РУХАНИЯТ ШЫРАҚШЫСЫ Избранное

Среда, 11 Январь 2023 05:35 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 824 раз

Қазақ әдебиеттану ғылымы жылдан жылға өсіп, қанат жайып, өркендеп келеді. Ол ғылымға үлес қосып жүрген тұлғалар аз емес. ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ әдебиеттану ғылымына ерекше үлес қосып, өміршеңді еңбек беріп келе жатқан тұлғаның бірі – халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, бұл күндері 70 жасқа толып отырған профессор Құлбек Сәрсенұлы Ергөбек.

603

 

Ғалымның әр жылдары жазған «Жан жылуы» (1981), «Мейірім шуағы» (1985), «Сәбит Мұқанов» (1989), «Қазақ совет балалар жазушылары» (1985), «Баянғұмыр» (1991), «Жақсыдан қалған сөз» (1991), «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» (1996), «Сылдырап өңкей келісім» (1994), «Шыңғыс шыңы» (1999), «Сәбит Мұқанов» (2000), «Жазушы шеберханасы» (2001) «Арыстар мен ағыстар» (2006), «Өлеңсөз» (2012), «Қарасөз» (2012), «Сарасөз» (2013), «Дарасөз» (2015), «Баянсөз» (2019), «Баласөз» (2019),. т.б. кітаптары, монографиялары, оқулықтары, сын-зерттеу еңбектері халқымыздың рухани, мәдени әлеміндегі аса құнды баға жетпес ғылыми мұралар.
Қазақ әдебиетінің көкейкесті мәселелерін тереңінен танып, портреттер мен проблемаларды талдап жазатын ғалымның қаламынан туған кітаптарының ішінде «Арыстар мен ағыстардың» айтары көп. Осы күнге дейін жарық көрген бұл кітаптардың әрқайсысы жеке-жеке біртұтас дүние, атап айтқанда, бірі «қазақ балалар әдебиеті мәселелерін» қамтыса, екіншісі «қазақ өлеңі хақында» сыр шертеді. Келесі бір кітапта «қазақ қарасөзін» айтса, соңғы кітабында «шығармашылық лабораторияны» кең тұрғыдан қамтиды.
Біздің бүгінгі мақсат – ғалым-сыншы Құлбек Ергөбектің әдебиеттану, сын әлемін сарапқа салатын төртінші кітабы жайында ой өрбіту, себебі бүгінгі әдеби процесті тамыршыдай тап басып алуан-алуан еңбек жазып келе жатқан ғалымның бар еңбегі туралы бір ғана зерттеудің барысында айтып шығу мүмкін емес.
Қазіргі таңда «Қалың қалай, қазақ сыны?» деп сұрақ қоятын дәрежеге жетіп қалдық. Шын мәнінде сын тоқырауға ұшырап тұр десе де болғандай!? Сол себепті осы жанрдың шын мәніндегі жанашыры және бірден-бір белсенді авторы болып жүрген сыншының көбірек жағдайда осы кітаптағы сыни еңбектеріне тоқталып, талдау жасауды мұрат тұттық.
Қазақ сынында аты-жөні ұмытылып бара жатқан тұлғалар бар. Солардың қатарында тұрған жанның бірі – Мұхамеджан Қаратаев. Әрине, қазақ сынының өркендеуіне ғұмырын арнаған ғалымның ғұмыры ең бір ауыр кезеңдерге тап келді. Социалистік реализм де, идеологияда кімді де болсын қатты қадағалап, не жазу керек, нені сынның найзасына қадау, ілу мәселесін өзі назарға алып нұсқау беріп отырды. Талай зобалаңды бастан кешірген сыншының артық-кем кеткен жері де болған шығар, бірақ осындай мәселелерден ілік іздеп, жазықсыз жандарға зәбір, жапа көрсету жараспайды. Сыншы Қ.Ергөбектің «Сын сардары бола білген еді…» деп аталатын еңбегі М.Қаратаевтың шығармашылық өмірінің соңғы кезеңіне арналған.
