Әлеуметтік жәрдемақы онлайн рәсімделеді
Среда, 01 Апрель 2020 06:54
Сәуір айынан бастап қазақстандықтар атаулы әлеуметтік көмекті мемлекеттік органдарға бармай-ақ рәсімдей алады. Бұл – елдегі төтенше жағдайға байланысты. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері осылай деп хабарлады.
– Әлеуметтік көмекті қайта тағайындау үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық базалары арқылы сол азаматтардың деректері тексеріледі. Атап айтқанда тұрғылықты жері бойынша тіркеу, жылжымайтын мүліктің бар-жоғы, кірістер және т.б. салыстырылады. Егер отбасы құрамы өзгермеген жағдайда, АӘК тағайындауға өтініш қолда бар деректер негізінде қалыптастырылатын болады. Бұл үшін халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері І тоқсанда АӘК алған азаматтар үшін өз бетінше өтініш жасайды және АӘК тағайындау өлшемдеріне сәйкестігін тексереді, - деп мәлімдеді Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының баспасөз қызметінің мамандары.
Орталық өкілдерінің мәліметінше, АӘК тағайындауға қажет барлық ақпарат, сондай-ақ, хабарламалар электронды пошта немесе мессенджерлер арқылы жіберіледі.
Ал 2020 жылдың І тоқсанында атаулы әлеуметтік көмек алмаған азаматтарға АӘК тағайындау үшін egov.kz порталы арқылы өтініш жіберу қажет. Әрі қарай жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері құжаттарды мемлекеттік органдардың мәліметтер базасында тексеріп, өтініштің нәтижесін электронды пошта немесе мессенджерлер арқылы хабарлайды.
Бұл ретте елдегі төтенше жағдайға байланысты учаскелік комиссиялар көшпелі тексерулер жүргізбейді. Мамандар барлық қажет құжаттарды азаматтардан электронды пошта немесе мессенджерлер арқылы сұратады.
Айта кетейік, коронавирус таралуының алдын алу мақсатында Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы 26 наурыздан бастап қашықтықта жұмыс жүргізу тәсіліне көшкен. Соған орай азаматтарды жеке қабылдау, орталық қызметкерлерімен қолма-қол қандайда бір құжаттарды қабылдау тоқтатылды. Қала тұрғындары жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек және кәсіптік оқыту мәселелерімен аудандары бойынша өздерінің арыз-шағымдарын, сауалдарын +77023842118 WhatsApp нөміріне жолдай алады.
Одан бөлек азаматтардың өз аудандары бойынша белгіленген байланыс нөмірлеріне хабарласып, жауапты мамандарға мәселелері бойынша сұрақтарын қоя алады.
Абай ауданы бойынша:
Жұмыспен қамту – 87028188009, АӘК – 87751567636;
Еңбекші ауданы бойынша:
Жұмыспен қамту – 87776028841, АӘК – 87029628816;
Әл-Фараби ауданы бойынша:
Жұмыспен қамту – 87761764040, АӘК – 87756518689;
Қаратау ауданы бойынша:
Жұмыспен қамту – 87752141188, 8702 662 34 70, 8775 409 36 16, 8778 535 24 95, АӘК – 87085666244.
Жұмыспен қамту орталығы онлайн режимдегі жұмысқа көшкелі 1800-ден астам адамға АӘК бойынша қызмет көрсеткен. Қашықта жұмыс жүргізу енгізілгелі бергі 26-30 наурыз күндері аралығында 49 құжат қабылданып, 133 хабарлама электронды түрде таратылды. Бұған қоса 1663 ақпарат телефон арқылы берілген.
Сонымен қоса, елдегі қалыптасқан жағдайға орай жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері ерікті ретінде де қолдан келген көмектерін аямауда. Атап айтқанда демалыс күндері орталықтың 40-тан астам қызметкері «Гауһар» тігін фабрикасы мен №5 колледжге барып, бетперде тігуге көмектесті.
