Еңбек елдiкке жеткiзедi

Пятница, 25 Декабрь 2015 04:56

Облыстың жыл үздіктері
марапатталды

Төккен тер мен елеулі еңбек қашанда ескерусіз қалмайды. Осы аптада облысымызда жыл қорытындысы бойынша әр салада жемісті еңбек еткен, халыққа сапалы қызмет көрсетуде абырой биігінен көрінген азаматтарға «Жыл үздігі» номинациясы табысталды.

Салтанатты жиында өңір басшысы Б.Атамқұлов жұртшылықты табалдырықтан аттағалы тұрған жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Өңіріміздің жетістіктері мен алдағы міндеттерге тоқталған облыс әкімі осы жылы жемісті еңбек еткен азаматтар мен еңбек ұжымдарын 39 аталым бойынша марапаттады.
Жыл үздіктері атанғандар арасында журналистер, спортшы, мұғалім, дәрігер, мәдениет саласының маманы, құрылысшы, меценат және тағы басқа еңбек адамдары бар. Еңбегі жанып, үздік шыққандардың қатарында Жазира Жаппарқұл («Жылдың үздік спортшысы»), Ерғали Құлажанов («Жылдың үздік құрылысшысы»), Дәурен Айманбетов («Жылдың үздік ақыны») Серікқали Жексенбаев («Жылдың үздік журналисі») және тағы басқа да азаматтар бар. Сондай-ақ, өз салаларында өңіріміздің дамуына үлес қосқан мекеме ұжымдары да арнайы марапатқа ие болды. Атап айтсақ, жылдың үздік құрылыс мекемесі болып «Отау Строй» ЖШС-і танылса, «Үздік мәдениет және өнер мекемесі» номинациясын «ОҚО орыс драма театры» МКҚК-і иеленді.
Қуанышқа бөленген барша марапат иелеріне арнайы дипломдар табыс етіліп, сый-сияпат көрсетілді. Салтанатты жиында өнер ұжымдарының мерекелік бағдарламасы сахнаның көркін ашып, жиналғандар мерекелік көңіл күймен тарқасты.

Заңды бұзғандарға айыппұл салынды

Вторник, 15 Декабрь 2015 05:07

Қала әкімі Ғ. Әбдірахымовтың тапсырмасына сәйкес, Шымкентте ретсіз саудамен күрес шаралары жалғасуда. Осы орайда Әл-Фараби ауданы аумағында кезекті  рейд өткізілді.

20151211 153318Қала тазалығын сақтау шаралары «Қырғы», «Акбар» базарлары мен «Қазына», «Оптовик» сауда үйлерінің аумағындағы белгіленбеген орындарда жүргізілді. Рейдтік шараға Әл-Фараби ауданы әкімдігінің қызметкерлері, жергілікті учаскелік полицейлер және қалалық жер қатынастары бөлімінің өкілдері қатысты.
Рейд барысында «Қазына» базары маңындағы кіреберіс орындарды сауда қатарына айналдырып алғандарға қатаң шара қолданылды. Жаңа жылдық шыршалар мен азық-түлік сатып тұрған алыпсатарларға айыппұл салынып, 6 азаматқа хаттама толтырылды. Тиісінше мұнда сауда нүктелеріндегі бірнеше дүңгіршектер жүк көліктеріне тиеліп, аумақ ретсіз саудадан тазартылды. Айта кетерлігі, жабайы саудаға жол бергендерге ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 204-ші бабына сәйкес, 5 АЕК мөлшерінде (9910 теңге) тиісті жаза қолданылуда. Рейдте байқағанымыздай, мұнда бір жыл ішінде бірнеше рет тәртіп бұзып, 10 АЕК мөлшерінде (19 820 теңге) айыппұл төлегендер де ұшырасты.
Аудан әкімінің орынбасары Серік Нұрмановтың айтуынша, аудан аумағында ретсіз саудамен күрес белсенді түрде жүргізілуде. Сауда иелеріне бұған дейін түсіндірме жұмыстары жасалған.
– «Қырғы» базар маңында бірнеше үлкенді-кішілі базарлар орналасқан. Бұл – аудандағы күрделі аймақ саналады, Біз мұнда тиісті мекеме өкілдерімен бірлесіп тұрақты рейдтік шараларды өткізудеміз. Нәтиже жоқ емес, бар. Негізінде қаламызда сауда жасайтын арнайы орындар бекітілген. Сондықтан қаланың қақ ортасының көркін қашырғандарға қатаң шара қолданамыз. Ретсіз саудамен күрес жұмыстары жалғасатын болады, – дейді С. Нұрманов.

