Осы аптада облыс әкімі Асқар Мырзахметов Шымкент қаласында жаңадан құрылған Қаратау ауданында орталық мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімдерін орналастыру мәселесі бойынша жиын өткізді. Аталған жиынға облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр бастаған тиісті сала жетекшілері қатысты.

k karatauҚаратау ауданында бүгінгі таңда 210 мыңнан астам халық тұрады. Қалаға қарасты 4-ші ауданның жалпы аумағы 32 мың гектардан асады. Айта кетейік, қазіргі уақытта аудан әкімдігінде 32 штаттық бірлік ашылып, аудан әкімі аппаратының ғимараты «Нұрсәт» шағынауданында орын тепкен.
Жаңа әкімшілік-аумақтық бірлікте бүгінге дейін аудандық ішкі істер бөлімі мен халыққа қызмет көрсету орталығы ашылған болатын. Алдағы уақытта жергілікті жерде мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру бағытында сот, прокуратура, әділет органдарының, сондай-ақ мемлекеттік кірістер департаменті мен зейнетақы төлеу орталығының және тұтынушылар құқығын қорғау мекемесінің аудандық бөлімшелерін ашу жоспарланған.
Жиында аймақ басшысы көтеріліп отырған мәселенің маңыздылығын ескере отырып, мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерін құру бойынша орталық органдардың облыстық құрылымдарымен бірлесе нақтылы кесте бекітіп, пәрменді жұмыстар атқаруды жүктеді.

ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келіп, Шымкентте бірқатар нысандарды аралады. Мемлекеттік хатшыны аймақ басшысы Асқар Мырзахметов қарсы алып, өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндап берді.

10457962 311212142382451 4324261023285598045 nСапар барысында Гүлшара Әбдіқалықова «Асар» шағынауданында орналасқан 270 орындық №1 қалалық балалар ауруханасының ашылуына қатысып, жаңа нысанның жұмысымен және денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сондай-ақ, дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерімен жүздесіп, балаларды жан-жақты сауықтыруда табыстарға жетулеріне тілектестік білдірді. Айта кету керек, облыс орталығындағы жаңадан ашылған балалар ауруханасында 15 жасқа дейінгі 10 мыңнан астам жеткіншек стационарлық ем қабылдай алады.
Іссапардың келесі бөлігінде Г.Әбдіқалықова Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының жұмысымен танысып, өңірдегі этномәдени бірлестіктер жайында мағлұмат алды. Шымкентте тұратын диаспора өкілдерінің арнайы дайындаған мерекелік қойылымдарын да тамашалады. Өңірдегі этномәдени бірлестік өкілдерімен өткізген кездесуінде Мемлекеттік хатшы Қазақстан халқы Ассамблеясы Жылын өткізудің қоғамдық-саяси мәні жоғары екенін айтып, барлық іс-шаралар «Менің елім – Мәңгілік Ел» атты басты идеяны, бейбітшілікті, қоғамдық келісім мен халықтың бірлігін нығайтуға бағытталуға тиіс деп атап көрсетті.

10999108 311212019049130 5083965880317674754 n– Оңтүстік Қазақстан облысы Қазақстан бойынша халқы көп аймақ. Мұндағы 109 елді мекенде 100-ден аса өзге ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Облыс халқының басым бөлігі қазақтың салт-дәстүрін ұстанады, қазақ тілінде сөйлейді. Қазақстан халқының символына айналған «Тайқазанның» «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл – 20 игі іс» жобасы аясында Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи қаласы Түркістаннан шығып, Астанаға жетуі тегін емес, заңдылық, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Мемлекеттік хатшы өз сөзінде биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Қазақ хандығының 550 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын жоғары деңгейде ұйымдастыру керектігін және елдің тұтастығын одан әрі бекіте түсу – баршамыздың міндетіміз екенін ерекше айтып өтті.
Бұдан соң Мемлекеттік хатшы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында болды. Сонымен қатар, сапар барысында апатты деп танылып, қайта бой көтерген №1 А. Пушкин атындағы мектеп-гимназиясымен және №6 колледждегі дуалды білім берудің жай-күйімен жақынырақ танысты. Бүгінде инновациалық оқу-тәрбие үрдісінде дуалды оқыту жүйесін енгізген колледжде бітіруші түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 96 пайызды көрсетіп, республикалық инновациялық жобалар байқауында үздіктер қатарына енген.
Г. Әбдіқалықова Шымкенттегі сапарында «Қоғамдық келісім» мекемесінде болып, бұрынғы «Қазақстан» кинотеатрын қайта құрылымдау жобасымен танысты. Сондай-ақ, өңірдегі бейнелеу өнері мұражайының ашылу салтанатына қатысып, Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы мен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған көрмелерді тамашалады. Сапар соңында Мемлекеттік хатшы өңірдегі әйелдер қауымымен жүздесіп, Елбасы Жолдауын іске асыру, отбасы-демографиялық саясатты дамыту мен гендерлік теңдік стратегиясын талқылады.

Өркенді істер жалғасын табады

Пятница, 20 Февраль 2015 04:25

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов 2014 жылы атқарылған
жұмыстар туралы халық алдында есеп берді

DSC 0423Облыс әкімінің есебі Шымкентте жаңа әкімшілік-іскерлік орталығындағы «Түркістан» сарайында өтті. Есеп беру кездесуіне жергілікті тұрғындармен қатар, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қ.Айтаханов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков, ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Ж.Естенов қатысты.

