Қала жылу маусымына дайын ба?
Пятница, 02 Октябрь 2020 03:38
...Шымкентте жалпы саны 1 896 көпқабатты үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Сол үйлердің 92 пайыздан астамы жылыту маусымына дайын...
Күздің салқын лебі сезіліп, күннің райы өзгеріп келеді. Мегаполисте жөндеу жұмыстары басталып, қысқы жылыту маусымына дайындық аяқталып қалды. Жуырда жауапты мамандардың жұмысымен қала әкімі Мұрат Әйтенов танысып шықты. Соңғы дайындық жұмыстары туралы
Шымкент қаласының энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының басшысы
Жолшыбек Шайхсламовтан сұрап-білген едік.
– Жолшыбек Мұхтарұлы, бірден негізгі мәселеге көшсек. Қала жылу маусымына қаншалықты дайын?
– Иә, бұл мәселе – қазіргі таңда басты назарда тұрған жайт. Негізгісін айтсам, Шымкент қаласының шаруашылығы 2020-2021 жылдардағы жылу беру маусымына 95 пайызға дайын. Жалпы, бұл жұмыстың барысы қала әкімінің және энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасы, яғни, біздің мекеменің қатаң бақылауында тұр.
– Ал жылу қай уақыттан бастап беріледі?
– Жылу қаламызда сырттағы тəуліктік орташа температура +8 градус және одан төмен болғанда қосылады. Өткен 2019 жылы жылу 25 қазанда берілген болатын.
– Көпқабатты үйлердегі сығымдау жұмыстары биыл толық аяқталды ма?
– Жалпы, шаһардағы жылу жүйелерінің ұзындығы 412,9 шақырымды құрайды. Оларда қысыммен тексеру жұмыстары толық дерлік жүргізілді. Оның ішінде 75,8 шақырымдық магистралды жылу жүйелерінің 98 пайызы, 337 шақырым ішкі орамдық жылу жүйелері толық тексерілді. Қысыммен тексеру барысында 85 ақау орын алып, оның барлығы қалпына келтірілді.
– Сығымдау жұмыстарын жеке компаниялар келісімшарт ретінде атқарды ма әлде басқарма тарапынан жүргізілді ме?
– Шымкент қаласының энергетика және коммуналды шаруашалық басқармасының құзыретіне үйлерді дайындау жұмыстары кірмейді, қаладағы үйлер тұрғындардың жекеменшігінде болуына байланысты, сығымдау жұмыстарын тұрғындар өз тарапынан, жеке компаниялармен келісімшарт арқылы жүзеге асырады. Бюджеттік мекемелерді сығымдау жұмыстары да солай атқарылады.
– Көп қабатты үй дегеннен шығады, қаламызда қанша үй жылу желісіне қосылған?
– Шымкентте жалпы саны 1 896 көпқабатты үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Сол үйлердің 92 пайыздан астамы жылыту маусымына дайын. Қалған тұрғын үйлерде құрылыс-монтаж жұмыстары жүруде. Ал 479 бюджеттік нысанның бүгінгі таңда 470-і жылу алуға дайын, қалған 9 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, қаламызда 479 бюджеттік мекеме жұмыс істеп тұр. Оның
271-і жеке қазандықтардан жылытылса, 208-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.
– Жолшыбек Мұхтарұлы, сонда қаламызда қанша қазандық пен жылу станциясы бар?
– Қалада 1 жылу-энергия станциясы («3-Энергоорталық» АҚ) мен бөлек орналасқан 11 жылу қазандығы бар. Оларды «Қуатжылуорталық-3» мекемесі қысқы маусымға толық дайындады. Соның ішінде Нұрсәттегі жаңа жылу қазандығын атап өту керек. 2015 жылы іске қосылған қазандық ғимараты 1124 шаршы метр аумақта орналасқан. Онда мол жылу бере алатын Bosch Loos UT-HZ пештері орнатылған. Мұндағы отынның негізгі түрі — табиғи газ. Ең жоғарғы қуаттылығы сағатына 163.5 Гкал-ға жететін қазандық мегаполистің әкімшілік-іскерлік аумағындағы көпқабатты 78 үй мен 8 әкімшілік ғимаратқа жылу береді.
– Сол қазандықтарда жағылатын отын мәселесі қалай?
– Шағын қазандықтардан жылытылатын бюджеттік нысандарға 5940 тонна көмір, 222 тонна сұйық отын қажет болатын, бұл отындар нысандарға толық жеткізілді. Ал қала тұрғындарына бір қыста 73,7 мың тонна көмір қажет, бүгінге тұрғындарға жеткізілгені – 45 мың тонна. Бұл көрсеткіш қажеттіліктің 61 пайызын құрайды. Ал шаһардың көмір қоймаларында жалпы көлемі 55 мың тонна көмір қоры бар, қазіргі таңда тұрғындарға қатты отынды уақтылы сатып алу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
– Биыл қалада жол жөндеу жұмыстарымен қоса жылу құбырлары да ауыстырып жатқанын байқадық. Қанша шақырым құбыр ауыстырылды? Және қай аудандарда?
– Шымкент қаласындағы ұзындығы 42,5 шақырым ішкі орамдық жылу жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 15,3 шақырым ішкі орам жүйесі толық қамталды. Бұған қоса жаңадан 10,4 шақырым магистралды жылу құбырлары ауыстырылуда. Бұл жұмыстар қаланың 4 ауданын да қамтыды.
– Тұрғындарды қызықтыратын ең негізгі сауал – жылу ақысы биыл қымбаттай ма?
– Иә, жерлестеріміздің алаңдауына негіз жоқ, 2020 жылдың соңына дейін жылу ақысы өзгеріссіз қалады.
– Және соңғы сұрақ. Қыста жылу беру кезінде олқылықтар болған жағдайда тұрғындар қайда хабарласа алады?
