Жаңа кеңес беру орталығы ашылды
Понедельник, 06 Январь 2020 03:56Шымкент қаласында Тұрғын үй құрылысы жинақ банкінің жаңа кеңес беру орталығы жұмысын бастады.
Заманауи кеңсе Қонаев даңғылы мен Рысқұлов көшесінің қиылысында орналасқан.
Қала тұрғындары мұнда тек депозит ашып қоймай, сондай-ақ, несие алу үшін өтінім беріп, өз мүмкіндіктерін алдын ала тексере алады.
Бүгінгі таңда 1,5 млн қазақстандық Тұрғын үй құрылысы жинақ банкіне сенім білдіріп отыр. Биыл 350 000 мың адам депозит ашып, салымын бастады. Шымкент қаласы бойынша 97 708 салымшы бар, олардың жалпы жинағы 43,2 миллиард теңгені құрап отыр.
– Қаржысын жинақтаған салымшылар банк сыйақысынан бөлек жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақыны да ала алады. Оның мөлшері – 20%, яғни 505 000 теңге салып, 101 000 теңге сыйлықақы ала аласыз. Ол үшін 31 желтоқсанға дейін депозит ашып, толтырып үлгеру қажет, – деді ТҮҚЖБ Шымкент филиалының бөлім басшысы Нұрлан Сұлтанов.
Айта кетейік, ТҮҚЖ банкінің Шымкенттегі кеңес беру орталықтары мына мекенжайларда орналасқан:
* Рысқұлов көшесі, «Гипер Хаус» сауда орталығы;
* Қонаев даңғылы, «Алтын» сауда үйі;
* Асқаров көшесі, 32 үй
* Рысқұлов көшесі, «Север» сауда үйі.
«Кітапхана адамзатты тәрбиелейді»
Среда, 25 Декабрь 2019 04:15Шымкенттегі А.Пушкин атындағы кітапхананың іргесінің қаланғанына биыл 120 жыл толып отыр. Ғасырдан астам тарихы бар руханият ордасы қаншама буынның қадірлі ордасына айналды. Кітапқұмар оқырманның киелі шаңырағы саналатын бұл мекен күні кешеге дейін Шымкенттегі Тәуке хан және Республика даңғылдарының қиылысында орналасқан еді.
Студент кезіміздегі «азық» алатын ордамыз осы орын болатын. 150-ден астам адам сиятын оқу залында үнемі орын бос болмайтын. Табалдырығына енгеннен ерекше аурасы сезілетін, тіпті, кітаптың иісі аңқып тұратын сол шаңырақ 2015 жылы Қазыбек би көшесіндегі бұрынғы музейдің ғимаратына көшіп барды.
Тарихтан тамшы сыр
А.С.Пушкин атындағы кітапхана 1899 жылы орыс халқының ұлы ақынының 100 жылдық мерейтойына орай ашылған. Ол шақ Шымкент қаласының жаңа тарихи кезеңі басталған уақыт болатын. Қала тұрғындарының өздері қаржы жинап, қоғамдық кеңес үйінің ғимаратын салады. Ол жерде басында би кештері, әуесқой театр әртістерінің қойылымдары көрсетіліпті. Осы ғимарат ішінен 1899 жылы, А.С.Пушкиннің 100 жылдығы қарсаңында, ақын атындағы ең алғашқы кітапхана ашылды. Жыл сайын қала қазынасынан кітап қорын толықтыру үшін 300 рубль, басқа да қажеттіліктер үшін 100 рубль бөлініп тұрған екен.
Сонымен қатар қала тұрғындары өздері жазылған мерзімдік басылымдарды, басқа да оқу құралдарын жыл соңында кітапхана игілігіне беріп отырған. Ал 1910 жылдан бастап мерзімді басылымдар қоры құрылып, 30-ға жуық газет-журналды жаздырып алу мүмкіндігіне ие болды. Кітапхананың алтын қоры осылай қалыптасқан.