Талай талантты танытқан басылым

Пятница, 11 Декабрь 2015 06:26

«Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента»
газеттері 25 жылдық мерейтойын атап өтті

Ақпараттар ағыны тасқындаған заманда газет шығару, оның оқырманын көбейту оңай шаруа емес. Десе де, ақпарат айдынында өзіндік орны қалыптасқан, оқырмандар сұранысына ие болып, жылдар бойы мінсіз қызмет етіп келе жатқан басылымдар да баршылық. Олардың қатарында биыл 25 жылдық мерекесін тойлап жатқан «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттері бар.

 MG 9660Қаламыздың бас газеті ширек ғасырлық мерейтойын Шымкенттегі «Grand Holiday Hall» мейрамханасында салтанатты түрде атап өтті. Ұжымның қуанышын бөлісуге облыс, қала әкімдігінің өкілдері, алыс-жақыннан келген ниеттес әріптестер, қос басылымның бұрынғы қызметкерлері келді. Газеттің мерейтойымен құттықтауға келгендердің қатарында облыстық мәслихаттың хатшысы Қ. Ержан, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қ. Нұртай, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Ө. Мелдеханов және қалалық мәслихаттың хатшысы Н. Бекназаров сынды ел ағалары болды.
Салтанатты шараның ашылуында ұжымның барша қызметкерлері, яғни мерейтой иелері басылымның арғы-бергі тарихын арқау ете отырып, әуелете ән шырқады, би биледі. Бір сәт қолындағы қаламын микрофонға ауыстырған ұжым мүшелері мерекенің сәнін келтіріп, осылайша көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Журналистика саласында кейінгі жас ұрпаққа жол көрсетіп жүрген Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбек мәртебелі кеште ақжарма тілегін жеткізіп, ұжымды мерекемен құттықтады.
– Бүгінгі ресми газеттердің өмірге келуі тәуелсіздік кезеңімен тұспа-тұс келді. Сол бір қиын-қыстау кезеңде «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің тілшілері елдің рухын көтеріп, сүбелі дүниелерге қалам тербеді. Ол күндердің бәрі менің көз алдымда. Бұл басылым талай таланттарды баптап шығарды десем, артық айтқандығым емес. Қазір олардың бірқатары еліміздің әр аймағында белсенді еңбек етіп жүр. Газеттің қазіргі беталысы да мақтауға лайық. Бүгінгі таңда газеттің таралымы көбейіп, танымалдығы артты, – деді Б. Қонысбек.
 MG 9873Мерейтой барысында журналистер қауымына және ұжым мүшелеріне Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Басылымның байырғы қызметкерлері мен газеттің өркендеуіне үлес қосқан жанашыр азаматтар да назардан тыс қалған жоқ. Атап айтсақ, газет ұжымының ұсынысымен, «Абырой. Құрмет» қоғамдық бірлестігінің «Ерен еңбегі үшін» медалімен Ләззат Ноғайбаева, Нұрлан Кенжеғұлов, Оңалбай Аяшев, «Ынтымақ» медалімен Любовь Доброта, «Мінсіз қызметі үшін» медалімен Әлия Еңсебаева, Эльмира Бердіғалиева, Ғалымжан Елшібай марапатталды. Газеттің дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген Жұмамұрат Тұяқбаевтың жары Мадет Сайғана апамызға «Әлемнің асылы» медалі табысталды. Сондай-ақ, басылымның бүгінгі қызметкерлері қала әкімінің, облыстық, қалалық мәслихаттардың, «Нұр Отан» партиясының Грамоталары және Алғыс хаттары табыс етілді.
Бұл ретте Шымкент қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен «Шымкент Ақпарат Орталығы» ЖШС-нің директор-бас редакторы А.Қапбарова марапатталса, Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хатына Т. Әлібеков,
Ұ. Какимова, Р. Махымова, Ә. Хамзина, Ж. Серікұлы, А. Омарбекова, А. Байжарқынова ие болды. Ал облыстық мәслихаттың Алғыс хатымен Т. Әлібеков пен С. Тастанбек, Шымкент қалалық мәслихатының Құрмет грамотасымен Е. Досымбай, Э. Амангелдиева, Қ. Нұрғабыл, С. Есджанова, М. Назаров, Ә. Қалдыбайқызы және Э. Амалбекова марапатталды. Еңбегі еленіп, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының Алғыс хатын иеленгендердің ішінде Б. Қашқынбаев, Э. Мықтыбаева, Ә.Бегімбет, Ә. Сатылханұлы,
Ә. Сейіткәрімұлы, Н. Кенжеев, М. Самылтыров, Ж. Аманкелді болды.
Қос басылымның мерейтойына арналған кеште өңірімізге белгілі қаламгерлер жүрекжарды сөзін арнады. Құрметті меймандардың бәрі де газеттің бұдан әрі де өркендей беретініне тілектестік білдірді.