Бекеттегілерге – «Кәусардан» ыстық тамақ
Среда, 01 Апрель 2020 06:53
Шымкентте бүгінгі қалыптасып отырған эпидемиологиялық жағдайға байланысты қосымша шектеу шаралары қолға алынғаны белгілі. Коронавирус індетін алдын алу бойынша қалаға кіретін жолдарда 13 бекет жұмыс істеуде. Онда полицейлер тәртіпті қадағаласа, медицина қызметкерлері жолаушылар мен жүргізушілердің дене қызуын өлшеп, мәліметтерді жазып алуда.
Күні кеше мегаполистегі «Кәусар» шайханалар желісінің өкілдері осы бекеттердегі қызметкерлерге ыстық ас-ауқат таратты. Дәмхана басшылығы 5 бекеттегі мамандарға 130 кісілік палау жеткізіп берді.
– Халықтың қауіпсіздігі үшін блок-постта қызмет етушілерді қолдау мақсатында «Кәусар» ұжымы қамқорлық ақциясын ұйымдастырдық. Тәулік бойы бекетте тұратын мамандарға шайхана атынан тағам және сусындар берілді. Кешенді ас құрамында ыстық палаумен қоса нан, сусын және салаттары да бар, - дейді «Кәусар» шайханалар желісінің маркетинг қызметкері Райхан Ахымбаева.
Осылайша кәсіпкерлер елдегі төтенше жағдай кезінде қайырымды іске ұйытқы болып, қиындықтан шығуға үлестерін қосуда.
Павликке қоларба алып берді
Пятница, 27 Март 2020 04:42
Шымкенттік кәсіпкер жерлестеріне көмек қолын созды. Әбдіқахар Пайзахметов науқас балаға көмек көрсетіп, арнайы қоларба сыйлады. Тарань Павлик есімді жасөспірім балалардың церебральді сал дертіне шалдыққан. Жүріп-тұруы қиын, тек арнайы қоларбамен қимылдай алады.
Әжесі 2019 жылдың желтоқсан айында Nur Otan партиясында өткен қоғамдық қабылдауға қатысып, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараевқа өтінішін білдірген. Баланың жай-күйіне қаныққан депутат зейнеткердің мұңын жергілікті кәсіпкерге жеткізеді.
Тағдырдың тауқыметіне ұшыраған балаға көмектескен кәсіпкер
Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан арнайы қоларбаны тапсырыспен алдырды. Қоларбаның бағасы - 570 мың теңге.
- Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Павлик інімізге қуаныш сыйлап отырмыз. Баланың оңалуына сәл де болса үлес қосқанымды азаматтық борышым деп санаймын, - дейді
Шымкенттің Құрметті азаматы Әбдіқахар Пайзахметов.Павликтің анасы мен әжесі жомарт жанға алғысын білдірді.
Бұған қоса Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Еңбекші ауданы әкімдігінің қызметкері Акрам Исмаилов
Шымкентке кіреберісте орнатылған посттарда медицина және полиция қызметкерлеріне, қалаға кіріп жатқан тұрғындарға өз есебінен 800 бетперде, 300 сабын, 300 ылғал сүрткіш, 300 антисептик және 300 қолғап таратты.
Қиындықтар – өткінші Бірлік – мәңгілік
Пятница, 20 Март 2020 18:34
Жер-жаһанды жаңғыртып, көктемді ілестіре келетін Наурыз Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен әлемдік деңгейде аталып өтіп, салт-дәстүріміздің, тыныс-
тіршілігіміздің өркендеп, дамуына себепші болды.
Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамындағы этно-мәдени бірлестіктер барша қазақстандықтардың ортақ мейрамына айналған Наурыздың мәнін ұғып қана қоймай, оны жыл сайын қала тұрғындарымен бірге атап өтіп келеді. Дегенмен биыл ел аумағында жарияланған төтенше жағдайға байланысты жыл басын әркім өз шаңырағында, отбасы мүшелерімен қарсы алуға ниеттеніп отыр. Дастархан жайып, дәстүрлі Наурыз көже әзірлеуге дайындалуда.