Ұлы Отан соғысынан кейінгі архив деректеріне сүйенсек, кітапханада 59 мың кітап қоры болыпты. Екінші дүниежүзілік соғыстың зардаптары қалпына келтіріліп, жергілікті басшылар оқу-ағарту ісіне жеткілікті көңіл аударады. Осылайша бейбіт өмір орнаған соң кітапхананың қайта өрлеу кезеңі басталды. Кітап қорын толықтыру, әдеби көркем, ауыл шаруашылығы, техникалық және т.б. басқа шығармаларды белсенді насихаттау, кітапхананың материалдық жағдайын жақсарту жұмыстары белең алады.
1980-жылдары кітап қорын толықтырумен қатар бөлімдердің анықтамалық-іздеу аппаратын іске қосуға басты назар аударылған. Соның негізінде арнайы әдебиеттік пәндік каталогы кеңестік және шетелдік жүйелік каталогы, мемлекеттік стандарттау (ГОСТ) нөмірлеу картотекаларының жұмысы жолға қойылады.
1989 жылы кітапхана атауы А.С.Пушкин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы болып өзгереді. 2000 жылы кітапханада РАБИС электронды каталогы орнатылды. 2007 жылы Шымкент қаласы Оңтүстік өңірде ең алғашқы болып, «кітапхана Астанасы» деген атаққа ие болды.
Рухани жаңғыруға қосқан үлес
А.С.Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана 2018 жылдың қазан айынан бастап Түркістан облысының бас әдістемелік орталығы атанды.
– Қазіргі таңда Түркістан облысында 388 кітапхана бар. Оның ішінде 2 облыстық, 16 аудандық орталық, 16 балалар кітапханасы, 332 ауылдық, 22 қалалық кітапхана жұмыс істеп тұр, - дейді әмбебап ғылыми кітапхана директоры Шәрбану Дінәсілова. – Біздің кітапханашылар халыққа ақпараттық қызмет көрсетудің дәстүрлі әдісін заманауи жаңалықтармен тоғыстырып, оқырманға сапалы қызмет көрсетуде. Себебі, кітапханашы жай ғана маман емес, мәдени-әдеби жаңалықтардың жаршысы, ұлттың руханиятының мәйегін жинақтаушы да бола білуі тиіс. Өлкетану бағытындағы әдебиеттерді насихаттаудың озық үлгісін көрсетіп, жергілікті тарихи орындарды зерттеп, танымал тұлғаларды дәріптеп келеміз.
Кітапхана ұжымы Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген «Туған жерге туыңды тік» бөлімін негізге ала отырып, өңірдің дара тұлғаларының шығармаларын насихаттау және өмір жолын жастарға үлгі ету мақсатында «Оңтүстіктің дара тұлғалары» бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосты. Бағдарлама аясында «Мекемтас Мырзахметұлы әлемі», «Мархабат Байғұт әлемі», «Байтасовтың байтақ әлемі» бұрыштары ашылып, көрмелері ұйымдастырылды.
– Бұған қоса кітапханамызда «Ұлттық әдебиеттер орталығы» жобасы жүзеге асырылуда. Мұндағы мақсат – Түркістан өлкесінде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің әдебиеттерін насихаттау, ұлтаралық берік қарым-қатынас орнатуға үлес қосу, - дейді Шәрбану Әлмахамбетқызы. – Бұл жоба аясында ауқымды іс-шаралар өткізілді. Сонымен қатар бауырлас, көршілес елдердің ресми өкілдері, елшілері кітапханаға арнайы ат басын бұрып, өз тілдеріндегі әдебиеттерді сыйға тартады.
Осылайша бүгінгі таңда «Ұлттық әдебиеттер» бұрышында 20-дан астам ұлт пен ұлыстың 1600 кітабы жинақталып, оқырмандар пайдалануда. Этно-мәдени орталықтармен де қызу әріптестік байланыс орнатып отырмыз.
