ЖАТАҚХАНА САЛУ ТИІМДІ МЕ? Избранное

Среда, 02 Март 2022 05:05 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 789 раз

ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ ілгерілету және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры
Алпамыс Сатыбалдин Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында жан басына қаржыландыру бағдарламасы бойынша жергілікті инвесторлармен кездесу өткізді.

356

 

Орталық басшысы кәсіпкерлерді жатақхана мен жекеменшік мектептер салуға, мемлекет ұсынып отырған қолдауларды мүмкіндігінше пайдалануға шақырды. Сондай-ақ, қала кәсіпкерлеріне әлеуметтік нысандар бойынша қаржы төлеудің жолдары мен жан басына қаржыландыру бағдарламасының пайдасын түсіндіріп өтті.
– Бүгінгі таңда инвестор жатақхана салса, әр орынға – 374 мың теңге, ал ғимаратты жаңғыртса, 144 мың теңге төленеді. Төлем айлық-есептік көрсеткіш бойынша есептеледі, сондықтан оның бағасы да нарыққа қарай өсіп отырады. Егер кәсіпкердің құрылысқа қаражаты жетпесе, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау» қоры арқылы несие алуына болады. 15 пайызбен алынған несиенің 9 пайызы мемлекет есебінен субсидияланады. Мәселен, 500 орынды жатақханаға инвестор бір жылда мемлекеттен 186 млн теңге алады. Төлем 8 жыл бойы жүргізіліп, нәтижесінде төленген қаражат 1 млрд 750 млн теңгені құрайды. Мемлекет қаражатын алу үшін бірнеше шартты орындау қажет. Алдымен жері болуы тиіс, содан соң құрылыс нысаны кәсіпкер есебінен салынады, ғимараттың нысаналы мақсаты кемінде 20 жыл өзгермеуі тиіс және инвестор «Қаржы орталығымен» ешқандай тендерсіз келісімшартқа отыра алады, – деді Алпамыс Айдарұлы.
Орталық басшысы пандемияға байланысты қаржы төлеу заңнамасына тиісті өзгертулер енгізілгенін жеткізді. Яғни, қаражат студенттер онлайн оқуға көшсе де инвесторға құрылыс жобасында көрсетілген орын санына қарай төлене береді.
А.Сатыбалдин, сонымен бірге, инвесторларға бүгінгі таңда қонақ үй салу тиімсіз бизнеске айналғанын, оның орнына жатақхана, мектеп секілді әлеуметтік нысандарға қаржы құю мол табыс әкелетінін баяндады. Оның айтуынша, қонақ үй, хостелге қаражат жұмсаған кәсіпкерлер шығын көріп, нарықтан «шығып» қалуда.
Ескере кетер бір жайт, салынған нысан кейін кәсіпкердің жеке меншігінде қалады. Сондықтан ол ғимарат құрылысын сапалы жүргізуге тырысатыны анық.
– 2000 жылдары елімізде «бэби-бум» болды. Соның нәтижесінде бүгінде Қазақстанда бала саны көп. Жан басына қаржыландыру жобасы бойынша жекеменшік мектеп салғандарға да қаражат беріледі. Оның көлеміне келсек, амортизациялық шығындарға, яғни жаңа ғимарат тұрғызса, әр оқушыға – 96 АЕК немесе 294 мың теңге, ескі ғимаратты жаңғыртса 144 мың теңге төленеді. Өз кезегінде операциялық шығындар бойынша әр оқушыға кәсіпкер мемлекеттен ең кемі 532 мың теңгеден алып отырады. Ғимарат салынып болған соң Ұлттық білім беру деректер базасында тіркелуі шарт. Мектеп құрылысына қызығып жатқан инвесторлар көп. Соның нәтижесінде жоспарланған 45 мектептің орнына 165 орта білім беру ошағы салынды, – деді Алпамыс Айдарұлы.
Спикер сол 165 мектептің 20-сы Шымкент қаласына тиесілі екенін айтты. Сонымен бірге, үшінші мегаполисте 20 мыңнан астам оқушыға жаңа мектеп салу қажеттігі туындап отырғанын атап өтті. Жиын соңында А.Сатыбалдин алдағы уақытта жан басына қаржыландыру бағдарламасы арқылы жоғарыда аталған мәселелар оң шешімін табатынына сенім білдірді.