АҚША ЖОҚ немесе жеке азаматтардың банкроттығы қалай жүзеге асады? Избранное

Среда, 11 Январь 2023 06:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 708 раз

«Ақша жоқ». Қазір көп адамның аузынан ең жиі естейтін сөзіміз осы. Талай таныстарымыз несиесін уақтылы төлей алмай жүр. Төлемейін демейді, төлегісі-ақ келеді. Бірақ, тағы да сол ақша жоқ. Яғни, ол адам банкрот болған. Қазақстанда енді сол іс жүзіндегі банкроттықты заң жүзінде рәсімдеуге мүмкіндік туындап отыр.

604

 

Иә, құқықтық, қаржылық сауатсыздық, өзінің қаржылық мүмкіндіктері мен төлем қабілетін асыра бағалау, қымбат несиелер мен мардымсыз табыс... Өкінішке қарай, осының бәрі жинақталып келіп кейбір отандастарымыздың қарызға белшесінен батып қалуына себепші болуда.
Әсіресе, соңғы жылдары елімізде микроқаржы ұйымдарының белсенділігі артып, көптеген азаматтар «жалақыға дейін» деген атпен берілетін шағын несиелердің шырмауынан шыға алмай қалды. Мұндай несиенің аты шағын болғанымен, заты дардай. Кейбір компанияларда үстемақысы айына 30-35 пайызға дейін жетеді. Мұның қасында екінші деңгейлі банктер беретін несиелермен жылап көрісесіз.
Ең жаманы, кейбір азаматтар бір емес, бірнеше компаниядан несие алып, қарызы таудай боп үйіліп кеткен. Содан негізгі қарызды өтеуге шамасы жетпей, ай сайын табысының елеулі бөлігін тек сол шағын несиелердің пайызын төлеуге ғана жұмсап, өзі ішер ас пен киер киімге жарымай жүрген азаматтар қаншама?! Міне, осылай қарызынан құтыла алмай, қиындыққа душар болған жандарға жаңа жылда үміттің сәулесі тұтанғандай болды...
Олай дейтініміз, өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» ҚР Заңына қол қойды. Бұл заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткеннен соң әрекет ете бастайды. Яғни, қарызын төлеуге мүмкіндігі жоқ азаматтар 2023 жылдың наурыз айынан бастап банкроттыққа өтініш бере алады.
ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сапарбек Ешанқұловтың айтуынша, банкроттық туралы заң аталған рәсімнің үш түрін қолдануды көздейді екен.
–Олар: соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Аталған рәсімдерге тек қарыз алушының өзі бастамашы бола алады. Яғни, кредитор борышкердің банкроттығына өтініш беруге құқылы болмайды, – дейді Сапарбек Еркінбекұлы.

