ЭЦҚ-НЫ ОНЛАЙН АЛУ ЖОЛДАРЫ
Среда, 20 Январь 2021 03:25Электронды цифрлы қолтаңба – тұрғындар арасындағы ең танымал қызмет. 2020 жылы Шымкенттегі ХҚО арқылы 200 мыңнан астам ЭЦҚ берілген.
Қысқа мерзімді оқу – кәсіп көзі
Пятница, 15 Январь 2021 04:43Қазақстанда «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы қабылданып, жүзеге асырылып келеді. Жауапты мамандар осы бағдарламаның нәтижесінде қол жеткізілуі тиіс мақсаттардың арасында елдегі жұмыссыздық деңгейін 4,8 пайыздан асырмай, белсенді жұмыс істейтін шағын және орта бизнес нысандарының үлесін тағы 10 пайызға арттыруды атайды. Осы орайда жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту нәтижесі қандай? Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ақмарал Жулаевадан сұрап-білдік.
«Жасыл мекен – екінші үйім, тал-дарақтар перзенттерім секілді»
Пятница, 15 Январь 2021 04:26Қыстың да өз сәні бар. Әсіресе, тал-дарақ ақ ұлпадан көйлек киіп, айнала әппақ көрпе жамылғандағы сұлулық ерекше сұқтандыратыны рас. Осындай сәттерде Шымкенттегі дендросаябақ та өзінше түрленіп, тұмса табиғат жұмақ мекенге айналады. Шымкенттіктердің сүйікті демалыс орнына айналған бұл саябаққа соңғы жылдары көп көңіл бөлініп, инфрақұрылымы ретке келтірілді. Жарық жүйесі жаңартылып, жаяу жүргіншілер және веложолақ салынды.
Мегаполистің жаңа сайты іске қосылды
Пятница, 25 Декабрь 2020 04:00
Шымкентте БАҚ-пен өзара іс-қимыл кеңесінің екінші отырысы өтіп, жаңа ақпараттық сайт таныстырылды. Салтанатты жиынға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқарманың басшысы Жанар Бектаева, үшінші мегаполистегі БАҚ басшылары, бас редакторлары мен ақпараттық сайттардың жетекшілері, журналистер қатысты.
Шыңғыс Жұмабекұлы алдымен қалам ұстаған қауымды мерекелерімен құттықтап, өткен жылғы негізгі нәтижелерге қысқаша тоқталып өтті.
– Дәстүрлі жаңа жылдың қарсаңында өткен жылға есеп беріп, жаңа жылға үлкен үмітпен аттағалы отырмыз. Өздеріңізге белгілі, 2020 жыл оңай болған жоқ. Әсіресе, пандемия бүкіл қоғам өмірін өзгертті дей аламыз. Оның ішінде ақпарат саласы да бар. Covid-19 дертімен күрес кезінде шынайы әрі нақты ақпаратқа деген қажеттілік өте жоғары болды. Қоғам назары, оқырман назары жылдам ақпарат тарататын электронды ақпарат көздеріне ауысты. Осылайша ақпараттық сайттарға қажеттілік артты. Осы мақсатта Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының қолдауымен shymkentaqparat.kz сайты ашылып, бүгінде жұмыс істеуде. Бұл сайт, ең алдымен, журналистер үшін қажет. Себебі, мұнда ресми дереккөздерден алынған мәлімет қаншама рет сала мамандарының нақтылауынан, сүзгісінен өтіп, жарияланады. Сондықтан, баршаңызды Шымкенттің ақпараттық айдынында бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Жиында Шымкент қалалық Ақпараттық-коммуникация орталығының директоры Нұрбол Орымбай сөз алып, сайттың мазмұны, шығармашылық тобы мен мақсатын таныстырып өтті.
– Шымкент қаласында жалпы саны 40-қа жуық сайт бар. Оның біразы ақпараттық тұрғыда белсенді болса, енді бірқатарының белсенділігі төмен. shymkentaqparat.kz сайтының мақсаты – ресми мәліметтер таратумен қоса, үшінші мегаполистің қоғамдық өмірінің барлық саласын қамтитын, ауқымы кең танымдық сайт болады, - деді Нұрбол Әбдіәзімұлы.
