Шымкент тұрғыны алғаш болып көлігін уақытша тіркеуге қойды
Пятница, 07 Февраль 2020 09:16Шымкент қаласының тұрғыны А.Бакиев деген азамат шетелден әкелген көлігін уақытша тіркеуге қойып, сары түсті арнайы 1717 нөмірін алды. Бұл туралы "Шымкент келбеті" газетінің тілшісіне "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясының Шымкент қалалық филиалының баспасөз хатшысы Алтынай Татаева мәлімдеді.
Осылайша бұл азамат үшінші мегаполисте көлігін алғаш болып уақытша тіркеуге қойып отыр. Автоәуесқой 2018 жылы Армениядан Тойота Камри көлігін әкелген.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев шетелдік көліктерді уақытша тіркеу шарттарын түсіндірген болатын.
– Шетелден жеткізілген автокөліктерге арнайы сериялы және типтік нөмірлер беріліп, техникалық паспортқа көлікті тіркеу шарттары туралы сәйкес белгі қойылады. Ішкі істер министрлігі 18 цифрымен сары фондағы нөмір үлгісін шығарды. Сонымен қатар, техникалық паспортта 2021 жылдың 1 наурызына дейінгі жарамдылық мерзімі көрсетіледі, - деген еді М.Қожаев.
Қуыршақ – әртістер немесе жансызға жан бітіру де бір сиқыр
Среда, 05 Февраль 2020 04:12Шымкент ТМД елдерінің 2020 жылғы мәдени астанасы атанды. Мәдениет дегенде ойымызға алдымен театр деген ұғым оралатыны ақиқат. Ал театр сахнадағы әртістерді көз алдыңа әкеледі. Солардың ішінде жансыз қуыршаққа тіл бітіріп, сахна сиқырына жетелейтін қуыршақ театрының жөні бөлек. Осы орайда біз Шымкент қалалық қуыршақ жəне жасөспірімдер театрына бас сұғып, сахна сыртындағы мамандарымен тілдесіп қайтқан едік.
Театрдың тәжірибелі мамандарының бірі – Ұлжалғас Тәшібекқызы. Бұл саладағы еңбек өтілі 40 жылдан асқан әрі Шымкент қуыршақ театры құрылған күннен бері еңбек етіп келеді.
– Алматының эстрадалық-цирк студиясының (қазір колледж) қуыршақ бөлімінде 1977-79 жылдар аралығында оқып, одан соң 1984 жылға дейін Алматы қалалық қуыршақ театрында істедім, - деп бастады әңгімесін Ұлжалғас Тәшібекқызы. – Сол жылдары Шымкент облысында Асанбай Асқаровтың бастамасымен қуыршақ театры ашылды.
Бізді министрлік арқылы 1984 жылы Алматыдан осында арнайы шақырды. Шымкент қаласына келген бір топ жастың арасында Серік Мақұлбеков, Татьяна Майорова, Бекболат Парманов, Майра Асанова секілді мамандар - режиссерлер, актерлер, суретшілер болды, - дейді сұхбаттасым. – Жергілікті басшылық жастарға барлық жағдайды жасады, бәрімізге біртіндеп үй берді, шығармашылық жұмыспен алаңсыз айналысуымызға мүмкіндік туғызды.
Сонымен, жаңа ашылған қуыршақ театры 1984 жылдың 25 ақпаны күні алғашқы «Кукареку» пьесасын сахналады. Ал Ұлжалғас Тәшібекқызы жұмыс істей жүріп, 1985-1990 жылдар аралығында Ленинград театр, музыка және кино институтын сырттай бітіріп алады.
«Басқа театр әртістерінен қуыршақ театры әртісінің қандай айырмашылығы бар» деген сұрағыма ол былай деп жауап берді:
– Айырмашылығы сол – драма театрында әртістер рөлді өздері ойнайды. Ал біз – қуыршақтарды ойнатамыз. Өзің ойнайсың, өзің арқылы қуыршаққа жан бітіріп, сол арқылы алдыңдағы кермеден өткізіп, балаларға жеткізесің. Қысқаша айтқанда, жансыз дүниеге тіл бітіресің. Қуыршақтың қимылы, сөзі әсерлі, нанымды, ең бастысы, бала қиялымен қабысып жатуы керек. Сонда ғана бала көрерменнің көңілінен шығасың, - дейді Ұлжалғас Тәшібекқызы.
Театр – тәрбие алаңы
Қуыршақ театрының әртістерінде рөл таңдау деген болмайды. «Мына әртіске мына кейіпкер келеді» деген ұғым да жоқ.
– Біз рөл таңдамаймыз. Әртістің жас ерекшелігіне шектеу де жоқ. Неге десеңіз, режиссер бізге жастың да, егде кейіпкердің де рөлін береді. Мысалы, «Кел, бірге ойнайық» деген спектакль бар. Сол жерде бұзық қоянның рөлін ойнаймын, - дейді театр әртісі.
– Біз, әртістер, кейіпкеріміздің кейпіне ену үшін оның образын ашудың жолын іздеуіміз керек. Ал ондай бейнені алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бұзық қоян кейпіндегі бұзық бала өз ортамызда – балабақшада болсын, мектепте болсын, кездеседі. Міне, сол балалардың әрекетінен қоянның жиынтық образын жасап алдым. Кейде жан-жануарларды суреттеу үшін зообаққа барамыз. Осылайша әр образға жан бітіреміз. Бізге психолог та болу керек. Қимыл-қозғалыс болмаса, құр сөзбен баланы қызықтыра алмайсың. Кішкентай көрерменнің көңілінен шығу оңай емес
. Балаға бала ғой деп, немқұрайлы қарауға болмайды, олар аса сезімтал. Осылайша балалар қаншалықты ұғымтал болса, әртіс те соған сай өсуі керек.
Ұлжалғас Тәшібекқызы жағымсыз рөлді ойнаудың да артықшылықтары болады дейді.