– Тұтынушыларда күзгі-қысқы маусымда жылуға қатысты сұрақ-мәселе туындаған жағдайда Шымкент қаласы әкімдігінің диспетчерлік қызметіне 24-72-99 нөмірі бойынша, сонымен қатар, «Қуатжылуорталық-3» мекемесінің диспетчерлік қызметтеріне 44-82-37, 44-81-89, 50-30-50 нөмірлері бойынша хабарласа алады.
– Сұхбатыңызға рақмет!
ӘРІ КӨЛІК, ӘРІ СЕРІК
Среда, 23 Сентябрь 2020 04:01
Қыркүйектің 22-сі – халықаралық автокөліксіз күн. Көптеген ел тұрғындары бұл күнді атап өтіп, бірі күні бойы автокөліксіз жаяу жүрсе, енді бірі велосипедке ауысады. Велосипед демекші, жыл бойы қажетіне қарай ершіктен түспейтін де адамдар бар. Олар үшін қандай да бір атаулы күннің қажеті жоқ, күнделікті дағдыға айналған.
Себебі, велосипед – қолайлы, ыңғайлы, жай-күй талғамайды. Велосипедке мінсеңіз, көлік кептелісінде қалмайсыз, жанармай мен ақылы тұрақтарға шығындалмайсыз.
Денсаулыққа пайдасы өз алдына бөлек әңгіме. Әлі есімде, әуестене бастаған бала кезде велосипедте ұзақ отыру денсаулыққа, әсіресе, ерлердің денсаулығына зиян деп жиі еститін едік. Дегенмен, соған қарамастан кезінде велосипед айдамаған бала атаулы жоқ шығар. Ол кезде веслоспорттың зияны мен пайдасын түсіндіріп беретін маман қайдан болсын. Ал қазір, интернет дамыған заманда біліп отырмыз, велосипед айдаудың денсаулыққа зиянынан гөрі пайдасы көп екенін. Әсіресе, ер азаматтарға.
Заманауи технология дамып, адам «жалқаулана» бастаған дәуірде белсенді дене қимылы ауадай қажет. Күні бойы кеңседе отырудың зияны көп. Ал осындай отырықшы өмір салтына тап болғандардың барлығында бірдей дене шынықтырып, спортпен айналысуға мүмкіндік жоқ.
Осындай сәтте ең қолайлысы велосипед деп сенімді айта аламыз. Әрі көлік, әрі шынығу. Велосипед айдаған сәттегі еркін әрі жеңіл сезінуді тіпті автокөлік те бере алмайды.
Соңғы уақытта қала көшелерінде велосипед айдаушылардың көбейгенін өздеріңіз де байқаған боларсыздар. Жерлестеріміз, әсіресе, карантин кезінде пайдасын көп көрді. Автобустар мен жеке көліктердің жүруі шектелген шақта велосипедке мініп, өз шаруасымен жүргендер көбейді. Ал шектеу шаралары аяқталып, базарлар мен дүкендер ашылған соң велосипед саудасы күрт өсті. Бір ғана арнайы спорт дүкенінде бағасы 230 мың теңгеден басталатын 8 велосипед бір күнде сатылғанына куә болдық.
Мұның бәрі тұрғындардың велосипедке қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетсе керек. Оның үстіне Шымкентте бірнеше жыл бұрын салынған веложол құрылысы биыл да жалғасуда. Атап айтқанда Д.Қонаев даңғылы мен Ғ.Іляев, Ә.Жангелдин, А.Асқаров, А.Байтұрсынұлы және Түркістан көшелерінің бойындағы веложолақ кезең-кезеңімен пайдалануға берілуде.
Ал қыста жабылып қалған велостанциялар қайта ашылды. Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, тұрғындар қыркүйек айының басынан бері осы «Shymkent bike» станцияларынан велосипедті 4 324 рет жалға алған. 100-ге жуық абоненттік карта сатылса, 31 тұрғын өз картасын қайта қалпына келтірген. Ал 39 карта иесі абономент мерзімін ұзартып отыр.
Бұл жоба бойынша мегаполисте жалпы саны 160 велосипеді бар 40 велостанция қарастырылған. Әзірге соның 31-і жұмыс істеп тұр. Қалған 9 станция алдағы уақытта іске қосылады, деп уәде берді жауаптылар.
Қала әкімі алдағы уақытта мегаполистегі веложеліні одан әрі дамыту жоспарланып отырғанын айтты. Осы мақсатта даниялық «Copenhagenize Design Co.» компаниясымен бірге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы қабылданған. Оған сәйкес, қалада веложеліні толық жетілдіріп, тұрғындардың пайдалануына ыңғайлы ету үшін 1500 велосипеді бар 200 велостанция салу қажеттігі анықталған.
Осы тұжырымдамаға сәйкес, 2025 жылға қарай Шымкентте 110 шақырым веложол болады, деп уәде береді жауаптылар. Қазіргі таңда оның жалпы ұзындығы – 20 шақырым.
Құтқарушылардың қолғанаты – БЕБЕУ
Пятница, 18 Сентябрь 2020 04:37
Шымкенттік өрт сөндіруші мультфильм шығаруда. Осы жаңалықты естіген кезде елең ете қалғанымыз рас. Өнер адамы емес, мүлде басқа саланың өкілі шығармашылықпен айналысқанын қызық көріп, өрт сөндірушімен жолықтық.
Бірден айта кетейік, жерлесіміздің туындысының елімізде баламасы жоқ деуге болады. Алдымен бүлдіршіндерге арналып туған идея уақыт өте келе ауқымы кеңейіп, өзекті жобаға айналып келеді. Сонымен, идея қалай туындаған?..
