Телефоннан туындайтын дерт көбеюде Избранное

Пятница, 11 Март 2022 04:12 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2353 раз

«Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деген Мемлекет басшысы биылғы барыс жылын Балалар жылы деп жариялады. Президент балаларды қорғау мақсатында нақты іс-шаралар жасауды тапсырды. Осы орайда балалардың денсаулығы да аса маңызды.

454

 

Біз балалар арасында кең тараған ауру туралы білу үшін Шымкент қалалық №6 емханаға бардық. Дәрігер-офтальмолог Раушан Әмірсейіт балалар арасында жүйке аурулары мен миопия дертінің дендеп кеткенін айтты.
Оған негіз де бар. Ғалымдар зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ұялы телефонды үздіксіз 10 жыл қолданған адамның есту қабілеті сау адаммен салыстырғанда 39 пайызға нашарлайтынын айтады. Ондай адамдардың құлағы ғана емес, жүйке жүйесі де сыр бере бастайды екен.
– Жүйке жүйесі аурулары жайсыз экологиялық ахуал мен эмоционалды әсерлердің артуынан туындайды. Мұндайда адамның есте сақтау, көру қабілеті нашарлап, қимыл-қозғалысы бәсеңдей бастайды. Күйгелек, ашуға тез бой алдыратын адам қоршаған ортасына да айтарлықтай зиянын тигізіп, өз әрекетіне өзі есеп беруден қалады. Бұл тек ересектерде ғана кездесіп жатқан ауру емес. Балалар арасында, әсіресе, мектеп оқушыларында көптеп кездесе бастады. Жүйке ауруының артуына қалта телефондарының қолжетімділігі себеп болып отыр. Пандемия салдарынан біраз уақыт қашықтан оқыған балалар сабақтан соң да телефоннан бас алмайды. Ойын ойнап, әлеуметтік желілердің арбауында сағаттап отыратын болған. Қалыптан тыс көбейген электрлі магнит өрісі адамның жүйке жүйесі мен ішкі ағзаларына әсер етеді. Соның салдарынан ашушаң, эмоцияға тез берілетін балалардың саны артуда. Ал ондай балалардың жады нашарлап, сабаққа деген ынтасы да болмайды. Өмір сүру салты өзгерістерге ұшыраған балаларда ұйқының бұзылуы, омыртқаның қисаюы көп кездеседі, – дейді дәрігер.