Жиын барысында ақпарат саласындағы еңбегі еленген бірқатар журналиске ҚР Президентінің Алғыс хаты мен «Халық алғысы» медалі, Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хаты табысталды. Одан кейін БАҚ-пен өзара іс-қимыл кеңесінің үшінші мегаполистің ақпараттық өміріне арналған отырысына жалғасты.
«Су арнасы» – әр абонентпен байланыста
Пятница, 11 Декабрь 2020 04:15
Шымкенттегі «Су арнасы – Маркетинг» мекемесі абоненттеріне тағы бір жаңа қызмет ұсынып отыр. Бұған дейін қаланың коммуналды шаруашылығында жаңашылдығымен танылған мекеме бұл жолы абоненттеріне әлеуметтік желі арқылы тікелей байланыс ұсынып отыр.
БАҚ өкілдерін арнайы жинаған мекеме басшысы Анарбек Орманның айтуынша, «Су арнасының» жеке телеграм-боты іске қосылды. Енді мегаполис тұрғындары қанша су тұтынғанын, оның ақысы мен есептегіш құралдың жай-күйін алақандай смартфон бетінен көріп-біле алады. Тіпті, өлшегіш құралдағы көрсеткішті фотоға түсіріп, ботқа жіберсе, келесі айдың түбіртегіне енгізіледі.
Телеграм-боттың бір ерекшелігі, оның қызметін жеке абонент және заңды тұлға ретінде пайдалануға болады. Қазақ және орыс тілдерін таңдап, жеке нөміріңізді қалдыра аласыз немесе оны өзгертуге болады. Бұл жеке нөмір су мамандарымен WhatsApp арқылы тікелей байланысу үшін қажет.
«Су арнасының» мамандары бұл қызметті қосу үшін тыңғылықты дайындық жұмыстарын атқарып, әр абоненттің қызметін базада қайта жаңартқан. Жауаптылар қазір қала тұрғындарының 90 пайызы жаңа мәлімет базасына енгізілгенін айтады. «Осылайша қағаз түбіртекпен ақы төлеу келмеске кетіп, қанша уақыт пен ресурс үнемдейміз» дейді. Дегенмен, смартфон ұстамайтын тұрғындар мен зейнеткерлер назардан тыс қалмай, қызметті сол бұрынғысынша пайдалана бермек.
БАСПАНА КЕЗЕГІ: ОЙДА БОЛАТЫН ОН СҰРАҚ
Пятница, 04 Декабрь 2020 04:58
Баспана – қай кезде де өзекті мәселе. Оқырмандардан, тұрғындардан келіп түсетін сұрақтардың біраз бөлігі тұрғын үйге қатысты. Шымкент қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Абылайхан БАЛЫҚБАЕВ осы мәселеге орай тұрғындар сауалдарына жауап берді.
– Абылайхан Әлібекұлы, Шымкентте дәл қазіргі таңда баспана кезегінде қанша адам тұр?
– Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй алу тізімінде тіркелгендер саны – 40 752 азамат (жыл басында 42 400 адам болған). Оның ішінде санаттарға тоқталсақ: Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 1663, көпбалалы отбасылар – 6129, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы – 13576, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер – 19357, жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар – 27 тұрғын. Жыл басынан бері баспана кезегіне тіркелу бойынша 11 280 адам құжат тапсырса, соның ішінде 4530 адам кезекке қойылды. Орта есеппен 1 айда 453 адам кезекке тіркелуде. Ал 6750 адам түрлі себептермен кезекке қоюдан бас тартылды.
– Ол қандай себептер болуы мүмкін?