– Неге десеңіз, жағымсыз рөлде «мынадай болу керек» деген шеңбер жоқ, өзің қалауыңша сомдайсың. Еркінсің. Бірақ, жағымсыз рөлді ойнағанда да балалардың бойын сол кейіпкердің болмысына үйретіп алуың керек. Мысалы, соңғы спектакльдерде қорқаудың рөлін ойнадым. Мектептерге, балабақшаларға барып, сахналадық. Әрине, бүлдіршіндер бетпердесі қорқынышты, үстін жүн басқан кейіпкерден қорқады. Оларды үрейлендіріп алмас үшін ақырын қолғабымды шешім, қолымды шығарамын. Балалармен жәйлап амандасамын. Бойларын үйретіп аламын. Балғындарға бірден «шабуыл жасауға» болмайды, - дейді әртіс.
«Бала да үй сияқты. Үйдің іргетасы нашар болса, ол ұзаққа бармай, құлайды емес пе? Сол сияқты, баланың да тәрбиесін ерте бастан қалыптастыру керек. Ал театр – тәрбиенің ең тиімді алаңы» деп түйіндеді сөзін тәжірибелі әртіс.
Мәдениет жылына – тың жоспар
Шымкент қалалық қуыршақ жəне жасөспірімдер театрында жас мамандар да жетерлік. Солардың бірі – 23 жастағы Исмайл Жарас. Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ-ды режиссура және актерлық өнер мамандығы бойынша тәмамдаған жас оқудан соң бірден осында жұмысқа қабылданған.
Жарас алғашқы сахналық көріністерде аздап қиын болғанын жасырмады.
– Бастапқыда кейіпкердің даусын салуда емес, қимылын қолмен келтіруде аздап қиналдым. Кейін тәжірибелі мамандардан кеңес алдым. Өзім 6 сыныптан бастап мектепте өнер көрсетіп келемін, - дейді Жарас.
Қол қимылы дегеннен шығады, қуыршақ театрында сахналаудың алты әдісі бар екен. Мұны бізге театрдың қазақ труппасының қоюшы режиссері Мақпал Малдыбаева айтып берді.
– Біріншісі, кең танымал «Сырықты» әдісі. Әртістер керменің артында тұрады, балаларға тек қуыршақтар көрінеді. Кәдімгі, қуыршақ театры дегенде көз алдымызға елестейтін құбылыс, - дейді қоюшы режиссер. – Екіншісі – планшет әдісі. Әртістер үстелдің үстінде жартылай немесе толық көрініп, қолымен ойнайды. Мұндағы актердің міндеті – баланың назарын өзіне емес, қуыршаққа аударту. Ал үшіншісі – көлеңкелі әдіс. Ол әдіс театрдың арнайы сахнасында қолданылады. Себебі, жарық түсіру керек. Міне, театрымызда негізінен осы әдістер қолданылады.
Мақпал Малдыбаева театрға пьеса таңдаудың өзіндік ерекшелігі бар екенін, жергілікті авторлардан шымкенттік Әлібек Файзулла мен белгілі қаламгер Мархабат Байғұттың пьесаларын сахналап тұратындарын айтты.
– Басқа да авторлар шығармаларын жіберіп тұрады. Дегенмен, олардың туындылары көбісіне қуыршақ театрына емес, негізінен мультфильмге келеді. Ал мультфильм мен қуыршақ театрының айырмашылықтары бар. Пьесаны қуыршақ театрына сай келетіндей етіп сахналаймыз, - дейді режиссер.
Театр ұжымының Шымкенттің 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы атануына орай жоспары үлкен. «Абайдың 175 жылдығы, әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы мен Шымкенттің 2200 жылдығы бәрі – бәрін біріктіріп, бір қойылымды жоспарлап отырмыз. Балаларға арналғандықтан, 35-40 минуттың көлеміне сыйдыру маңызды» дейді Мақпал Малдыбаева.
Қайырымдылық – қанымызда бар қасиет
Пятница, 24 Январь 2020 04:01Қоғамдағы қазіргі тренд қайырымды болуға жетелейді. Әлемдегі екінші ұстаз атанған Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» трактатынан бастау алған ізгілік рухы қоғаммен бірге жалғасып келеді. Күннің көзінен көбірек қуат алатын, соған қоса қазақы пейілдің қаймағы тұнған үшінші мегаполисте қайырымды жандар жетерлік. Жерлестеріміз түрлі жағдаймен тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандарға көмектесуден сырт қалған емес.
Бар жақсылық – балаларға
«Адамның бір қызығы бала деген» деп, ұлы Абай айтпақшы, иісі қазақтың бойында балаға деген көңіл ерекше. «Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын» дейді ата-бабамыз. Қуантарлығы, бұл ұстаным бүгінде замандастарымыздың бойынан табылып тұр. Оған «Қасиетті жол» қорының Шымкенттегі орталығының жұмысы арқылы да көз жеткізуге болады. 2014 жылы ел астанасында ашылған қордың филиалы үшінші мегаполисте 2017 жылы жұмысын бастады.
Мұнда түрлі дертке шалдыққан балғындар емделіп, оңалады. Әсіресе, балалардың церебральді сал (ДЦП) диагнозы қойылған балалар үшін таптырмас орталық. Барлық ем және оңалту процедуралары тегін. Айта кетерлігі, қорға мемлекет тарапынан негізінен қаржы бөлінбейді, тек қайырымдылық қаржысына жұмыс істейді.
– «Қасиетті жол» қайырымдылық қорының жұмысы енді басталған шақта ірі әріптестер, корпоративті демеушілер болды. Дегенмен, уақыт өте келе қарапайым адамдар да көп көмектесуде, - дейді Шымкент қаласындағы орталық директорының орынбасары Айгерім Жұмағалиева. – Жалпы, жерлестеріміз өздерінің көмектерін ұсынуда о бастан белсенді. Балаларды оңалту ісіне көмектескісі келеді. Бір қуантарлығы – ондай замандастарымыз аз емес. Дегенмен, олар «Менің қайырымдылыққа берген ақшам аз, жетпейді» деп ойлайды. Ал негізі, егер біз көп болсақ, бір теңгенің өзінен де қаржы жиналады.