605


Департамент басшысының орынбасары банкроттықтың әрбір түрі қандай жағдайда қолданылатынын таратып айтып берді.
–Соттан тыс банкроттыққа өтініш беруі үшін қарыз алушы-жеке тұлғаның банктердің, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің алдындағы берешегі 1 600 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын болуы керек. 2023 жылы бұл – 5 миллион 520 мың теңге деген сөз. Бірақ, қарызы осы соммадан аспайтын кез келген қарыз алушы соттан тыс банкроттыққа өтініш бере алмайды. Себебі, өтініш беруші төмендегідей шарттарға сай болуы керек. Біріншіден, банкрот деп танылғысы келетін адамның атына тіркелген, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік болмауы керек. Екіншіден, өтініш бергенге дейін қатарынан 12 ай ішінде ол кредиторлардың, коллекторлардың алдында міндеттемелер бойынша бірде бір рет төлем жасамаған болуы тиіс. Егер кездейсоқ бір төлем жасаған болсаңыз, сол күннен кейін 1 жыл толуын күтуіңізге тура келеді. Үшіншіден, мерзімі өткен берешек туындаған уақыттан бастап 18 айдан аспайтын мерзімде борышкерге қатысты кредиттік шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу немесе өндіріп алу жөніндегі рәсімдер жүргізілген болуға тиіс, – дейді С.Ешанқұлов.
Сонымен қатар соттан тыс банкроттыққа өтініш берілгенге дейін 5 жылдан астам уақыт бойы өз берешегін өтемеген қарыз алушы-жеке тұлғалар жүгіне алады. Оған қоса өтініш берілгенге дейін 7 жыл бойы банкроттықты қолданбаған болуға тиіс (Әрине, заңдағы бұл норма алдағы жылдары қолданылатын болады).
Көпшілікті соттан тыс банкроттыққа өтінішті қалай беруге болады деген сауал қызықтыратыны белгілі. Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті таратқан мәліметке сүйенсек, өтінішті 2023 жылғы 3 наурыздан бастап «электрондық үкіметтің» www.egov.kz. веб-порталы арқылы беруге болады.
–Қазіргі уақытта ақпараттық жүйе тестілеуден өтіп жатыр. Сол жүйе арқылы өтініш берушінің деректері мүдделі мемлекеттік және өзге де органдардың деректерімен автоматты түрде салыстырылып, тексеріледі. Сөйтіп, борышкердің қажетті өлшем-шарттарға сәйкестігі анықталатын болады, – дейді Сапарбек Еркінбекұлы.
Оның түсіндіруі бойынша, соттан тыс банкроттыққа өтініш беретін жеке тұлға өтінішке өзі қарыз алған кредиторлардың заңды атауын, әрқайсысының алдындағы уақтылы өтелмеген берешек сомасын, олардың орналасқан жерін көрсете отырып барлық кредиторлардың тізімін көрсетуі тиіс. Сондай-ақ, өтінішке борышкердің банктік қарыз шарты және микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті реттеу немесе өндіріп алу шараларын қабылдағанын растайтын құжаттың көшірмесі қоса берілуі тиіс.
Ал, сот арқылы банкроттық рәсімін қолданудың өзіндік ерекшеліктері бар. Ол негізінен кредиторлар алдындағы борыштардың барлық түрлері бойынша қолданыла береді. Бұл жерде қарыздың жалпы соммасы 1 600 айлық есептік көрсеткіштен (2023 жылы – 5 миллион 520 мың теңге) асып кетпеуі тиіс деген шектеу жоқ. Есесіне, бұл жерде борышкердің атындағы мүліктер саудаға салынады. Алайда, бұл жерде де ескеретін тұстар бар. Мәселен, кредитор сот арқылы банкроттық барысында борышкердің жалғыз баспанасын сатуға шығара алмайды. Кредитор борышкердің жалғыз баспанасын тек ол кепілге қойылған жағдайда ғана алып қоюға құқылы.
Егер банкроттыққа өтініш берген адамның атындағы барлық мүлкі саудаланып, бірақ, оның ақшасы қарызды толықтай жабуға жетпеген жағдайда не болады? Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда қарыздың қалған бөлігі есептен шығарылады, яғни, кешіріледі. Тек ол үшін борышкердің жосықсыздығы белгілері болмауы тиіс. Яғни, мүлікті немесе ол туралы ақпаратты жасыру, жалған ақпарат ұсыну және тағы басқа теріс әрекеттер орын алмаған болуы керек.
Мамандардың айтуынша, сот арқылы банкроттық рәсімін қаржылық басқарушылар жүзеге асырады. Олардың құрамына жеке тұлғалардың банкроттығы рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң консультанттары және аудиторлар кіреді.
Сот арқылы банкроттыққа өтінішті 2023 жылғы наурыз айында борышкердің тұрғылықты жері бойынша сотқа беруге болады. Заң нормаларына сәйкес, банкроттықты өткізу мерзімі – 6 ай, оны тағы 6 айға ұзарту мүмкіндігі бар.
Өтініште барлық кредиторлар мен дебиторлардың тізбесі, олардың алдындағы берешек сомасы мен олардың туындаған күні, банктер, шағын несие ұйымдары мен коллекторлық компаниялардың заңды мекенжайын, электрондық пошта және байланыс телефондарын көрсетілуі тиіс.
Сонымен қатар банкрот деп тану туралы өтінішпен жүгінген борышкер өзінің атындағы мүлкінің тізімін ұсынуы шарт. Егер бар болса, өтініш бергенге дейінгі 6 айдың ішінде жасалған мүлікті бағалау туралы есепті қоса ұсынуға болады. Мұнан бөлек жеке тұлғаның соңғы үш жылда алған кепілді немесе кепілсіз несиелерінің , өзге де қаржылық міндеттемелерінің тізімі берілуі шарт.
Сондай-ақ, борышкердің банктік қарыз шарты және микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті реттеу шаралары қабылдағанын растайтын құжаттың көшірмесі де қоса берілуі тиіс.
–Мұнан бөлек Президент қол қойған заңда төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі де қарастырылған. Тұрақты кірісі бар азаматтар осы рәсімді қолдана алады. Ол борышты 5 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігін сот арқылы алуды көздейді. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге өтініш беруді жоспарлап отырған борышкер үшін жалғыз шарт – борыш мөлшері қарыз алушыға тиесілі мүліктің құнынан аспауы керек. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі. Қалпына келтіру шаралары: мүліктің бір бөлігін сатуды; мүлікті жалға беруді; арзанырақ жаңа үй сатып алу арқылы қымбат тұрғын үйді сатуды немесе құны төмен тұрғын үйге айырбастауды және басқа да шараларды қамтиды, – дейді С.Ешанқұлов.
Басқаша айтар болсақ, борышкердің үйі немесе басқа да мүлкі саудаға салынып, қарыз толығымен жабылып, қалған ақша борышкерге қайтарылады. Ол ақшаға бұрынғымен салыстырғанда арзанырақ үй, көлік немесе басқа да мүлік алуына болады. Ал, егер борышкердің тұрақты табысы бар, бірақ, саудаға салардай мүлкі жоқ болса, онда қарыз соммасы 5 жылға бөліп төлеуге міндеттелуі мүмкін.
Жеке тұлғалардың банкроттығын реттейтін кодекс АҚШ-та ХІХ ғасырдың соңында қабылданған. Еуропа елдері өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында ғана осыған ұқсас заңнаманы қалыптастырды. Бүгінде Еропа Одағына ие елдердің барлығында осындай заңдар жұмыс істеп тұр. Ал, көршілес Ресейде мұндай заң 2015 жылы қолданысқа енген екен.
Жоғарыдағы шарттарға қарап отырсаңыз, бір жағынан бұл заң әбден қарызға батып, қиналған адамдар үшін үлкен жеңілдік сыйлайды. Бірақ, екінші жағынан «Банкрот болған адамдар» бір жағынан өз атындағы бүкіл мүлкінен немесе мүлкінің бір бөлігінен айырылып қалуы ықтимал. Оған қоса соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолданған азаматқа 5 жыл бойы қарыз және микрокредит алуға тыйым салынады. Қайта банкроттық болу 7 жыл өткен соң ғана мүмкін болады. Банкрот болған тұлғаның қаржылық жағдайына банкроттықтан кейін 3 жыл бойы мониторинг жүргізілетін болады.
Дана халқымызда «Қарыз күліп шығып, жылап кіреді» деген сөз бар. Сондықтан, лажы болса, «көрпемізге қарай көсіліп», қарызданбай өмір сүргенге, алда-жалда қарыз ала қалсақ, уақтылы төлегенге не жетсін?!