз екенін түсінгендері көп.
Жалпы вакцинаның шығу тарихына үңілетін болсақ 200 жылға шегініс жасарымыз анық. Адамзаттың денсаулығына қатысты түрлі дерттерге байланысты соншама жыл бұрын екпе жасау ісі қолға алынған. Соның нәтижесінде халықты қынадай қырып бара жатқан түрлі вирустарды тоқтатуға қол жеткізді.
Дүниеге бала келе салысымен перзентханада алғашқы 12 сағаттың ішінде екпе егіледі. Нәрестенің сау-саламат өсуіне, жұқпалы аурулардан аман болуы үшін ай сайын салдыратын түрлі вакциналар тағы бар. Бұл да сол сияқты. Індетті жұқтырған жағдайда да, оған қарсы тұра алатын иммунитетті күшейтуге арналған вакцина.
–Мен өзім «SPUTNIK V» вакцинасының екі компонентінде толық қабылдағандықтан, шынымды айтайын қазақстандық вакцина туралы ақпаратым шамалы болып тұр. Маман ретінде айта кетсеңіз, бұл вакцинаның ерекшелігі неде?

765


– Қазақстандық вакцина шымкенттіктерге сәуірдің 26-сынан бастап салынды. Бұл вакцина өлтірілген вирустан жасалғандықтан қауіпсіз екпе деп танылды. Және мұның тиімділігі әлем бойынша білгір ғалымдардың сүзгісінен өтіп, мақұлданған 5 екпенің қатарында. Бұл қазақстандық ғалымдардың үлкен жеңісі. Жетістігі.
Айта кетейін, QAZVAC вакцинасын жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты әзірлеген. Ғалымдар оның тиімділігі 90% -дан жоғары деп бағалауда.
Жүргізілген сынақтардың екі деңгейінде вакцинаның қауіпсіздігімен қоса иммуногендік аурудан қорғау қабілеті анықталды. Ғалымдардың тұжырымдаулары бойынша, екпе коронавирустың жаңа штамдарына қарсы тұра алады.
Яғни, тиімділігі мен қауіпсіздігі ғылыми дәлелденген бұл вакцина жаңа коронавирус инфекциясының ауыр жағдайларынан толық қорғайды. Сондықтан лажы болғанынша тегін ұсынылып отырған бұл вакциянаны ектіру тиімді әрі дұрыс шешім. Егер халық жаппай вакциналанса біз бұрынғыша мамыражай қалпымызға тезірек қол жеткіземіз. Бүгінгідей ағайын-туыс түгілі көрші-қолаңға бас сұға алмай қалған тұрмыстан арыламыз.
–Шымкенттіктердің екпе алу белсенділігі қалай?
– Бүгінге дейін коронавирусқа қарсы «SPUTNIK V», «QazVac» және де «Hayat Vax» вакциналарын Шымкент қаласы бойынша 147 872 адам қабылдады. Қалада COVID-19 қарсы екпе егу пункттерінің қатары көбейді. Қазіргі таңда мегаполисте 43 екпе егу пункті жұмыс істеуде.
–Бәрінде де вакцина жеткілікті ғой...
– Әрине. Отандық вакцина «QazVac»-тың Шымкентке 4000 дозасы бөлінген. Оның 2000 дозасы бірінші вакцинацияға арналса, қалғаны 21 күннен кейін екінші екпеге қолданылады.
Мысалы сәуірдің 26-сы мен мамырдың 10-і аралығында 1655 тұрғын өз қалауымен отандық екпені қабылдаған. Екпеден кейінгі асқынулар тіркелген жоқ.
Емханалардағы екпе егу кабинеттерінің барлығы қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Екпе салатын қызметкерлер арнайы оқудан өтті. Қаламызда ақпанның 1-інен 10-мамырға дейін РФ және Қарағанды фармкешенінде (ҚФК) өндірілген «Гам-Ковид-Вак - Sputnik V», «Hayat Vax» вакцинасы және отандық «QazVac» вакцинасының бірінші компонентімен 147872 тұрғын коронавирустық инфекцияға қарсы егілді. Оның ішінде 14561 - медицина қызметкерлері, 23126-сы мұғалімдер мен тәрбиешілер, 9451 құқық қорғау органдары мен басқа күш құрылымдарының қызметкерлері, 1663 мемлекеттік қызметкер, 7251 созылмалы аурулары бар Д есептегілер, 82 медико-әлеуметтік мекемеден, 4845 студент және қалған 86 893-і басқа да санаттағы азаматтар мен қала тұрғындары.