«120-19-120» жобасы
Кітапхана ұжымы 120 жылдық мерейтой негізінде «120-19-120» жобасын қолға алды. Мұндағы мақсат - оқу мәдениетінің қалыптасуына ықпал етіп отырған, оқырман мен қаламгердің арасындағы алтын көпір саналатын кітапхананың беделін көтеру, іс-тәжірибесін дәріптеу.
– Бұл жоба аясында облыстың барлық кітапханалары ғасырлар тоғысынан өтіп, бүгінгі таңда оқырманы мен қаламгеріне адалдықпен қызмет көрсетіп отырған кітапханамызды өз өңірлерінде жоғары деңгейде насихаттауда. Облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы әдеби іс-шаралар легін өз оқырмандарына таныстырып, эстафетаны аудандық кітапханаларға ұсынды, - дейді кітапхана директоры Шәрбану Әлмахамбетқызы. – Жыл соңында насихаттаудың озық үлгісін көрсете білген кітапханалар арнайы марапатқа ие болады.
Бүгінде тарихы ғасырдан асқан оқырман ордасы кітапханалардың беделін көтеру, заманауи бастамалардың жаршысы болуды мақсат тұтқан. Кітапханашы оқырманға тек кітап беріп отыратын, елеусіз мамандық иесі деген қасаң қағиданы жоққа шығарып, кітапханашылар қатарын жастармен толықтыру да басты назарда тұр. Ал ол үшін өткенге көз салмай, болашаққа қадам жасау мүмкін емес. Сондықтан, «Facebook» әлеуметтік желісі арқылы ардагер кітапханашылардың еңбек жолы жастар арасында кеңінен насихатталуда.
«Кітап – адамды, кітапхана адамзатты тәрбиелейді» деген екен кемеңгер қаламгер Әбіш Кекілбаев. Сол тәрбие ошағының өңіріміздегі қарашаңырағы саналатын Пушкин атындағы кітапхана миллиондардың мекені саналады.
Жаңа жылға – жаңа жатақхана
Среда, 25 Декабрь 2019 03:37Шымкентте студенттерге арналған жаңа жатақхана ашылды. ОҚМПУ-дің студенттеріне арналған 240 орынды жаңа жатақхананың салтанатты ашылу рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов, ОҚМПУ ректоры А.Қайырбекова мен облыстық мәслихаттың депутаты, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Оңалбай Аяшев қатысты.
Қала әкімі бұл жұмыстар Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында жастардың сапалы білім алуы үшін жасалып жатқан игі істердің бір парасы екенін атап өтті.
– Баршаңызды мейрам алдындағы жаңа жатақхананың ашылуымен құттықтаймын. Елбасы 2023 жылға дейін барлық студенттерді жатақханамен қамту туралы тапсырма берген болатын. Шымкентте жатақхана қажеттілігін жою бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.
Мәселен, биыл екі жатақхананың құрылысы аяқталып, ОҚМПУ студенттеріне пайдалануға берілді. Келесі жылы «Шымкент» ӘКК арқылы 2 500 орынды жатақхана салу жоспарлануда, – деді Ерлан Қуанышұлы.
Жатақхана Шымкент қаласындағы Нұрсәт шағынауданында орналасқан және заманауи талаптарға сай қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Кітапханасы мен оқу залы, демалыс бөлмесі, медициналық пункт, ас бөлмесі де бар.
Жәрдемақы – демеу, масылдыққа тежеу
Пятница, 06 Декабрь 2019 05:45ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары екінші оқылымда «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» және «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын қарап, мақұлдады. 2020 жылдан бастап орташа әлеуметтік төлемдердің өсуін қамтамасыз етуге бағытталған бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында жүзеге асырылуда.
Дертті жасырсаң, дендейді...
Среда, 04 Декабрь 2019 04:311 желтоқсан – дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні. Халықаралық деңгейдегі дата алғаш рет 1988 жылы жарияланып, Біріккен Ұлттар Ұйымының АИТВ/ЖИТС жөніндегі бағдарламасы бойынша 1996 жылдан бері атап өтіліп келеді.
ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ ҮШІНШІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ХҚКО АШЫЛДЫ
Пятница, 15 Ноябрь 2019 19:03
Салтанатты рәсімге ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Данабек Исабеков, белгілі кәсіпкер Әмірхан Шүменов, қала тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Мұнда көлік иелері автокөліктерін қайта тіркеп, жүргізуші куәліктерін ауыстыра алады.
«Дайын құжаттарды қабылдау және беру үшін жаңа орталықта 40 инспектор жұмыс істейді. Орталық толықтай жаңа жиһазбен жабдықталған, ал көлік тұрағында екі мыңнан астам автокөлікке орын қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін пандус қойылған, шақыру түймесі жұмыс істейді», – деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Данабек Исабеков.
Мамандандырылған ХҚО мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде, яғни жалға алу шығынынсыз жұмыс істейді. Филиал коммуналдық қызметтердің ақысын ғана төлейді.
Естеріңізге сала кетейік, жаңа ХҚО – Шымкент қаласындағы 10-фронт-офис. Бұған дейін қалада 11 халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істеген, оның ішінде көші-қон ХҚО мен екі мамандандырылған ХҚО бар.
Жыл басынан бері Шымкенттің мамандандырылған ХҚО-ларында азаматтарға 34 мың жүргізуші куәлігі беріліп, көлікті қайта тіркеу бойынша 250 мыңға жуық қызмет көрсетілді.
Заманауи үлгідегі ғимаратта орналасқан ХҚО қызмет алушыларды дүйсенбі-сенбі күндері аралығында 9.00-ден 20.00-ге дейін үзіліссіз қабылдайды.
Мекенжайы: Жиделібайсын көшесі, 92 ("Бекжан" сауда орталығы).
Төтенше жағдайларға әзір
Пятница, 15 Ноябрь 2019 04:25Үшінші мегаполистегі жол тазалау техникасы қыстағы төтенше жағдайларға әзір.
Арнайы техниканың жай-күйі және құтқару жұмыстарын жүргізуге дайындық туралы қалалық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник
Ерғали Бахаев және «Өрт сөндіру және апатты-құтқару жұмыстары қызметі» мекемесінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Аманбек Бейсембаев айтып берді.
– Алдағы қыс маусымында төтенше жағдайларға байланысты департамент тарапынан 49 техника және 297 құтқарушы дайындыққа келтірілді. Оның ішінде «Өрт сөндіру және апатты-құтқару жұмыстары қызметі» мекемесінен 30 техника және 200 маман, жедел-құтқару жасағынан 17 техника және 90 адам, медицина апаттары орталығының филиалынан 2 техника және 7 адам әзір, – деді Ерғали Бахаев.
Мегаполис маңынан өтетін республикалық маңызды жолдардың авариялық-қауіпті учаскелерінде жедел медициналық көмек көрсететін 3 жол медициналық-құтқару пункті бар. Ал қалалық полиция департаментінің инспекторлары ауа райы нашарлаған жағдайда Шымкент-Алматы, Шымкент-Ташкент және Шымкент-Қызылорда бағыттарында жол қозғалысын тоқтата алады.
Қала көшелерін қардан тазалау және құм себу жұмыстарына 4 мердігер мекеменің атап айтқанда, «ЛТД Тұрмыс», «Байтерек ЛБ», «Югдорсервис», «NURTAU servis» ЖШС жұмылдырылатын болады.
Анықтамалар – алақаныңызда «Электронды үкімет қызметтерін» алу жеңілдей түсті
Среда, 13 Ноябрь 2019 04:01Жуырда бір мекемеге шұғыл баруым керек болды. Уақыт – кеш. «ЦОН» атап кеткен халыққа қызмет көрсету орталықтары жабылып қалған. Ал ол мекемеге мекенжай анықтамасын алып бару керек. Енді қайтсем болады?