«Көп түкірсе – көл»
Осылайша қор өкілдері қарапайым адамдар да ақша жіберіп, көмектесудің жолдарын жүзеге асыруды ойластырады. Сайт, мобильді қосымша арқылы қалаған соманы жіберуге жағдай жасалады. Kaspi банкінің өкілдерімен байланысқа шығады.
– Kaspi банкі – біздің қорға қайырымдылық қаржысын жинау жолын ұсынған алтыншы әріптес банк болды. Біз екі рет ұсыныс жасадық. Екіншісінде барлығын мақұлдап, келісімге келдік. Бұл қаржы ұйымының ұсынысы біз үшін қолайлы болды. Осылайша әріптес болдық. Жалпы, Kaspi банкінде қаржы аудару жолы жақсы жүйеге қойылған, түрлі құралдары қолайлы, - дейді Айгерім Зинал-аб-динқызы.
Осы тұста айта кетейік, банктер қайырымдылық қорларымен жұмыс істеуде өте мұқият келетін көрінеді. Құрылтайшылық құжаттарын сұратады, қаржылық қызметтің нәтижелерін, аудиторлық қорытындылармен танысып шығады. Мұның барлығы қаржымен сауатты жұмыс істеу қажет.
Kaspi банкімен келісімге келген соң «Қасиетті жол» қорының өкілдері қаржы аударуға қолайлы мобильді қосымша жасау ойы туындайды.
– Бұл идеямызды жүзеге асыруға алматылық жас жігіттер, ІТ мамандары көмекке келді. Олар кезінде белгілі «Тілашар» мобильді қосымшасын жүзеге асырған екен. Бізге көмектесіп, Қазақстан бойынша қайырымдылық қаржысын жинауға арналған алғашқы мобильді қосымшаны тегін істеп берді. Қазір де сол қосымшаның жаңарту, сервис секілді жұмыстарын өздері істеп отыр, - деп жалғады сөзін Айгерім Жұмағалиева.
«Қасиетті жол» қоры өкілдерінің айтуынша, бір орталықта бір курста 50 бала бірден ем алуға жағдай жасалған. Жалпы, Қазақстан бойынша үш орталықтың жұмысы үшін жылына 400 млн теңге шамасында қаржы қажет.
– Қайырымдылықтан түскен қаржының барлығы балаларды емдеуге жұмсалады. Оның есебі бар, мұқият жасалады. Ал қордың өзі құрылтайшылардың жарнасының қаржысымен жұмыс істеуде. Бір қуантарлығы, қайырымдылық қаржысының көлемінде соңғы жылдары ірі компаниялар мен ұйымдардың үлесі азайып, жекелеген адамдар берген ақшаның үлесі артып келеді. Мұның өзі біздің жерлестеріміздің жомарттығына дәлел, - дейді орталық директорының орынбасары.
Әлемдік деңгейде
Тағы бір жағымды жаңалық, «Қасиетті жол» қайырымдылық қоры енді әлемдік деңгейге шықты. Айгерім Жұмағалиева 2019 жылдың соңында АҚШ-та білімін жетілдіріп келді. Сол курста жүргенде GlobalGiving өкілдерімен кездесіп, қордың жұмысымен таныстырады. Қазақстандықтардың қайырымдылығына қызыққан GlobalGiving мамандары бірге жұмыс істеу туралы ұсыныс жасайды. Осылайша қазақстандық балғындардың еміне енді бүкіл әлем қол ұшын соза алады.
GlobalGiving – әлемнің барлық еліндегі коммерциялық емес ұйымдарды, донорларды біріктірген жаһандық ірі краудфандинг қауымдастығы. Бұл платформа коммерциялық ұйымдардың қайырымдылық жолындағы жұмысы тиімді болуы үшін мамандарын оқытады, көмектеседі.
– 2002 жылдан бері осы платформа арқылы 290 корпоративті әріптес пен 954 469 донор әлемнің 170 еліндегі 24 107 жобаға қолдау көрсетіп, жалпы сомасы 418 миллион АҚШ доллары жиналған. Әлемдік платформамен бірге жұмыс істеу үшін қайырымдылық қорына бір айда 5000 доллар қаржы жинау қажет болды. Қазақстандықтар мұнда сомасы межелі уақытқа жеткізбей жинап берді, - дейді Айгерім Жұмағалиева.
«Қасиетті жол» қоры өкілдерінің алдағы уақытта елдің барлық өңірінен оңалту орталықтары болғанын қалады. Емдеу-оңалту орталықтары жергілікті ата-аналарға қолжетімді болса, балаларын алып, алысқа сабылмаса деген тілектері бар. Сол үшін жергілікті қауымдастықтардың құлағына алтын сырға «тағып», қайырымды жандарға үміт артып отыр.
Білгеніңмен бөліс
Пятница, 24 Январь 2020 03:45Ерекше күтімдегі баланың анасы инклюзивті бағыттағы сайт ашты
Жуырда «Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалында мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелеріне арналған кезекті жиын өтті. «Кедергісіз келешек» бастамасымен өткен бұл басқосуда инклюзивті бағыттағы balatimes.kz порталы көпшілікке таныстырылды.
Сайтты ерекше күтімдегі баланың анасы «Nur Otan» партиясының қолдауымен құрып, жұмысын жалғастыруда. Еліміздегі осындай бағыттағы алғашқы порталда балалардағы неврологиялық дерттердің алғашқы белгілері, оларды емдеу, оңалту орталықтарының мекенжайы, жалпы, ерекше балаларды тәрбиелеу секілді тақырыптар көтерілген. Сондай-ақ, бұл порталда дені сау балғындардың ата-аналарына қажет мәліметтер де жарияланып отырады дейді сайт өкілдері.
balatimes.kz порталының негізін қалаушы Жанель Жұмалинованың айтуынша, бұл қадамға басына түскен жағдайдан кейін барып отыр.
Көптеген қиындықты еңсерген келіншек енді білгенін өзі секілді ата-аналармен бөлісіп, көмектеспек. Осыдан үш жыл бұрын дені сап-сау баласы суық тиіп, ауруханаға жатып қалады. Одан арғы жағдайды Жанель күрсінбей еске ала алмайды.