 

Әрiптестер лебiзi

 

 MG 9873-1Әлия ЕҢСЕБАЕВА
(Астана):

– Қаланың бас газеті өз тарихында талантты журналистердің шоғырын қалыптастырып, талайын түлетіп ұшырды. Бұл ретте ең алдымен газеттің алғашқы іргетасын қалаған Жұмамұрат Тұяқбаевтың есімін атамау мүмкін емес. Жұмамұрат Тұяқбайұлы қос басылымның өркендеп, дамуына зор үлес қосқан редакторлардың бірегейі. Жаңа бастамалар жүзеге асырылды. Мысалы, өңірімізде алғаш болып «Балбөбек», «Детский парк» балалар газеттері ашылды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап бұл газет қаланың шырай-келбетін, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жұртшылыққа бүкпесіз жеткізіп, еңбек адамдарының тағдырын кеңінен дәріптеуде жемісті еңбек етіп келеді. Мереке құтты болсын, әріптестер!

Ләззат НОҒАЙБАЕВА MG 9873-3
(Алматы):

– Қазір Алматы қаласында «Қазақ газеттері» АҚ бас директорының орынбасары болып жұмыс істеймін. Шалғайда жүрсем де өзім қызмет еткен «Шымкент келбеті» газетінің тыныс-тіршілігін қалт жібермеуге тырысып, елеңдеп тұрам. Бұл басылым жүрегіме әрдайым ыстық. Себебі, осы газетте (1994-99 жылдар) ең қызықты әрі өміріме шуақ сыйлаған естен кетпес күндерім өтті. Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Шаханов, Райымбек Сейтметов сынды танымал тұлғалармен осы редакцияда сұхбат құрып, әсерлі әңгімелерін естігенбіз. Бүгінгі мерейтойда осындағы әріптестеріме шығармашылық жетістіктер, зор табыстар тілеймін.

 MG 9873-2Мәди МАНАТБЕК
(Астана):

– «Шымкент келбеті» газетінде мен 1999-2000 жылдары, Жұмамұрат Тұяқбаев ағамыз редактор болған тұста еңбек еттім. Осы басылымда жүріп әріптес аға-әпкелерімнен көп нәрсе үйрендім, мол тәжірибе жинадым, шыңдалдым. Жұмамұрат ағаның қолдауымен баспаналы болғаным да бар. Жалпы алғанда, «Шымкент келбеті» маған құтты мекен болған қасиетті шаңырақ. Қанатымды қатайтқан, өміріме өзгеріс әкелген басылымның ғұмыры ұзақ болсын дегім келеді. Ұжымдағы әріптестерімнің алар асулары мен бағындырар белестері мол болатынына сенемін.

Жаңа белестерге жетелейдi

Пятница, 11 Декабрь 2015 06:21

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы халыққа Жолдауында қоғамдағы көптеген мәселелерді шешуде нақты талап-міндеттерді айқындап, көрсетіп береді. Мемлекет басшысы 2015 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан халқына арнаған Жол­дауында да сол дәстүрді ұстанды. Президент онда маңызды мәселелерді атап көрсете отырып, «Қазіргі әлемді жай­лаған дағдарыс заманында не істеуіміз керек? Қайтсек әлеуетімізді арттырамыз? Қандай міндеттерді жүзеге асыруымыз керек?» деген сұрақтарға тұщымды жауап беріп, тығырықтан шығудың жолдарын көрсетті.