– Оңтүстіктегі индустриалды аймақ − республикадағы ең толыққанды жұмыс істейтін үлгілі аймақ. Жалпы, аймақта 71 жобаға 77 миллиард теңге тартылды. Нәтижесінде, бюджеттің бір теңгесіне 18 теңгеден жеке инвестиция келіп отыр, − деді
Асқар Мырзахметов есеп беру кездесуінде.
Сондай-ақ, облыс әкімі «Оңтүстік» индустриалды аймағынан бөлек, Шымкентте қосымша 4 индустриалды аймақ ашылатынын хабарлады.
– Шымкенттегі бес индустриялық аймақ пен еркін экономикалық аймақта 140-қа жуық жоба іске қосылып, 22 000 жұмыс орны ашылады. Сонда кезінде «Фосфор», «Қорғасын», «Шина» зауыттарында болған 20 мың жұмыс орнынан асқалы отыр, – деді облыс әкімі.
Бүгінде Шымкенттегі «Сауда-логистикалық орталығында» 8 ірі жоба жүзеге асуда. Былтыр мұнда халық-аралық стандарттарға сай «А» класты қойма іске қосылды. Дәл осы сынды орталықтар Түркістан мен Мақтааралда да салынуда.
Ерекше атап өтерлік жайт, бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысы индустрияландыру картасын іске асыру бойынша елімізде бірінші орынға шығып отыр. Қазір өңірде 1,2 триллион теңгенің 223 жобасы жүзеге асуда. Олардың басым бөлігі – ауылды жерлерде. Жалпы, өңірде 33 мыңнан аса жұмыс орындары ашылмақ.
Аймақ басшысы өз баяндамасында өзге салалардағы атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Мәселен, Оңтүстік Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 324,6 млрд. теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 28 млрд-қа көбейген. Жылыжай көлемі 910 га жеткен. Бұл республикадағы көрсеткіштің 87 пайызы. Жылыжай шаруашылықтарынан 150 мың тонна өнім жиналған. Сондай-ақ, «Балапан» бағдарламасы аясында өңірімізде мектепке дейінгі 160 ұйым ашылған. Нәтижесінде бүлдіршіндерді қамту көрсеткіші 67,2 пайыздан 76,8 пайызға өскен.
Әкімнің баяндамасында мәлім болғандай, облыста белсенді кәсіпкерлік субъектілерінің саны 128 мыңға жетіп, шағын және орта бизнес субъектілерінің шығарған өнімі 522,3 млрд. теңгені құраған. Сондай-ақ, жергілікті «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы» арқылы 6,9 млрд. теңгені құрайтын 1395 жоба қаржыландырылған. «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары» 45 мың кәсіпкерге көмек көрсеткен. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 73 млрд. теңгені құрайтын 353 жоба мақұлданып, 2,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.
DSC 0570Есепті кездесу барысында өңіріміздің әр аймағынан келген тұрғындар тұрмыстық және қоғамдық мәселелер бойынша облыс әкіміне өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Оның ішінде Шымкент қаласындағы тұрғын үйге қатысты сауалдар да болды. Бұл мәселеде облыс әкімі өз пікірін білдіріп, нақты мәліметтерді келтірді.
– Әрине облысымызда тұрғын үйдің күрделі екендігі белгілі. Тұрғын үй ғана емес, сондай-ақ, жер мәселесі де өзекті. Дегенмен, жоспарымыз бар, мәселелер де өз уақытымен шешілуде. Жалпы, қала бойынша үй кезегіне тұрғандардың саны 14 мыңнан астам. Тұрғындардың кезек ретінің бәрі сайтқа енгізілген. Қазіргі таңда қалада 61 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның 8-і өткен жылы қосылды. Қалған 53 тұрғын үйдің құрылысы биыл қосылуы керек. Жоғарыдағы 53 үйдің барлығы мемлекеттік қызметкерлерге берілетін арендалық, ипотекалық үйлер. Нақтырақ айтқанда, 220 мың шаршы метр болатын тұрғын үй биыл пайдалануға беріледі. Осы 53 үйдің есебінен 5 мыңға жуық тұрғынның мәселесі шешіліп, баспаналы болады, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, жиында Шымкент қаласы «Қайтпас-2» шағынауданының тұрғыны Құралай Андасова өзі тұратын аудандағы электр жарығының сапасын жақсартуға қатысты ой-пікірін айтты. Бұл орайда облыс әкімі өзекті мәселеге байланысты былайша жауап берді.  
– Қаланы жарықпен қамтамасыз ету, жарықтың сапасын күшейту мәселелері біздің үнемі назарымызда, – деді Асқар Мырзахметов. – Бұл бағытта да атқарылып жатқан жұмыстар бар. Мысалы, Жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтағы солтүстік подстанциясы, өткен желтоқсан айында шешімін тауып, іске қосылды. Енді екінші үлкен жобаның бірі – Бозарық подстанциясы. Қазір құрылысы жүріп жатыр. Бұл жоба іске қосылса қаланы электрмен қамтамасыз ету жағы жақсара түседі. Жалпы, қазір қаланың ауқымы ұлғайып жатыр, өздеріңізге мәлім, қалаға 40-қа жуық елді мекен қосылды. Осы елді мекендердегі көп трансформаторлар ескірген, яғни 300-ге жуық трансформатор талапқа сай емес. Біз оған зерттеу жүргіздік. Қазіргі таңда 500-ге жуық трансформатордың тізімі анықталып, «Оңтүстік-Жарық» мекемесімен жоспарын жасап жатырмыз.
Есепті кездесудің барысында аймақ басшысы барлық сауалдарға тыңғылықты жауап беріп, халықтың оң бағасын алды.

Тағдыр-тәңірінің маңдайына жазғаны шығар, ол 29 жасында ешқандай себеп-салдарсыз қос жанарынан айырылып, зағиптар қатарына қосылды. Содан бергі 25 жыл өмірінде мүгедекпін деп ешкімге масыл болған емес. Керісінше, біреуге салмақ салмай, өз несібесін адал еңбектен тауып келеді. Ол деп отырғанымыз, 53 жастағы шымкенттік зағип жан Жұманәлі Сыздықов. Бүгінде бір шаңырақтың сүйікті отағасы болып отырған ол «Еңбек етсең ерінбей...» дегенді екі сөзінің бірінде қайталап, ұл-қыздарының құлағына құйып отырады.

