ТҰРҒЫНДАРМЕН БАЙЛАНЫС – БАСТЫ НАЗАРДА Избранное

Пятница, 11 Март 2022 04:15 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 957 раз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасы Шымкентте жолға қойылған. Жергілікті әкімдіктер түрлі коммуникация желілері арқылы тұрғындармен байланыс орнатып, арыз-шағымдары мен талап-тілектері қабылдануда.

463

 

Соның бірі – Еңбекші ауданы әкімдігінің аппаратында Open Space форматында жұмыс істейтін «Ашық әкімдік» кеңсесі құрылған. Аудан әкімі Досбол Есілбек 2021 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы баяндады.
– «Ашық әкімдік» кеңсесінде жауапты мамандар аудан тұрғындарын күнделікті қабылдап, олардың талап-тілектері тіркеледі. Сонымен қатар уақыт үнемдеу мақсатында әлеуметтік желілердегі аудан әкімдігінің аккаунттарында, Whats App арқылы да талап-тілектер қабылданады. Осылайша 2021 жылы аудан тұрғындарынан 623 сұрақ түсіп, олардың барлығына жауап берілді. Оған қоса I-komek бірыңғай байланыс орталығы арқылы түскен 811 өтініш қанағаттандырылды, – деді Досбол Күздікбайұлы.
Жалпы, Шымкенттің өндірістік бөлігі саналатын Еңбекші ауданының аумағы – 20 660 гектар, 311 мыңнан аса тұрғыны бар. Екі индустриалды аймақ, бір арнайы экономикалық аймақ орналасқан ауданда 19 шағынаудан және Сайрам, Төлеби аудандарынан қосылған 16 тұрғын алабы бар.
Аудан әкімінің айтуынша, сол елді мекендердегі тұрғындарды коммуналды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде тұрғындардың 94,4 пайызы ауызсумен қамтылған. Қалған 3,6 пайызы жаңа құрылыстағы учаскелерді қамтиды.
– Осы жаңа құрылыстағы тұрғындарды ауыз сумен қамту мақсатында тиісті жұмыстың жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Аудан тұрғындарының электр жарығымен қамтылу көрсеткіші 96,5 пайызды, ал табиғи газбен қамтамасыз ету үлесі 86,4 пайызды құрайды. Коммуналды инфрақұрылыммен қалған абономенттерді қамту мақсатында қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Кезекті бюджетті нақтылау сессиясына құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджеттік өтінім берілді, – деді аудан әкімі.
Досбол Күздікбайұлы былтырға дейін аудандағы 74 көше жарықтандырылғанын айтып, алдағы жұмыс жоспарында 34 көшені жарықтандыру қарастырылғанын мәлімдеді. Бұған қоса жалпы ұзындығы 70 шақырымды құрайтын 116 көшені орташа жөндеу мақсатында мемлекеттік сатып алу іс-шарасы жүргізілуде.
Аудан әкімі кешегідей нөсер жауында су тасудың алдын алу мақсатында аудан бойынша 14 мекенжайда 3,3 шақырым ирригациялық арық орнатылғанына тоқталды. Ал биыл 9,7 шақырымды құрайтын 25 мекенжайға сметалық есептер әзірленген. Тиісті құжаттарды алда өтетін бюджетті нақтылау сессиясында депутаттық сауалмен бюджеттік өтінім ретінде ұсыну жоспарланған.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.