Осыдан 5 жыл бұрын Шымқалада «Қазақ дастарханы» жобасы қолға алынған болатын. Игі бастаманың түпкі мәні – этностарды қоғамдық бастамаларға ұйыстыру арқылы мемлекет құраушы қазақ халқының маңайына топтастыру, ұлтымыздың қонақжайлық дәстүрін дәріптеп, рухани құндылықтарды жаңғыртуды көздеу. Осынау игі бастама арқылы этнос өкілдері қазақтың ұмыт бола бастаған төңкерме, жөргем, жоңқа, көмбе, үлпершек, бұқпа, қарын бөртпе, мипалау, қазан жаппа, құрт көже сынды түрлі ұлттық тағамдарын дайындап, оны ел жадында қайта жаңғыртты.
– Міне, биыл сол тәжірибемізге сүйене отырып, Наурыз дастарханын өз шаңырағымызда жаятын боламыз. Үлкендерден бата алып, жыл басын лайықты қарсы алмақ ойымыз бар. Осынша жыл бізге сүйеу әрі қиын сәтте демеу болған қазақтардың маңайына топтасып, берекелі Қазақстанның жаңа тарихын жасауға атсалысуды қасиетті азаматтық парызымыз деп білеміз, - дейді Шымкент қаласындағы әзірбайжан этно-мәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Арзу Гурбанова.
Еліміздің қоғамдық келісімге бағытталған салиқалы саясатының нәтижесінде көптеген этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Қазақстанның жалпыұлттық бірлікке негізделген қоғамдық өмірін әлем жұртшылығы жоғары бағалайды. Ал жыл сайын жақсылық пен игі істердің бастауындай болған Наурыз осы бейбітшіліктің бейнесін орнықтыра түседі.
– Сыйластық, достық, қонақжайлық – қазақтың дүниетанымы мен өмір салтының тамырымен сабақтас құндылықтар. Соның негізінде ортақ үйіміз – Тәуелсіз Қазақстанда бейбітшілік пен қоғамдық келісім сақталып отыр. Көп этностылықты ортақ қазынамызға айналдыра отырып, оларды пайымды парасаттылық пен ырысты ынтымаққа шақыру – баршамызға жүктелген абыройлы міндет. Біз бәріміз – бір халықпыз. Туған жеріміз ортақ, ол – дархан Қазақ даласы! – дейді Арзу Гурбанова.
Тарихта талай қиындықтар артта қалған. Қазіргі жағдайдан да еліміз бірлікпен аман-есен өтеді деп сенеміз.
Ендеше, Әз-Наурыз баршамызға жақсылық сыйлап, құт-береке әкелсін! Берекелі дастарханымызда молшылық, елімізде бақ-береке, амандық болсын!
Ардагерлерге – құрмет
Пятница, 21 Февраль 2020 03:19Ардагерлерге ізет – тарихқа құрмет. «Петро Қазақстан Ойл Продактс» компаниясының басшылығы осынау ұстаныммен кәсіпорында еңбек ететін ардагерлер-жауынгерлерге құрмет көрсетіп келеді.
1989 жылдың 15 ақпаны күні Ауғанстан жерінен бұрынғы Кеңес одағының соңғы әскери қызметкері шыққан болатын. Осылайша ондаған жылға созылып, 15 мың жауынгер мен офицердің өмірін қиған қарулы қақтығыс аяқталды.
– «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС Ауғанстан жерінен Кеңес әскерінің шығарылған күніне орай жыл сайын ардагер-жауынгерлерді құттықтау шараларын жыл сайын өткізіп келеді. Кәсіпорын басшылығы тарапынан ұжымдық шартқа сәйкес әр ардагер-жауынгерлерге даталы күнге орай 35 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы мен 3 күн демалыс беріледі. Сондай-ақ, ардагерлерге зауыт есебінен шипажайларға тегін жолдамалар беріп тұрамыз, - дейді «ПКОП» ЖШС мемлекетттік орган және қоғаммен байланыс қызметінің бастығы Сұлтан Абдіқадыр.