«Шебердi қолы асырайды»

DSC 0492Фототілші екеуміз Жұманәлі ағамен жүздесіп, әңгімелесу үшін «Наурыз» шағынауданындағы шаңырағына арнайы іздеп барғанбыз. Межелі уақытта ол есік аузында бізді өзі қарсы алып, сезімтал саусақтарымен қабырғаны жағалай үйге бастап кірді. Сұхбаттасу кезінде байқағанымыз, өмірге құштар азаматтың әрбір қимылы ширақ, сөз саптасы да шымыр көрінді. Тіпті әңгіме арасында әзілдеп, тағдыр соққысына тап болған кездерін күрсініп емес, күле отырып баяндағанына таңдандық.
Жұманәлі Сыздықовтың айтуынша, 1993 жылы екі көзінен айырылған соң дертіне шипа іздеп, бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Еліміз бен Орта Азияны былай қойғанда сонау Германияға, Түркия мен Ресейге, Одессаға сапарлап, тәжірибелі дәрігерлерге қаралған. Бірақ ешқайсысы нақты диагноз қоя алмапты. Тіпті Болгарияға барып, әйгілі көріпкел Ванганың қабылдауында болыпты. Көріпкелдің: «Сенің ауруыңның емі жоқ. Бұл жаратушының басқа салған сынағы. Қиындыққа көндігуіңе тура келеді», деген жауабынан соң алдағы кезіккен ауыртпашылықтарға мойымай, өзінше күресуге бел буады.
– Еліміз егемендігін жариялаған алғашқы жылдары өте ауыр кезең еді, – деп еске алады Жұманәлі аға өткен өмірін. – Мүгедек түгілі, аяқ-қолы сау жандардың өзіне жұмыс табу қиын, зейнетақыдан басқа кіріс көзі жоқ, қатты қиналып, ширығып жүрген кезім. Бір күні келіншегім екеуміз көшеде келе жатып, кезекте тұрған адамдарға тап болдық. Байқасақ, кезек күткен жұртшылық тоңазытқыш жөндетуге келіпті. Бірақ, қаншама адам жалғыз ұстаны күтіп отыр екен. Сол сәтте «маған неге тоңазытқыш жөндемеске?» деген ой келді. Содан үйге келдім де, істеп тұрған тоңазытқышымды бұздым да тастадым. Оның бәрін ретімен қайта жинадым. Әр бұзған-жинаған сайын әр тетіктің қалай орналасқанын мұқият үйренумен болдым. Әбден үйренгенімше бес-алты рет бұзып, сөйтіп, тоңазытқыш жөндеуді жақсылап меңгеріп алдым. Уақыт өте келе жұрттың бұзылған тоңазытқыштарын жөндей бастадым.

Өмiр үйретедi, еңбек ширатады

DSC 05341999 жылы Түркістан қаласынан Шымкентке көшіп келген Жұманәлі Сыздықов тоңазытқыш жөндеу жұмыстарын жалғастырады. Кейінірек массажист, автокөлік жөндеуші болып та еңбек еткен.
– Шымкентке алғаш көшіп келгенімізде басымызда баспана да болмады. Бір «Москвичім» ғана бар еді. Келіншегім, екі балам бар, отбасымды асырауым керек. «Мәжбүрлік – мың өнердің анасы» деген, осы жерде Түркістанда тоңазытқыш жөндеуді үйренген өнерім кәдеге жарады. Бұл жұмысқа өзіммен бірге келіншегім мен таныс шопыр досым да көмектесті. Жүргізуішінің міндеті – жолдың бағытын анықтап отыру болса, әйелімнің міндеті – тоңазытқыштың қаңқасы жарай ма, жарамай ма, соны білу. Ал, қалғаны – маған жүктелген міндет. Осылай ескі тоңазытқыштарды үйге әкеліп, тынбай жұмыс істедік. Соның арқасында қажетті қаражатты жиып, «Қайтпас-1» шағынауданынан баспана салып алдық.
Айтпақшы, сенімі мен өмірге деген құштарлығын сынаққа салған күндерде Жұманәлі аға Шымкенттегі көз аурулары емханасында Ақмаржан есімді бойжеткенмен көңіл қосып, шаңырақ құрады. Ол да еңбекқор жігітті жан-тәнімен түсініп, адал жүрегін ұсынады.
– Жұбайым екеуміз өмірдің ащы-тұщысын бірге татып, қызық пен қиындықты бірге көтерісіп келеміз, – дейді Жұмекен ағаның жары Ақмаржан бізбен әңгімесінде. – Ол әр ісіне жауапкершілікпен қарайды, барлық қиындықтарды мойымай көтере білді. Ол маған берік қорған болса, 2 ұлымыз бен бір қызымызға асқар таудай пана бола білді. Мен оған тұрмысқа шыққаныма өкінбеймін.
Шынында, әңгіме барысында байқағанымыздай, біздің кейіпкеріміз отбасы мүшелерін ештеңеден тарықтырып отырған жоқ. Құдайына қараған шаңырақ иесі қайырымдылық шараларына да атсалысып, өзі секілді мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесіп тұруды дағдыға айналдырған. «Еңбекке келгенде ештеңені намыс көрмедім. Қолымнан келгенше тырысып, адал еңбек етіп келемін. Тапқан дүниеме ешқашан мастанған емеспін. Керісінше, ай сайынғы табысымның 30 пайызын өзім секілді мүгедектерге беріп отырамын. Демеушілік жасаудағы мақсатым – мақтанқұмарлық емес. Өзім секілді мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еңбекке деген үмітін ояту, сол кісілерді өз беттерімен әрекет жасауға үгіттеу», – дейді Ж. Сыздықов.