Кенет бір жылдай бұрын смартфонымда Telegram желісінің @EgovKzBot ботын қосқаным есіме түсті. Ашып, қарасам, көрсетілетін қызметтердің арасында мекенжай анықтамасы бар екен. Қуанып кеттім де анықтаманы электронды поштаға жіберіп, таңертең шығарып алып бардым. Анығын айтқанда алақанымызда жүрген анықтамалар туралы жазайын деп бастап едім, елімізде «Электронды үкіметке» байланысты тағы бір жағымды жаңалық пайда бола кеткені! Сонымен...
Қазақстанда 1 қарашадан бастап мекенжай анықтамасы мемлекеттік реестрден алынып тасталады. Бұл деген сөз – мемлекеттік органдар, мектептер мен медициналық ұйымдар және т.б. азаматтардан мекенжай анықтамасын талап ете алмайды.
Министрлік деңгейінде
Енді мекенжай анықтамасын «Азаматтарға арналған Үкімет» филиалдарынан да, электронды үкіметтің порталдарынан да алуға болмайды. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өндірісі вице-министрі Абылайхан Оспанов осылай деп мәлімдеді.
– Бұған дейін бұл ақпарат жұмысқа орналасу, мектепке, балабақшаларға және медициналық мекемелерге ресімдеу кезінде талап етіліп келген еді. Азаматтар анықтаманы алып келуге мәжбүр болды. Бұдан былай қазақстандық азаматтар біреуге дәлелдеуге де міндетті емес. Мемлекеттік органдар да, білім беру мекемелері де сұрата алмайды, - деді вице-министр.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы басқармасының төрағасы Әсемгүл Балташеваның айтуынша, халыққа қызмет көрсету орталықтарында ең жиі сұралатын анықтама – осы мекенжай анықтамасы.
– Енді анықтама үшін ХҚКО-на сабылудың қажеті болмайды. Қазіргі таңда барлық жүйе біріктіріліп отыр. Мекенжай анықтамасы – бастамасы ғана. Алдағы уақытта осындай 28 анықтама кезекте тұр, - деді Әсемгүл Балташева.
Қажет болған жағдайда қазақстандықтар тіркеуге тұрған мекенжайларын egov.kz электронды үкімет порталы мен eGov mobile қосымшасындағы жеке кабинеті арқылы тексере алады. Цифрлы даму, инновация және аэроғарыш өндірісі министрлігі өкілдерінің айтуынша, мемлекеттік органдар мекенжай деректерін ішкі істер министрлігінің деректер базасымен интеграцияланған ақпараттық жүйелер арқылы алатын болады.
– Биылдың өзінде мекенжай анықтамасын алу үшін адамдар халыққа қызмет көрсету оралықтарына 9 млн рет барған. Жұмыс берушінің бұл анықтаманы сұратуға хақысы жоқ. Ал, егер жеке тұлға өзі қайда тіркелгенін білгісі келсе, egov.kz порталындағы жеке кабинетіне кіріп көре алады. Жаңадан жұмысқа орналасып жатқан азаматтар еңбек шартында тұрғылықты мекенжайын жазып көрсетеді. Соған қарамастан, жұмыс беруші қоймай сұратса, кез келген жеке тұлға сот органдарына барып шағымдана алады, - деп атап өтті Ішкі істер министрлігінің көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Галина Сәрсенова.
Басқа ұйымдар, соның ішінде жеке компаниялар egov.kz электрондық үкімет порталындағы үшінші тұлғаларға анықтама беруге мүмкіндік беретін сервисті пайдалана алады. Ал бұл – тек азамат бір рет ақпарат алуға рұқсат беретін SMS-ке келісім бергенде ғана жүзеге асатын операция.