– Ол кезде ұлым Сұлтан бір жас 3 айда болатын. Ауруханада тамшылатып дәрі салды. Сол-ақ екен, көз алдымда ұлым қимылсыз қалды. Дереу жансақтау бөліміне жатқыздық, - дейді Жанель Жұмалинова. – Содан ауруханадан ұлымның қол-аяғы мүлде қимылсыз күйінде шығарып алдық. Бұл жағдай біз үшін күтпеген соққы еді. Әсіресе, балаң осындай жағдайға душар болғанда не істеріңді білмей қаласың.
Дегенмен, қайсар әйел өзін-өзі қолға алып, ұлын емдетуге кіріседі. Сағат сайын, күн сайын жанынан шықпай, қолдан келген емнің бәрін істейді. Өзі үшін де, ұлы үшін де күреседі.
– Дәрінің барлығын уақтылы қабылдадық. Бөлмелерге препараттарды қабылдайтын, массаж жасайтын уақытты үлкен қағаздарға жазып, іліп қойдым. Барлық оңалту шарасын жіберіп алмай, емін қабылдадық. Тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күнім осылай өтетін. Осындай сәтте жұбайым мен анамның жанымнан табылып, қолдау көрсеткені үлкен демеу болды, - дейді жерлесіміз.
Осылайша тынымсыз күрестің нәтижесінде, арада 3 жылдан астам уақыт өткенде Сұлтан өздігінен жүре бастады. Ал Жанель емдеу және оңалтуды бір сәтке де тоқтатпайды. Ұлының әр қадамы, әр жеңісі туралы әлеуметтік желілерде жазып, өзгелермен бөлісуді қолға алады. Осылайша байланыс артып, WhatsАpp желісінде арнайы топ құрады. Онда өзі секілді 190 ата-ана бар.
– Мен тек әлеуметтік желімен шектелмей, өзім секілді ерекше балалардың ата-аналарына барынша көмектескім келді. Себебі, қиындыққа ұшыраған жанның күйзеліске батып кетуі мүмкін. Сондықтан, сайт құруды ойластырдық. Онда балалардың неврологиялық дертінің алғашқы белгілері туралы жаздық. Қажет мәліметті оқыған аналарда дер кезінде алдын алуға мүмкіндік болады, - дейді сайттың авторы.
Айта кетейік, арнайы сайтта түрлі тақырыптар көтеріледі. Мұнда денсаулыққа күтім жасаудан бастап ерекше балалардың ата-аналарының проблемалары, мүмкіндігінше оларды шешу жолдары қарастырылады.
balatimes.kz сайтын таныстыру барысында ақпараттық портал мен жергілікті атқарушы орган өкілдері арасында ерекше балалардың ата-аналарына қажет мәліметтер ұсыну туралы әріптестік меморандумына қол қойылды. Осылайша білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек және медициналық комиссиялар алдағы уақытта өздері көрсететін қызмет туралы ақпараттар ұсынып отырмақ.
Инфрақұрылым шешілген, дегенмен...
Среда, 22 Январь 2020 04:01Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданы әкімінің қорытынды есебі өтті. Қалалық жастар ресурстық орталығында өткен есепті жиынға ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Б.Батаев, Шымкент қалалық мәслихат депутаттары мен басқарма басшылары және аудан тұрғындары қатысты.
Ғабит Мәуленқұлов қорытынды есебінде ауданда әлеуметтік көмек алған 2249 отбасы өз кәсібін ашқанын баяндады. Оның ішінде 760 отбасы тігін цехын ашса, 550-і кондитерлік өнім шығаруда, ал 743 отбасы мал шаруашылығымен айналысып, 128-і сұлулық салонының жұмысын дөңгелетуде, ал 68 отбасы ағаш өңдейтін цех пен егін шаруашылығымен айналысып келеді.
2019 жылы атқарылған жұмыстар жайын баяндаған аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов үй басқарушыларымен ай сайын жиын өтіп тұратынын жəне аптаның əр күні таңғы сағат 9:00-10:00 аралығында тұрғындарды қабылдау жүйеге қойылғанын айтты. Өткен жылғы жоспар аясында аудан аумағындағы бірқатар жұмыс толық орындалса, үйлердің ауласына ойын алаңшалары мен спорттық сауықтыру элементтерін орнату жоспары орындалған.
Қазіргі таңда Әл-Фараби ауданында 218 865 тұрғын, 14 елдімекен бар. Қала орталығында орналасқандықтан, мұнда халыққа күнделікті қажет инфрақұрылым мәселесі шешілген деуге болады. Дегенмен, кездесуге келген тұрғындар аудан әкіміне қала ішіндегі көлік қозғалысы, ретсіз сауда, ойын алаңшаларының жоғы, автотұрақтардың талаптарға сай емес екені жайлы айтып, кемшіліктерді жолға қоюды өтінді.
Айта кетейік, биыл қаладағы әр ауданға 1 миллиард теңгеден бөлініп отыр. Өзекті мәселелер енді кезең-кезеңімен өз деңгейінде атқарылады.
Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық проблемалары – көпшілік назарында
Пятница, 17 Январь 2020 04:13Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімінің халық алдындағы есебі жалғасуда. Ғабит Мәуленқұлов бекітілген кестеге сәйкес аудан тұрғындары алдында 2019 жылы атқарған жұмыс жайлы есеп берді.
Б.Момышұлы атындағы ІІМ оқу орталығында өткен жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бұхарбай Парманов, Nur Otan партиясының өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, аудан тұрғындары мен орам басқарушылары, қалалық мекемелер, тиісті салалардың басқарма басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
2019 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталған Ғабит Патшаханұлы өз баяндамасында халықпен тиімді кері байланыс орнату, көп қабатты үйлерді күрделі жөндеу, аулаларды абаттандыру, ішкі орам жолдарын асфальттау мен инфрақұрылым мәселері бойынша атқарылған жұмыс пен алдағы уақыттағы жоспарлар бойынша мәлімдеме жасады.
Баяндамадан соң Отырар, Түркістан, Самал, Ақжайық, Наурыз шағынаудандарының тұрғындары сұрақ-жауапқа шықты. Көпшілікті, әдеттегідей, тұрғын-үй коммуналды шаруашылық мәселесі мазалайды.