Екi арманым бар

Ерінбей еңбек етуден жалықпайтын Жұманәлі бүгінде үйге қажетті жиһаздар – үстелдер, шкафтар, орындықтар жасаумен айналысады. Өзі айтқандай, біреуден кейін, біреуден ілгері өмір сүріп жатыр.
– Мүгедекпін деп қоғамнан алшақтап қалған емеспін, – дейді ол. – Қазір, құдайға шүкір, бақыттымын, өз отбасым, асыл жарым, мейірімді ұл-қыздарым бар. Мемлекеттен берілетін 33 мың теңге жәрдемақыны уақытылы алып тұрамын. Қоғамдық көліктерде тегін жүремін. Жалпы, ештеңеге мұқтаж емеспін деп айта аламын. Тек көкейімде екі арманым бар. Оның бірі – Шымкентке жақын жердегі өзен арнасының маңынан 5-6 гектар жер алып, сонда мал шаруашылығымен айналысқым келеді. Ол жерде құстың бірнеше түрлерін асырап, содан өнім алып, өзім секілді зағиптарға кәсіп тауып берсем деймін. Екінші арманым – зағиптар жайлы деректі фильмге түсу. Шынын айтсақ, елімізде мен сияқты зағиптар өте көп. Сол фильм арқылы мүгедектерді қоғамға қажетті азамат ретінде қалыптастырып, зағиптардың қолынан көп нәрсе келетінін шамам жеткенше түсіндірсем деймін.
Жұманәлі аға осылайша тебірене сөйледі. Сөзімен де, ісімен де көпке үлгі болып жүрген ол еліміздің ертеңіне үлкен үмітпен қарайды. «Еңбекке ықыласы мол жандар барда мемлекетіміз гүлденіп, кез келген кедергілерден өте алады» деп, жүрекжарды пікірін айтқан зағип жанның қайсарлығына ерекше тәнті болдық. Өр намыспен алға ұмтылған еңбекқор азаматтың әлі талай жетістіктерге қол жеткізетініне титтей де күмән келтірмейміз.

Қала әкімі, сондай-ақ облыс орталығы аумағындағы аудан әкімдері тұрғындар алдында есеп бергені елге мәлім. Есептік кездесулерде көтерілген мәселелер мен өтініш-тілектер, әкімдердің жауабы жөнінде оқырмандарымызды хабардар еткен де болатынбыз. Дегенмен, есептік кездесулерден аңғарғанымыз – коммуналдық шаруашылыққа қатысты мәселелердің жыл сайын көбірек көтерілетіндігі. Бұл салада атқарылып жатқан іс көп, ауқымды жоспарлар да жетерлік. Атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлар жайында «Шымкент келбеті» газетінде мақалалар жарияланған да болатын.

DSC 0022Барлық мәселе қаржының бөлінуіне байланысты кезегімен шешілетіні айтылған да еді. Тұрғындар қала тіршілігінен бейхабар дей алмаймыз. Алайда, жол мен жарық, су мен «көгілдір отынға» қатысты кей мәселелердің әкімдердің «алдынан шыға беруі» тосын ойға жетелейді. Әсіресе, қалаға жаңа қосылған елді мекендерде коммуналдық инфрақұрылымдарға қатысты мәселе неге жиі көтеріледі? Ол елді мекендерде бұрын ешқандай жұмыс атқарылмаған ба деген сұрақтың туындауы заңды.
Айтайын дегеніміз, атқарылып жатқан жұмыс көбіне өз бағасын алмай жататыны еді. Барлық мәселенің тез арада шешілгенін қалайтындар да табылады. Осы орайда, әкімдердің есебін саралай келе, кей мәселелерге қайта оралуды жөн көрдік. Оқырмандарымызды жан-жақты хабардар ету мақсатымен. Сондай-ақ, қала тұрғындарының шаһар шаруашылығына, тіршілігіне қатысты ой-пікірлері, шағым-өтініштері, ұсыныс-тілектері болса жариялауға дайын екенімізді де хабарлаймыз.

Муниципалдық парк ашу жоспарлануда

Есеп беру жиындарында айтылғандай, бүгінде қаладағы өзекті мәселелердің бірі – қоғамдық көлік. Рас, бұл бағытта қала әкімдігі нақты іс-шараларды бекітіп, жүйелі жұмыстар атқаруда. Соның нәтижесінде автобустардың жүру кестесіне өзгерістер енгізіліп, түйткілді мәселенің түйіні біртіндеп тарқатылып келеді. Мәселен, таяуда ғана Шымкентке газбен жүретін сапалы әрі экологиялық жаңа 200 автобус әкелініп, тиісінше бұл көліктер №19, 60, 76, 135 және 74 бағыттарында жолаушыларға қызмет көрсетуде. Алдағы уақытта Шымкентте муниципалдық парк ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қаланың экологиясын жақсарту үшін газбен жүретін қоғамдық көліктердің қатары көбейтілмек.

Салынған жолдар қайта қазылмайды

Қала әкімінің айтуынша, жоспардағы жұмыстар рет-ретімен, кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Осы орайда, Шымкентте жалпы қуат күші 220 кВт-тық «Бозарық» электр станциясының құрылысы жүріп жатқанын айта кеткеніміз жөн. Бұл станция іске қосылған мезетте қала тұрғындары үшін электр қуаты артпақ. Жалпы, өткен жылы бюджет есебінен 6 шағынауданды электр жарығымен қамтуға 1 859,8 млн. теңге жұмсалып, 5 шағынауданда электр желісінің құрылысы аяқталды. Нәтижесінде 23 мыңнан астам халықты сапалы электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалды. Ал, «Қайнарбұлақ» шағынауданында электр желісінің құрылысын биыл аяқтау жоспарланған. Айта кету керек, 2015 жылы 7 шағынауданды электрмен қамтамасыз етуге бюджеттен 1 162 млн. теңге қаржы бөлініп отыр.
Шаһар басшысына тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың ішінде «қаладағы көлік жүретін түзу жолдарды қазып тастайды» деген арыз-шағымдар да болды. Басшылықтың мәлімдеуінше, бұл мәселеде, қазіргі таңда аталған кемшіліктердің алдын алу мақсатында жаңа ережелер бекітіліп отыр.

