ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ Избранное

Пятница, 18 Февраль 2022 04:51 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1521 раз

Республикалық маңызға ие мегаполис мәртебесін алғалы Шымкенттің құрылыс саласы қарыштап дами бастады. Оның куәсі – бүгінде бой көтеріп жатқан көп қабатты үйлер мен басқа да түрлі нысандар.

286

 

Жуырда құрылыс саласы бойынша баспасөз туры ұйымдастырылып, соның аясында БАҚ өкілдеріне шаһардағы бірнеше жоба таныстырылды.
Оның алғашқысы – Нұрсәт шағынауданындағы болашақ Оқушылар сарайы. Аталмыш жобаның құны 8,3 млрд теңгені құрайды. Мердігер мекеме – BI Group компаниясы. Құрылыс жобасының жетекшісі Ілияс Рүстемнің айтуынша, нысан 2023 жылы пайдалануға берілуі тиіс. Үш қабаттан тұратын, сыйымдылығы 500 оқушыға арналған ғимараттың жалпы ауданы 9800 шаршы метрге тең. Қала үшін Оқушылар сарайының әлеуметтік маңыздылығы жоғары. Өйткені онда балалардың зейінін ашатын түрлі үйірмелер жұмыс істемек. Мәселен, қолөнер, ІТ технологиясы және тағы басқа осы секілді үйірмелерді атауға болады. Сонымен бірге бассейн де қарастырылған. Бұған қосымша көптеген спорт секциясы да ашылады.
Жоба жетекшісінің мәлімдеуінше, қазіргі таңда құрылыс алаңында ғимарат түсетін жерді реттеуге байланысты жұмыс 2 ауысым бойынша жүргізілуде. Ол үшін 15 техника жұмылдырылған. Жоспарға сәйкес нысан құрылысына 600-800 адам жұмысқа тартылмақ. Жұмыскерлердің көпшілігі жергілікті азаматтардан құралатын болады.
— Үшінші мегаполис аумағы үлкен. Мұндай кезде, әрине, шаһар ішіндегі қозғалыс көбейетіні белгілі. Ол бір жағынан тұрғындарға белгілі бір дәрежеде қиындықтар тудыратыны рас. Сондықтан барлық әлеуметтік маңызды нысандар тұрғылықты жердің айналасында болғаны абзал. Осыған байланысты қаланы үш орталыққа бөліп қарастырған жөн. Оның біріншісі – Ескі шаһар маңы, екіншісі – Нұрсәттегі әкімшілік-іскерлік орталық, үшіншісі – Шымсити аумағы. Бұл орайда, дәл осындай, бірақ, сыйымдылығы аздау екінші Оқушылар сарайын Тұран шағынауданынан ашу жоспарда бар, – деді қалалық құрылыс басқармасының басшысы Әбілсейіт Рабаев.

295


Шымкентте іргетасы қаланып жатқан екінші маңызды нысан – Конгресс-холл. Жергілікті және халықаралық деңгейдегі түрлі мәдени іс-шаралардың барлығы келешекте осы жаңа нысанда өтетін болады. Ғимараттың аумағы – 16100 шаршы метр. Жоспар бойынша мәдени ошақ келер жылдың тамызында халық игілігіне тапсырылады деп күтілуде. Нысан құрылысы аяқталса, екі жүзден астам мәдени қызметкерге осы Конгресс-холда тұрақты жұмыс табылады. Өз кезегінде аталған ғимаратты да елімізге белгілі құрылыс компаниясы BI Group салуда. Қаланың бас құрылысшысы Ә.Рабаевтың айтуынша, тиісті қаражат ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей қолдауымен республикалық бюджеттен бөлініп отыр.