– Төтенше жағдай саласында 2010 жылдан бері еңбек етіп келемін. Сол жылы Көкшетау техникалық институтын аяқтап, Шымкент қаласының төтенше жағдай басқармасына инженер лауазымына жұмысқа тұрдым. 10 жылдың ішінде инженер, аға инженер, бас маман болып істеп, 2018 жылы, Шымкент мегаполис атанғалы бері Қаратау аудандық төтенше жағдай бөлімін басқарамын. Осы жылдардың ішінде өрт сөндірушілік, жалпы, құтқарушылық қызметтің барлық қызық-шыжығын көрдім десем болады. Қызмет ете жүріп, өзіміздің әріптестердің еңбегін көпшілікке көрсеткім келді әрі балаларға да қызықты болуын қаладым, - дейді Еркебұлан Тасқараев.
Мектеп қабырғасынан белсенді болып, қоғамдық өмірге араласып жүрген жігіт еңбек жолында да тікелей қызметінен бөлек шығармашылық жұмыстарды атқаруға үлес қосады. Төтенше жағдай қызметкерлерінің арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар мен тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын өзгеше етіп өткізіп, түрлі жобаларды жүзеге асырған. Сол жобаларының ең бастысы – Қазақстан бойынша алғашқы «Бебеу» комикс кітабы.
– Бұл идея маған 2015 жылы келді. Бір күні мені жақсы танитын жақыным әңгіме барысында «Құтқарушылардың жұмысын көрсететін қызықты кітапша немесе көрнекі құрал шығарсаң, қалай болады?» деген ой айтты. Айтылды – айтылған ой жерде қалмады. Күндіз-түні ойлап жүріп, бүлдіршіндерге арналған кітапша шығармақ болдым, - дейді Еркебұлан Тасқараев. – Идеяны шығармашылық жолында жүрген бөлеммен бөлісіп, ол мәтінін жазуға көмектесті. Балаларға тез жатталатын әрі жеңіл ат іздеп, «Бебеуге» тоқталдық. 2016 жылы «Сақ» киностудиясының суретшілерімен бірге отырып, түрлі-түсті кітапша шығардық. Жігіттерге өз мамандығымыздың, өрт сөндіру техникасының ерекшелігін түсіндірдім, олар ары қарай анимацияда жетілдіріп, кейіпкер дүниеге келді.
Сол жылдың қыркүйегінде ОҚО облыстық төтенше жағдай басқармасының басшысы Нұрболат Дербісовтың қолдауымен кітапшаның тұсауы кесілді. Туынды басқармаға жиналған Шымкенттегі балабақшалардың меңгерушілері мен әдіскерлеріне таныстырылып, олар өте жақсы бағалады, дейді идея авторы. Әділет министрлігінде авторлық құқық қорғалған соң Еркебұланның жеке қаржысына басылып шыққан 300 дана кітапша балабақшаларға тегін таратылған. Ал 2019 жылы комикс А-3 форматындағы бояу кітапшасы болып басылып шықты.
– Ол кітапшаны да 200 дана етіп шығарып, балабақшаларға тегін тараттық. Қазір қарасаңыз, шетелдің Бэтмен, Супермен секілді кейіпкерлері басылып шыққан қағаз-кітапшалар көп. Өскелең ұрпақ солардың орнына өзімізге жақын кейіпкерлерді танып өссе дейміз, - дейді өрт сөндіруші.
Автор осы идеясы арқылы өрт сөндірушілердің, жалпы, құтқарушылардың имиджін көтеруді мақсат тұтқанын айтады.
– Себебі, бізді көпшілігі тек өрт сөндіреді деп ойлайды. Ал азаматтық құтқару саласының өкілдері қандай да бір табиғи немесе техногенді апат орын алса, тұрғындарға көмек көрсетеді. Комиксте де өрт сөндірушілердің күнделікті өмірі көрініс тапқан. Мысалы, Бебеу де әкесі сияқты өрт сөндіруші болғысы келіп, бір күні әкесінің жұмысына барады. Бірақ, әкесі оның әлі жас екенін айтып, үйіне қайтарады. Қайтар жолда Бебеу түрлі оқиғаларға тап болған адамдарға көмектеседі. Мысалы, әжейдің талдың төбесіне шығып кеткен мысығын түсіреді, торғайдың құлап қалған ұясын бұтаққа іліп, кішкентай қыздың биікке ілініп қалған шарын әпереді, диханның шөліркеп тұрған бау-бақшасына су себеді. Осы арқылы біз өрт сөндірушілердің тұрғындарға көрсететін түрлі көмегін көрсеткіміз келеді, - дейді Еркебұлан.
Айта кетейік, биыл елімізде Азаматтық қорғаныс саласының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осыған орай жоба аясы да кеңейіп, Бебеудің мультфильмі шыққалы отыр. Жуырда Еркебұлан «Сақ»
студиясымен бірге анимациялық туындының трейлерін шығарған.
– Оны басшылар көріп, ұнатты. Қазіргі таңда қалалық әкімдікке ұсыныс жасап, толықметражды туынды жасағымыз келеді. Сюжеттің соңы Бебеудің мектеп бітіріп, Көкшетау техникалық институтына оқуға түсуімен аяқталады. Болашақта сериал түсірсек деп ойлаймыз. Ондағы ниетіміз – қызмет барысында ерлікпен қазаболған әріптестеріміздің өмірін көрсету. Сөйтіп, амандық болса, кинотеатрда, көпшілік алдында тұсауын кессек деген жоспарымыз бар, - деген Еркебұлан өзіне қолдау көрсетіп келе жатқан жандарға алғысын білдірді. – Осы тұста жобаның жүзеге асуына бастан-аяқ қолдау көрсетіп келе жатқан департамент басшысы Нұрболат Бекболатұлына, кітапшаларды басып шығарып, мультфильм жасауда көп жеңілдік жасаған «Сақ» студиясының басшылығына алғыс айтқым келеді.
Құтқарушы сөз соңын қалай болғанда да барлық жұмысымыз тұрғындардың қауіпсіздігі үшін деп аяқтады.
