Көгілдір отынның игілігі – әр отбасына Избранное

Пятница, 10 Июнь 2022 04:45 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1058 раз

Шымкентте табиғи газ тапшылығы мәселесі түпкілікті шешілмек. Жауапты мамандар осылай дейді. Қала әкімі Мұрат Әйтенов те өткен жылды қорытындылап, халық алдында берген есебінде осы мәселенің шешіміне тоқталды. Әкімнің айтуынша, қала тұрғындарын газбен қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда.

710

 

Нақты айтсақ, 2021 жылы Шымкент қаласында 5 елді мекенге табиғи газ жеткізілген. Сонымен қоса 3 магистральді газ құбыры мен №3 автоматтандырылған газ тарату станциясы салынды. Жалпы, қала тұрғындарын табиғи газбен қамту мақсатында 17 нысанның құрылысы жүргізілді.
– Атқарылған жұмыс нәтижесінде Шымкент қаласының тұрғындарын табиғи газбен қамту көрсеткіші 93 пайызға жетіп отыр. Ал таяуда іске қосылған №3 автоматтандырылған газ тарату станциясы қаладағы абоненттерге газ жеткізу мәселесін түпкілікті шешуге мүмкіндік береді, – деген-ді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.

Жауапты мамандардың мәлімдеуінше, биылғы жоспар бойынша қала тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету көрсеткіші 94,7 пайызға жеткізілмек. Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков биыл тағы да 2 магистральді газ құбыры жүргізіліп жатқанын жеткізді.
– Жыл соңына дейін 8 елді мекенге ішкі газ тарату желісін тартамыз. Олар, атап айтсақ: Тұран, Көкбұлақ, Ақтас 1-2, Батыс, Қайнарбұлақ, Сәуле (276-орам), Ақжар, Арғымақ, Нұртас, Солтүстік саяжай және Тассай елді мекендері. Жалпы, Шымкент қаласын 2025 жылға дейін толық газдандыруды жоспарлап отырмыз, – деді басқарма басшысы.
Осы орайда қаладағы №3 автоматтандырылған газ тарату станциясын бөлек атап өтуге болады. Жаңа нысанды іске қосуға байланысты салтанатты рәсімге Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов және «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Санжар Жаркешов қатысты. Мұрат Дүйсенбекұлы бұл газ тарату станциясы мегаполис төңірегіндегі барлық елді мекендерді көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік беретін өте маңызды нысан деп атап өтті.
– Жыл сайын Шымкентте газ құбыры жеткізілген елді мекендер саны артып келеді. Қаланың 2023-2025 жылдар аралығында даму жоспарына сәйкес, алдағы уақытта көгілдір отынмен жартылай қамтылған 28 елді мекенде және мүлдем қамтылмаған 3 елді мекенде табиғи газ жүйелерінің құрылысы салынып, қала тұрғындары мен басқа да нысандар табиғи газбен толық қамтылады, – деді Мұрат Әйтенов.
Мәртебелі қонақтар жаңа нысанның стратегиялық маңызды екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың барынша көп бөлігін табиғи газбен қамтуды бізге басты міндет етіп қойып отыр. Осыған байланысты газ тасымалдау инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарып келеміз. Шымкентте іске қосылып отырған жаңа станция соның жарқын көрінісі, – деді Санжар Жаркешов.
Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы мамандарының мәліметінше, бүгінде қала бойынша абоненттер сағатына 250 мың текше метр табиғи газ пайдаланады. Ал оларға бұған дейін газ жеткізіп келген екі АГРС-тің жиынтық қуаттылығы сағатына 180 мың текше метрді құрайтын. Осыған байланысты, әсіресе, жылыту маусымы кезінде газ қысымы бәсеңдеп кететіні жасырын емес. Осы келеңсіздіктің алдын алу мақсатында жаңа абоненттерді көгілдір отын желісіне қосуға уақытша мораторий жарияланған да болатын. Жаңа станцияның іске қосылуымен ол шектеу алынып тасталды.
– Тұтынушылармен техникалық шарт жасасуға жарияланған мораторийдің күші жойылды. Содан бері 5 мың абонентпен шарт жасалған. Енді сол абоненттерге, жалпы, қаладағы жаңадан ішкі жүйелер жүргізілген барлық елді мекендерге газ беруге мүмкіндік туындап отыр. Себебі, осы жаңа бір станцияның өзінің қуаттылығы сағатына 250 мың текше метрге жетеді. Бұл – тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту жолындағы маңызды қадам, – деді басқарма басышысы Боранбай Болатбеков.

711


Айта кетейік, нысанның құрылысы 2019 жылы басталып, 2021 жылдың соңында аяқталды. Мамандардың айтуынша, өрт қаупі жоғары болғандықтан, станцияны іске қосу жұмыстары жылыту маусымы аяқталған соң, жылы әрі құрғақ мезгілде жүзеге асырылды. Бұл – елдегі ең ірі автоматтандырылған газ тарату станциясының бірі. Құрылыс кезінде жалпы ұзындығы 59 шақырым газ құбыры тартылды. Станциядан қалаға қарай «Шығыс» және «Батыс» магистральді газ жүйелері тартылып, орталықтандырылған газ құбырына қосылды.
«КАТЭК» инженерлік-жобалау компаниясының Шымкент қаласындағы өкілдігінің жетекшісі – авторлық қадағалаушы Өміртай Байтұрсыновтың айтуынша, бұл станция «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырына қосылған.
– Магистральды газ құбыры арқылы қысымы 80-100 атмосфера табиғи газ келеді. Бұл – өте жоғары қысым. Көгілдір отынды бұл күйінше елді мекеннің аумағына кіргізуге болмайды. Осы орайда іске қосылған автоматтандырылған газ тарату станциясының міндеті – газдың қысымын төмендетіп, қаладағы ішкі желілерге тиісті деңгейде жеткізіп отыру, – деді Ө.Байтұрсынов.
Осылайша жауапты мамандар №3 АГРС-тің қосылуының нәтижесінде Шымкент қаласында алдағы бірнеше жыл бойына газ тапшылығы туындамайды деп сендіреді.
Бүгінде Шымкент қаласындағы 81 елді мекеннің 42-сі табиғи газбен толық, ал 31 елді мекен жартылай қамтылған. Қалған қамтылмаған елді мекендерге газ тарту жұмыстары жүргізілуде. Нақты айтқанда 10 елді мекенге ішкі орамдық газ құбыры тартылуда. Жыл соңында Тұран магистралды газ құбырының құрылысы мен Батыс, Арғымақ, Ақтас, Нұртас, Ақтас-2, Ақжар, Сәуле, Көкбұлақ – барлығы 8 елді мекенде құрылыс аяқталады деп күтілуде.
Нәтижесінде қала бойынша 20 мыңға жуық тұрғын жаңадан табиғи газ желісіне қосылып, қамту көрсеткіші 94,7 пайызға жетеді. Сондай-ақ, 2 магистральді құбыр және 3 елді мекеннің газ желісін жүргізу мақсатында мердігер мекемелерді анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.