Ал, дәл осы уақыт аралығында «Sputnik V» вакцинасының екінші компонентімен 50381 адам егілді. Бүгінгі күні коронавирус инфекциясына қарсы екпе егілген азаматтардың денсаулығы жақсы. Екпеден кейін асқынулар тіркелмеді.
– Жалпы екпе қабылдағысы келетіндерге таңдау беріле ме? Мысалы, бізде екпенің үш түрінің де қажетті көлемі де бар ма?
–Иә, үш түрінің де қоры бар (QazVac, Sputnik V және Hayat Vax). Азаматтар өзі қалаған түрін қолдана алады. Бұл вакциналарды бұлшық ет ішіне енгізу арқылы қолданады. Суспензия күйіндегі 0,5 мл/дозалы екпе коронавирустық инфекцияның (COVID-19) спецификалық профилактикасына арналған. Вакцинация 18 және одан үлкен жастағы адамдарға ұсынылады. Вакцинация 21 күндік интервалмен екі рет салынады.
Шымкент қаласында вакцинаның үшінші түрін қолдану, яғни Жулпар – Парсы шығанағының, Рас-эль-Хайма, «Синофарм» компаниясымен бірлесіп Біріккен Араб Әмірліктерінің фармацевтикалық өнеркәсібінде өндірілген Hayat-Vax вакцинасын қолдана отырып, КВИ-ге қарсы вакцинациялау жүргізу 5 мамырдан басталды. Hayat Vax - коронавирустық инфекцияға қарсы салынатын белсенді емес вакцина. Вакцина 18 жастан асқан ересек адамдарға, иықтың жоғарғы бөлігіне бұлшықет ішіне енгізуге арналған. Вакцинациялау 2-4 апта интервалмен екі рет салынады.
Дегенмен, тағы да қайталап айтамын, вакцинациялау кезінде тұрғындар өндірушілер бойынша вакцинаны өздері таңдауына мүмкіндігі бар.
– Сіз QazVac-ты қауіпсіз вакцина дегенді жиі қайталаудасыз. Несімен қауіпсіз?
– Бұл жерде жоғарыда айтылған үш вакцинаның да қауіпсіз екендігін толық сеніммен айта аламын. Вакцинаны ойлап тапқан қазақстандық ғалымдардың біліктілігі өте жоғары мамандар екенін жақсы білгендіктенде мен оның қауіпсіздігіне сенім артамын. Сонымен бірге, оның жасалу технологиясына да көп мән беріледі. Инактивтелген вакцина толық бүтін вирустан тұрады. Ол дегеніміз ақуыздардың толық жиынтығынан құралған. Ғалымдардың айтуынша ақуыздар спектрі неғұрлым толық болса, иммундық жауап соғұрлым жоғары болады.
– Мен және менің жақындарым екпе алған кезімізде Шымкентке QazVac әлі жеткізілмеген еді. Алдымен елге Спутник-V вакцинасы туралы айтылып, соны екті емес пе?
– Өкінетін ештеңесі де жоқ, себебі барлық вакциналардан кейін ағзада COVID-19 қарсы арнайы иммунитет түзіледі. Біздің отандық вакцина қолданысқа кеш берілді. Себебі Ресейде коронавирус жұқтырған науқастар 2020 жылдың қаңтар айында тіркелді емес пе? Ал Қазақстанда бұл індетпен ауырғандар алғаш рет былтыр наурыз айының ортасында белгілі болды. Бұл осылайша вакцина ойлап табушы ғалымдарға патологиялық материалдың кеш берілуінен болып отыр. Себебі вакцинаныны жасау үшін ғалымдарға вирустың өзі керек. Ол вирус жұқтырған науқастан алынады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Жәмила МАМЫРӘЛІ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.