ГАЗБЕН УЛАНУ – ҚАУІПТІ

Среда, 28 Сентябрь 2022 09:42 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 451 раз

Газ иісі мен түсінің болмайтынына және тез таралатындығына байланысты өте қауіпті. Улы газды сумен немесе басқа да заттармен басуға мүмкіндік жоқ. Газбен улану көбінесе түнгі уақытта болады. Ұйықтап жатқан адамға пеші бықсыған бөлмеде бірнеше минут болудың арты қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін. Газбен уланудың жиі орын алатын түрі иіс тию деп аталады. Әдетте, бұл пешті қолдану қағидаларын бұзу салдарынан немесе өрт кезінде болады. Газбен улану жағдайы көлікті гаражда қыздыру немесе жөндеу кезінде де орын алып жатады.

 

Шымкент қаласы, Абай ауданы ТЖБ қала тұрғындарын пештің дұрыс жұмыс істемеуінен, жанып жатқан отын бықсуынан, түтіндеуінен адамдарға иіс тиюі ықтимал екендігін ескертеді.
Иіс тиюдің алдын алу үшін ең алдымен пеш дұрыс жұмыс істеуі тиіс. Мысалы, адамдар ұсақ дүние деп қарайтын пештегі кішкентай жарық, пеш түтіндігінің дұрыс тартпауы, осының бәрі қайғылы жағдайға себепкер болуы мүмкін.
Сондай-ақ, үйді жақсы желдету керек. Көпқабатты тұрғын үйлерде газдан улану, әсіресе күздің аяғында немесе қыстың басында орын алады. Орталық жылу әзірге қосыла қоймаған соң, адамдар үйлерін газ плиталарды қосу арқылы жылытады. Желдеткіштері дұрыс жұмыс істемейтіндіктен газ плитаның өзі адам өміріне қауіп төндіреді.
Улану белгілері әр түрлі болуы мүмкін, ағзаның жалпы жай-күйіне, бұрыннан бар аурулардың қозуы және басқа да мән-жайлар. Дегенмен, сіз бастың айналуына, бастың ауруына, жүректің айнуына, құсу, құлақтағы шуға, ентігу, жөтел және көздің жасаурауына міндетті түрде көңіл бөліңіз. Бұл иіс тиюдің симптомдары болуы мүмкін.
Иіс тиген адам кейбір жағдайларда тым ширақтық байқатуы мүмкін, кейде керісінше әлсіздік және ұйқышылдық байқалады. Сондай-ақ, адамның вестибулярлық аппаратының жұмысы бұзылып, есту, көру қабілеттері нашарлауы мүмкін (тепе-теңдікті жоғалту, өзін-өзі ұстай алмау). Бұл белгілер естен тануға себеп болады. Ауыр және орташа санатты улану кезінде жүрек-қан тамырлары жүйесі жұмысында проблемалар болуы мүмкін. Аритмия пайда болып, қан қысымы мен дене температурасы төмендейді. Осындай жағдайда зардап шегушіге медициналық көмек көрсетілмесе, жүрек тоқтап немесе миокард инфарктісі орын алып, адам қайтыс болуы да мүмкін.
Алғашқы көмек туралы айтар болсақ, улы газбен уланғанда адамды таза ауаға шығару қажет. Ауыр және орташа санаттағы иіс тию кезінде адамды ауруханаға жатқызу керек.
Тез арада медициналық жедел жәрдем бригадасын шақырыңыз. Мұндай кезде оқиғаның қалай өрбитінін болжау қиын: кейде зардап шегуші жүрегінің тоқтап қалуынан бірден қайтыс болып кетеді. Кейде тырысулар басталып, адам сал ауруына шалдығуы мүмкін.
Байқалуы мүмкін тыныстың тежелуі және өзге де белгілер, дәрігерлердің дер кезіндегі көмегін қажет етеді. Газбен улану қауіпті. Ол бас миы, тыныс алу ағзаларының, жүрек-қан тамырлары жүйесі ауруларының асқынуына септігін тигізе алады. Уақытылы көрсетілген дәрігерлік көмек осы айтылған жағдайлардың алдын алуға себеп болады.

Али Тұранов,
Абай ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық
қорғау капитаны

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.