– Жерлестеріміз үнемі өрт қауіпсіздігін сақтап, балаларды иіс газынан қорғаса. Жалғыз қалдырмаса деп кеңес береміз. Біз әрдайым көмекке келуге әзірміз. Себебі – отандастарымыздың қауіпсіздігі – басты назарда!
КҮЗГІ АХУАЛҒА МЕГАПОЛИСТІҢ ДАЙЫНДЫҒЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ
Среда, 16 Сентябрь 2020 06:36
Әлемнің бірқатар елінде коронавирусқа қатысты ахуалдың нашарлауы байқалуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжауы бойынша, жұқпалы респираторлық вирусты инфекция және тұмау дертіне қатысты жағдай қараша-желтоқсан айларында күрделенуі мүмкін.
Осыған орай үшінші мегаполисте COVID-19 және вирустық пневмонияның ықтимал өршуіне қарсы оқу-жаттығу өтті. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасымен өтіп жатқан іс-шараның мақсаты – қаладағы барлық медициналық ұйымдардың инфекциямен күреске дайындығын барынша пысықтау.
Іс-шараға инфекциялық және провизорлық стационарлармен қатар меншік нысанына қарамастан барлық бастапқы медициналық санитарлық көмек ұйымдары қатысты. Яғни, 36 емхана, 9 диагностикалық орталық, 7 ПТР зертханасының қызметкерлері жұмылдырылды.
Алдымен Рысқұлов даңғылы мен Байтұрсынов көшесінің қиылысындағы Шымкент қалалық жедел жәрдем көрсету станциясының call-орталығында шағын жиын өтті. Оған Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары
Шыңғыс Мұқан, қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы
Ғалымжан Әбішев бастаған басқарма мамандары, жедел жәрдем станциясының жетекшілері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Шыңғыс Жұмабекұлы оқу-жаттығудың мақсатына тоқталып өтті.
– Шымкент қаласында коронавирус инфекциясының ықтимал екінші толқынына дайындық шаралары жүргізілуде. Медицина қызметкерлері мен жоғарғы қауіпті топтағы адамдарға тұмауға қарсы егу жасалады, – деді
Шыңғыс Мұқан. – Қалалық штаб медициналық ұйымдардың COVID-19 және вирусты пневмониямен күреске дайындығын пысықтайды. Қазіргі таңда қалада медициналық ұйымдардың үздіксіз жұмысына қажет жеке қорғаныш құралдары, ИВЛ және оттегі аппараттарының қоры құрылды. Дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлер дайындалды, қосымша оқытылды. Сондықтан, тұрғындар жеке қауіпсіздік шараларын сақтауы қажет, егер әр адам бетперде режимін және әлеуметтік қашықтықты сақтаса, дерттің өршуіне тосқауыл болар еді.
Шыңғыс Жұмабекұлының айтуынша, былтырмен салыстырғанда Шымкенттегі медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын қаржыландыру көлемі 6,5 есеге өскен. Сонымен бірге, мегаполистегі бірқатар медициналық ұйым күрделі жөнделуде, бірқатарындағы жөндеу аяқталды. «Былтыр 152 млн теңге бөлінсе, биыл бұл мақсатта 6 млрд теңгеден астам қаржы қаралды», - деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Оқу-жаттығу барысында қала әкімінің бірінші орынбасарына call-орталық операторларының жұмысы таныстырылды. Мұнда науқас шақыртуының «103» пультіне түскен сәтінен бастап, тиісті белгілері болған жағдайда, стационарға жатқызуға дейінгі іс-әрекеттің алгоритміне баса назар аударылды.
Мамандардың мәліметінше, қала тұрғындарына жедел медициналық көмек 4 санат бойынша көрсетіледі. Жедел жәрдем станциясының операторы бірер минуттың ішінде өзіне қажет мәлімет алған соң, науқастың жағдайына қарай, жедел жәрдем бригадаларын көрсетілген мекенжайға бағыттайды. Ондағы дәрігерлер науқасқа жетіп, жай-күйін бағамдап, тиісті провизорлық стационарға жеткізеді.
Сондай қоңырау шалған тұрғынның бірі Асардағы провизорлық орталыққа жеткізілсе, екіншісін жедел жәрдем бригадасы «Атамекен» провизорлы стационарына алып келді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Бекбауованың айтуынша, мұнда орта дәрежелі науқастар жеткізіледі. Ары қарай орталық мамандары науқастың жағдайына қарай палатаға жатқызады немесе анализ алады.
Медициналы оқу-жаттығу жұмыстары қалалық №3 емханада да өтіп, дайындық жұмыстарын зерделеді.
Жауапты мамандар мұндай оқу-жаттығулар алдағы уақытта тұрақты түрде өткізіледі деп отыр.
«МәслихатТЫҢ қызметі кеңейтіліп, міндеті арта түседі»
Среда, 16 Сентябрь 2020 06:20Қыркүйек айының басында ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына кезекті Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысы онда жергілікті мәслихаттардың да жұмысына тоқталып, «...мәслихаттардың ревизиялық комиссияларын күшейту керек. Үкімет пен Есеп комитетіне заңнамаға тиісті түзетулер пакетін даярлауды тапсырамын», – деп мәлімдеді. Осыған орай біз Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараевтан Жолдау жүктеген міндеттер туралы пікірін білген едік.
– Ғани Әбдіғаниұлы, жуырда Мемлекет басшысы Жолдауда «Мәслихаттар өкілді орган ретінде өңір қаражатының тиімді жұмсалуын бақылауға жауапты. Бірақ, көп жағдайда олардың пікірі ескерусіз қалады. Бұл – барып тұрған саяси анахронизм» деп атап өтті. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?