Қала келбетiн сақтау – өзектi мәселе

Шымкентте жол салу, өткелдерді ретке келтіру жағы да тұрғындарды әрдайым толғандырар мәселе. Бұл ретте Еңбекші ауданына қарасты 20,315 шақырымдық 17 көшенің құрылысын жүргізуге, Төреқұлов, Жібек жолы көшесін қайта құруға жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Әкімнің айтуынша, қала инфрақұрылымын дамыту бойынша өткен жылы бірқатар шаруалар қолға алынып, жұмыстар уақытында атқарылды.
– Былтыр қалада 125 көшені орташа жөндеу жұмыстарын жүргіздік, қазір 5 үлкен көшеге кеңейту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әрине, әлі де газ, жарық, ауыз су секілді мәселелер бар. Дегенмен, әр нәрсе өз уақытымен, кезегімен болады. Жалпы, былтыр 4 шағынауданда ауыз су құбырларының құрылысы және 2 магистралдық су құбырының («Солтүстік», «Ақжар» шағынауданы) құрылыстары аяқталды. Нәтижесінде, 20 мыңнан астам тұрғын ауыз сумен қамтамасыз етілді. Ал, қалған 3 шағынауданның құрылыстары 2015 жылға жоспарлануда. Сондай-ақ, 2 магистралды су құбырының құрылысы биыл аяқталмақ, – деді Дархан Сатыбалды.
Қаланы табиғи газбен қамтамасыз етуге келсек, былтыр 7 шағынауданда газ құбырларының құрылысы аяқталып, 25 мыңға жуық халық көгілдір отынға қол жеткізді. Биыл 10 шағынауданды газдандыру мақсатында жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге 37,1 млн. теңге қаржы бөлініп отыр.
Шаһардың архитектуралық келбетін сақтау, экологиялық жағдайын жақсарту – қашанда күн тәртібінен түскен емес. Бұл орайда Шымкентте шешімін тапқан жұмыстар жетерлік. Бұл жөнінде аймақ басшысы Асқар Мырзахметов қала әкімінің халыққа есеп беру кездесуінде көшелердің тазарып келе жатқандығын, тазалыққа деген көзқарастың түзеліп келе жатқандығын айтқан болатын. Қала әкімінің айтуынша, былтыр қаладағы қоқыс жинайтын евроконтейнерлердің саны 291-ге жеткен. Ал, биыл олардың санын 1000-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Жұмыс орындарын сақтап қалу Мемлекет басшысының әкімдерге жүктеп отырған негізгі тапсырмасы. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде кәсіпкерлермен өткен жиында мәлімдеді.

DSC 0056Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, отандық бизнесті қолдауда ұлттық компаниялардың тауарлар мен қызметтерді сатып алуда жергілікті мазмұнның үлес салмағын арттыру бағытында Үкімет тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.
– Бұл өз кезегінде отандық кәсіп-орындардың дамуына, қуатын арттыруға және шығаратын өнім түрлерін көбейтуге ең бастысы – жұмыс орындарын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Жұмыс орындарын сақтап қалу – бұл Елбасының әкімдерге жүктеп отырған негізгі тапсырмасы, – деді Б. Сағынтаев.
Жиын қорытындысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен
«Қазатомпром», «Қазақтелеком», «ҚазМұнайГаз», «Самұрық Энерго» АҚ-ы арасында меморандумдар түзілді. Жалпы, осы өңірде жергілікті мазмұнды дамыту шеңберінде құны 61 млрд. теңгені құрайтын меморандумға қол қойылды.
Жұмыс орындарын сақтап қалу және өндірістік процестерді тұрақтандыру мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен өңірдегі ірі өндіріс орындары, оның ішінде
«Қазатомпром», «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-ы, «Петро Қазақстан Ойл Продактс», «Стандарт цемент» ЖШС-і арасында меморандумдар түзілді. Тұтастай алғанда осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде облыста 50 мың жұмыс орнын сақтап қалуға арналған 1057 меморандумға қол қойылды.
Айта кетсек, облыс әкімдігі тарапынан 2014 жылы өңірдегі кәсіпорындарды қолдауға арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп, жыл соңына қарай өндіріс өнімінің көлемін 104,5% арттыруға немесе 650 млрд. теңгеге жеткізуге мүмкіндік туды. Бұл республикадағы үшінші көрсеткіш болып табылады.
– Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздегі қуатты индустриалды орталықтардың біріне айналып келеді. Индустрияландыру картасы аясында құны 1,2 трлн. теңгені құрайтын 223 жоба іске асырылуда, олардың 65 пайызы ауылдық жерде жүзеге асып келеді, – деді Б. Сағынтаев сөзінің соңында.

 

Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды 2014 жыл
қорытындысы бойынша халық алдында есеп берді

DSC 0804

Шырайлы Шымкент шаһары уақыт өткен сайын жаңа ғимараттармен, көп қабат­ты тұрғын үйлермен толы­ғуда. Жалпы, бүгінде қала шаруашылығының қай саласын алып қарасақ та өрлеу бар, жетістіктер де толағай. Осы аптада қала әкімі Дархан Сатыбалды өткен жылдың қорытындысы бойынша халыққа есеп беріп, қаладағы шешімін тапқан мәселелерді байыппен баяндап берді. Жиынға облыс әкімі Асқар Мырзахметов және мемлекеттік органдардың өкілдері, зиялылар, ардагерлер, мұғалімдер, қала тұрғындары қатысты. Есепті кездесуді қала әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетов жүргізіп отырды.

