Төл тарихымызды қастерлейтін мереке Избранное

Пятница, 25 Февраль 2022 04:13 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 802 раз

Өз тарихын құрметтеген, одан сабақ алған халықтың ғана болашағы жарқын болары анық. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күніне орай белгіленген Алғыс айту мерекесі біздің өз тарихымызға деген құрметіміздің белгісі деп ойлаймын. Себебі, өткен ғасырдың жиырмасыншы-елуінші жылдарында Қазақстанда өте ауыр, қайғылы оқиғалар орын алғаны белгілі. Соның бірі – сталиндік депортация.

321

 

Кеңестік-тоталитарлық жүйе тұтас халықтарды «сенімсіз» деп негізсіз айыптап, жүздеген мың адамдарды туған жерінен күштеп көшіріп, жат жерге қоныс аудартқан. Соның ішінде, Кеңес одағының әртүрлі аймақтарынан Қазақстанға 1 миллион 200 мың адам күштеп әкелінген.
Сол жылдары өзі де жаппай ашаршылықтан қырылып, соғыстан қысылып шығып, тарығып отырса да қазақ халқы тағдырдың айдауымен келген халықтарға құшағын жайып, соңғы нанын бөліп беріп қолдау көрсеткен. Соның арқасында түрлі этнос өкілдері қасиетті қазақ жеріне келіп сіңісіп, осы жерге бауыр басып, өсіп-өркендеп кетті. Бүгінде сол диаспорлардың ұрпақтары Қазақстанның теңқұқылы азаматтарына айналып, елімізді дамытуға біркісідей атсалысып жүр.

1 наурызда Қазақстанда тұратын өзге этнос өкілдері мемлекет құраушы қазақ халқына қонақжайлығы мен мейірбандығы, қамқорлығы мен дархан мінезі үшін алғыс айтады. Бұл бүгінгі жастарға осынау тарихымызды танытып, ұғындыратын маңызды әрі мәнді мереке. Барша отандастарымызды осынау жалпыхалықтық мерекеме құттықтағым келеді.

325

Фахриддин ҚАРАТАЕВ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

 


БІЗ – ҚАЗАҚТАРМЫЗ

Шет елдің бірінде іс-сапармен болдым. Елге қайтып келе жатырмын. Кедендік рәсім кезінде елге заңсыз кірген мигранттарды солдаттар шетке шығара бастады.  Түрім солардан аумайды. Қолымда Қазақстан төлқұжаты. Мен де әлгілерге ыңғайлана бастап едім, кеден офицері «бері өтіңіз, сіздің қолыңыздағы бейбітшілік паспорты ғой» деді. Соншалықты мейірленбеспін. Бөтен елде тұрып туған Қазақстанның абыройына, соның азаматы болғаныма қуандым. Бұл – жүздеген мысалдың бірі ғана. Бүгінде біреулер Қазақстан халқы Ассамблеясы керегі жоқ деген пікірде. Дұрыс емес. Қазақстан көп ұлттылығымен бақытты. Өмірін дархан көңіл қазақпен байланыстырған осындағы өзге ұлт өкілдерін сыртқа тебуге болмайды. Олар қандай қиындықта да қазақпен бірге.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі қаңтар оқиғасынан кейін мемлекетті дамудың жаңа деңгейіне бастады. Елдегі жемқорлықтың тамырына балта шабылып жатыр. Саяси реформалар жемісін бере бастады. Алда қыруар жұмыстар бар. Бізде осы елдің азаматы ретінде сол реформаларды іске асуына ат салысамыз.
Жасым жер ортаға келді. Тегім түрік болса да қызық іздеп тарихи Отан іздер жайым жоқ. Өйткені, мен – қазақпын. Осындағы сыртқа кеткісі келмейтін этнос өкілдерінің бәрі – қазақ. Тарихи Отанымыз осы. Осы сәтті пайдаланып, сонау қиын уақытта бізді панасына алып, жарты нанымен бөліскен, бүгінгі күнге аман-есен жеткізген қазақ халқына алғыс айтқымыз келеді. Біздің ортақ отанымыз гүлдене берсін.

324

Латипша АСАНОВ,
«Ахыска» түрік этномәдени орталығының төрағасы

 

 

«БӨЛІП БЕРГЕН БІР ҮЗІМ НАНЫНЫҢ ДӘМІ АУЗЫМНАН КЕТПЕЙДІ»

