СЫМСЫЗ БАЙЛАНЫС ӘЛЕМГЕ ЕСІК АШАДЫ Избранное

Пятница, 25 Февраль 2022 04:32 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 912 раз

Интернеттің күнделікті өміріміздің әр саласына енгені қашан?! Сымсыз байланыс арқылы сабағымызды да оқимыз, күнделікті жаңалықтардан да хабардар боламыз, жұмысымыз да сол арқылы жүреді. Әсіресе, Шымкент секілді мегаполис қалада интернеттің болуы аса маңызды. Қала аумағында осы ғаламтордың сапасы қандай? Барлық тұрғын интернетпен толық қамтылған ба? Бұл туралы қалалық цифрландыру басқармасының мамандарынан білдік.

332

 

Басқарма өкілдерінің мәліметінше, бүгінде Шымкентте интернетпен қамту көрсеткіші 91 пайызды құрайды. Соңғы жылдары бұл салаға жеке инвесторларды жұмылдыру қарқын алған. Басқарма тарапынан атқарылған жұмыстар нәтижесінде 2021 жылы шалғай орналасқан 14 елді мекенге базалық станциялар орнатылды. Нәтижесінде жергілікті 136 мыңға жуық тұрғын сапалы интернетпен қамтылып, қала бойынша жалпы мобильді интернетпен қамту көрсеткіші 91 пайызды құрап отыр.
– Бұл жұмыстарға тоқталар болсақ, жеке инвестор өз қаржысына сол аудандарға базалық станция орнатады. Тұрғындар интернетке сол құралдардан тараған Wi-fi толқыны арқылы қосылады. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады. Бұған қоса мобильді байланыс операторларымен де жұмыс істейміз. Қазіргі таңда интернет сапасы төмен 11 елді мекеннің аумағы келісіліп, қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасымен бірге жер телімдерін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Учаскелер одан кейін жеке инвесторларға аукцион арқылы немесе сатып алу құқығынсыз 5 жылға жалға алуға ұсынылады. Нәтижесінде 106 мыңға жуық қала тұрғыны сапалы мобильді интернетпен қамтылады деп күтілуде, – дейді цифрландыру басқармасының ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бөлімінің басшысы Шынболат Әби.
Жоспар жүзеге асырылса, қалада интернетпен қамту пайызы 95 пайызға жетпек. Жалпы, мамандардың айтуынша, Шымкентте интернеттің 3 түрі бар: мобильді, кабельді және радиожелілік интернет. Солардың арасында ең жиі қолданылатыны – мобильді интернет. Ол базалақ станциялар арқылы таратылады. Бір ерекшелігі – шығыны аз, жұмыс қысқа мерзімде атқарылады. Ал кабельді интернет талшықты оптикалық желі арқылы жоғарғы жылдамдықты интернетке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Дегенмен, бұл жұмыстар едәуір қаржы мен уақытта талап етеді. Сондықтан, интернеті жоқ елді мекендерге, ең алдымен, мобильді интернет желісі орнатылуда, –дейді мамандар.

– Қаламызда жалпы 81 елді мекен мен шағынаудан бар. Олардың барлығына базалық станция орнату арқылы мобильді интернетпен қамтылған. Дегенмен, айта кету керек, бүгінде сапа мәселесі өзекті болып тұр. Себебі, елді мекендердің көбінде жердің тегіс болмауына және шалғай орналасуына байланысты базалық станциялардың техникалық қуаты жетпей қалатыны бар. Бүгінде осы мәселені толыққанды шешу мақсатында цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдрахановтың жетекшілігімен жеке инвесторлармен келіссөз жүргізіліп, елді мекендерге талшықты оптикалық интернет желісін тарту да қолға алынған, – дейді Шымболат Бекділдаұлы.
2020 жылы Шымкент тұрғындарын оптика желісімен қамту көрсеткіші 45 пайызды құраса, былтыр тағы 10 елді мекенге толықтай оптика желісі тартылып, бұл көрсеткіш
60 пайызға жоғарылады. Басқарма биыл тағы 15 елдімекенге оптика желісін жүргізіліп, көрсеткішті 75 пайызға жеткізу жоспарға енгізілген, тиісті жұмыстар атқарылуда. Осылайша мобильді станция интернетпен қамту мәселесін шешудің жылдам жолы болса, оптикалық талшықты интернет таяу болашақта проблеманы түбегейлі шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, радижелілік интернет түрі де соңғы уақытта кеңінен қолданылуда. Ол базалық станциядан таратылған интернетті қабылдау құрылғысы арқылы іске асырылады.
Цифрландыру басқармасының жұмыс жоспары бойынша, биыл 20-ға жуық елді мекенге базалық станция орнату арқылы 71 мың қала тұрғынын сапалы интернетпен қамту көзделуде. Осы мақсатта жеке инвесторлар және мобильді операторлар тарапынан коммерциялық нысан иелерімен келіссөз жүргізілуде. Сол нысандарға станция орнату арқылы тұрғындарды интернетпен қамту көрсеткішін 95 пайызға жеткізу жоспарланған. Жалпы, қала әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасымен 2025 жылға дейін қала аумағын мобильді және талшықтық оптика желісімен 100 пайыз қамтамасыз ету жоспарлануда.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.