Тұрғындар Байтұрсынов көшесіндегі жөндеу жұмыстарынан бастап аулалардағы балалар алаңшасы, орамішілік жол, көп қабатты үйлердегі ыстық су мен жол жөндеу мәселелерін көтерді. Әдеттегідей, АӘК алатын аналар да сұрақтарын қойды.
Аудан әкімі сұрақтарға тиісті жауаптарын нақты беріп жатты. Бұған қоса толық мәлімет беру үшін әкімдіктің мамандары тұрғындардың аты-жөні мен қойған сұрақтарын жазып алды.
«Мәдениетті алдымен өзімізден талап етейік»
Среда, 15 Январь 2020 04:09Үшінші мегаполисте аудан әкімдерінің халық алдындағы есепті кездесулері басталды. Алғаш болып Әл-Фараби ауданының әкімі есеп берді. Сәуле шағынауданында өткен жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бұхарбай Парманов, қалалық мәслихаттың депутаттары, «Nur Otan» партиясы мен басқармалардың өкілдері, ардагерлер, жергілікті тұрғындар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Ерекше есеп
Алғашқы кездесу №129 мектепте өтеді екен. Мектеп ғимаратына жақындағаннан қызу жұмысты байқадық. Жиналған көліктің көптігі өз алдына, біршама ашық, көлік жүріп жатқан көшенің жолағы да, жүргінші жолы да тап-таза. Кенеттен тап болған десанттай – бір топ қызыл желет киіп, анадайдан көзге түскен тазалықшылар күні кеше жауған қарды толық күреп, аяқтап қалыпты.
Мектеп қоршауының сыртынан кезекшілер тұр. Сымдай тартылып, сыптай киінген жас жігіттер есепті кездесуге келе жатқаныңды бір сұрап алады да ішке қарай жол сілтеді. Ал ғимараттың ішінде кезекшілер әр 4 қадам сайын тұр. Қарына қызыл мата байлап, ілтипатпен жол сілтейді. Осы бағытпен екінші қабатқа көтеріліп, кең акт залына адаспай кірдік.
Бекітілген уақытқа 15 минут бар, залдың іші толы. Гу-гу шу жоқ, үлкен экранда ауданда 2019 жылы атқарылған жұмыстар туралы бейнероликті тамашалап отыр. Орнымызға жайғасқан соң байқадық – әкімдік қызметкерлері ардагерлер, депутаттар, басқарма мамандары секілді әр санаттың өкілдерін өз орнына жайғастырып жүр. Алдыңғы қатарда отырған, кимешек киген екі әжені байқаған өзге тілді әріптесім есептен соң концерт бола ма деп сұрады. Мұндай жиындарға әр аудандағы ардагерлер кеңесінің мүшелері, осындай кимешекті әжелер қатысуы дәстүрге айналғанын түсіндірдім.
Есеп тура сағат 11:00-де басталды. Аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов мінберге шығып, алдымен есепті кездесудің регламентін ұсынды:
– Құрметті көпшілік, қадірлі тұрғындар. Атқарылған жұмыстар туралы баяндамаға 20 минут уақыт бөліп, содан кейін жылдағыдай жарыссөз қажет емес, бірден сұрақ-жауапқа көшсек. Қалай қарайсыздар?
Ұсынысты көпшілік бірден қолдады.
– Олай болса, бірден бастап кетейік. Құрметті көпшілік, ұялы телефондарыңызды сөндірулеріңізді өтінемін, бір-бірімізге кедергі келтірмейік, - деген әкім баяндамасын бастап кетті.
Айтсақ, өзімізге тиеді – баяндама басталған соң алғашқы минуттарда залдың артқы жағынан екі рет телефонның шырылы естілді. Бірден сөне қалса мақұл ғой, иесі жоқ секілді, біраз шырылдап тұрды...
Атқарылған жұмыс жетерлік, жоспар одан да көп
Ғабит Патшаханұлы жалпы аумағы 14 мың га ауданда атқарылған жұмыс туралы бір деммен айтып шықты. Ауданда халықпен байланыс жақсы жолға қойылған. Аудан әкімдігінің парақшасымен қоса аудан әкімінің өзі де facebook және instagram әлеуметтік желісіндегі аккаунтында отырады. Сөз барысында айта кетейік, ондағы арыз-шағымдарға мүмкіндігінше жауап беріп, шешім қабылдайтыны есеп кезінде бірнеше рет белгілі болды.
Биылғы ерекшелік – былтыр атқарылған жұмыстың едәуір бөлігінде халыққа көрсетілген әлеуметтік көмек туралы айтылды. Бұған қоса аудан кәсіпкерлері мен депутаттар жасаған қайырымдылық шаралары туралы баяндалды.
Білім беру саласында ауданда оқушылары үш ауысымда оқитын 3 мектеп бар. Солардың бірі – №47 мектепке қосымша ғимараттың ЖСҚ әзірленген.
Денсаулық сақтау саласындағы жаңалық – Бадам және Сәуле шағынаудандарында дәрігерлік амбулатория және бригадалық жедел жәрдем бекеттерін салу жоспарлануда. Қазіргі таңда жер телімі анықталып, денсаулық сақтау басқармасына ұсыныс берілген. Бұған қоса қалалық №4 емхана қайта құрылмақ.
Әкімнің айтуынша, аудан аумағында ретсіз сауданы жою бойынша бірқатар жұмыс атқарылып, Қырғы базар маңындағы сауда жасап отырған тұлғаларға базар аумағынан бос сауда орындары ұсынылыпты. Төле би көшесінің бойындағы аяқ жолдың Қырғы базарға дейінгі аумағы абаттандырылып, пайдалануға берілген.
2019 жылы Әл-Фараби ауданындағы 5 үй күрделі жөнделді. Қаржы қаралған жағдайда алдағы уақытта 44 үйді жөндеуге тиісті басқармаға ұсыныс жолданған. Мұндағы бір себеп – аудан аумағындағы көп қабатты 672 үйдің 40% ескірген үй саналады.
Ауданда былтыр 34 көше жөнделіп, 4 көше қайта құрылған.