– Себептер көп. Біріншіден, бір азаматтың баспана кезегіне тіркелуі үшін бір емес, бірнеше рет өтініш беруі, мұндай жағдайда, заң талаптарына сай, бірінші өтініші қабылданса, қалған өтініштерден бас тартылады. Екіншіден, «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінде мемлекеттік қызметші немесе бюджеттік ұйым қызметкері мәртебесінің анықталмауы («Е-қызмет» мүмкіндіктерінің кеңейтілмеуінен). Үшіншіден, өтініш берген адамның санатты дұрыс таңдамауы. Төртіншіден, мемлекеттік деректер базасында 5 жыл көлемінде атында жылжымайтын мүлік болғаны туралы, оны иелігінен шығарғанына 5 жыл өтпегені туралы мәлімет анықталады. Бесіншіден, некенің тіркелгені немесе бұзылғаны туралы ақпараттың болмауы. Алтыншыдан, әлеуметтік мәртебесінің болмауы. Жетіншіден, Шымкент қаласында үш жыл тұрақты тіркеуінің болмауы. Міне, осындай себептер анықталуда.
– Жыл басынан бері қанша тұрғынға кезегі бойынша пәтер берілді?
– Шымкентте 2020 жылдың 1 қаңтарынан бері «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жоспарланған 1596 пәтер азаматтарға сатып алу құқығынсыз арендаға берілді. Оның ішінде санат бойынша айтсақ, 2 ҰОС ардагері, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 48 бала, көпбалалы 450 отбасы, халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жататын 192 отбасы, 904 жұмыс істейтін жас. «2-10-20» тұрғын үй бағыты бойынша 285 отбасы 3 953 млн. теңгеге әлеуметтік несиелендіру шартымен тұрғын үймен қамтылды. Айта кетейік, биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының «7-20-25», «2-10-20» және «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» тұрғын үй бағыттарын автоматтандыру үшін «Шымкент-баспана» ақпараттық жүйесі іске қосылып, жұмыс істеп тұр.
– Осы баспана кезегі қалай жылжуда? Себебі, тұрғындардан, мысалы, «мен 2014 жылы кезекке тұрғанмын, мен 2016 жылы тұрғанмын. Енді үйді қашан аламын?» деп сұрақтар түсіп жатады. Сонда кезекке тұрған жылы маңызды ма, кезектің нөмірі маңызды ма?
– Бұл тұста тізімдегі кезегі маңызды. Ол кезекке тұрған жылына, уақытына байланысты емес. Себебі, әр санаттың өз кезегі бар. Сол тізімде әр азаматтың өзінің кезек нөмірі болады. Сол санаттағы тұрғындарға баспана беріліп, кезек жылжи береді.
– Тұрғындар баспана кезегі келгенін қалай біле алады?
– Мысалы, жыл соңына дейін белгілі бір санатта пәлен пәтер берілетін болса, сол санаттағы кезегі келіп тұрған азаматтарға біздің басқарма қызметкерлері хабарласады. Себебі, пәтер берілетін кезде тізімдегі азаматтардың барлығы дайын болып тұруы керек. Осы бағытта жұмыс істейміз. Бұл – қыруар жұмыс.
– Бір санатта кезекте тұрған азаматтар басқа санат бойынша кезекке тұра ала ма? Мысалы, мемлекеттік қызметкер санатында тұрған отбасы уақыт өте келе көп балалы болып, сол санатқа ауысамын десе, бұрынғы санаттағы кезегі сақтала ма?
– Соңғы жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасымен әлеуметтік салаға баса назар аударылып келе жатқаны баршамызға белгілі. Баспана бағытында да осы бағыттағы жұмыс атқарылып, әлеуметтік әлсіз топтағы және көпбалалы отбасыларға баспана берілуде. Осыдан келіп азаматтардың баспана кезегінде көп балалы отбасы санатына ауысу мәселесі туындайды. Бұл жерде нақты жауабын айтатын болсақ, егер бір санаттағы азамат басқа санат бойынша кезекке ауысса, сол жаңа санаттың соңынан бастап тіркелесіз, яғни, бұрынғы санаттағы кезегіңіз жойылады. Бұл заңда да көрсетілген.