IMG 7219Қазіргі кезде еліміздің әр аймағында Елбасы Жолдауында жүктелген міндеттерді түсіндіру шаралары жалғасуда. Осы орайда Шымкент қаласы әкімдігінің мәжіліс залында Жолдауды жұртшылыққа кеңінен түсіндіру мақсатында қала активінің кездесуі өтті. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов, қалалық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Бекназаров және қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай бастаған үгіт-насихат тобы, сонымен қатар зиялылар мен кәсіпкерлер, құқыққорғау органдарының өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Қала активінде алғаш болып сөз алған қала әкімі
Ғабидолла Әбдірахымов Елбасы Жолдауының маңыздылығын нақтылап, онда қамтылған мақсат-міндеттер мен тапсырмаларды атап өтті.
–  Қазір біздің елімізде ғана емес, әлемдегі алпауыт елдер де экономикалық дағдарысты сезініп отыр. Елбасымыз өз Жолдауында елдің ішкі жағдайын саралап, бәрімізді бұл уақытша қиындықтарға мойымауға шақырды. Сонымен қатар ел экономикасын еселеудің нақты жолдарын ұсынды. Осы орайда алға қойған міндеттерді орындауда әрі мемлекетіміздің дамуына Шымкент қаласы жоғары дәрежеде атсалысуда. Қазір қаламызда 18 нысанның құрылысы уақытша тоқтатылып, тиісінше ол қаражат жұмыссыздықты жоюға бағытталып отыр, – деді Ғ. Әбдірахымов.
Қала әкімі қазіргі кезеңде халықтың алдына жаңа міндеттер жүктеліп отырғанын, ең бастысы, осындай дағдарыс жағдайында халықты үнемшілдікке үндеген Елбасының сөзін келтірді. Сондай-ақ шаһар басшысы өз баяндамасында Шымкенттің 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы аясында қолға алынған шараларға да тоқталды. Әкімнің айтуынша, Шымкенттегі жаңа іскерлік-әкімшілік орталығында және жаңадан бой көтеретін шағынауданда инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
IMG 7198–  Елбасы Қазақстанның алдағы межесі әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру мақсат екенін атап өтті. Ол үшін біздің қалаларымыз да әлемдік өркениетті шаһарлар қатарында болуы қажет. Бұл орайда, Елбасы үнемі Шымкентті «республикадағы үшінші ірі қала» деп айтып келеді. Біз Президент жүктеген міндеттерді орындау жолында бар күш-қайратымызды салуымыз керек. Әсіресе, қалаға жаңа инвесторлар тартып, шаһар тұрғындарына жайлы жұмыс көздерін қарастырып, шетелдік бай тәжірибелерді өзімізде кәдеге жаратып, отандық өнім шығаратын кәсіпорындар ашуымыз керек, – деді қала әкімі. 
Әкімнің айтуынша, Шымкент қаласын туристер мен инвесторлар үшін аса тартымды шағын және орта бизнес орталығы ретінде дамыту – басты назарда. Бүгінде қазіргі заманға сай келетін «Shymkent City» тұрғын үй және іскер ауданын тұрғызу жоспарланып отыр. 2020 жылға дейін «Тұран» шағынауданындағы 450 гектар бос жатқан жерде жаңа аудан бой көтермек. Онда 56 мың халық тұратын болады. Алдағы 1-2 айда мұнда құрылыс жұмыстары басталады. Қазірдің өзінде мұнда үш балабақшаның құрылысын бастауға инвесторлар қолдау білдіруде. Бір атап өтерлігі, қаланың 2020 жылға дейінгі қол жеткізетін межелерін орындауда жеке инвесторларға басымдық берілмек. Бұл ретте тек инфрақұрылым жұмыстарын жүргізуге ғана қала бюджетінен қаражат қарастырылады. Айта кетсек, биыл қалаға 120 млрд теңге қаражат тартылса, соның 80 млрд-қа жуығы жеке инвесторлардың есебінен жүзеге асқан. Қала әкімі келтірген мәліметтерге жүгінсек, жалпы қазіргі таңда шетелдік инвесторлардың ұсынысы бойынша қаламызға бірнеше елдің кәсіпкерлері мен өкілдері келіссөз жүргізуге келген.
Қала активінде сөз алған қалалық «Нұр Отан» партиясының төрағасы Ө. Мелдеханов, қалалық мәслихаттың хатшысы
Н. Бекназаров, №20 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары Т. Николаева Елбасы Жолдауына байланысты алда тұрған міндеттерді орындауға атсалысатындықтарын айтып, осы жолда бірлесе жұмыс істеуге сенім білдірді. Бұдан соң Елбасы Жолдауына орай қатысушылар сұрақ-жауап түрінде пікір алмасты.
Жиында қорытынды сөз сөйлеген облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды мемлекетімізді күрделі кезеңнен алып шығу үшін Елбасы алдымызға нақты тапсырмалар қойып отырғанын және өңірдің даму қарқынын ұлғайтуда бір кісідей жұмылып еңбек ету қажеттігін айтты.

Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымовпен бірге Шымкент қаласындағы құрылысы жүріп жатқан бірқатар нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарымен танысты. Аймақ басшысы ең алдымен жаңа әкімшілік-іскерлік орталығындағы құрылысы өткен жылы басталған көркем гимнастика спорт кешенінде болды.


12027562 1511677342478560 4337547076078535643 nАталған спорт кешені 8 блоктан тұрады. Мұнда спорттық арена, екі көрініс алаңы және 750 көрерменге арналған трибуна бар. Сонымен қатар, 4 жаттығу алаңы, хорео-графия залы, дайындыққа арналған жаттығу залдары мен венткамера, буфет, медпункт және егу бөлмесі, спортшылардың киім ауыстыру және жуыну бөлмесі қарастырылған. Құрылысы жүріп жатқан нысанға елімізге белгілі көркем гимнастика шебері Әлия Юсупова да келді. Оның айтуынша, болашақта бұл спорт кешені жаңа чемпиондардың толқынын тәрбиелеп шығаратын үлкен мектепке айналмақ. Нысан құрылысы 2015 жылдың қараша айында толық аяқталып, пайдалануға беру жоспарлануда.
Қаладағы жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарды аралау барысында аймақ басшысы Бейбіт Атамқұлов әкімшілік-іскерлік орталықтағы 40 көп-пәтерлі №2Б, №2В коммуналдық арендалық тұрғын үйлермен танысты.
Қос тоғыз қабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатында кеңселер орналасқан. Мұнда әрбір тұрғын үй 128 пәтерден тұрады.
12036548 1494456014215340 4066141096076099421 nАйта кетейік, биыл Шымкентте 103 көпқабатты тұрғын үй (5351 пәтер, 293,3 мың ш.м.) құрылысы жүргізілуде. Жыл қорытындысы бойынша 4271 пәтерлі 74 тұрғын үй тапсырылады.
Сондай-ақ, Б.Атамқұлов жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтағы жаңа тұрғын алабы мен аталған орталықтағы нысандарға жылу беретін қуаттылығы 160 Гкал қазандықтың жұмысымен танысты.
Құрылысы 2015 жылы басталған қазандықтың бүгінгі таңда көгалдандыру, ирригациялық лотоктарды орнату, жарықтандыру және асфальт төсеу жұмыстары толығымен аяқталып, іске қосу жұмыстары пысықталуда.
Жауапты мамандардың сөзіне сенсек, іскерлік орталықтағы жаңа жылыту қазандығы «Нұрсәт» шағынауданын толықтай қамтамасыз етпек. Онда 5 жылу қазандығы бар. Мұнда қосымша резервте 2 мың тонналық (солярка) қазандық жұмыс істейді. Оның қуаты 2 айға жетеді деп жоспарланған. Атап өтерлігі, құрылыс нысанындағы сапалы жабдықтар Германияда («BOSCH» компаниясының өнімдері) жасалған. Еске сала кетейік, қараша айының 1-нен бастап жаңа орталықтан жылу беріле бастайды.