Құрылысы қарқынды, халық саны тез өсіп келе жатқан еліміздегі үшінші шаһардың қазіргі тыныс-тіршілігі жөнінде Дархан Сатыбалды мазмұнды баяндама жасап 2014 жылы атқарылған жұмыстарға жеке-жеке тоқталды.
Қала әкімінің айтуынша, өткен жылы Шымкент қаласында өнеркәсіп өнімінің көлемі 262,9 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 4,6 пайызға өскен. Атап өтерлігі, бұл көрсеткіш облыс бойынша өнім көлемінің 40,5 пайыз үлесін құрайды. Сондай-ақ, еңбек өнімділігі 2013 жылмен салыстырғанда 2 пайызға өскен.
– 2014 жылы Шымкентте ауқымды жұмыстар атқарылды, – деп атап өтті Дархан Сатыбалды. – Әсіресе, құрылыс саласын ерекше атап өтуге болады. Аймақ басшысы Асқар Исабекұлының тікелей қолдауының арқасында қаламызда көптеген әлеуметтік нысандар мен зәулім ғимараттар пайдалануға берілді. Өткен жылы қала экономикасына 166,7 миллиард теңге көлемінде инвестициялар тартылып, 2013 жылмен салыстырғанда 29,6 пайызға артты. Сонымен қатар, қаламыздағы кәсіпкерлік субъектілерінің саны 17,3 пайызға өсіп, шығарылған өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 257,6 миллиард теңгеге жетті. Сәйкесінше, бюджетке кәсіпкерлік саласынан түсетін кірістер 10 776 млн. теңгені құрап, 2013 жылмен салыстырғанда 19,7 пайызға өсті. Ал, қалалық бюджеттің өзіндік кірістері 2013 жылмен салыстырғанда 4,5 млрд. теңгеге немесе 13 пайызға өсті.

DSC 0794Екі жарым сағатқа жалғасқан есеп беру жиынында әкімге тұрғындар тарапынан жол инфрақұрылымын дамыту, тұрғын үй мәселесі және азық-түлік бағасына қатысты бірқатар сауалдар қойылды. Қала әкімі көпшілік көкейіндегі сауалдарға тыңғылықты жауап берді. Ең бастысы, еш­қан­дай сұрақ жауапсыз қалған жоқ. Ал, қосымша қарауды, қаржыландыруды талап ететін ауызша және жазбаша сауалдар бақылауға алынып, алдағы уақытта нақты жауап берілетінін айтты.
– Бас жоспарға сәйкес, Шымкенттің жер аумағы ұлғайып, халық саны өсіп жатыр, – деді қала әкімі өз баяндамасында. – Биыл қаламызда Қаратау ауданы құрылды. 2 кілем зауыты іске қосылды. Былтыр 63 аула жарықтандырылып, жалпы саны 258-ге жетіп отыр. Сондай-ақ, Бадам өзені мен жаңа іскерлік орталықтың маңы абаттандырылуда. Елбасының өзі үшінші қала деп баға берген үлкен мегаполиске инвестиция тарту ықпалы да артып келеді. Шымкентте жасалып жатқан әрбір жұмыс халықтың игілігіне ба­ғыт­талуда.
Жиынға келген әрбір тұрғынның пі­кі­р-ұсынысы қала билігі үшін өте маңызды еке­­нін еске салған Дархан Амангелдіұлы жұрт­шылықты ашық пі­­­кір­лесуге шақырды. Әкіммен тікелей тілдесу өз кезегінде бірқатар өзекті мәсе­ле­нің мән-жайын анықтап, түйі­нін тар­қатып берді.

Тұрғындар сауалы – әкім жауабы


Сұлтан Қасымов,
«Тассай» елді мекенінің тұрғыны:

– Құрметті Дархан Амангелдіұлы! Биыл еліміз үшін мерекелік жыл болғалы тұр. Атап айтқанда, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы бар. Былтыр қаламызда алғаш рет «Мәңгілік полк» шеруі өтіп, жас ұрпақ майданға қатысқан ардагерлердің портреттерін алып, ерекше тағзым еткен еді. Жеңіс күніне биылғы дайындық қалай?
– «Мәңгілік полк» шеруі биыл да жалғасын табады. Бұл орайда арнайы іс-шаралар бекітілген. Бейнефильм түсіру жағы да жоспарда бар. Республика, облыс көлеміндегі мерекелік жиындарға да атсалысамыз. Жалпы, облысымызда бүгінгі таңда 454 Ұлы Отан соғысының ардагері болса, оның ішінде 195-і біздің қаламызда тұрады. Алдағы уақытта соғыс ардагерлерінің әрқайсысына 1 миллион теңге көлемінде сыйақы табысталмақ. Ал, тыл ардагерлеріне 64 мың көлемінде материалдық көмек беріледі.
– Мен Тұтынушылар құқығын қорғау бірлестігінің өкілімін. «Нұрсәт» шағынауданындағы №128 және 129 көпқабатты үйлер 2012 жылы бітіп, пайдалануға берілуі тиіс болатын. Бірақ, әлі күнге дейін осы істің шешімі таппай келе жатыр. Қос тұрғын үйге тұрғындар қашан қоныстанады?
– Әрине, сұрағыңыз орынды. Бұл тұрғын үйдің құрылысын жүргізген мердігер компаниямен талапты орындамағаны үшін келісім-шартты бұздық. Тиісінше қаржыны бюджетке қайтардық. Бұл екі көпқабатты үйге бюджеттен 800 миллионға жуық қаржы бөлінген болатын. Жұмыс орта жолда қалған соң, іске прокуратура араласып, қылмыстық іс қозғалды. Бұл жерде бәрі де заң шеңберінде орын алып отыр. Жұмыстың кешеуілдеу себебі, сот процесі жүріп жатты, оның үстіне мемлекеттік тендер кезінде құрылысы аяқталмаған үйдің жұмыстарын жүргізуге ешқандай компания ықылас танытқан жоқ. Дегенмен, қол қусырып отырған жоқпыз. Осы жұмысқа мердігер компанияны тауып, соған жүктеп, тұрғын үйді биыл наурыз айының соңында тапсырмақ ниеттеміз.

