ГҮЛШАРА ЕШТАЕВА — ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ҮЗДІК ДӘРІГЕРІ

Четверг, 15 Декабрь 2022 15:01 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1177 раз

28118E80-08CD-478A-868D-4D063951EF65Гүлшара Ештаева Шымкент қалалық №6 емханада еңбек етіп жүрген тәжірибелі әрі білікті мамандардың бірі. Еңбек жолын терапевт маман болып бастаған дәрігер басшылық қызметке дейін көтеріліп, өмірінің 45 жылын Шымкент медицинасының дамуына арнаған ардақты жан. ⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Гүлшара Ақайқызы Келес ауданының тумасы. Тоғыз жасында әкесі көз жұмғанда балалық жүректе дәрігер болып, адамдардың өмірін арашалаймын деген арман қалады. Мектепті бітіргенде ауыл шаруашылығы саласына оқуға түскенімен, «дәрігер боламын» деген арманы мақсатына жеткізеді. ⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Г.Ештаева – Алматы мемлекеттік медициналық институтының түлегі. Еңбек жолын 1977-1978 жылдар аралығында облыстық клиникалық ауруханада терапевт интерн болып бастайды. Маманды 1978 жылы Шымкент қалалық⠀ №1⠀емханаға учаскелік терапевт етіп жібереді.⠀1989 жылы Шымкент қаласындағы орталық (қазіргі «Қамқор» емханасы) емханаға аймақтық терапевт болып ауысып, зор жауапкершілігі, өз ісіне адалдығы, кәсіби шеберлігі ескеріліп, аз уақыттың ішінде⠀қалалық денсаулық сақтау департаментінің басшысының бұйрығымен бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары етіп тағайындалады. ⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
1995-1999 жылдар аралығында тәжірибелі дәрігерге басшылық тараптан үлкен сенім артылған. Айталық, 1989-1994 жылдары сенімді дәрігер, 1991-1999 жылдар аралығында қалалық денсаулық сақтау департаментінің штаттан тыс, яғни қаладағы барлық⠀емханадағы Ұлы Отан соғысына қатысқан, соғыста мүгедектік алған тұрғындардың⠀бас маманы қызметін қоса атқарады. Бұл пациенттермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін, тұрғындардың сенімінен шыққан, өз ісінің нағыз білгіріне ғана жүктелетін қызмет екені анық. Гүлшара Ақайқызы зейнет жасына шыққанша аталған емханада жауапты жұмыстардың басы-қасында жүрді. Жұмыстың үдесінен шықты. Жемісін көрді. Дәрігерімізді Тәуелсіз еліміздің дамуына аянбай һәм талмай еңбек етіп, тер төккен жан деп айта аламыз.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
–Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдардан бергі әрбір тарихының куәсіміз. 45 жылдық еңбек жолымда медицина саласында орын алған реформаларын жүзеге асыруға атсалыстық. Биыл Тәуелсіздік алғанымызға 31 жыл толды. Осы жылдар аралығында мемлекетіміз медицина саласына үлкен көңіл бөліп, тұрғындарға қызмет көрсету сапасы бүгінде әлдеқайда жақсарған, - деді тәжірибелі дәрігер.⠀⁣⁣⠀
Гүлшара Ақайқызы еңбек жолында 14 жыл⠀учаскелік (аймақтық) дәрігер болып еңбек етіпті. Төрт жыл бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болса, 16 жыл бөлім меңгерушісі болған. Соңғы 11 жылда⠀сарапшы дәрігер қызметін жемісті атқарып келеді. «Еңбектің зейнеті бар» деген осы шығар. Абырой биігіндегі ақ халатты талай марапаттардың иесі. ⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Атап айтқанда, жоғарғы санатты дәрігер 2002 жылы «Қазақстан Республикасының⠀денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісімен, 2014 жылы «Верность профессии» дипломымен,⠀2017 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2019 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. ⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Өз ісін жетік білетін маманның қоғамдағы орны әрдайым жоғары. Шымкент қалалық №6 емханада сарапшы-дәрігер деп аталатын қызметтің жүгі жеңіл емес. Медициналық көмектің сапалы көрсетілуі, пациентке қолдау көрсету, тегін көрсетілетін көмектің ережелерін сақтау, емхананың ішкі қызметтерін зерттеу және талдау секілді жұмыстарды бақылау⠀–⠀Гүлшара Ақайқызына бекітілген. ⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Гүлшара Ештаева – «Тәуелсіздіктің үздік дәрігері» деген атаққа лайық маман. Ол – ұжымында абыройлы, әріптестеріне үйретері мол, ең бастысы⠀Гиппократ антына адал⠀ақ халатты абзал жан. ⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Бүгінде үздік маман, адал жар, аяулы ана екі ұл, екі қыздан сүйген 12 немеренің сүйікті әжесі. ⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Шымкент қалалық №6 емхананың ұжымы

Последнее изменение Четверг, 15 Декабрь 2022 15:09
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.