Менің ата-бабам кеңестік дәуірдегі солақай саясаттың арқасында 1937 жылы Әзірбайжаннан кең байтақ Қазақстанның киелі Созағына жер аударылған болатын. Бұл
1937 жылдың қараша айы еді. Күн суық. Екі аптадан аса мал таситын вагондарда өмір сүру, жолдағы қиыншылық, адамдардың суықтан, аштықтан қырылуы. Белгісіз бағыт. Іштерінен «Сібірге апармаса екен» деген арман. Несібелеріне қарай оларға Қазақстан жерінің топырағы бұйырған екен.
Сол кезеңде қазақ халқы өзге ұлттарды өзекке теппей, қайта үрпиіп, не істерін білмей тұрғандарды «Қорықпаңдар, өзіміздің бауырлар екенсіңдер. Бірге көтерген жүк жеңіл» деп үйді-үйге бөліп алыпты. Ата-әжемнің айтуынша, ол кезең Қазақстан үшін де оңай болған жоқ, алайда қазақ халқы оларға өздеріне тән кең пейілділігі мен қайырымдылығын көрсетті. Өзге этнос өкілдерін бауырына басып, қолындағы барымен бөлісті. Отанынан жыраққа келгендердiң келешекке деген сенiмін ұялатты. Қолындағы бір үзім нанын тең бөліскен қазақтар олардың қазақ топырағына сіңісуіне лайықты жағдай жасады.
1950 жылдары депортацияланғандарға тарихи отанына оралуға рұқсат берілді. Болашағын қазақ елімен, қазақ топырағымен байланыстырған атам «Тал бір жерде көгереді, жас кезімізде келіп, ажалдан аман қалып, Қазақ топырағынан нәр алып, үйлі-жайлы, перзентті болып жатырмыз. Яғни біздің көгерер жеріміз – Қазақстан», деп ешқайда көшпей, Қазақстанда қалғанды құп көрді. Алайда, туған-туыстарымыздың бір бөлігі Әзірбайжанға қоныс аударды.
Ондағы туыстарыма қонаққа барып тұрамыз. Өзіммен бірге қазы-қартаны бірге алып барамын. Олар әрдайым қазақ халқының адамгершілігін жиі еске алады. Сонда менің
96 жастағы қарт әжем қазанға ет асқанда «Асхананың есігін ашыңдаршы. Шіркін-ай, менің киелі Қазақстанымның иісі мұрныма келді ғой» деп көзіне жас алатын. Ол кісі 98 жасқа келіп дүниеден өтті, бірақ өле-өлгенше «шіркін-ай, маған Құдай бір сәтке қанат берсе, Қазақстаныма ұшып барып, рахаттанып ауасын бір жұтып өлсем де арманым жоқ» деп армандаушы еді.
Кішкентай кезімде, әлі есімде әжем екі күн сайын тандырға екі тандыр нан жабатын, біреуін өзімізге, ал екіншісін көршілерге апарып беретін. Бұл жылдар бойы жалғасты. Сонда мен «апа, неге олай істейсіз?» дегенде, «балам, бұл бейбітшілік, молшылық заманның наны, ал сонау отызыншы жылдардағы ашаршылықта қазақ бауырларымның өз балаларының аузынан жырып, бізге бөліп берген бір үзім нанының дәмі ешқашан аузымнан кетпейді, сондықтан да мен қазақ халқына мәңгі қарызбын» дейтін.
Тағдыры қазақпен тығыз байланысқан түрлі ұлт өкілдері үшін Қазақстан тарихи Отанынан да ыстық.
Мен ата-бабаларымның атынан сонау қиын-қыстау кезеңде менің бауырларымды аман сақтап қалған Қазақ халқына, туған мекенге айналған Қазақ жеріне мың алғысымды білдіріп, басымды иемін!

322

Арзу ГУРБАНОВА,
Шымкент қалалық әзірбайжан этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары, М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ оқытушысы, п.ғ.к.

 

АЛҒЫС – АДАМЗАТ АРҚАУЫ

Тәуелсіз Қазақстанда бүгінде 130-дан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Барлығы қасиетті Отанда тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта ғұмыр кешуде. Осы үшін алдымен Жаратқанға, одан кейін қазақ халқына алғыс айтамыз.

1 наурыз – Алғыс айту күні – рухани мереке. Бір шаңырақ астына шоғырланған халқымыз үшін қастерлі күн. Мұндағы мақсат – ел ішіндегі түрлі этнос өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, алғыс айтуды, шүкіршілік етуді, ортақ құндылықтарды насихаттау.
«Бірлік болмай, тірлік болмас» деген дана қазақ. Берекені көздеген ел мерекелі тірлігінен жаңылмаған. «Береке бастауы – бірлік, ел іші – тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерек.
1995 жылдың наурызында дүние жүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бұл – ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым. Ассамблея біздің ортақ үйіміз – Қазақстандағы шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді.
Бүгінде әрбір этнос өкілінің өз салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде. Осының бәрі тыныштықтың, ел бірлігінің, қоғамдағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықтың нәтижесі деп білеміз.
Бірлігіміз артып, ортақ үйіміз – Қазақ-стан мәңгі жасай берсін!

323

Темур ПАК,
Шымкент қалалық ҚХА кәріс этномәдени бірлестігі жастар қанатының төрағасы, №88 мектеп мұғалімі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.