Шымкент мұнай өңдеу зауытында бүгінгі таңда ауған соғысының 13 ардагері еңбек етіп келеді. Кәсіпорындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтыбек Қалдыкөзовтың айтуынша, 80-жылдардың соңында зауытта Ауғанстан және басқа да жергілікті соғысқа қатысқан 40 ардагер жұмыс істеген. Өкінішке қарай, олардың қатары жыл сайын азайып келеді.
– Бірқатар қаруластарымыз келмес сапарға аттанып кетті, енді бірі ауыр науқастанған. Осы орайда біздің ерлігімізді ұмытпай, жыл сайын дастархан жайып, мерекелік көңіл-күй сыйлайтын компания басшылығына алғыс айтамыз. Ал қаруластарыма зор денсаулық пен ұзақ өмір тілеймін, - дейді Бақтыбек Әбдіманапұлы.
Айта кетейік, мұнай өңдеу зауытында осынау даталы күн 20 жылдан бері атап өтіліп келеді. Жыл сайын кәсіпорын басшылығы Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылған күніне орай мерекелік дастархан жайып, ардагер-қызметкерлерге сыйақы береді. Ал бұл күнде жігіт ағасы жасына жеткен жауынгерлер қаза тапқан қаруластарын еске алып, Абай саябағындағы ескерткішке гүл шоқтарын қояды.
Тасқын қаупі жоқ
Пятница, 14 Февраль 2020 03:45Шымкент қаласында су тасу қаупі жоқ. Қалалық төтенше жағдай департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Нұрболат Дербісов БАҚ өкілдеріне осылай деп мәлімдеді.
Департамент басшысының айтуынша, қаладағы 4 су қоймасындағы жағдай қанағаттанарлық. Меншік иелері бұған дейін қоймаларды күрделі жөндеген.
Көктемде болуы мүмкін су тасқынына дайындық ретінде ҚР ішкі істер министрлігінің аумақтық бөлімдерінің жеке құрамы және құралдары дайындыққа келтірілді. Яғни, төтенше жағдай департаменті тарапынан 297 маман, 49 техника және 28 жүзу құралы, 38 мотопомпа әзірленсе, Ұлттық ұланнан – 100 маман және 5 техника, жергілікті полиция департаментінен – 90 қызметкер және 6 техника дайын тұр.
Бұған қоса қала шаруашылығы саласында да тиісті жұмыс атқарылуда. Атап айтқанда шаһардағы ирригациялық жүйені дайындыққа келтіру мен өзен арналарын күтіп-ұстау мақсатында қаржы бөлінді. Енді 2020 жылы жалпы ұзындығы 59 шақырым болатын 29 көшеге ирригациялық арық салу жоспарлануда.
Сонымен қатар 19 тұйық ирригациялық учаскені ашу, қаланың 12 көшесінде қосымша ирригациялық лоток салу және жобалау-сметалық құжаттасын әзірлеу үшін де қаржы қарастырылды.
Төтенше жағдай департаментінің мамандары журналистермен бірге қала іргесіндегі Сайрам су өзеніндегі жағдайды бақылап қайтты. Өзен бойындағы қауіпті учаскелерді тексерген мамандардың айтуынша, департамент тарапынан су қоймаларындағы, өзендердегі және каналдардағы жағдайға тұрақты мониторингі жүргізіледі.
Айта кетейік, 2017-2018 жылдары Сайрам су өзеніндегі су деңгейінің жоғарылауына байланысты облыстық маңызы бар көпірдің қорғаныш бөгеттері мен тіреу бағанын су шайып кеткен болатын. Төтеншее жағдай департаментінің өкілдері осы көпірді жөндеу мәселесін қалалық төтенше жағдай комиссиясының отырыстарында бірнеше рет көтердік дейді. Нәтижесінде Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 2019 жылы жобалық-сметалық құжаттаманы дайындап, қазіргі уақытта аталған көпірді күрделі жөндеу үшін конкурс өткізуде.
Қалалық төтенше жағдай департаментінің жетекшілері қалалық және аудандық әкімдіктермен бірге Сайрам су өзенінің бойындағы қауіпті учаскелерді бетондау және жағалауды бекіту бойынша жобалық-сметалық құжатын дайындайды.