– Әрине, келісемін. Мемлекет басшысы өз Жолдауында 11 негізгі басымдықты айқындап, әр басымдық бойынша тыңғылықты пысықтап, ойластырылған міндеттер мен тапсырмаларды белгілеген еді. Президент, ең алдымен, мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне және оларды орындау жауапкершілігіне деген көзқарасты өзгертуден бастау қажеттігін атап өтті. Жолдаудағы аса маңызды мәселенің бірі – азаматтарды мемлекеттік басқару процесіне неғұрлым белсенді жұмылдыру арқылы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуды жеделдету. Бұл тұрғыда мәслихаттар ерекше маңызды рөл атқарады. Өйткені мәслихат депутаттары сайлаушылардың тыныс-тіршілігімен етене танысып, кез келген мәселелері бойынша мұң-мұқтажын шешуге ықпал етіп, қолдан келген көмегін көрсетіп келеді. Жолдауда ел Президенті жергілікті мәслихаттарға ерекше тоқталып, үлкен міндеттер жүктеді. Өзекті мәселені көтерді. Өз кезегінде біздерге, жергілікті мәслихаттарға үлкен жауапкершілік жүктеліп, сенім артылып отыр деп ойлаймын.
– Президенттің Жолдаудағы «мәслихаттарға жергілікті түйткілді мәселелерді шешу үшін қол жинау және петиция жасау құзыретін беруге болады» деген тапсырмасы сіздердің жұмыстарыңызға қаншалықты әсер ете алар еді?
– Өз басым жергілікті өкілетті орган қызметкері ретінде ел Президентінің мәслихаттардың жұмысын жетілдіруге, оңтайландыруға назарын аударуы қоғамды демократияландыруға бағытталған нақты қадам деп білемін. Жылдар бойы шешімін таппай келген, қордаланған мәселелерді шешуге депутаттардың араласуы үшін қосымша құзырет берілсе, әрине, бұл халық қалаулылары үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік болар еді.
– Мемлекет басшысы айтқан тағы бір жаңалық мәслихат отырыстарының міндетті онлайн-көрсетілімдерін енгізу болмақ. Сіздіңше, бұл өзгеріс депутаттар мен сайлаушылардың өзара байланысын жаңа деңгейге көтере ала ма?
– Халықпен тиімді кері байланыс орнатуы үшін Шымкент қаласы мәслихаты жыл басынан бері қағазсыз жұмыс істеп, цифрландыру процесіне өткен. Яғни, тұрғындардың қандай да бір өтініші, ұсыныстары болса, бұрынғыдай мәслихатқа келіп немесе қағаз жүзінде хат жазып әуре болмайды. Әр депутаттың өз атына тіркелген жұмыс планшетіне өз округіне қарасты тұрғындардан ресми сайтқа жолданған хаттар түсіп отырады. Яғни, Шымкент қаласы мәслихатының ресми сайтында тікелей депутатқа сауал жолдау үшін «Ұсыныс қалдыру, өтінім қалдыру» қосымшалары іске қосылған. Осы арқылы депутат тұрақты комиссия немесе сессия отырысы барысында тұрғындардан келіп түскен мәселені қарай отырып, бірлесе талқылайды. Әлеуметтік желі арқылы да депутаттарға сұрақ қойып, жауап алып, өздерінің ұсыныстары мен көзқарастарын білдіретін аккаунттар жұмыс істеп тұр. Бүгінде карантин бола тұра халықтың көптеген өтініштері ескеріліп, оң шешімін тапқан мәселелер бар десем, артық айтпаймын. Алдағы уақытта да мәслихатта тұрғындармен қарым-қатынасты тығыз орнатып, өзекті мәселелер тез шешімін тауып отырады деп сенемін. Сондықтан, мәслихат отырыстарының онлайн-көрсетілімдерін енгізу бізге қиын болмайды. Меніңше, бұл әдіс халық қалаулыларының жұмысын ашық көрсетіп, бір жағынан депутаттардың жеке жауапкершілігін арттырып, олардың халықпен тығыз байланыс орнатуына жол ашады деп ойлаймын. Әрі мәслихаттың рөлін нығайтуға да үлкен үлесімізді қосамыз.
– Жалпы, ел өмірінде биыл үлкен өзгерістер болуда. Жаппай індетпен көпшілік болып күресіп, денсаулық сақтау алғашқы орынға шықты. Осы төтенше жағдай мен карантин кезінде Шымкент қаласы мәслихатының жұмысы қалай жүрді?
– Шымкент қаласы карантинге жабылса да қалалық мәслихаттың жұмысы тоқтаған жоқ. Өйткені сессияға келіп түсетін мәселелердің заңдылығын қарап, төтенше жағдайға байланысты шұғыл маңызды шешімдер қабылдау керек болды. Тұңғыш Президент –
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын жүзеге асыру мақсатында әріптестеріміз мәслихат аппаратының қабырғасында жүрмесе де жоспарлы жұмыстарын атқарып келеді. Сессия отырыстарын қашықтан өткізіп отырдық. Өздеріңізге белгілі, пандемия жағдайында медициналық аппараттардың жетіспеушілігі, азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету, білім саласын қамтамасыз ету сияқты мәселелер туындады. Бұл проблемалардың оң шешілуіне қосымша қаржы қарастырдық. Одан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған дағдарысқа қарсы шараларға қала мәслихатының депутаттары толықтай қолдау білдіріп, пандемия кезінде жеке қаржысынан да материалдық көмек көрсетті.
Бүгінде жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасуда. Біз халық пен биліктің ортасындағы көпір болғандықтан, халықтың мұқтажын ескеріп, билікке ұсыныс жасай отырып, азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшін мәселені шешуге бірлесе атсалысып келеміз. Індетпен күрес кезінде өзгеге қол ұшын созып, тілеулес болу, тосыннан келген кеселге қарсы тұру маңызды екені анық байқалды. Сондықтан қазіргі күрделі жағдайда бізге, ең бастысы, бірлік керек. Бір-бірімізге қолдау көрсетіп, жауапкершілікті таныта білуіміз керек.Сол бірліктің арқасында біз әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қала аламыз.