– Баспана кезегінде тұрған азаматтарға қазір қандай үйлер берілуде?
– Қазіргі таңда кезегі келген азаматтарға «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жекешелендіру құқығынсыз арендалы үйлер беріліп жатыр. Ол арендалы үйлер деп аталғанымен, аренда және коммуналды төлемдері төленсе, талаптар сақталып, шарты бұзылмаса, ол отбасылар сол үйде өмір бойы тұра береді. Ең басты шарты – мұқтаж болып саналатындықтан, сол үйде өзі тұруы тиіс. Басқарма қызметкерлері бұл мәселені тексеріп тұрады.
– Бір тұрғыннан мынадай сұрақ келді: Әкесі 20 жыл бұрын пәтер алған, қызы ордерге енгізілген. Әкесі шетелге кетіп, сол жақта қайтыс болыпты. Енді қызы пәтерде тұрып жатыр. «Сол пәтерді жекешелендіруге мүмкіндік бар ма?» деп сұрайды.
– Ол кісі басқармаға құжаттарымен келсе, біздің мамандар қарайды. Егер расталса, ордерде көрсетілген болса, онда қалдық құнын төлеп, пәтерді жекешелендіруге болады. Кей санаттар бойынша пәтер тегін жекешелендірілуі де мүмкін. Басқарма мамандары бұл мәселеде әр тұрғынның өтінішін жеке қарайды.
– Баспана кезегіне тіркелу үшін сол отбасы немесе сол тұрғын кезекке тұратын қалада қанша жылдан бері тұрақты тіркеуде болуы тиіс?
– ҚР «Тұрғын үй қатынастары» Заңының талаптарына сәйкес, баспана кезегіне тіркелуі үшін сол азаматтың астана және республикалық маңызы бар қалаларда тұрақты түрде үш жылдан бері үздіксіз тіркеуде болуы тиіс. Және белгілі бір санатқа сай келіп, атында 5 жылдан бері жылжымайтын мүлкі болмауы керек.
– Егер ерлі-зайыптылардың бірінің атында неке қиғанға дейін тіркелген жылжымайтын мүлкі болса ше, ол отбасы баспана кезегіне тіркеле ала ма?
– Басқарма мамандары баспана кезегіне тіркелуге өтініш берушінің өзінің де, отбасы мүшелерінің де атында жылжымайтын мүлік бар-жоғын тексереді. Егер ерлі-зайыптылардың бірінде неке қиғанға дейін тіркелген үйі болса, немесе, оны иелігінен шығарған соң бес жыл өтпесе, баспана кезегіне алынбайды.
– Баспана кезегіне тұру үшін ол отбасы мүшелерінің атында үймен қоса жер учаскесі де болмауы керек пе? Әлде жер учаскесі жылжымайтын мүлікке саналмай ма?
– Баспана кезегіне алынудың ең басты шарты – атында үй болмауы керек. Ал бос жер учаскесі үйге саналмайды, сондықтан, кезекке тіркелуге өтініш берушінің атында бос жер учаскесі болса, ол кезекке алынуға кедергі бола алмайды. Әрине, егер кезеке алынудың басқа талаптарына сай келген жағдайда ғана екенін еске сала кетейін.
– «Бақытты отбасы» бағдарламасы қашан басталып, қай уақытқа дейін созылады?
– «Бақытты отбасы» бағдарламасы, яғни, «Нұрлы жер» бағдарламасының «2-10-20» баспана бағыты әлеуметтік әлсіз санаттағы тұрғындардың ішіндегі көпбалалы отбасы, толық емес отбасы және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеуші отбасыларға арналған. 2019-2020 жылдары сәуір-мамыр айларында басталып, Үкіметтен осы бағытта бөлінген қаржы лимиті аяқталғанша жалғасады. Көбінесе, қара күзге дейін.
– Осы санат бойынша баспана кезегіне мүгедек баланы күтуші анасы тұруы керек па әлде кезекке әкесі де тұра ала ма?
– Баспана кезегіне мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеуші отбасындағы ата-ананың бірі тұра алады, жоғарыда айтып өткендей, барлық талапқа сай келген жағдайда.
