«Стандарт» – Қазақстандағы қарлығаш аймақ Избранное

Пятница, 29 Апрель 2022 04:52 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 812 раз

Шымкент қаласы әкімінің халық алдындағы есепті кездесуі жалғасуда. Мұрат Әйтенов бұл жолы Қаратау ауданының тұрғындарымен жүздесті. Кездесуді қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов ашып берді.

112

 

Мұрат Дүйсенбекұлының мәліметінше, бұған дейінгі кездесулерде жалпы саны 454 мәселе көтеріліп, бірқатары шешімін тапса, қалғандары бойынша тиісті жұмыс атқарылуда.
– Пандемия салдарына қарамастан, Шымкентте 2021 жылы барлық салада оң нәтижеге қол жеткіздік. Соның ішінде, мегаполис үшін маңызды жұмылдырылған инвестиция көлемі былтыр 60 пайызға көбейді. Бұл – үлкен жетістік. Енді қалаға құйылатын инвестиция көлемін биыл тағы 15 пайызға арттыру жоспарлануда. Бұған қоса, қала экономикасының ірі саласының бірі – құрылысқа тоқталсақ, Шымкентте бұл салада жалпы 1 триллион теңге айналымда жүр, – деді Мұрат Әйтенов.
Қала әкімі экономиканың дамуына үлес қосатын индустриалық аймақтарда ірі жобаларға да бөлек тоқталды.
– Шымкенттегі бірнеше индустриалды аймақта ірі жобалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде арнайы тоқтала кететін жайт – Қазақстан бойынша алғаш рет Шымкентте жеке индустриялық аймақ іске қосылады. «Стандарт» аймағында инвестор өз қаржысына қоймалар салып, 96 жұмыс орнын ашуды көздеп отыр. Ондағы ерекшелік, шағын және орта кәсіп иелері осы индустриалды аймақтан кәсібіне қажет жайларды жалға алғанда оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, бірінші жылы жалға алу ақысының 75 пайызы, екінші жылы – 50 пайызы, ал үшінші жылы 25 пайызына мемлекеттік бюджеттен субсидия бөлінеді. Оған қоса, 1 пайызбен несие беру де қарастырылған Бұлар – кәсіптің дамып, аяққа тұрып кетуіне көрсетілетін қолдау, – деді қала әкімі.
Мұрат Дүйсенбекұлы есепті кездесуде қаладағы барлық дерлік салада атқарылған жұмыстардың нәтижесі мен алдағы жылдарға құрылған жоспарларға толық тоқталды. Бұдан кейін Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкеманов баяндама жасап, аудан көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Есепті кездесу соңы сұрақ-жауапқа жалғасты. Өздерін толғандырған мәселені көтеріп, жауабын білгісі келетін тұрғындардың ешқайсысына шектеу қойылмай, микрофон кезегі ұсынылды.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.