DSC 0825Шәкір Аббасов, «Құрсай» шағынауданының тұрғыны:

– Жақында ауылымызда 900 орындық жаңа мектеп ашылды. Бүкіл ауыл болып қуанып қалдық. Сіздерге зор алғыс айтамыз. Дегенмен, осы ауылдағы ескі мектептің орнына бастауыш мектеп ғимараты немесе емхана салыну жоспарда бар екен. Сұрайын дегенім, нақты қандай нысан бой көтереді?
– Иә, мұнда ескі мектепте 1 гектар жер орын бар. Сіздердің елдімекендеріңізде балабақша да, мектеп те жеткілікті. Сондықтан бұл жерге денсаулық басқармасы мен ауыл әкімдігімен келісімге келіп, емхана салуды жоспарлап отырмыз. Алдағы кезеңде жұмыстың жоспары нақты анықталатын болады.

Гүлбибі, қала тұрғыны:

– Мектептердің күрделі жөндеу жұмыстарына ата-аналардан ақша жинау мәселесіне не дейсіз?
– Жалпы қаламызда бүгінде 128 мектеп бар. Соның 33-і жаңа мектеп. Оның 72-сі күрделі жөндеуден өткізілген. Жыл сайынғы ағымдағы күрделі жөндеуге жергілікті бюджеттен 200 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінеді. Сондықтан, мектептерде ата-аналардан ақша жинау деген мәселе туындаған емес. Егер, осындай факті орын алса, бізге жедел хабарлаңыз. Біз бұл мәселені аяқсыз қалдырмай, зерттеу жүргіземіз. Бұл орайда, мектеп директорларын сайлау туралы мәселе де айтылып жүр. Егер, ата-аналар қолдаса, септігін тигізеді деп ойлаймын.

Ләззат Қожагелдиева, «Ұлағат» шағынауданының тұрғыны:

– Біз тұратын аудандағы маңызды көшелерде атау бар, бірақ көп іргелес көшелерде үй нөмірлері жоқ. Жедел жәрдем шақырғанда қиын. Осы мәселені шешіп берсеңіздер.
– Қаламызда қазір 320 көше атаусыз қалып отыр. Ономастикалық орталықтың шешімі бойынша көше атауларына 2016 жылға дейін мораторий қойылды. Дегенмен, сіз айтқан көшелерге реттік нөмір беруге болады. Мұны жергілікті әкімдік тарапынан жақын арада шешеміз.

Шымкентте 4 индустриалдық орталық ашылады

Қала әкімі тұрғындар сауалына жауап берген соң, сөз тізгінін облыс әкімі Асқар Мырзахметов алып, Шымкенттегі жоспарланған жұмыстардың орындалу барысына тоқталды. Өткен жылы қала инфрақұрылымын жақсарту бойынша шаһардағы жұмыстардың нәтижелі болғандығын тілге тиек еткен аймақ басшысы баяндама барысында қала әкімінің жұмысына оң бағасын берді.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Шымкентті еліміздегі үшінші қала деп бағалады. Осы бағытта қалада жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл жөнінде бүгін қала әкімінің баяндамасында толық айтылды. Ерекше атап өтерлік жайт, бүгінгі таңда Шымкент қаласы әуежайының маңында сауда-логистикалық орталықтың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл қаланы бірден-бір азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Жалпы, облысымызда өнім жеткілікті түрде шығарылады. Бірақ, сол өнімдерді тұтынушыларға уақытында өткізіп, оларға делдалдарсыз жеткізу маңызды. Сауда-логистикалық орталықтың тиімділігі, азық-түлік бағасының өсіп кетпеуін қадағалау, оны болдырмау. Жоспарға сәйкес, бұған 1,5 миллиард теңге бөлінді. Аталмыш орталық облыстағы барлық аудандармен тікелей байланыста болады. Биыл бұл жұмыстардың нәтижесін көре бастаймыз, – деді Асқар Мырзахметов.
Аймақ басшысының мәлімдеуінше, Шымкентте алдағы уақытта жаңадан 4 индустриалдық орталық ашу көзделіп отыр. Бұл орайда аталған жоба негізінде арнайы жер телімі бөлінген. Сондай-ақ, жиында Асқар Исабекұлы Шымкент қаласының инфрақұрылымын дамытуға қатысты өз пікірін білдіріп, шаһардың тазалығы мен көркін сақтауда жүйелі жұмыстың бар екенін айтты.
– Қала бұрынғыға қарағанда әлдеқайда тазарған. Бірақ, әлі де мәселелер бар. Әсіресе, қала ішіндегі қоқыс жәшіктері мен контейнерлердің санын көбейткен жөн. Әрине, бірден ештеңе шешілмейді. Қаланың келбетін одан әрі сақтау, тазалыққа жіті мән беру жағы бәріміз үшін өте маңызды болуы керек. Жалпы, Шымкентте қай салада болмасын, көңілге қонымды көрсеткіштер байқалады. Мәселен, қазір қалада жол сапасы жақсарып келе жатыр. Бұл бағытта бюджеттен қомақты қаражат қарастырылуда. Бір ғана жол инфрақұрылымын дамытуға биыл 6,5 миллиард теңге бөлініп отыр, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, жиында аймақ басшысы есепті кезеңдегі қала әкімінің жұмысын оң бағалаумен қатар, әлі де атқарылуға тиісті жұмыстарды алға қойып, бірқатар тапсырмалар жүктеді.
– Шымкентте өткен жылы көп шаруа тындырылды. Десек те, бүгінгі есеп беру кездесуінде құрылысы аяқталмаған екі үйдің мәселесіне қатысты сұрақ қойған азамат қала әкімнің жұмысына көңілі толмайтындығын айтып жатыр. Қаланың мәселесі екі үймен шешілмейді. Мүмкін, сіздің жаныңызға батқан шығар, бірақ әділ болу керек. Қалада атқарылып жатқан жұмыстар бар ғой. Сондықтан, екі үйге бола төмен баға беру артық сияқты. Ең алдымен, халықты ауызсумен, жарықпен, газбен қамтамасыз ету, оның сапасын арттыру – Елбасы Жолдауындағы маңызды тапсырманың бірі. Осы бағытта мемлекет қаржысын елдің игілігіне тиімділікпен жұмсап, жұмыстың нәтижесін арттыруымыз керек, – деді облыс әкімі қорытынды сөзінде.