Сұрақ – сізден, жауап – бізден
Баяндамадан соң тұрғындар бірден сұрақтарын қоя бастады. Арыз-шағымдардың көбісі тұрғын үй-коммуналды шаруашылық пен жолаушылар көлігі саласына қатысты болды. Мысалы, Забадам елдімекенінің басқарушысы Тойшы Исламов жауын-шашын кезде жолды су басатынына назар аудартып, көше бойындағы ескі лотоктарды жаңартуды, жоқ тұстарға арық жүргізуді сұранды. Бұған қоса, әсіресе, қыс мезгілінде мектептен кеш қайтқан балалардың қауіпсіздігі үшін Бадам өзеніне жақын көшелерді жарықтандыру жөнінде айтты.
Әкім биылғы жоспар бойынша ауданда 14 көше жарықтандырылатынын айтып, жауап берді.
Одан кейін атаулы әлеуметтік көмек бойынша қойылған сұраққа әкім биыл АӘК көмек алу форматы өзгергенін айтып, бала саны бойынша төленетін жәрдемақыдан кейін күнкөріс шегімен айырмашылық ретінде есептелетінін түсіндірді. Толық мәлімет алу үшін сол жерде отырған әлеуметтік салаға жауапты маманға жолығуды ұсынды.
Осы ретті пайдаланып, Ғабит Патшаханұлы Шымкент қаласындағы көп балалы аналардың 25% осы Сәуле шағынауданында тұратынын айтып, жергілікті аналарға бір құрмет көрсетіп қойды.
Ардагер тұрғын Нұрбек Жүнісбеков аудандағы біраз азаматтың «алаяқтардан жер учаскесін сатып алып, үй салғанын, енді үйдің құжатын рәсімдей алмай жүргенін» жеткізді.
Оның бір себебін өзі де айтты – учаскенің мемлекеттік актісінде нысаналы мақсаты тұрғын үй салуға емес, ауыл шаруашылығына арналған. Осындай жер саудасына жол бермеу жөніндегі шағымдарға прокуратурадан жауап жоқ, деді ақсақал.
Сұраққа жауап берген Ғабит Мәуленқұлов, керісінше, ауданда бір реттік іс-шара кезінде үйдің құжаттарын заңдастыруда прокурорлардың еңбегі көп екенін айтып берді. Ал иелігіндегі мүлкін сату – әр азаматтың құқығы екенін, сол мүліктің заңдылығын тексеру, ең алдымен, сатып алушының міндеті екенін еске салды.
Содан кейін сөз алған жергілікті тұрғын Жақсыкүл Ахметова 276-орам тұрғындарының сәлемін арқалай келіпті. Алыс та болса осы №129 мектептің жақсы екенін айтып, балаларын сабақтан қалдырмайтынын жеткізді.
– Биылғы жоспарда біздің орамға орын бар ма? Өзім жаңа сіз мақтаған көп балалы ананың бірімін, - деген кезінде көпшілік ду шапалақпен қошемет білдірді.
Әкім жауабын бірден бұл ауданды ғана емес, сол орамды да жақсы білетінінен бастады.
– Былтырғы жазда 276-орамды екі рет араладым... – дей берген әкімді көп балалы ананың сөзін бөлді:
– Ағай, біз талдардың арғы жағында тұрамыз...
– ...Талдың арғы жағын да білемін. 153 үй тұрасыздар. Қателеспесем, 300-ден аса бала бар. Сол сіздер үшін ешкімге рұқсат бермейтін Орманов мырзадан («Су арнасы» мекемесінің басшысы – ред.) рұқсат алып, үлкен диаметрлі құбырдан су алып бердік. Аз үй болса да шағал тас төсетіп, автобусты жақындаттық. Ендігі жоспарымыз – қоғамдық көлікті бір аялдама болса да тағы да жақындату, - деді Ғабит Патшаханұлы.
Қанат Досжанов деген азамат осы елдімекендегі мазарат жайын көтерді. Нақты айтқанда, қорым 2012 жылы заңды түрде жабылғанын, былтыр «ЛТД тұрмыс» мекемесі мазардың қоршауын кеңейтіп, үйінің маңына дейін жеткізгенін айтты. Содан кейін мазарда бірді-екілі адамдар жерлене басталғанын, мұны көрген көше тұрғындарының бойында қорқыныш ұялағанын жеткізді.
– Бұл мәселеден хабарым бар, - деді әкім. – Мазар ТҮКШ басқармасының балансына қарайды. Қазір есептен соң сол жерге барып, жауапты мамандармен жиын өткіземін.
Бұдан кейін кезек алған Тұрсынай Орымбетқызы аудан әкімінің жұмысына разылығын білдірді. Сонымен қоса ана ретінде балалары біліп алып отырған мектептің директорына алғысын жеткізді (айта кетейік, жиын барысында бірнеше тұрғын әкіммен қатар мектеп директорына алғыс айтты).
Аудан әкімі «Ең жанашыр тұрғын» деп баға берген Тұрсынай Орымбетқызы да үй құжаттарын рәсімдеу мәселесін көтерді. Соған қарағанда осы ауданда осы мәселенің өзектілігі жоғары.
Содан кейін халқы тығыз қоныстанған ауданға бірер автобус бағытының аздық ететінін айтқан зейнеткер сол автобустардағы кондуктордың дөрекілігіне шағымын білдірді. Әкім сол мезетте залда жолаушылар көлігі саласының маманы отырғанын айтып еді, Наурыз Сүгірәлиев орнынан тұрып, шағымды жазып алғанын айтты.
– Өзің бір әп-әдемі жігіт екенсің, кондукторларың неге ондай емес?! – деген зейнеткердің зілді әзілі көпшілікті ду күлдірді.
Аудан әкімі «Әр факті бойынша дер кезінде дәлелді шағым түсірілсе, шара көрілетін болады» деді. Сонымен қоса
Шымкенттің биылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы атанатын жылында «Өзгеден мәдениетті талап ете отырып, өзіміз де мәдениетті болайық» деп қорытындылады сөзін.