– Бірлік демекші, карантин кезінде жергілікті атқарушы биліктен бастап түрлі ұйымдар, еріктілер, жекелеген адамдар мұқтаж жандарға көмектесті. Мәслихат та осы игі істен шет қалмаған болар?
– Халық қалаулысы үшін «бөтен біреудің мәселесі» деген түсінік жоқ. Сондықтан, біздер – депутаттар, пандемия жағдайында да, Арыс қаласындағы төтенше жағдай кезінде де зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетіп, эвакуация және орналастыру жұмыстарына белсенді араластық. Биыл да пандемия кезінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Біз біргеміз» қайырымдылық қоры аясында қаржы жинап, 200-ге жуық мұқтаж отбасыға азық-түлік, медициналық маскалар, антисептиктер, ауруханаларға 30-дан астам тыныс алу аппаратын алып бердік.
Жалпы, депутаттар қайырымдылық шараларын жиі ұйымдастырады. Халық қалаулылары көпбалалы аналар, осал топтағы отбасылар, қариялар, ата-анасының қарауынсыз қалған балаларды қажет заттармен қамтып отырады. Жастарды қолдау, спортшылар, ардагерлерді қолдау мақсатында сый-сияпаттар жасап тұрамыз. Білім және денсаулық сақтау мекемелері де көмектен тыс қалмайды. Одан бөлек, тек қала емес, жалпы елімізде болып жатқан түрлі төтенше жағдайларда да көмек қолын созуда депутаттар алдыңғы қатарда жүрді. Тек халық қалаулылары көрсеткен көмектерін өз еліне деген сүйіспеншілік пен борышы деп білгендіктен, БАҚ беттеріне жариялай бермейді.
– Жалпы, осы карантин жыл басында жоспарланған жұмыстарыңызға әсерін тигізді ме?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, сессия отырысы мен басқа жиындар да онлайн режимде жүргізіліп отырды. Карантин жоспарлы жұмысымызға айтарлықтай кері әсерін тигізген жоқ. Жыл басында Шымкентті дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру туралы, әлеуметтік-экономикалық жағдай, инфрақұрылымдық құрылыс, электр және газбен жабдықтау, қала аумағындағы мәдениет, дене тәрбиесін дамыту және спорт салаларындағы мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылуы, жол мәселелері мен қоғамдық көлік, әлеуметтік саланы дамыту секілді мәселелер қаралған болатын. Бүгінде бұл мәселелер жоспарлы түрде рет-ретімен орындалып келеді. Республикалық маңызы бар қала болғандықтан, мәслихат жұмысының ауқымы да әлдеқайда артты. Мегаполис мәртебесін алғалы қаланы дамыту жоспарларын құру және олардың бекітілген мерзімде жүзеге асуын қадағалап, қаланың әлеуметтік-экономикалық даму тұрақтылығын қамтамасыз етуде ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Бүгінде қаланың бюджетінің көлемі үш есеге артып, 450 млрд теңгеден асты. Биыл қаланың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған кешенді шаралардың қабылдануына ықпал ету, мемлекеттің қаржысын тиімді жұмсалуын қадағалап, оны дұрыс бағытқа бөлу, миллион тұрғынға уақтылы мемлекеттік қызмет көрсету, қала аумағына кіретін аймақтарды сумен қамтамасыз ету және кәріз мәселесін шешу, медициналық қызметтің сапасын арттыру, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, білім сапасын және жастарды қолдау сияқты мәселелерді көп көтердік. Барлығы да кезегімен шешімін тауып келеді.
– Соңғы сұрақ. Алдағы жоспарларыңыз жайлы айтсаңыз?
– Алдағы жоспарымыз, ел азаматы және партиясының белсенді мүшесі ретіндегі ел дамуының жаңа кезеңіндегі негізгі міндетіміз – қала тұрғындары тұрмысының сапасын жақсартуға күш салу. Әріптестеріммен бірлесе отырып ауқымды істер атқардық. Бүгінгі таңда бүкіл әлемге таралған пандемия салдарынан мемлекетіміз барлық елдермен бірге күтпеген қиындықты бастан өткеруде. Індеттің өршуіне байланысты біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде экономикалық даму бәсеңдеп, дүниежүзі аса күрделі дағдарыспен бетпе-бет келді. Мұндай жағдайда кез келген мемлекеттің басты мақсаты халықтың әлеуметтік жағдайын құлдыратпай, қалыпты деңгейде ұстап тұруға бағытталары сөзсіз. Пандемия партия доктринасында белгіленген негізгі құндылықтардың бірі – Адам өмірі айрықша маңызға ие екенін дәлелдей түсті. Сол себепті «Nur Otan» партиясының сапында Елбасының және
Президенттің бастамаларын жүзеге асыруға белсенді түрде атсалысамыз.
– Сұхбатыңызға рақмет!
«Бақытты отбасымен» баспаналы болу
Пятница, 11 Сентябрь 2020 05:25НЕМЕСЕ БАҒДАРЛАМАНЫҢ ШАРТТАРЫ ҚАНДАЙ?
Әр адамның, әр отбасының берекесі баспанамен тікелей байланысты. «Өз үйім – өлең төсегім» дейміз. Әсіресе, мынадай нарық заманында баспана мәселесі өзекті болып тұр. Сол баспана бабын қазіргі таңда әр отбасы өз шамасына қарай жасап келеді. Біреуі өз күшімен салып алса, енді бірі мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көруде. Соның бірі – «Бақытты отбасы» бағдарламасы.
Халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған бұл бағдарлама осыдан бірер жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен іске қосылды. Оның басқа бағдарламалардан бірнеше айырмашылығы бар. Мысалы, тек жаңа үйлерден ғана емес, екінші нарықтан пәтер, жер үйлер алуға болады. Ал ең бастысы – баспана алуға несие 2 пайызбен беріледі. Бұл – елімізде бұрын-соңды болмаған пайыздық ставка.