u1 WTO-Logo303 32Бүгінде Қазақстанның Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіру процесін әлем жұртшылығы сәтті қадам ретінде бағалауда. 20 жылға жуық уақытқа созылған өзара келіссөздердің нәтижесінде, қос тараптың мақсат-мүддесі бір арнаға тоғысып, қазақ елінің әлемдік нарықта алар орны мен өзіндік бағыт-бағдары белгіленді. Бастысы, әлемдік бәсекеге лайықты болуы үшін қолдағы барды бағалап, сапаға бағытталған отандық өндірістің көлемі мен мүмкіндігін еселей түсуге алғышарт жасалды. Дегенмен де, көпшіліктің көңілінде туындаған негізгі сауал сол, Дүниежүзілік Сауда Ұйымына мүшелікке ену – қазақ еліне нақты нендей нәтиже бермек? Елдегі тауар өндірушілердің келешектегі бағыт-бағдары қалай болмақ? Ұйымның талап-тілектері, ережелері біздегі кәсіпкерлердің қанатын кеңге жаюына мүмкіндік бере ме? Сауда-саттық кезінде ұстанатын қағидаттар қандай? Тауардың бағасы мен сапасы қандай өлшеммен анықталады? Осы тектес сауалдардың нақты жауабын білу мақсатында біз облыстағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары міндетін атқарушы Нұрлан Қабыштаевпен сұхбаттасып, ой-пікірін білген едік.


unnamed 32– Нұрлан Орынбасарұлы, еліміздің ДСҰ-на мүше болуы отандық экономиканың даму үдерісіне қаншалықты ықпал ете алады?

– Дүниежүзілік Сауда Ұйымына мүше болу – ең алдымен жергілікті өнімдерді экспортқа шығару көлемін ұлғайтып, ішкі нарықтағы сапа мен бағаны қалыптастыруға үлкен мүмкіндік береді. Өз кезегінде, тұтынушы сұрыпталған сапалы өнімдерге кең таңдау жасай алады. Тұтынушының қажеттілігі мен мұқтаждығын өтеу бағытында отандық өнімдердің жаңа түрлері кең өріс алып, технологияның озық үлгілері қолданысқа енгізілмек. Кәсібінің өрге домалауын көздеген кез келген кәсіпкер үнемі ізденуіне тура келеді. Яғни, тек бәсекелестік жағдайында үздіктердің үздігі ғана нарықта үстемдікке ие бола алады. Осы арқылы отандық өнімдердің сапасын арттыра отырып, әлемдік нарыққа шығу мүмкіндігін иелене аламыз. Өкініштісі, әлемдік нарықта бәсекелестікке төтеп бере алмаған жағдайда, отандық өндірістің өріс алу үдерісі үлкен қиындыққа тап болары анық. Дегенмен де, тұтынушы үшін ең басты мүмкіндік – елге келіп жатқан тауарлардың арзандайтыны анық. Сондай-ақ, тиісінше, көрсетілетін қызметтің де сапасы артпақ. Бәсекелестік жағдайына төтеп берер болсақ, ДСҰ-ның ел экономикасына тигізер пайдалы тұстары көп.  
Айта кету керек, құрамында 161 мемлекеттің ортақ мүддесін көздеген алпауыт ұйымға мүше болу шешіміне тоқтаған сәтке дейін қазақ еліне ұзақ мерзім мен ауқымды тірліктерді атқару қажет болды. Осы мерзім аралығында елдегі кәсіпорындар әлемдік бәсекелестік жағдайына лайықты төтеп беру үшін әлемдік нарық жүйесіне бейімделіп, қабілетін шыңдай түсті. Қиындық пен дағдарыс атаулының әрбір кезеңдерінен мүдірмей өтіп, қатаң талаптардың тезінен шыға білді. Елдегі іскер қауым өкілдері алдағы уақытта өздері кез болып отырған нарықтың бәсекелестік жағдайын жете түсінеді және өз мүмкіндігін барынша жетілдіре түсуге мүдделілік танытуда. Ең бастысы, отандық өнім өндірушілер әлемдік қауымдастық аясында өз тауарының жоғары бағаланғанын қалайды. Мұндай мақсат-мүддеге жету үшін ел үкіметі жергілікті кәсіпкерліктің өрісін кеңейту бағытында ұзақ жылдар бойы еселі еңбек жасағанын айта кеткеніміз жөн.