...Десе дегендей, әр адам өзіне жауап берсе, біршама тірлік жүйеге келіп қалар еді. Жоғарыда жазғандай, жиынның басында ұзақ уақыт шырылдаған телефон даусы да сол мәдениеттің деңгейінен хабар беріп тұрғандай...
Ал есептің өзі ардагердің әдемі батасымен аяқталды. Есепті жиын емес, біз өзара ой бөліскен орайлы кездесуге келгендей әсермен қайттық.
2020: ел өміріндегі өзгерістер
Пятница, 10 Январь 2020 03:36Тышқан жылы елімізде болатын өзгерістер аз емес. Нақты айтқанда 1 қаңтардан бастап күнкөріс шегі мен айлық есептік көрсеткіштің жаңа мөлшері енгізіліп отыр. Сонымен, әлеуметтік төлемдерді есептеуге арналған күнкөріс шегі 1500 теңгеге жоғарылап, 31 183 теңгені құраса, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2 651 теңгеге тең болады. Ал ең төменгі жалақы мөлшері сол күйінде қалды – 42 500 теңге.
Әлеуметтік көмек
2020 жылдың басты жағымды жаңалығы көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленетін жаңа мемлекеттік жәрдемақы болмақ. Бұған дейін хабарлағанымыздай, мемлекеттік жәрдемақы бала санына қарай сараланады:
4 балаға – 42 496 теңге;
5 балаға – 53 127 теңге;
6 балаға – 63 757 теңге;
7 және одан көп балаларға – 74 388 теңге.
Сонымен қатар, жаңа жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті төлеу жүйесі өзгереді. АӘК бұрынғыдай алты немесе он екі айға емес, тоқсан сайын тағайындалады. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі мемлекет ұсынған жұмыстан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек бүкіл отбасыға тоқтатылады.
Бұған қоса, атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріледі. Яғни, мектеп жасына дейінгі балалар азық-түлік және гигиеналық құралдармен қамтылса, мектеп жасындағыларына тегін ыстық тамақ, мектеп формасы мен оқу-құралдары беріледі, күнделікті мектепке барып-келуге жұмсалатын жол шығыны өтеледі.
Жалақы жоғарылайды
Қазақстанның еңбек заңнамасы бойынша, елімізде тек ең төменгі жалақының мөлшері ғана реттеледі. 2019 жылдың басынан бері әлеуметтік жауапкершілік аясында 203 мың кәсіпорын 1,2 миллион жұмысшының жалақысын 32%-ға, яғни, 46 мың теңгеден 61 мың теңгеге дейін көтерді.
2020 жылғы 1 шілдеден бюджет қызметкерлерінің айлығы 30%-ға ұлғайды.
Ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан мұғалімдердің жалақысы 25%-ға, мәдениет саласы қызметкерлерінің айлығы 35-50%, әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы 30-60%-ға өседі деп жоспарланып отыр.
Зейнетақы
2020 жылы ең төменгі базалық зейнетақы 800 теңгеге ұлғайып, 16 839 теңгені құрайды.
2020 жылдың қаңтар айына дейін тағайындалған зейнетақы мөлшері 7%-ға артады. Мысалы, бұған дейін зейнетақы 57 900 теңге болса, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 61 953 теңгеге тең болады.
Сонымен қатар биыл ең төменгі зейнетақының мөлшері 36 108 теңге болса, келесі жылы 38 636 теңгеге жетеді.
Жыл сайын айлық есептік көрсеткіштің өсіп отыруына байланысты, мемлекеттен балаларға, мүгедектерге, асыраушысынан айырылу бойынша, аса зиянды және ауыр жұмыстарда еңбек ететін адамдарға төленетін әлеуметтік жәрдемақылар да көбейеді.
2020 жылы алғаш рет зейнетақы алуға өтінім берген азаматтардың максималды кірісі (еңбекақысы) 46 еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспайды (121 946 теңге). Мысалы, нақты кіріс 180 мың теңгеден асса да зейнетақы төлеуге 121 946 мың теңге кірісі есептеледі.
Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне берілетін арнайы мемлекеттік төлемақы биыл 42 416 теңгені (16 АЕК) құрайды.
ҰОС мүгедектеріне теңестірілген тұлғаларға 20 016 теңге (7,55 АЕК) төленеді.
ҰОС қатысушыларына теңестірілген тұлғаларға – 16 410 теңге (6,19 АЕК).
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары опат болған сарбаздардың жесірлері 11 877 теңге (4,48 АЕК) алады.
Соғыстан кейінгі жылдары қайтыс болған, өмірінде мүгедек деп танылған ҰОС қатысушылары мен мүгедектерінің қайта неке құрмаған жұбайларына 6 787 теңгеден (2,56 АЕК) төленеді.
Тыл еңбеккерлеріне – 5 647 теңге (2,13 АЕК).
Соғысқа қатысушы болып саналатын Кеңес Одағының батырларына, үш дәрежелі Даңқ орденінің кавалерлеріне ай сайын 367 509 теңгеден (138,63 АЕК) төленеді.
«Халық қаһарманы» және «Қазақстанның Еңбек Ері» дәрежесімен марапатталған тұлғаларға ай сайынғы төлемақы мөлшері де 367 509 теңгені құрайды.
Соғысқа қатысқан Социалистік Еңбек Ерлері 197 898 теңге (74,65 АЕК) алады.
Мүгедектерге – жәрдемақы
І топқа – 59 872 теңге, II топқа – 47 710 теңге, III топқа – 32 431 теңге.
16 жастан бала мүгедектерге: І топ – 59 872 теңге; II топ – 49 581 теңге; III топқа – 37 420 теңге; 16 жасқа дейінгі мүгедек-балаларға – 43 657 теңге.
Ата-анасының бірінен айрылған жағдайда балаларға немесе отбасының еңбекке қабілетсіз мүшелеріне ай сайын төленетін жәрдемақы:
- бір балаға – 26 818 теңге;
- екі балаға – 46 463 теңге;
- үш балаға – 57 689 теңге;
- төрт балаға – 61 119 теңге;
- бес балаға – 63 302 теңге;
- алты және одан көп балаға – 65 797 теңге.