Дегенмен, бағдарламаның қатаң шарттары бар. Пәтер алушы жергілікті әкімдікте баспана кезегінде тұратын, әлеуметтік әлсіз топтан болуы қажет. Отбасының әр мүшесінің табыс көзі 2020 жылы 62 366 теңгеден аспауы тиіс (2019 жылы бұл көрсеткіш 42 500 теңге болатын). Мысалы, 4 мүшесі бар отбасының айлық табысы 253 464 теңгеден аспауы керек.
Табыс көзі дегеннен шығады, 2019 жылы бағдарлама алғаш қосылған кезде қатысуға бел будық. Жергілікті атқарушы органда ерекше бала тәрбиелеуші отбасы ретінде кезекте 2015 жылдан бері тұрамыз. Бағдарлама басталғаны туралы жаңалықтан біліп, тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясына бардым. Себебі, «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысу үшін әкімдікте кезекте тұратыныңыз туралы жолдама алу керек. Бірқатар құжат жинап, өткіздім. Жауабы бір аптадан кейін келіп, жолдама берілді.
Енді осы жолдамамен Тұрғын үй құрылысы жинақ банкіне баруыңыз қажет. «Бақытты отбасы» бағдарламасының операторы – осы қаржы институты. Әкімдіктен жолдама алған соң банк сіздің төлем қабілетіңізді тексереді. Айтпағым, былтыр менің отбасымның табысы шартты деңгейден – үш адамға 42 500 теңгеден шаққандағы 130 мың теңгеден асып кетті.
Биыл да бағдарлама мамыр айында басталды. Тек карантинге байланысты әкімдіктен жолдама алу үшін құжатты онлайн тапсырдық. Әлеуметтік желіден жолдама алуға өтініш қабылдау басталғаны, ол үшін shymkent-baspana.kz сайты іске қосылғаны хабарланды. Тағы да бір аптадан соң электронды поштама банкке арналған жолдама келді. Табыс көлемі сол күйі, тек биылғы талап бойынша әр адамның кірісі 62 мыңнан келіп, 187 мың теңгеден аспауы тиіс.
Содан банкке құжат тапсыру мерзімі көктемгі төтенше жағдайдың соңғы жағына дөп келіп, біраз күттік. Мамыр айында төтенше жағдай алынып, карантин шектеулері енгізілген соң банк өтінім берушілерді қабылдай бастады. Барлық сақтық шаралары сақталған, кезекке онлайн жазыласыз, әдеттегідей – маска және антисептик... Менеджерлер тиісті құжаттарды тексеріп, табысыңыз, бар болса – кредит төлемдеріңізді ескере отырып, сізге берілуі мүмкін несие мөлшерін айтады. Сол сәттегі менің қаржылық жағдайымды бағамдап, бірінші кредит бюросындағы тарихымды тексеріп, 13 млн 700 мың несие ала аласыз деді. Менеджердің кеңесімен жұбайымның мүмкіндігі шектеулі бала күтімі үшін алатын жәрдемақысын да табыс көзіне қостық. Ол үшін халыққа қызмет көрсету орталығынан (тағы да сол онлайн брондау арқылы) және жәрдемақы түсетін банк бөлімшесіне барып, соңғы алты айдағы анықтаманы алдық. Сонымен, 15 млн теңгеге дейін алдын ала несие мақұлданды.
Айта кетейік, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 15 млн теңгеге дейінгі баспана алуға болады. Қалған өңірлерде несиенің шекті көлемі – 10 млн теңге.
Қош, Тұрғын үй құрылысы жинақ банкінен несие мақұлданды. «Енді сатып алатын пәтер іздеп, құжаттарын бізге тексеруге әкелесіз» деді менеджер. Жолдама мен несиенің алдын ала келісімінің мерзімі – 6 ай. Дегенмен, жарты жыл бойы күтудің қажеті жоқ, ертерек қамдану керек.
Жарнама және хабарландыру жарияланатын сайттарды, газеттерді шолу басталды. Біз жеке үй емес, пәтер аламыз деп шештік. Сол тұста сатушыға банк арқылы алатыныңызды алдын ала ескерту маңызды. Себебі, пәтерді банк арқылы сатып алу әдеттегі, қолма-қол ақшаға сатып алуға қарағанда ұзағырақ жүреді. Бұл жерде сізге несие беретін банк пәтердің құжатын толық тексереді. Өйткені, жылжымайтын мүлік несиеңізді төлеп біткенше банкке кепілдікте тұрады.
Сатушымен бағасына келісіп, ауызша келісім жасалған соң пәтерді бағалау керек. Онымен банктен аккредициядан өткен тәуелсіз бағалаушылар айналысады. Менеджер ұсынған тізімнің арасынан бір бағалаушыға хабарласып, пәтерді бағаладық. Қызмет бағасы – 9000 теңге. Барлығы ресми, төлем чекпен расталады. Пәтерге барып, іші-сыртын суретке түсіріп, 1-2 күнде бағалау құжатын қолымызға алдық. Айта кетейік, біз бір пәтермен шектелмей, өз қаржымызға үш пәтерді бағаладық. Себебі, уақыт тығыз, бірінің болмаса бірінің құжаты банк талабынан өтсе, ертерек рәсімдеуге кірісеміз.
Сатушымен қай бағаға келіскеніңіз банк үшін маңызды емес. Несие тәуелсіз бағалаудан кейінгі пәтер құнына байланысты беріледі. Мысалы, сіз ұнатып, алғалы отырған баспананы сатушы 15 миллион теңгеге сатқысы келеді делік. Ол – өзінің сұрап отырған сомасы, ал бағалауда ол құннан төмен немесе жоғары болуы мүмкін. Бағалаушы сол пәтерді 14 млн теңге деп бағаласа, банк те сізге несиені осы көлемде береді. Әрине, сізге алдын ала 14 млн теңгеге дейінгі несие мақұлданған жағдайда ғана. Ал сатушы пәтерін сізге 14 млн теңгеге сатуға келіспесе, баға айырмасын өзіңіз төлейсіз немесе басқа пәтер іздейсіз.
