Сексен бес жылдық шежірелі ОҚМПУ

Пятница, 23 Сентябрь 2022 04:30 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 766 раз

Қазіргі заманда уақыт үнемдеу адамзат үшін маңызды қажеттілікке айналды. Білім шексіз, кең және терең. Адам бәрін бірдей оқи алмайды. Көп жағдайда адам өзінің іс-әрекетінің дұрыс екеніне толық сенімді бола бермейді. Ол әрдайым эксперимент жасауға, алға кездейсоқ жылжып, қателіктер жіберген жағдайда, жол-жөнекей түзетуге мәжбүр. Ал өмір адамның өз біліміндегі қателіктер мен кемшіліктерді бағалап, жоюын күтіп тұрмайды. Өйткені, уақыт ішінде жиналған барлық фактілер ескіреді, өйткені өмір тезірек дамиды.

 

Дегенмен, жоғары білім беру ісінде ОҚМПУ шыңдап ұшырып жатқан, кез келген адамның өмір сүруі барысында іске асыратын білім мен рефлексияны игерген, өз өмірін білімгерлерді білім игеру ісіне баулуға арнаған ұстаздар қауымы екенін ескерген жөн.
1937 жылы мұғалімдер институты болып ашылып, бүгінде ұстаздардың ұстазын баулушы, шыңдап ұшырушы дәрежесіне жеткен, бүкіл Оңтүстік жұрты 85 жылдық мерейтойын мерекелеп жатқан ОҚМПУ – инновациялар бесігі. Біздің биік асуларды бағындырған, жоғары мәртебелі де ардақты оқу ордамыз.
ОҚМПУ – Қазақстан Республикасындағы білім саласындағы феномен. Өйткені, ОҚМПУ-дың даму тарихындағы биік асулар өзінен-өзі оңайлықпен бағына қойған жоқ. Бұл жолдағы жетістіктер ОҚМПУ тарихында, өмір жолында ерекше орын алатын, өз есімдерін алтын әріптермен жазған, сайып келгенде, қоғам мен мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуына қол жеткізуге, бүкіл адамзаттың жарқын болашағы үшін айтарлықтай үлес қосқан ұстаздар мен оқытушылардың тынымсыз еңбегімен келді.
«Ұстаздардың ұстазы» деп атауға лайықты Әділ Ермеков, Байзақ
Ермекбаев, Мырзахан Сәрсенбаев, Әшім Омаров, Әнуар Исмаилов, Керімбек Сыздықов, Әбіш Байтанаев, Қалдыбай Бектаев және олардың ізбасарлары – Қуандық Монтаев, Келес Дүйсенбаев, Юрий Гриневич, Серікбай Бершімбаев, Пірімқұл Әбдікәрімов, Евгений Жевако, Ұлан Байтасов, Оразалы Балабеков, Абдулла Әріпов, Балтабай Нұрлыбеков, Александр Мостовой, Сопыбек Тілеуқабылов, Валентина Попова, Рсымбет Бекназаров, Мүслім Қожықов, Мұқаш Жақыпбеков, Әділхан Ахабаев, Оралхан Камардинов, Өтелбай Нұрбаев, Палым Тілепов, Фатих Фаткуллин, Оразбек Жұмашев, Лес Мамаев, Нарзилда
Қарабеков, Надежда Кутнякова және т.б. ардагер ағалар мен апалардың ерен еңбектерінің нәтижелері.
Бұл ағалар мен апалар том-том поэмалар мен романдар кейіпкерлері болуға лайықты жандар. Біз аталған феномендер жайлы ақтарыла сыр шертуді ОҚМПУ-дің феноменділігі жайлы сыр шерту деп білеміз.
1946-1956 жылдары Шымкент мұғалімдер, кейінірек педагогикалық, институтында оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор қызметтерін, 1956-1965 және 1970-1994 жылдары кафедра меңгерушісі, 1965-1968 жылдары физика-математика факультетінің деканы қызметтерін атқарған, математика-лық және инженерлік лингвистикалық тіл білімінің негізін салушылардың бірі, көрнекі ғалым,
Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Кембридж биографиялық орталығының мүшесі, Ұлыбританияда шығатын «Өмірі өнегелі жандардың дүниежүзілік энциклопедиясының» ХХІV томына енгізілген, Ресейдің ғалымдары мен генералдарына өзін мойындатқан
Қ.Б.Бектаевтың «Мен сыртта жүрсем профессор Қ.Б.Бектаевпын, ал
Шымкентке келсем, тек Қалеке болып қаламын» деген жанға жайлы әзілі, қызметтестері Ө.Әлімтаевпен,
Л.М.Исхаковамен, А.В.Кобзевамен әзілдесе отырып, әркімнің жұмыс барысындағы, отбасындағы жағдайларын білуге тырысатыны, жас мамандардың жанын шуаққа бөлеп, қамқор болуы, оларды жас ұрпақпен қалай қарым-қатынас жасауға баулуы жаны жайсаңдығының, адами феномендіктің көрінісі емес пе?
ОҚМПУ-ға еңбегі сіңген, еске алып, атап өтуге тұрарлық ардагерлер жетерлік. Солардың бірі – қазақ қыздары арасында бірінші болып математикадан ғылым кандидаты дәрежесін қорғаған, 1959 жылдан өмірінің соңына дейін қазіргі ОҚМПУ-да оқытушы, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған Малика Абенова. Ол математиканы оқыту тарихына байланысты көптеген ғылыми мақала, оқу құралдарын жазып, білімгерлер үшін өшпес мұра қалдырды.
Физика-математика ғылымдарының кандидаты дәрежесін Москвадағы Халықтар достығы университетінде қорғап, қазіргі ОҚМПУ-ға 1959 жылы М. Абеновамен бірге келіп, оқытушы, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгрушісі, физика–математика факультеті деканы қызметтерін атқарған Лес Мамаев та ОҚМПУ-дың жемісті тарихында өшпес із қалдырған ардагерлердің бірі.
Мұндай абзал жандар арасында қызмет ете жүріп, олардан үлгі алмау, ұстаз болмау мүмкін бе?
Мен ұстазбын – Ұлы дала ұланы!
Биіктерге самғап ұшар қыраны!
Мен сүйемін отбасымды, туған елім – Отанды,
Теңдік, бірлік – мызғымайтын ұраны!
Келгін досым – ел үмітін ақтайық!
Жең сыбанып, жаңа өмір бастайық!
Адамзаттың игілігі – туған жер мен туған ел,
Бірлік, достық, отбасы мен ОҚМПУ.
Игілікті мәңгі бақи ардақтайық, сақтайық!
Досым менің, ұстаздардың ұстазының ордасы ОҚМПУ-ға келіп білім ал, ұстаздың негізгі еңбек құралы, есепке бағынбайтын, бір сәтте де жалғандыққа бой алдырмайтын ұстаз тілінде сөйлеуді үйрен, ұстаз бол. Сонда ұстаздың тек ізгі ниетті, игілікті іс жасаушы, өз өмірін білімгерлермен бақыт атты кемеде бірге отырып сырласуға, өмір жырын, білім жырын шертуге арнаған данагөй екенін түсінесің.
ОҚМПУ, ол баулып шығаратын ұстаз – ұлағатты да ұлы есімдер, жарқын болашақ кепілі.

Жүзбай Қырғызбаев,
ОҚМПУ математика кафедрасының доценты, ф-м.ғ.к.

Алданазар Әмірбекұлы,
математика кафедрасының доценты, п.ғ.к.

Ибашова Альмира,
физика-математика факультетінің деканы, п.ғ.к.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.