Тұл жетімдерге ай сайын 36 796 теңгеден төленеді.
Балалар жәрдемақысы
Бала тууға байланысты берілетін бір реттік жөргекпұл көлемі артады:
- бірінші, екінші және үшінші балаға – 100 738 теңге;
- төртінші балаға – 167 013 теңге.
Жұмыс істемейтін әйелдерге сәби 1 жасқа толғанша ай сайын берілетін жәрдемақы:
- бір балаға – 15 270 теңге;
- екінші балаға – 18 054 теңге;
- үшінші балаға – 20 811 теңге;
- төрт және одан көп балаға – 23 594 теңге.
Мүгедек-баланы тәрбиелеуші тұлғаға – 43 657 теңге.
Бала жастан І топ мүгедегін күтушіге жәрдемақы – 43 657 теңге.
«Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналарға ай сайынғы жәрдемақы 16 967 теңгеге дейін көбейеді.
Паспорт пен жеке куәлік қымбаттайды
2020 жылдан төлқұжат пен жеке куәлік алу қымбаттайды. Паспорт алуға мемлекеттік баж салығы 8 АЕК немесе 21 208 теңгені құрайса, жеке куәлік алу қызметінің бағасы 0,2 АЕК немесе 530 теңге болады.
Егер азамат жеке куәлікті ауыстыруға уақытылы өтініш бермесе, онда оған 7 АЕК немесе 18 557 теңге айыппұл салынады. Әдетте құжаттарды алу мерзімі 15 күнге дейін уақыт алады. Дегенмен, қосымша ақы төлеп, құжаттарды жедел алуға болады.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары үшін:
Жеделдіктің бірінші санаты – бір жұмыс күніне дейін – 4 983 теңге;
Жеделдіктің екінші санаты – үш жұмыс күніне дейін – 2 752 теңге.
Облыс орталықтары үшін:
Жеделдіктің бірінші санаты – үш жұмыс күніне дейін – 4 983 теңге;
Жеделдіктің екінші санаты – бес жұмыс күніне дейін – 2 752 теңге.
Облыстардың аудандары мен қалалары үшін:
Жеделдіктің үшінші санаты – жеті жұмыс күніне дейін – 1 166 теңге.
Ал жүргізуші куәлігін алу үшін мемлекеттік баж салығы – 1,25 АЕК немесе 3 314 теңге.
Шәкіртақы көтеріледі
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қаңтарынан студенттердің шәкіртақысын 25%-ке ұлғайтуды тапсырды. Мемлекет басшысы бұл туралы Жастар жылының жабылу салтанатында мәлімдеген еді.
Сонымен, жаңа жылдан бастап студенттердің стипендиясы:
бакалавриатта – 20 949 теңгеден 26 186 теңгеге дейін;
магистратурада – 53 530 теңгеден 66 913 теңгеге дейін;
докторантурада 81 998 теңгеден 102 498 теңгеге дейін өседі.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру
2020 жылдан бастап елімізде науқастарды қабылдау мен емдеу жаңаша жүргізіледі. Осылайша Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілмек. МӘМС аясында мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтайды.
1 қаңтардан бастап жұмыс берушілер мен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар медициналық сақтандыру қорына жарна аударуға міндеттеледі:
жұмыс берушілер үшін – жалақы қорының 2%;
жұмысшылар үшін – еңбекақының 1%;
жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, жеке практикамен айналысатын тұлғалар – 1,4 ЕТЖ-нің (ең төменгі жалақы) 5%;
азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшартпен жұмыс істейтіндер – табысының 1%;
өздігінен төлеушілер – 1 ЕТЖ-нің (ең төменгі жалақы) 5%.
Ал жеңілдікке ие азаматтардың 15 санатына мемлекет жарнаны қорға өзі аударады.
Несие беру талабы күшейтіледі
Жаңа жылдан бастап кірісі күнкөріс деңгейінен төмен қазақстандықтарға кепілсіз несие берілмейді. 2020 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 31 183 теңгеге тең болады. Бұған қоса жұмыссыздар да несие ала алмайды. Банктен қарыз алу үшін соңғы 3-12 айдағы ресми табысты көрсету қажет.
Сонымен қатар, банктерге азаматтардың несие бойынша берешегі 90 күннен асып кеткен жағдайда, комиссия есептеуге тыйым салынды.
Табыс салығынан кімдер босатылады?
2020 жылдың басынан бастап арнайы салық режимін қолданатын микро және шағын бизнес субъектілері табысқа салынатын салықтан үш жылға босатылады. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы.
Алайда бұл өзгеріс жер қойнауын пайдаланушылар, акциздік өнім өндірушілер, ойын бизнесі, сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларына қатысты емес.
Бұдан бөлек, шағын және орта бизнеске үш жылға тексеріс жүргізуге мораторий жарияланды. Бірақ бұл тексеріс мүлде жүргізілмейді деген сөз емес.
Кедендік тексеріс, кезікпе салық тексерісі, қылмыстық іс аясында және салық төлеушінің өтініші бойынша өз қызметіне қатысты жүргізіліп жатқан тексерістер қала береді.
Жаза қатаңдатылады
1 қаңтардан бастап алкогольді ішімдік ішіп алып, жол жүру ережесін бұзғандарға жаза қатаңдатылады. Бұған дейін ішімдік ішіп алып, жол жүру ережесін бұзғандардың жүргізуші куәлігі екі жылға тәркіленіп, 40 тәулікке дейін қамауға алынып келген болса, енді мұндай жүргізушілер 1 жылға дейін абақтыға қамалып, жүргізуші куәлігінен 10 жылға дейін айрылмақ. Ал жол апатының кесірінен кісі өлімі болса, онда кінәлі жүргізуші 7 жылдан 10 жылға дейін түрмеге қамалады және жүргізуші куәлігінен өмір бойына айрылады.
Бензин акцизі қымбаттайды
2020 жылдың 1 қаңтарынан бензин акцизі екі есеге дейін – тоннасына 10 500 теңгеден 24 435 теңгеге дейін көтеріледі. Бұл өз кезегінде бензин бағасына әсер етері сөзсіз.