МЕНІҢ РЕСПУБЛИКАМ! ҚАНДАЙ ҚЫМБАТ, ҚАНДАЙ ЫСТЫҚ СӨЗ ЕДІҢ?! Избранное

Пятница, 21 Октябрь 2022 05:21 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1281 раз

Ел мен жер! Бағзыдан келе жатқан, мәңгілікке ұласатын қасиетті қос ұғым! Негіздердің негізі, құндылық атаулының бастауы – осы ұғымдар. Көкжиекке сағым ілінген сайын құлашын кең жайған ұшы-қиырсыз дала, зеңгір таулар мен шалқар көлдер! Дешті Қыпшақтың кең жазирасын ен жайлаған далалықтар осынау ұлан-ғайыр атырапта ғасырлар бойы ғұмыр кешіп, тынымсыз еңбек пен зейнетке толы өмірді түзді.

611

 

Уақыт атты құдірет Ұлы Даланы сан мәрте өзгертті, түлетті, жаңартты. Бірақ оның баяғы ыстық мейірімге толы дарқан дидары өзгерген жоқ. Ол балаға да, данаға да қымбат. Бұл дала біздің азаттығымыздың, теңдігіміздің, елдігіміздің кепілі, бейбіт те бақытты өміріміздің тұғыры. Оның іргесі сөгіліп, тұтастығына сызат түссе, құтымыз қашып, ырысымыз ортайып, намысымыз аяққа тапталмақ...
Қазақтың жер үшін күресі – сан ғасырға ұласқан ерлік дастаны! Мәселен, Шымкентте шекті Тілеу батыр Айтұлы мен оның ұлы Жолдыаяқ батыр Тілеу-
ұлының ескерткіші бар. 1681-1684 жылдардағы Сайрам соғысында Тілеу батыр сонау Ақтөбеден 17 мың сарбазын ертіп келген. Соның 11 мыңы соғыста шейіт кеткен.
Ал, қоңырат Алатау батыр
Тілеу батырдан 40 жылға жуық уақыт бұрын (ХҮІІ ғ. 40 жж. соңы) әскер бастап барып, Еділ қалмақтарымен ерлікпен соғысқан. Сол соғыста 8 рет жекпе-жекке шығып, бәрінде де жауын жер жастандырып, 9-шы рет шыққан кезде астындағы аты шыдамай құлап, содан мерт болады. Бұл – нағыз қаһармандық! Қасиетті Түркістаннан батысқа барып, сондағы дін қарындастарына көмектесіп, ерлікпен қаза тапқан Алатау батырға кейіннен ұлы күйші Құрманғазы зор құрмет сезіммен «Алатау» күйін арнап шығарған.
Қоқан басқыншылығына қарсы күрескен оңтүстіктің батырлары – байлар-жандар Мұсабек, алғи Байбақ, Өтеш, құлшығаш Тәнен, қаракөсе Түркебай, қожа Мәделі, Қанай датқа, Байзақ датқа туралы не білеміз? Олар да өзге емес, өзіміз өмір сүріп, ауасын жұтып, суын ішіп отырған осы топырақты отарлаушылардың езгісінен қорғау үшін күрескен батырлар. Сол ерлер мына іргеміздегі Ордабасыда қазақ қыздарына зәбір көрсеткен Қоқан бегі Мырзабидің ордасын шауып, әскерін қырып, қыздарды босатып алып ерлік көрсеткеніне тарих куә.
Мұндай мысалдар өте көп. Ел мен жерді, Ұлы даланы жаудан қорғау үшін жар құшып, бала сүйіп үлгермеген сан боздақтың басы сайын далада қалды (Шейіттердің рухы шат болғай).
Қазақ сахарасына қол сұғуды көксейтін жымысқы ниетті дұшпан қазір де аз емес. Бірақ, жатқа жер бергенше, кеудедегі жанын суырып бергенді жөн көретін қазақтай қаһарман халық барда жаудың ол арам пиғылы іске аспайды.