Цифрландыру – өрт сөндіру қызметінде
Төтенше жағдай департаментінде, сонымен қатар, ҚР Үкіметі бекіткен «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы да жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда көпшілік қолданатын «2ГИС» бағдаламасын шымкенттік өрт сөндірушілер де өз қызметтерінде қолданады.
Осы бағдарламадағы Шымкент қаласының толыққанды картасында өрт гидранттарының орындары белгіленіп, енгізілген.
Шұғыл шақырылымдарға шыққан кезде өрт сөндірушілер осы карта бойынша өрт гидранттарын оңай таба алады. Енді бұл тиімді цифрлы қызметті жас мамандар әрі қарай жетілдіріп отыр.
Нақты айтсақ, Шымкенттегі №3 өрт сөндіру бөлімінің шығу аумағында 496 өрт гидранты бар. Бөлім қызметкері, азаматтық қорғау капитаны Роман Письменский осы гидранттардың барлығын арнайы тексеріп шығып, смартфонға «MapsMe» қосымшасы арқылы біртіндеп енгізіп шықты. Осылайша жас маман әріптестерінің жұмыс сапасының артуына үлес қосып отыр.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында халықтың цифрлық білімділігін 83%-ға арттыру жоспарланса, өрт сөндірушілер де осыған өз үлестерін қосуда.
Пандустар стандартқа сай ма?
Пятница, 14 Февраль 2020 03:20Елімізде «Қолжетімді Қазақстан» жобасы басталды. Мұндағы мақсат – мемлекеттік, коммерциялық және әлеуметтік секілді барлық қоғамдық нысандарда тұрғындардың қозғалысы шектеулі тобына жасалған жағдайға мониторинг жүргізу. Бұған қоса толыққанды интерактивті карта да жасалмақ.
Осы жоба аясында Шымкентте рейд өтті. Оған Nur Otan партиясының мүшелері, әкімдік басқармалары мен үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері қатысты.
Мониторинг тобы Шымкенттің бір қақпасы саналатын теміржол вокзалындағы пандустарды тексеріп көрді. Мұның себебі де бар – қалаға келген қонақтар мен сапарға шыққан халық осы теміржол вокзалы арқылы өтеді.
– Біздің басты мақсатымыз – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жасалған жағдайға бақылау жасау. Тұрғындардың осал тобына қолжетімді орта қалыптастыру бойынша мемлекеттік стандарт бар, - дейді партиялық бақылау комиссиясының төрайымы Дария Қожамжарова. – Дегенмен, ол стандарт біраз жерде сақталмаған. Енді сол олқылықтарды анықтап қана қоймай, алдын алуға тырысамыз. Бұл жолы мониторингті қалаға кіре беріс қақпа – теміржол вокзалынан бастап отырмыз. Шымкент үшінші мегаполис, ТМД елдерінің 2020 жылғы мәдени астанасы десек, алып қаланың дамуы экономикалық қана емес, әлеуметтік тұрғыдан да бағаланады.
Мониторинг тобы мүшелерінің айтуынша, теміржол вокзалына көтерілер баспалдақтан бастап вокзалдың ішіндегі жағдай да мүмкіндігі шектеулі азаматтарға аса қолайлы деуге келмейді. Жаңартылған стандарт бойынша баспалдақтағы пандус текпешекпен бірге емес, оған дейін – 1 метр жерден басталуы тиіс. Бұл қоларбаға мінген жанның пандусқа көтерілуі жеңіл болу үшін жасалады. Сонымен қатар, мұндағы пандус жаңартылған стандартқа сай келмейді дейді үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері. Мысалы, вокзалға кіре берістегі баспалдақ тұтқышының биіктігі 110 см, ал стандарт бойынша оның биіктігі 80 см аспауы тиіс. Бұған қоса пандус жолағының ені қазіргі талап бойынша 85 см емес, 110 см болуы тиіс.
Бір қуантарлығы, кәдімгі баспалдақтың ені мен биіктігі қозғалысы шектеулі тұрғындарға қолайлы болып шықты. Дегенмен, «бұл жалпақ баспалдақта әр 2,5 метр сайын тұтқыш орнатылуы тиіс» дейді «Ұлар Үміт» ұйымының жетекшісі. Ал ол мұнда жоқ.