455


Мамандардың айтуынша, жүкті әйелдердің электрлі магнитті өріс аумағында көп болуы, ұялы телефонды жиі қолдануы іштегі балаға теріс әсерін тигізеді. Телефонға телміру баланы туа бітті кеселге алып баратыны ғылыми тұрғыда дәлелденіп отыр. Магниттік өрістің жанында дамыған баланың жүйке ауруларына шалдығуы да оңай. Одан қала берді балабақша жасындағы балаларды телефонмен алдап қоятын ата-ананың саны артты. Бұл бала денсаулығы үшін орны толмас қателік.
Жақыннан телефонды көп қарау нәтижесінде көздің жас-май бөлетін бездерінің жұмысы нашарлап, балада көздің құрғау синдромы дамиды. Көздің құрғау синдромы толық емделмеген жағдайда миопия ауруына алып келеді. Одан басқа көздің аллергиялық қабынуына, қабақтың іріңді ауруларының көбеюі де дамиды. Ультра күлгін сәулелерге жақындаған сайын бала көзінде құрғау синдромының пайда болуы арта түседі. Баланың денсаулығына бей-жай қарамайтын ата-ана баланы телефоннан алшақ ұстағаны дұрыс дейді мамандар.
Күнделікті өмірімізде ұялы телефонсыз тірлік бітпейді. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын телефон, ұйқыдан оятатын да телефон. Бүгінде бір смартфонның бойында көптеген функциялық қызмет болса, телефоннан туындайтын аурулардың саны да соншалықты көп.
– Миопия – бұрын баланың жақыннан оқып, жазу кезінде мектеп жасындағы балаларда пайда болатын ауру болатын. Қазіргі кезде компьютер, түрлі-түсті теледидар, ұялы телефон т.б. гаджеттерді қарап, адамдарда қимыл-қозғалыс бәсеңдеді. Соның салдарынан көзімізге жүктеме көп түсіп, миопия ауруы кез келген жастағы адамдарда анықталып жатыр. Адамның көзі толығымен 18 жасқа толғанда дамып болады. Ересек адамның көзі сыртқы тітіркендіргіш, зиянды әсерлерге қорғанысы жоғары болады. Ал әлі толық дамып, жетілмеген баланың көзі сыртқы зиянды әсерлерге қарсы тұра алмайды. Нәтижесінде көз аурулары пайда болады. Ұялы телефонды, теледидарды көп көретін балалардың көзі көк-күлгін түстің радиациялық зиянды әсерінен түрлі ауруларға ұшырап жатады, - деді Раушан Қасымсейтқызы.
Шымкент қалалық №6 емхана өз аумағына қарасты 7 мектептің оқушыларын скринингтік профилактикалық бақылауда ұстайды. Онда офтальмолог дәрігер оқушыларды визометриялық тексеруден өткізеді.
– 2021 жылы өткізілген скринингтік тексеру нәтижесінде 2000 баланы тексеру кезінде олардың 4 пайызынан бұрыннан ауыратын түрлі дәрежедегі миопия анықталды. Ал, 6 пайызында миопияның алғашқы белгісі бой көрсетті. Оқушылар арасында миопиямен ауыратындар саны артты. Жақыннан көргіштіктен болатын аурулар қазір оқушылармен қоса, балабақша жасындағы балаларда да көбейді. Емханаға профилактикалық тексерілуге келген әр 10 баланың екеуінен көздің құрғау синдромы анықталып жатыр. Көздің құрғау синдромын уақытылы емдемесе, болашақта балалар арасында миопиямен ауыратын балалар саны көбейеді. Осының алдын алу мақсатында емханамызда 0-6 жас аралығындағы балаларды міндетті скринингтік тексеруден өткізу қолға алынып жатыр, – деді балалар көз дәрігері.
Жалпы, баланың көзі ауырмаса, офтальмологқа апаруды қажет санамайтын ата-аналар жоқ емес. Көз ауруларын аңғару қиын, алғашқы белгілері көп жағдайда байқала бермейтін көрінеді. Әр бала жасына байланысты скринингтік тексеруден міндетті түрде өтуі қажет.
– Балаларда миопия ауруының алғашқы белгілеріне – көзді жиі жыпылықтату, теледидарды жақыннан қарау, беймезгіл көзден жас ағуы, жарыққа қарай алмау, көзде бөгде дене тұрған сияқты көзді жиі уқалау, жиі бас ауруы, көздің ауыруы, қабақта теріскен, халазион сияқты іріңді аурулардың шығуы жатады. Миопиямен ауыратын балаларды емханалық жағдайда плеопто-ортоптикалық еммен яғни, очкимен көз көруін түзетеді. Сонымен қоса, витаминотерапия, үнемі көз жаттығуларын жасау, аппараттық ем арқылы емдейміз. Асқынған миопияны ауруханаға порталмен жатқызу арқылы тиісті консервативті және оперативті ем алу жолдары бар. Дәрігер ретінде біз балалардың ата-анасына телефонды пайдаланбауды, теледидарды жиі қарамауға кеңес береміз, - деді дәрігер Раушан Қасымсейтқызы.
Жалпы, телефонға тәуелді балаларды көгілдір экраннан алыстатып, қызықтыратын ойын түрлеріне алмастыру – ең оңтайлы шешім. Балаңызға телефон сабақ оқу үшін қажет болса, оны барынша қадағалаған жөн. Гаджет адамның көзінен 45-50 см алыс болуы тиіс және белгілі бір уақыттан кейін қолдануды доғару керек. Бұл дағдыға баланы да үйреткен абзал. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік».

Ақбөпе ЕРГЕШ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.