Сауап па? Күнә ма?

Понедельник, 12 Октябрь 2015 11:42 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 7929 раз
dhnKr-e2Z4oИслам дінінде дүниенің есігін ашқалы тұрған сәбидің өміріне себепсізден себепсіз түрлі амалдар арқылы балта шабу үлкен күнә болып саналады. Бүгінгі таңда, бұл мәселе өте қатты белең алып бара жатқаны жасырын емес. Ертедегі медицина атасы Гиппократ жасанды аборт жасау, түсік тастау заңсыз деп есептеген. Гиппократ мектебінен шыққан ол кездегі дәрігерлер: «…мен ешқашан да түсік тастатуға дәрі-дәрмек қолданбаймын» – деп ант берген.

Ер мен әйелдің үйленудегі мақсаты артында ұрпақ қалдыру, мұсылмандардың санын көбейту үлкен сауапты амал болып саналады. Сонымен қатар, елімізде халық санының артуы үлкен байлық. Хазіреті Пайғамбармыз (с.а.с): «Үйленіңіздер, көбейіңдер, нәсіл тартыңдар. Мен сендердің көптіктеріңмен басқа үмбеттер қасында мақтанамын» деп үмбеттің көбеюіне насихат берген.

Қасиеттi Құранда: «Алла сендерді бір-ақ кісіден (Адамнан) жаратқан және оған тиянақ үшін жұбайын (Хауаны) жаратқан. Ол жұбайына жақындасқанда, жұбайы жеңіл түрде жүкті болды. Сонда онымен жүріп ауырлаған кезде, Алла Тағалаға: «егер бізге игі бала берсең, әрине шүкір етушілерден болар едік» деп жалбарынды», - делiнген (Ағраф, 189).

Адам баласының жаратылуы кезең-кезеңге созылғанын Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадисінен көруге болады. Алла Тағала: «Расында, Ол сендерді түрлі жағдайларда жаратты», – деген (Нұх, 14). Қасиеттi Құранда Адам атаның ұрпағы - адамзаттың жаратылуы жайында: «Расында, Адамды нағыз балшықтан жараттық. Содан кейін оны жатырда тұратын тамшы еттік. Сосын тамшыны ұйыған қан еттік. Ұйыған қанды кесек ет жасап, кесек етті сүйек жасадық та,  сүйектерге ет қаптадық. Сонан кейін оны басқа бір жаратылыс етіп, жан салдық. Жаратушылардың шебері Ұлы Алла. Бұдан кейін әрине сендер өлесіңдер. Сосын сендер Қиямет күні күдіксіз тірілесіңдер», – делiнген.

Сахих хадистерде Пайғамбарымыз (с.а.с) ана жатырындағы адам баласының қалай жаратылатынын, оған қашан жан бітіп, тірі күйге енетінін нақты белгілеп берген. Абдуллаһ ибн Масғуд (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с): «Расында сендердің әрбіріңнiң ана iшiнде жаратылуларың (алдымен)қырық күн су күйінде, сосын осынша уақыт ұйыған қан күйінде, сосын (тағы да) сонша уақыт бір кесек ет күйінде болады. Сосын оған бір періште жіберілiп жан үрлеп кіргізеді…», – деді», - деген.

Қажылыққа немесе умраға деп ихрам киген адам аулануына тыйым салынған құстың жұмыртқасын сындырып қойса, құнын төлеуге міндетті. Себебі жұмыртқа - құстың негізі. Ана ішіндегі су да, баланың негiзi болғандықтан, екеуiнiң үкiмi бiрдей.

Қорыта айтқанда, әлі адам кейпiне енбесе де баланы алдыру – харам деңгейіндегі мәкруһ. Яғни, мұны жасаған адам күнәкар болады. Ал, жан бiтiп, бет-бейнесi бiлiне бастағанда – тіпті харам. Бұл үкімдер амалсыз жағдайдан өзге кездерге байланысты айтылған.
 
Бақдәулет АБДРАХМАНОВ,
«Абдул Хамид Қаттани» мешітінің бас имамы
Последнее изменение Понедельник, 12 Октябрь 2015 11:46
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Дiни ахуал тұрақты Алла үйi ел игiлiгiне берiлдi »