Ішкі істер органдары іске кірісті
Осы жаңалыққа байланысты Шымкент қалалық полиция департаментінде мемлекеттік органдардың мекенжай анықтамаларын талап етпеу мәселелеріне арналған «дөңгелек үстел» өтті. Талқылауға жиналған ҚР Ұлттық Банкінің, денсаулық сақтау және білім, әлеуметтік қорғау басқармалары мен өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері бюрократиялық кедергінің бірі – қандай да бір қызметтерді алу кезінде халықтан түрлі анықтамаларды талап ету екенін жоққа шығармады.
Себебі, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар мен басқа да ұйымдардың азаматтардан мекенжай анықтамаларды сұратып келгенінің салдарынан тұрғындар ХҚКО-ға, мемлекеттік органдарға барып, уақытын жоғалтуға мәжбүр. Осының барлығы артық қағаз құжат айналымына және мемлекеттік қызметкерлердің өздеріне де қосымша жүктемеге айналады.
Қазіргі таңда нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізілуде, дейді жауапты мамандар.
Егер мекенжайды растауды үшінші тарап қажет етсе (мысалы: жұмыс беруші немесе банк), онда тұрғындар тұрғылықты жері туралы ақпаратқа үшінші тұлғалардың қызметі арқылы қол жеткізе алады. Бұл жағдайда тұрғындардың ұялы телефонына мекенжай туралы ақпарат беруге келісуі туралы сұрау жіберіледі. Соған келісім беру арқылы үшінші тарапқа бір реттік пароль жазылған SMS-хабарлама келеді.
Шымкент қаласының полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мұрат Алтаев қала тұрғындарына осы өзгерістер туралы тез арада хабардар ету қажеттігін атап өтті.
Мемлекеттік қызметтер – әлеуметтік желілерде
Ал сол тұрғындардың біразы қазіргі таңда сандық технологияларды қолдануда. Заман ағымына ілескендердің қатары күн санып артып келеді.
– Цифрлық технологиялар дәуірінде біз қызметтерді электронды форматта қолдануға шақырамыз. Халқымыздың шамамен 64% смартфон қолданатынын ескерсек, қалтаңыздағы гаджет сізге халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ қажетті анықтаманы алуға көмектесе алады, - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қалалық филиалының директоры Данабек Исабеков. – Ол үшін, егер телеграм мессенджерін пайдаланатын болсаңыз, @EgovKzBot ботын тауып, ондағы «старт» тетігін басасыз.
Мәзір арқылы телефон нөмірін жібересіз. Қажетті анықтаманы таңдап, алынған SMS-код арқылы сұрауды растайсыз. Сұраған анықтамаңыз дайын болған жағдайда оны жүктеуге немесе қалаған электронды поштаңызға жіберуге болады.
Бүгінгі таңда осы бот арқылы 25 қызмет түрін алуға болады. Сұранысқа ие қызметтердің ішінде бүгін біз сөз етіп отырған мекенжай анықтамасы, негізгі зейнетақы төлемінің мөлшері туралы ақпаратты алу, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) туралы анықтаманы алу, ХҚО-ға баратын кезде кезекті брондау сияқты қызметтер бар.
– Енді дәл солай қызметтерді facebook және vk әлеуметтік желілері арқылы алуға болады. Әзірге ВКонтакте жүйесінде - 19, Facebook арқылы 15 қызмет қолжетімді, - дейді Данабек Исабеков. – Facebook арқылы қызметтерді алу үшін әлеуметтік желінің мэссенджерінде «Портал egov.kz» жазуын енгізіп, бот сілтемесін басыңыз.
Сізге бірден қызметтер мәзірі шығады. Ал ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі сервисті қолдану үшін онда «Портал eGov.kz» аккаунтын тауып, хабарлама жазатын жерде диалог терезесін таңдаңыз, қажетті қызметтер мен сервистерді алу үшін сізден ЖСН мен телефон нөмірі сұратылады. Осылайша әлеуметтік желілердегі мемлекеттік қызмет боттарын смартфоннан да, ноутбуктан да бірдей алуға болады.