– ДСҰ-на ену – еліміздің ауылшаруашылығын дамытуға қаншалықты ықпал етеді?

– Ауылшаруашылығы саласын сөз еткенде, ДСҰ-ның ел экономикасына тигізер тиімді әсері мол болатыны анық. Бұл бағытта елдегі кіші бизнестің басым бөлігі ауылшаруашылығы саласын қамтиды. Қазіргі таңда ұн, бидай, тамақ өндірісінің экспортқа шығарылу көрсеткіші жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Сонымен қатар, мақта-мата өндірісінің экспорттағы көлемін ұлғайту жайы да алдағы күндердің еншісіне тимек. Әрине, бұл ретте, әлемдік нарықта Қытай, Түркия сынды елдердің өнімі кең таңдауға ие болып отырғаны жасырын емес. Бұл жағдайды біздер нақты бағамдай отырып, дұрыс бағытта жұмыс жасай білсек, айтарлықтай жетістіктерге жетеріміз анық. Бұл үшін біздің елде қажетті шикізат қоры жеткілікті.

– Еліміздің ДСҰ-ға мүше болуы өз кезегінде қандай қиындықтарды туындатуы мүмкін?

– Әрине, алғашқы кезеңдерде отандық өндірістің көлемін ұлғайту бағытында айтарлықтай қиындықтар кез болары анық. Бұл қатарда әрине, технологияның мүмкіндіктері, күрт өзгеріп тұратын ауа райының жағдайы мен транспорттық және өзге де кедергілер кері әсерін тигізері сөзсіз. Мұнда бізге көршілес Қытай елінің тәжірибесін басшылыққа алуға тиіспіз. Себебі, ішкі нарықта аса ауқымды өнімдерін кеңінен ұсына білетін Қытай елі әлемдік сауда жүйесіне де баға саясатын қалыптастыруда өз ықпалын тигізуде. Әрі ондағы экспорттың көлемі үнемі артып отырғанын байқауға болады. Бұл жағдай – біздегі ел экономикасының да басты табыс көрсеткішіне айналуы тиіс.

– Еліміздің алып ұйымға енуін жергілікті кәсіпкерлер қалай бағалайды?

– Әрине, кәсіпкерлердің бәсекелестік жағдайында қауіп ететін өзіндік қиындықтары бар екені рас. Ел тарихындағы осы бір шешуші сәттерде тіпті алпауыт кәсіпорындардың өзі қызметкерлерінің санын ұлғайтып, нарықтың жаңа талап-ережелерінің ырқына бейімделуге күш салуда. Жалпылай алғанда, іскер топ өкілдері толығымен болашағына жарқын көзқараспен қарауда деп топшылауға болады. Мемлекет те өз кезегінде, кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетпек. Жалпы, өз ісін жүргізу барысында кәсіпкерлердің үнемі назарында болатын екі дүние бар: бірі – өндірістің көлемін ұлғайту, енді бірі – тұтынушыларға өткізе білу. Осы бағытта тиімді нәтижеге жету – негізгі бағдар аталады. Бұл мәселеде Кедендік одақтың құрылуы да кәсіпкерлік саласын дамытуға оң ықпалын тигізгені анық. Яғни, елдегі бизнес өкілдерінің халық-аралық аренада айтарлықтай тәжірибесі қалыптасты.

– ДСҰ-ға қабылданып жатырмыз. Енді не нәрсеге назар аударған дұрыс?

– ДСҰ-ның ережесі бойынша елдер арасында тауардың өтуі, басқа да нәрселер кедергісіз жүргізіледі. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бәсекелестікке үйренсек, яғни, өтімді тауарларды шығаруға бейімделсек, бұл үлкен жетістік болмақ. Бұл ретте көптеген мәселе жергілікті мамандардың біліктілігіне, парасатына, стратегиялық ойлау жүйесіне, қабілетіне тікелей байланысты екенін де естен шығармауға тиіспіз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ

Қала әкімі Дархан Сатыбалды 2014 жылы және 2015 жылдың
 І жартыжылдығында атқарған жұмыстары бойынша 
депутаттар алдында есеп берді

Бүгінгі Шымкент жыл өткен сайын түрленіп, сәулеті мен келбеті тамаша кейіпке енуде. Бас жоспарға сәйкес, үшінші мегаполистің  аумағы кеңейіп, халық саны мен жер көлемі де ұлғайып жатыр. Бесінші шақырылған қалалық мәслихаттың кезектен тыс қырық сегізінші сессиясында шаһар басшысы қаладағы әр салада атқарылған жұмыстарға жеке-жеке тоқталды.

