ПАРИЖ ОЙЫНДАРЫ ТАРИХИ ЖЕҢІС СЫЙЛАДЫ Избранное

Среда, 31 Июль 2024 04:56 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 937 раз

Франция астанасы Парижде өтіп жатқан жазғы Олимпиада ойындары елімізге құт боп тұр. Ел спортшылары ә дегеннен-ақ тарихты жаңартып, жанкүйерлерін қуантып тастады. Олимпиада ойындарының ең алғашқы жүлдесін де отандастарымыз олжалады. Олимпиаданың алғашқы күнінде қазақ дзюдошылары тарихи ерлік жасап, елге алғашқы алтын жүлдені сыйға тартты. Дарынды спортшы Елдос Сметов үшінші Олимпиадасында мақсатына жетті. Иә, Сметов – Париж ойындарының басты қаһарманы.

olimP

 

60 келіде белдескен отандасымыз нидерландық, украиналық қарсыластарын жеңіп, ширек финалға шыққан. Ширек финалда атақты Тайпей өкілі Янг Юн Вейді, жартылай финалда испаниялық Франсиско Гарригосты жеңіп, финалға өтті. Тайпейлік Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы болса, испан дзюдошысы әлем чемпионы, әккі қарсыластар тұғын.
Елдос финалда татами қожайыны, франциялық Лука Мхейдзені жеңіп, қазақ дзюдошыларының арасынан тұңғыш болып Олимпиада чемпионы атанды. 2016 жылы Рио Олимпиадасында күміс алған ол Токиода қола жүлдеге ие болған еді. Олимпиада алтынына ол 31 жасында, Париж төрінде қол жеткізді.
Жарыстың екінші күнінде 66 келі салмақта Ғұсман Қырғызбаев та қола жүлдеден олжа салды. Қазақ балуаны қарсыластарының атағынан қаймықпай күресіп шықты. Екінші айналымда кореялық Ан Баулды, ширек финалда тағы бір француз Валид Хиярдан басым түсті. Оңтүстіккореялық дзюдошы Рио ойындарының күміс жүлдегері, әлем чемпионы екенін айта кеткен жөн. Өкінішке қарай,
Қырғызбаев жартылай финалда бразилиялық балуанға ұпай санымен есе жіберіп алды. Ал қола жүлде үшін белдесуде сербиялықты сан соқтырып кетті.
Ел қоржынына ең алғашқы жүлдені мергендер салды. 10 метрге нысана көздеуден аралас командалық сында Ислам Сәтпаев пен Александра Ле қола медаль жеңіп алды. Кіші финалда олар Германия құрамасынан басым түсті. Осылайша араға ұзақ үзіліс салып, нысана көздеушілер Олимпиада медалін еншіледі. Ал бұл жүлде Париж Олимпидасының ең алғашқы медалі болатын.
Париж шаршы алаңында іріктеу бәсекелері өтуде. Ұлттық құрамадан алғаш болып 63,5 келіде Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі) жеңісті жолды бастап берді. Одан әрі қарай Айбек Оралбай (92 келі) жеңісті жолды жалғастырды. Қыздар арасында Назым Қызайбай алғашқы кезеңнен өтті.
Өкінішке қарай, команда капитаны Асланбек Шымбергенов (71 келі), аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев жарысты ерте аяқтады. Шымбергенов алғашқы жекпе-жегінде иорданиялық, Қоңқабаев испаниялық әлеуетті қарсыластарына есе жіберіп алды. Әзірге, Айбек Оралбай мен
Мұхамедсабыр Базарбайұлы ширек финалда. Кеше ұлттық құрамадан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов пен әлем чемпионы Нұрбек Оралбай алғашқы жекпе-жегін өткізді.
Шымкент қаласының спортшылары да бәсеке көрігін қыздыруда. Нысана көздеуден Никита
Чирюкин, Ирина Юнусметова, семсерлесуден Эльмир Алимжанов жарыс жолына шықты. Әзірге жерлестеріміз жүлделі орындарға қол жеткізе алған жоқ.
Айта кетсек, ертең бокстан әлем чемпионы Махмұд Сабырхан
(57 келі) Испания өкіліне қарсы шаршы алаңға көтеріледі. Біз жерлесімізге сәттілік тілейміз.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.