Сіз не дейсіз?

 

medellhanovӨмірзақ Мелдеханов,  «Нұр Отан» партиясы
Шымкент қалалық
филиалының төрағасы, облыстық мәслихат
депутаты:

– Шымкентте көптеген жақсылықтардың болып жатқаны белгілі. Атқарылып жатқан жұмыстарды тек көргісі келмеген адам ғана айтуы мүмкін. Қалаға келген қонақтарға ұялмай, көрсете алатын нысандарымыз бар. Оның өзі үлкен мәртебе. Сырттан келген адам бірден байқайды. Нендей өзгерістер болып жатқанын. Сыннан нәтиже шығарып жатқан облыс, қала әкімдеріне рахмет айтамын. Өйткені, кейде батырып, кейде асыра айтамыз. Соның бәріне шыдап, шама-шарқынша жұмыс істеп жатыр.

 

434 b007099ecec5f013f2d67875122b71e4Рәшкүл Оспаналиева, облыстық мәслихат
депутаты:

– Қалада атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Барлық салада да өзгеріс бар. Өзім де қала шаруашылығымен жіті таныспын. Қолымнан келгенше, өзім де үлес қосып жүрмін.  Әсіресе, өзіме жақын кәсіпкерлік саласының дамуы қарқынды. Индустриалдық аймақта кәсіпорындардың саны артқан. Бәсеке бар жерде өсу, даму болатыны да мәлім. Әрбірінің өнімі бүгінде халыққа ең қажетті бұйымдар. Десе де, мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Тұрғындардың айтқан жол, аузы су, жер мәселесі уақыт сәтімен шешілуі тиіс. Қала әкімінің жұмысына жақсы баға беремін.

 
Исмат Тұрсынқұлов,
Облыстық мәслихаттың депутаты:

 – Айта берсек, жақсы тірліктер ауданда да, қалада да жеткілікті. Дегенмен, менің мынадай ұсынысым бар. Әлемдегі ірі мегаполистерді жан-жағындағы елді мекендер азық-түлікпен қамтамасыз етіп тұрады. Бізде де осындай даму қолға алынса екен. Яғни, қала аумағына енгізілген елді мекендердің  ауылшаруашылығы саласына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, жеңілдетілген несие берілсе. Жаңа технологиялар ендіру жағы жетілдірілсе деймін.

 

Түйме өндірісі дамып келеді

Пятница, 30 Январь 2015 06:12

2007 жылы төрт жұмысшымен түйме шығаруды бастаған Шымкенттегі «KazPlast» компаниясы енді өндіріс көлемін ұлғайтпақ. Бүгінгі таңда айына 50 мың дана түйме шығаруды қолға алған кәсіпорын алдағы уақытта еліміздің барлық тігін фабрикасын отандық өніммен толықтай қамтымақ.

tuimelerrҚазақстанда алғаш рет түйме өндірісіне бет бұрған компанияның жоспарын қолдап, қаржылық көмек көрсеткен – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры. Аталған қор өз кепілдемесі арқылы банктен құрал-жабдықты алуға 45,175 млн. теңге несие алған. Осы қаржыға сатып алынған құрылғы арқылы көйлектерге, тондарға және арнайы әскери киімдерге жаңа түйме жасауға мол мүмкіндік қарастырылған.
Кәсіпорын басшылығының мәлімдеуінше, осы уақытқа дейін мұнда 135 млн-нан астам түйме шығарылып, тұтынушыларға жеткізілген. «KazPlast» компаниясы директорының орынбасары Ақылбек Алматовтың айтуынша, аталған өндіріс орны Қазақстан нарығын қамтып отыр. Атап өтерлігі, зауыт өнімі аса қымбат емес. Мәселен, ең арзан түйме 1 теңге 80 тиын болса, ең қымбаты 4-5 теңгеге жуық. Түймелер пішіні мен диаметріне қарай бағаланады.
– Енді бір айда жаңа технология бойынша түйме шығарамыз. Себебі түйме өндірісінің ескі әдісі бойынша сұраныс азаюы мүмкін. Компания үнемі даму жолында болу керек. Сол кезде ғана тұтынушылар саны ұлғайып, халықаралық нарықта бәсекелестікке қабілетті бола аламыз, – дейді А. Алматов.
«KazPlast» компаниясы шығаратын түйме өндірісі автоматты түрде басқарылады. Өндіріске қажетті шикізат көрші Ресейден тасымалданады. Қазір цехта бір ауысымда 16 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта өндіріс көлемін 10 есеге дейін арттыру көзделіп отыр. Келесі айда Италиядан жаңа станок әкелініп, соның көмегімен сәнді киімді көркейте түсетін түрлі түймелер шығарылмақ. Тиімдісі сол, ол түймелер бағасы жағынан шетелдікінен 20%-ға арзан болады. Болашақта жаңа станок шығаратын түймелер шетелге де экспортталмақ.
Айта кетейік, шымкенттік цех қазір тек түйме ғана емес, пластмасса ыдыстардың негізін, сондай-ақ түрлі қақпақтар да шығаруда.

Страница 20 из 22