Осылайша мамыр айының соңында банкке баруды бастап, қарастырып жүріп, шілденің басында бір пәтерге тоқталдық. Енді сату-сатып алу келісім-шартын жасасу керек. Ол құжатты банк филиалындағы нотариуста немесе басқа нотариуста рәсімдеуге болады. Сол құжатты ХҚО арқылы әділет органдарында тіркеуге өткізесіз. Тіркелген соң банкпен жылжымайтын мүлікті кепілге алу келісім-шартын жасастық. Мұның барлығы бірер күннен бастап бір аптаға дейін созылуы мүмкін.
Құжаттарды рәсімдеген менеджер несие бөліміне жіберді. Ол жақта да ұзын-сонар кезек. Себебі, бағдарлама арқылы баспана алуға ниет білдіргендер көп. Осыны білетін, жаңалықтан өздері де құлағдар болып отырған сатушылар үй бағасын қымбаттатып жіберген. Мұны мамыр айының соңында қарастырған пәтерлерге шілде айының басында қайта оралғанда байқадық.
Енді бағдарлама шарты бойынша пәтер құнының кемінде 10 пайыз көлемінде алғашқы жарна құю қажет. Өтініш беруші жарна ретінде Тұрғын үй құрылысы жинақ банкінде жинаған қаржысын пайдалана алады. Ал ондай есеп-шотыңыз болмаса, ашып, бірден құюға болады. Біз есеп-шотты несие мақұлданған күні аштық, сөйтіп, пәтер алуды ойластырғаннан бастап ақша жинауды бастадық. Қарызданып, қауғаланып жүріп, 1,5 млн теңге жиналды. Соны менеджер айтқан күні банктегі шотымызға құйдық.
Осы тұста айта кетейік, жергілікті әкімдік тарапынан пәтер құнының алғашқы жарнасын өтеу мақсатында, әлеуметтік әлсіз топтарға қолдау ретінде 1 миллион теңгелік тұрғын үй сертификаттарын беру қарастырылған. Оны алудың да өз шарттары бар және ол жылдың белгілі бір мерзімінде беріледі.
Сонымен, несие мақұлданды. Құжаттар банктің Алматыдағы бас кеңсесіне жіберіліп, екі күнде қайтып келді, қол қойылды. Бізге берілген несие пәтердің сатып алу ақшасы ретінде сатушының есеп-шотына аударылды. Яғни, сату-сатып алу келісім-шарты жасалғаннан бастап ақша сатушының қолына жеткенше бір аптаға дейін уақыт өтеді. Жылжымайтын мүлікті банк арқылы рәсімдеудің бір ерекшелігі – осы. Пәтер сатушыға осы шартқа алдын ала ескертіп, айтуыңыз керек, әйтпесе, түсініспеушілік туындауы мүмкін. Осылайша арада 2 айға жуық уақыт өткенде пәтер кілтін қолымызға алдық...
КҮЗГІ ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУ БАСТАЛДЫ
Четверг, 10 Сентябрь 2020 08:19
Шымкентте күзгі әскерге шақыру басталды. Елде енгізілген төтенше жағдай кезеңінде карантиндік шараларға байланысты көктемгі әскерге шақыру мамыр-шілде айларына атқарылып, 31 шілдеде ресми түрде аяқталды. Қалалық қорғаныс істері жөніндегі департамент мамандары биылғы жоспар да орындалғанын мәлімдеді.
Департаментте енді күзгі науқан қолға алынды. Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды өткізу мерзімі биылғы 1 қыркүйектен бастап желтоқсан айының соңына дейін деп белгіленіп отыр. Мамандар барлық іс-шара санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып ұйымдастырылады дейді.
– ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына сәйкес азаматтарды әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және қамтамасыз етудің барлық түрлері жергілікті әкімдіктерге жүктелген. Әскерге шақырылушылар да, медициналық комиссия мүшелері де маскалармен және антибактериялық құралдармен қамтамасыз етілген. Ал Қорғаныс министрлігі жергілікті әскери басқару органдарының қызметкерлерін қорғау жұмысын атқарып, дезинфекциялау құралдарымен қамтамасыз етуде. Жиын пункттерінде қажет санитарлық жағдайларды қамтамасыз ету жоспары әзірленіп, әскерге шақырылушылардан суық тию ауруларына тән симптомдар анықталған кездегі іс-әрекеттер қарастырылған, - дейді Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Ринат Мадьяров.
Биыл әскерге шақырылушылар қашықтықты сақтай отырып, медициналық куәландырудан өтуге жіберіледі. Жауапты қызметкерлер осы талаптардың сақталуын, дәрігерлерге кезектің толып қалмауын бақылайды. Шақыру және жинау пункттерінің барлық қызметтік және қосалқы үй-жайларында, шешінетін орындар, асханалар және түнгі демалуға арналған орындарда жұмыс күні ішінде кемінде екі рет дезинфекция жүргізіледі. Жинақтау пунктерінде ПТР тестілеу жүргізу жоспарлануда.
Жалпы, биылғы күзгі науқан барысында 700-ден астам жас азаматты мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарланып отыр. Әскерге спортшыларға артықшылық беріліп, әскер, ІТ-мамандар, жүргізушілер, байланысшылар, музыканттар және басқа да көптеген мамандар қажет.
ТЖД байқау жариялады
Пятница, 28 Август 2020 04:06Биыл Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 25 жыл толғалы отыр. Осыған орай азаматтық қорғаныс салаларының жұмысына арналған байқау жарияланды. Бұл туралы Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінде өткен брифингте айтылды.