Сонымен қатар вокзал ғимаратының ішіндегі мүгедек азаматтарға жасалған жағдай мәз емес. Ғимаратқа кіретін пандустың тұтқышы тек бір жақты қойылыпты. Көмек шақыратын батырмасы ережеде көрсетілгендей пандус бас жағында емес, соңында бір-ақ орнатылған. Ал кассаға келген қоларбадағы жолаушы мен кассир бірін-бірі көре алмайды – терезе стандарт бойынша 80 см емес, одан биік орнатылған. Дәретханаға апаратын жолға да, дәретхананың өзіне де арнайы белгі оңай көрінетін жерге ілінбепті.
– Біз «Қолжетімді Қазақстан» жобасы аясында қозғалысы шектеулі топтарға әлеуметтік нысандарда жасалған жағдайға мониторинг жүргіземіз. Күн сайын осылай тексеріп жүрміз. Анық болғаны – теміржол вокзалында тек мүгедектер емес, қозғалысы шектеулі топтарға да жағдай жасалмаған. Ал қимыл-қозғалысы шектелген топқа мүгедектер ғана емес, қоларбасы бар ана, уақытша жарақат алғандар, зейнеткерлер де жатады. Ал мына пандустардан ешқандай ана қоларбамен шыға алмайды, - дейді «Ұлар Үміт» қоғамдық бірлестігінің директоры Дилара Омарова. – Айта кетейік, кез келген ғимарат 2015 жылға дейін пайдалануға берілсе, ондағы жағдайды қайта жасауға болады.
Оған міндетті. Ал егер ғимарат 2015 жылдың 1 шілдесінен кейін соғылса, ҚР заңнамасында көрсетілген мемлекеттік стандартқа сай қабылдануы керек. Вокзал басшыларының айтуынша, ғимарат жөнделген, бірақ, біз көрген тік пандусты қалыпқа сай жасауға қаржы қаралмапты. Өздері осыған байланысты айыппұл алғандарын айтып отыр. Сонда талапты орындамай, айыппұл төлеген оңай болғаны ма? Осындай жағдайларды қалыпқа келтіру үшін біздің жоба жыл соңына дейін жалғаса береді.
Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша 100 ерікті мен үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндігі шектеулі қызметкерлері де «Қолжетімді Қазақстан» жобасы аясында мониторинг жасауға атсалысады. Анықталған олқылықтар бойынша тиісті мекемелерге, мемлекеттік органдарға талап-арыз жазылмақ.
Айта кетейік, «Қолжетімді Қазақстан» жобасы еліміз бойынша 2019 жылдан бастап 2021 жылға дейін жалғасады. Қазақстандағы мекемелер мен қызметтерге халықаралық стандарттарға сәйкес тең қол жеткізу құқығын қорғауға және қамтамасыз етуге бағытталған жобаға «Орталық Азиядағы Еуразия Қоры» қолдау көрсетуде.
Алғашқы шетелдік көлік тіркелді
Среда, 12 Февраль 2020 03:35Шымкент қаласының тұрғыны А.Бакиев шетелден әкелген көлігін уақытша тіркеуге қойып, арнайы нөмір алды. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының Шымкент қалалық филиалының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Осылайша бұл азамат үшінші мегаполисте көлігін алғаш болып уақытша тіркеуге қойып отыр.
Автоәуесқой 2018 жылы Армениядан Тойота Камри көлігін әкелген.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев шетелдік көліктерді уақытша тіркеу шарттарын түсіндірген болатын.
– Шетелден жеткізілген автокөліктерге арнайы сериялы және типтік нөмірлер беріліп, техникалық паспортқа көлікті тіркеу шарттары туралы сәйкес белгі қойылады. Ішкі істер министрлігі 18 цифрымен сары фондағы нөмір үлгісін шығарды. Сонымен қатар, техникалық паспортта 2021 жылдың 1 наурызына дейінгі жарамдылық мерзімі көрсетіледі, - деген еді М.Қожаев.