 MG 8262– 2014 жылы трансферттерді қоса есептегенде Шымкент қаласының бюджетінің жалпы құрамы 78,8 млрд. теңгені құрады. 2014 жылы қала экономикасына 166,7 млрд. теңге көлемінде инвестициялар тартылып, 2013 жылмен салыстырғанда 29,6 пайызға артты. Бюджеттің орындалуына келсек, 2014 жылы өзіндік кірістердің түсім жоспары 38 991,2 млн. теңгені құрап, бюджетке нақты 39 334,6 млн. теңге түсті немесе жоспар 100,9 пайызға орындалды, – деді Д. Сатыбалды.
Қала әкімінің айтуынша, 2015 жылдың басынан бері қалада негізгі капиталға бағытталған инвестициялардың көлемі 56,9 млн. теңгені құрап, 2014 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 14,2%-ға өскен. Соңғы 6 ай бойынша Шымкентте 107 млрд. 929 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Ал, өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі  11 722,4 млн. теңгені құрап, 2013 жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 90,8 пайызды құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығының үлесі 55 пайызды, мал шаруашылығының үлесі 43 пайызды көрсетті.

 MG 8288Әкімнің деректеріне сүйенсек, есепті мерзімде қалада 26 кәсіпорын іске қосылып, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Есеп беру жиынында Дархан Амангелдіұлы Шымкентте индустрияның белсенді дамып келе жатқанын және кәсіпкерлік саласына да кең өріс ашылып отырғанын баяндады. Мәселен, қалада шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылған жұмысшылардың саны  116 648 адамды құрады. Яғни, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жұмысшылардың саны 3,1%-ға артқан.  
Тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында да Шымкентте жүйелі жұмыстар бар. Атап айтар болсақ, өткен жылы қалада тұрғын үй құрылысын дамытуға барлық көздерден 16 млрд. теңге инвестициялар бағытталып, 187,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш 2013 жылдың деңгейінен 1,8 пайызға жоғары. Ал, «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы шеңберінде қалада 3 364 пәтерлі 46 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, оның ішінде 2014 жылы 449 пәтерлі 8 тұрғын үйдің құрылысы пайдалануға берілген.
Жиында қала мектептеріндегі оқушылардың жаңа оқу жылындағы дайындығы пысықталды. Бұл орайда білім саласы бойынша оқушылар биылғы оқу жылында 100 пайыз жаңа оқулықпен қамтамасыз етілмек. Ол үшін  жергілікті қазынадан 452 млн. 592 мың теңге бөлінген.
Қалалық мәслихат депуттаттары қала әкімінің есебін оң бағалап, мақұлдады.

Шымкенттік таэквондошы Нұрсұлтан Мамаев Оңтүстік Кореяның Кванжу қаласында өткен жазғы Универсиадада 58 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанды.

11111111111Н. Мамаев алдымен Комора аралының спортшысын жеңіп, одан соң өзбекстандық Темірбек Уроловтан айласын асырды. Ширек финалда жерлесіміз австралиялық Адриан Абелды 17:5 есебімен ұтып, жартылай финалда ирандық Джавад Амирисорхиге (17:16) өз мықтылығын байқатты.
Финалдық бәсекеде жуырда ғана Бакуде аяқталған Еуропа ойындарының чемпионы португалиялық Ребело Браганкамен кездесіп, 2:0 есебімен тізе бүктірді.
22 жастағы Нұрсұлтан Мамаев осылайша келесі жылы өтетін Рио-де-Жанейро Олимпиадасына берілер жолдаманың 20 ұпайын қоржынына салды. Айта кетейік, ол танымал таэквондошы Шадияр Қондыбаев басқаратын Оңтүстік Қазақстан облыстық жекпе-жек түрлерінен жоғары спорт шеберлігі мектебінде тәлім алады.

Страница 16 из 22