Ел мен жерді қорғаудың қазіргі асдастырмас жолы – мемлекетшілдік. Біз мемлекетсіз емес, мемлекетшіл халықтың ұрпағымыз. Мыңжылдықтар бедерінде Ұлы Далада ондаған мемлекеттер құрылды. Байырғы сақ, ғұн, үйсін, қаңлы мемлекеттерінің бәрі де біздің бабаларымыздың тарихта қалдырған іздері. Одан беріде бабаларымыз Сары теңізден Қара теңізге дейінгі ұлан-ғайыр аумақта Ұлы Түрік қағанаты атты алып державаны құрды. Қарахан мемлекетінің тұсында мәдениет пен ғылым-білім құлашын кеңге жайды. Ал, Алтын Орда империясының адамзат тарихында алар орны ерекше. Мұның бәрі де бай мәдениеті мен ізгілігі қайталанбас төл өркениеті бар қазақ халқының және ұлттық мемлекетіміз – Қазақ хандығының қалыптасу кезеңдері болатын.
Иә, осылайша Ұлы дала елі ғасырлар бойы Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейінгі ұлан-ғайыр атырапты мекендеп, ұрпаққа мұра етіп қалдырды. Тарихы сан ғасырлық қазақ ұлты ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында әлемдік халықтар қауымдастығынан ойып орнын алды. Ата-бабаның асыл арманы жүзеге асты. Тарихтағы түрік-қыпшақ-қазақ мемлекеттерінің шеруін Тәуелсіз Қазақстан Республикасы жалғады. Еліміздің жаңа тарихы – егемен мемлекеттің жаңа дәуірі басталды.
Республика! Ел мен жер деген қасиетті ұғымдарды тұтастырып тұрған сондай қымбат, сондай ыстық сөз! Осылай болғанда, 25 қазан – Республика күні әрбіріміз үшін қымбат та қастерлі мереке. Бұл Қазақстан тәуелсіздігінің бастауында тұрған егемендік декларациясы қабылданған күн. Бұл мейрам Тәуелсіздігімізді дәріптеуге және елдігіміздің іргесін нығайтуға сеп болатыны сөзсіз. Оның қайта жаңғырып, ұлттық мереке дәрежесінде тойлануы – тарихи маңызға ие шешім дер едік.
Расында, біз – осындай байтақ республиканы құрған, басына бақ дарыған халықпыз. Біз – Еділ-Жайық, Ертіс пен Сырдың арасын алып жатқан дархан даланың заңды мұрагеріміз. Біздің мұратымыз – Қазақстан Тәуелсіздігін нығайту, еліміздің тыныштығы мен жеріміздің тұтастығын қорғау.
Қазақтың бір-бірінен бөлінбес, мәңгілік бірлігінің символы – Астана, Тәуелсіздіктің алтын бесігі – аяулы Алматы десек, Қазақстанның үшінші мегаполисі – халық саны бір миллионнан асқан шырайлы Шымкент!
Ұлы даланың төсіндегі әр өңір, әр аймақ – Қазақстанның байлығы мен мақтанышы. Тәуелсіздік құшағында тербелген, рухани бірлігі мен тамыры терең мәдениеті біртұтас елдің тұғыры – қуатты өңірлер, әлеуетті аймақтар. Десе де, қос мыңжылдықтан асқан тарихы мен заманауи өркениеті тоғысқан Шымкенттің орны қашан да бөлек. Бұл шаһар қашан да жайма-шуақ ауа райымен, қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрімен, ең бастысы, қонақжай, мейірімді, еңбекқор әрі іскер адамдарымен танылған қала.
Шымкент шаһарының өткені мен бүгіні және болашағы өзара сабақтасып жатқандай. Ертеден Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды қалалардың бірі болған Шымкент бүгінде еліміздегі ірі сауда-экономикалық, өнеркәсіптік және мәдени-рухани орталықтардың біріне айналып келеді.
Республикалық қала мәртебесіне ие болғалы бері Шымкент өз дамуының жаңа дәуіріне қадам басты. Шымкент — ел демографиясының сенімді тірегі. Қала тұрғындарының саны 1 миллион 200 мыңға жуықтады. Қазақстандағы әрбір бесінші бала оңтүстік өңірде дүниеге келеді десек, бүгінде бір ғана Шымкент қаласындағы мектептерде 250 мыңға тарта оқушы білім алып жатыр. Осының өзі Қазақстанның жарқын болашағы Шымкенттің дамуымен тығыз байланысты екенін паш етеді.