– Осы «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспана алғанда баспана құнының алғашқы жарнасы ретінде берілетін тұрғын үй сертификаты туралы толығырақ айтсаңыз. Ол қашан және кімдерге беріледі?
– Бұл сертификатты берудің ең басты шарты – сол санатта тұратын отбасының табысына байланысты. Табыс көлемі күнтізбелік жылдағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі мөлшерінен аспауы керек. Еліміздегі ең төменгі күнкөріс мөлшері биыл 32 668 теңгені құрайды. Яғни, 65 336 теңгеден аспауы тиіс. Тағы бір ескерер тұс, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша баспана алған отбасы егер үйдің алғашқы жарнасын өзі төлеген болса, онда ол отбасыға пәтер алып болған соң баспана сертификаты берілмейді. Осыны ұмытпаған жөн. Жалпы, 2020 жылғы 1 қазандағы жағдайға сәйкес, «2-10-20» («Бақытты отбасы») кредиттік тұрғын үй бағыты бойынша баспананың бастапқы жарнасының бір бөлігіне әлеуметтік көмек ретінде, қайтарымсыз негізде, жергілікті бюджеттің есебінен бөлінген 100 млн. теңгеге 101 азаматқа тұрғын үй сертификаттары берілді. Оның ішінде көп балалы 53 отбасыға жалпы сомасы – 52,2 млн. толық емес 30 отбасыға – 29,7 млн. теңге, ал мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеуші 18 отбасыға 18 млн. теңгенің сертификаты берілді.
– Сұхбатыңызға рақмет!
ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК САЛАСЫНДА ӨЗГЕРІС КӨП
Пятница, 04 Декабрь 2020 04:41
Желтоқсан айы Шымкенттегі қоғамдық көлік саласына едәуір өзгеріс ала келді. Үшінші мегаполиске 590 жаңа автобус жеткізіліп, бірқатар қоғамдық көліктің бағыты өзгерді. Жауапты мамандардың мәлімдеуінше, мұның барлығы Шымкенттегі жолаушылар көлігін дамытудың кешенді жоспары аясында жүзеге асырылуда.
– Бұл кешенді сызбаға сәйкес, қаладағы барлық қоғамдық көлік бағыттарының қозғалыс жолдары оңтайландырылады, – дейді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қоғамдық көлік бөлімінің меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиев.
– Бірінші кезекте №№ 74, 84, 92, 135, 35, 12, 103 және №27 автобустардың қозғалыс сызбаларына өзгерістер енгізілді. Бұған қоса осы бағыттарға сыйымдылығы үлкен жаңа автобустар шығарылды.
Мамандардың айтуынша, жаңа автобустар бұрынғыларға қарағанда ұзын, сондықтан, олар негізінен қаланың орталық әрі кең көшелеріндегі бағыттарда қатынайды. Дегенмен, шаһардың шалғай шағынаудандары да назардан тыс қалмақ емес. Соңғы жылдары көз үйренген жасыл автобустар қаланың шетіне қатынайтын болады.
– Осы арқылы шет аймақтардағы елдімекендерді қамтып, жолаушылар тасымалдау қызметінің сапасын көтеру көзделуде. Оңтайландыру дегеніміз – осы. Ұзын автобустардың шет жақтағы елдімекендердің көшелерінен бұрылып-жүруі қолайсыз. Сондықтан, олар қаланың орталығында қатынап, басқа бағыттағы көліктер тұрғындарды Рысқұлов және Дулати көшелерінің қиылысы немесе базарлар секілді көпшілік орындарға жеткізіп отырады. Жаңа автобустар газбен қатынайды, сыйымдылығы мол әрі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қатынауына жағдай жасалған, – деді Наурыз Сүгірәлиев.
