ПАТРИОТИЗМ МЕН ЫНТЫМАҚТЫҢ ЖАРҚЫН БЕЛГІСІ Избранное

Среда, 02 Март 2022 04:58 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 847 раз

Шымкентте түрлі этномәдени бірлестіктер қатарында «Ынтымақ» этносаралық мәдени орталығы жұмыс істеуде. Оның құрамында 50 мүшесі бар OJCZYZNA поляк этноорталығы да жұмыс істейді.

361

 

– Санымыз аз болғанымызбен, біз белсендіміз. Мысалы, 1 ақпаннан тіл курстары жұмысын бастады. Қазір онда Алина Горбунова поляк тілін үйретуде. Ал өткен жылдың желтоқсанының соңында Солтүстік Қазақстаннан поляк тілінің оқытушысы Пани Анна мен Пан Кароль қонаққа келді. Шымкенттің поляктары үшін бұл пайдалы кездесу болды, – дейді поляк этноорталығының жетекшісі Жанна Гадецкая.
Бұған қоса поляк қауымдастығы жыл сайын Оңтүстіктегі поляк жауынгерлері жерленген ескерткіш мемориалдарына барып тұрады. Ол зират Сайрам ауданындағы Манкент және Бәйдібек ауданындағы Шақпақ ауылында орналасқан.
– Осылайша поляк халқы Қазақстан жерінен мәңгі орын тапқан бабаларын еске алып тұрады. Мысалы, 2021 жылдың қараша айында Манкент ауылындағы зират басына Польша Республикасының елдегі консулдары Марек Стшесьневич пен Малгожата Вольскаямен бірге бардық. Мәртебелі қонақтар поляк жауынгерлерінің қабірлерін күтіп-ұстаған қазақстандықтарға алғыс айтуда, – деді Жанна Гадецкая.
Мұнда генерал Владислав Андерс бастаған жауынгерлер жерленген. Олар 1941 жылы Қазақстанға келіп, Орта Азия халқын жауынгерлік өнерге үйрету үшін келген болатын. 1942 жылы сарбаздар мен офицерлер арасында дерт тарап, 32 әскери қызметкер Манкент маңындағы мазарға жерленеді. Сол уақыттан бері қабірлерге жергілікті тұрғындар күтіп-ұстап келді.
– 1 наурыз күні Қазақстанда керемет мереке – Алғыс айту күні атап өтіледі. Бұл күні әр азамат бір-біріне және сонау қуғын-сүргін кезінде жүздеген мың адамды паналатқан Қазақ еліне, жеріне алғыс айтады. Бұл – қазақстандық патриотизм мен бірліктің жарқын белгісі. Достық – біздің басты байлығымыз, оны көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Ал өскелең ұрпақты бірін-бірі құрметтеуге, достық пен төзімділікке тәрбиелеуіміз маңызды, – дейді поляк орталығының жетекшісі.
Айта кетейік, поляктарды Украина мен Белорусь жерінен Қазақстанға жаппай күштеп аудару 1936 жылы басталды. Ал екінші дүниежүзілік соғыстың басы кезінде күштеп қоныс аудартудың екінші толқыны жүрді. Сол жылдары елімізге 200 мыңға жуық поляк көшіп келген. Ал қазіргі таңда 32 мыңға жуық поляк тұрады.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.