Наурыз айы туғанда, той болушы еді бұл маңда Избранное

Среда, 16 Март 2022 04:31 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 930 раз

Ұлттық дәстүрлер ұлықталған күн

Үшінші мегаполисте Ұлыстың ұлы күні - Наурызға арналған мерекелік іс-шаралар басталды. Биыл мейрам Көрісу күні, Жайлау күні, Шежіре күні,
Тарихқа тағзым күні, Игі істер күні, Шымырлық пен шеберлік күні, Nauryz Fashion Day, Зияткерлік күні, Ұлттық тағамдар фестивалі, Гастроном Fest, Ұлыстың ұлы күні және Жоралғы күні деген атаулармен өтеді.

512

 

Қошқар ата сейілі

13 наурыз күні көктем мерекесі – Қошқар ата сейілі өтті. Қошқар ата өзенінің бастауында киіз үйлер тігіліп, алтыбақандар орнатылды, қазақтың салт-дәстүрлері көпшілік назарына ұсынылды. Ақ жаулықты әжелер қол диірмен тартып, келі түйді, табаға нан пісіріліп, қала тұрғындарына Наурыз-көже таратылды.
– Жылдағы дәстүр бойынша жыл басы – әз Наурыз мерекесі Шымкентте он күн бойы атап өтіледі. Әр күнге тақырып беріліп, өз алдына бөлек іс-шаралар жоспарланған. Барлық мерекелік жиындар мен қойылымдар басқарманың ұйымдастыруымен өткелі отыр. Қошқар ата сейілі мерекесі қаламызда 2016 жылдан бері қайта жаңғырып, барлық сән-салтанатымен өтуде. Ендеше, Ұлыстың ұлы күні Қазақстанға құтты болып келсін, баршаңызды келе жатқан мерекемен шын жүректен құттықтаймын! – деді мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Демеуғали Бақов.

503


Мерекелік іс-шараны тамашалауға келген қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан ұл баланың тұсауын кесіп, ізгі тілегін білдірді.
Жылдағы дәстүр бойынша бұл күні қошқар көтеруден сайыс өтіп, екі бірдей қошқар жүлдеге тігілді. Салмағы 45 келілік қошқарды 47 рет көтерген Бадам станциясының тұрғыны Ербол Орынхан, ал 105 келілік қошқарды 21 рет көтерген Бәйдібек ауданы Теректі ауылынан келген Мейірхан Рысдәулетов жеңіске жетіп, қошқар айдап қайтты. Сонымен қатар биыл дөңке жарудан жарыс өтіп, онда ептілік көрсеткен Үсен Орынбаев қарсыластарынан озып шықты.
Түрлі театр әртістері мерекелік қойылымдар ұйымдастырып, сахналық көріністер ұсынды. Мерекеге келгендер темір ұсталары мен ағаш шеберлерінің, қолөнершілердің бұйымдары мен өнерлерін тамашалады. Өзен жағалап самаурын қойылып, көпшілікке арнап палау басылды.

Амал келді, жыл келді

Көрісу күні Ордабасы алаңында қала тұрғындарының ерекше ықыласымен басталды. Мәдениет саласының ардагері Асқар Алихан Наурыз шығыс халықтарына ортақ мереке екенін және қазақ халқы
Наурызды жаңарған күн деп атағанын айтады. Ал Шымкент-цирк мекемесінің бөлім меңгерушісі Құрманғазы Ізтілеуов Амал, Көрісу күнінде үлкен де, жас та бір-бірімен табысып, өкпе-реніштерін ұмытып, кешіру керек дейді.

501


– Наурызды бірнеше күн қатарынан түрлі атаумен атап өту еліміздің батыс өңірінде ерекше қолға алынған. Өзім мерекені бес жылдан бері үзбей Амал күнімен қарсы алып келемін. Бұл – шығыс халықтарының көктемнің алғашқы күнін мерекелейтін басты мейрамдырының бірі, – деді Қ.Ізтілеуов.
Шымкент өзбек драма театрының актрисасы Клара Шадибекова үшін де Амал күні ерекше мерекенің бірі саналады. Ол Наурыз мерекесінің қарсаңында үйінің ауласын тазалап, көшет егетінін, ұлттық нақыштағы киімдерін киіп, көрші-қолаң, туған-туыстарды аралайтынын жеткізді.
Ордабасы алаңында басталған Көрісу күні Shymqala этноауылында да жалғасын тапты. Мұнда үшінші мегаполистің мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты жиырмаға жуық мекеме бірлесіп, концерттік бағдарлама ұйымдастырды.

502


– Қошқар ата сейілінен басталған мерекелік іс-шаралар он күнге жоспарланған. Қыстан аман шығып, көкке табан тірегенімізге қуанып, көрші-қолаң, халықпен көрісіп жатырмыз. Биылғы мерекенің ерекшелігі – концерттік бағдарламалар, Наурыз тойы қаланың барлық аумағында тойланады, – деді басқарма басшысы Ханзада Есенова.
Мерекеде Шымкент қалалық «Қазақ» ұлт аспаптары оркестрі мен өзге этнос өкілдері өнерлерін ортаға салды.
– Елдігіміз бен кеңдігімізді білдіретін мереке Әз-Наурыз төрімізге аттағалы тұр. Ұлыстың ұлы күнінде ағайынмен қол алысып, кеуде қағысып көрісіп жатырмыз. Ежелден жеткен ата-баба дәстүрін дәріптеп, оны ұрпаққа ұғындару үшін көрісу күнін тойлауымыз керек, – деді Ж.Шанин атындағы қазақ-драма театрының актері Еркін Шымырқұлов.

Жайлау күні

Үшінші мегаполисте Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы іс-шаралар «Жайлау күні» көктем гүлдер жәрмеңкесімен жалғасты.
Shymqala этнауылында өткен іс-шараны бес бірдей басқарма – мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы, спорт және дене шынықтыру, ауыл шаруашылығы және жайлы ортаны дамыту басқармалары ұйымдастырған. Жәрмеңке барысында дендросаябақ және түрлі ұйымдардың өкілдері бөлме гүлдерінен бастап көп жылдық өсімдіктер, көгалдар мен бұталар, жеміс және саялы ағаштардың көшеттері көпшілік наразына ұсынылды.
– Көктем – жыл басы, жаңару мезгілі. Табиғаттың түрленіп, жаңаратын уақыты. Осыған орай қаладағы бес басқарма бірігіп, гүлдер жәрмеңкесін өткізіп отырмыз. Сонымен қатар саяжайға арналған өсімдік тұқымдары, көп жылдық бұталар, жеміс және сәнді ағаш көшеттері көпшілік наразына ұсынылды. Мамандар оларды қалай егу жолдарын, күтіп-баптау әдістерін бөліседі, – деді іс-шараны ұйымдастырушы-режиссер Самат Алтай.
Жәрмеңке барысында қала тұрғындарына 400 қызғалдақ таратылды. Келушілер арасында асық ойыны ұйымдастырылып, шымкенттік орындаушылар өз өнерлерін паш етті. «Қазына» тобының бишелір «Қызғалдақ» сазды-хореографиялық көрінісін ұсынды.

Дайындағандар: Н.БЕКТАЕВ,
Ә.ЖҰМАШБАЕВ, А.ЕРГЕШ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.