Айта кетейік, қаладағы қоғамдық көліктер кезең-кезеңімен жаңартылады деген жоспар бар. Жаңа автобустар демекші, жерлестеріміз жаңа көліктердің бағыты өзгергенін байқаған да болар. Бөлім басшысының айтуынша, қаладағы қоғамдық көлік саласындағы өзгерістер, оның ішінде көлік бағыттарының өзгеретіні туралы бұған дейін БАҚ беттерінде, қаладағы 4 аудан әкімдіктерінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында хабарланған.
Өзгерген бағыттардың ішіндегі ең көзге түсетіні – №27 бағыт. Қаланы айнала жүретін бағыттың жолы ұзарып, енді Нұрсәт шағынауданына да соғып өтеді. Есте сақтайтын тұс, бұл автобус енді Тәуке хан даңғылымен келіп, бұрынғыдай Байтұрсынов көшесіне емес, «Имран» сауда орталығының алдынан Қонаев даңғылына бұрылады. Содан тіке барған күйі Нұрсәт шағынауданындағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталықты айналып, Теріскей шағынауданында бұрынғы жолына түседі. Тағы бір өзгеріс – «Көл» аялдамасынан кейін Ордабасы алаңына бұрылмай, Қырғы базар арқылы теміржол вокзалына соғады. Тәуелсіздік саябағының алдынан бұрынғы бағытына қайта түседі.
Қаланың қоғамдық көлік саласындағы тағы бір жаңалық – автобустардың жүру кестесінің сақталуы мен бағытының картасын жуық арада GPS арқылы бақылау мүмкіндігі қосылмақ. Қазірдің өзінде автобустардағы «Төлем» жүйесінің GPS-ы арқылы көліктердің жүруін бақылауға болады. Сол «Төлем» жүйесінің кейде істемей қалатынынан басқарма мамандары хабардар. Айтуынша, қазіргі таңда инвестормен бірге олқылықты жою мақсатында жұмыс жүргізілуде. Жаңа жүйе қала тұрғындары арасында толық қолданысқа енген соң басқарма мамандары бұл бағытта рейдтерге шығып, жүйенің жұмыс істелуін де тексеруді жоспарлап отыр.
Шымкент: Қаратау аудандық №2 ХҚО жаңа ғимаратқа көшті
Четверг, 03 Декабрь 2020 05:25Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабының тұрғындары мемлекеттік қызмет түрлерін Қаратау ауданы, Ибраһим ата көшесіндегі №118/2 ғимараттан ала алады. "Азаматтарға арналған үкімет" КЕ АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Данабек Исабековтың айтуынша, аталған ауданның халық саны 60 мыңнан астады. Осыған орай ХҚО-ға келетін азаматтардың көбеюіне байланысты жаңа ғимаратқа көшу қажеттілігі туындаған.
«Біз тұрақты түрде мемлекеттік қызметтердің көрсетілу реті бойынша талдау жасап, азаматтардың ыңғайлылығы үшін ХҚО аумағын кеңейту қажет деген қорытындыға келдік. Енді бұл проблема шешіледі деп ойлаймын және ХҚО-ның көшірілуі мемлекеттік қызметтерді барынша жедел көрсетуге және олардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа ХҚО-да 19 инспектор жұмыс істейді, ал дайын құжаттарды қабылдау және беру үшін 9 жұмыс орны бар. Сондай-ақ, 100 көлікке арналған автотұрақ қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пандус және шақыру батырмасы жұмыс істейді», - деді Д.Исабеков.
Айта кетейік, Қаратау аудандық №2 ХҚО мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде, яғни жалға алу шығынынсыз жұмыс істейді. Филиал коммуналды қызметтердің ақысын ғана төлейді.
Жалпы, Шымкентте барлығы 11 халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді, оның ішінде 3 мамандандырылған ХҚО және көші-қон қызметін көрсету орталығы бар. Жыл басынан бері №2 ХҚО-да 25 мыңнан астам мемлекеттік қызмет түрі көрсетілген.
ХҚО жаңа мекенжайы: Қаратау ауданы, Ибраһим ата көш, 118/2. Жұмыс кестесі: дс-жм, 09:00-ден 18.00-ге дейін, үзіліссіз.