Кеңес үкіметі құлар алдында қоғамда «қайта құру» атты жылымық дауылы жүріп өтті. Сол дауылдың соққысын көрген жақсылар көп, сол кездегі көзі тірі М.Қаратаев, І.Кеңесбаевтар ғана емес көп жыл бұрын өмірден өткен С.Мұқановқа дейін қиянат жасауға жақын бардық. Сондай солақай соққыға көбірек ұрынған қайраткер Қаратаев. Жан азабы, ар азабы шыдатпаған ол көп кешікпей мерт болып кетті. Ал енді, шын мәніне келгенде, қаһарлы «отыз жетінің» азабын аз шекпеген аяулы жанның бірі – М.Қаратаев. Ол жөнінде зерттеуші: «Сөйтсек, отызыншы жылдары Абай атындағы қазақ педагогикалық институтын тәмамдаған, Санкт-Петербургте аспирантурадан өткен, азулы сыншы, эстет әдебиетші Қазақстан Жазушылар одағында жауапты хатшы қызметін атқарып тұрып, «халық жауы» болып ұсталып кетіпті. Сібірге айдалған жап-жас Мұхамеджан да біраз қағазға қол қойған деседі, атынан бірсыпыра мақала да жазылыпты. Мүмкін. Өзгені қайдам, архив ақтарған маған аға буында отыз жетінің құйынынан аман адам жоқ сияқты көрінеді. Біреу – аз, біреу – көп, біреу – көрініп, біреу көрінбей істеді. ...Қалай дегенде бәрі де қоғам дертіне қызмет көрсетпей тұра алмаған. Ол бір алмағайып заман еді ғой ағайын!», - деп сыр шертеді.
Иә, шын мәнінде ол бір кезең алмағайып дәуір еді, жазықсыз, әзіз жандардың қаншамасы қапылыста қаза тауып, мерт болып жатты. М.Қаратаев, Ө.Тұрманжанов, Ж.Арыстанов сынды ардақтылар бір емес екі реттен сотталып, айдалып, әйтеуір аман қалды. Бір адамның емес, бір халықтың басына құйын үйірілгенде кімнің басынан не өтпейді, енді бүгін өркениетке ұмтылып, азаттыққа жетіп, биік мәдениет баспалдағында тұрғанда зая-заманның өзі аямаған тұлғаларды екінші, үшінші рет күйдіру ешқандай абырой әпермейді. Жасы сексенді алқымдаған сыншы (1990 жылдары) жаны күйгенде: «Бұлар неге оқиғаға терең талдау жасамайды, неге мәселенің бетін қарпиды? – Не бұлар бізді жеңіл тағдыр кешті деп ойлай ма, сонда? Ол заманды басқа бермесін. Басқа берсе сатқынның көкесі – осылардан шығар еді?», -деп шыр-пыр болады.
Уақыт өтті, көп нәрсенің ақ-қарасын айыра бастадық, асыл мен ақықты, жаман мен жасықты танитын жас ұрпақ жетіліп келе жатыр. Сол бір аласапыран күндері көз алдымызда «шөжіп те, шөгіп те» бара жатқан сыншының қасында болып, жанына жалау, өміріне медеу болған жас сыншы Құлбек Ергөбектің түйіні төмендегідей: «Бірді-екілі кісі теріс айналды екен деп, Мұхаңнан жұрттың бәрі безінген жоқ. Әсіресе, шәкірттері жау жоқта батырсып, бұлт жоқта найзағай отын жарқылдатып жүрген айғайшыларға тіпті де ден қойған жоқ. Ұстаз – ұстаз қалпында, шәкірт – шәкірт орнында!» - қалды. Атақты ғалым, қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші, өз өмірінде талай соққының азабын көрген М.Қаратаевтың замандасы, әріптесі, «қайырымсыз уақыттың қайсар ұланы» Б.Кенжебаевты шын мәніндегі шәкірті Қ.Ергөбектің ұстаздар жайында айтары әманда ашық, көңілі таза, «айғайшыларға» ермейді.
Сыншы, әдебиетші, фольклорист, тюрколог, публицист ғалым Рахманқұл Бердібай шығармашылығы жайында жазылған еңбек «Алаш рухты азамат» деп аталады. Өткен ғасырдағы елуінші жылдардың соңынан бастап әдебиеттану әлеміне келген ғалымның жарық көрген кітабының өзі 40-қа жуық десек қателеспейміз, ал мақалалар саны да 500-ден асып жығылары сөзсіз. Өмір белестерін, шығармашылық жолын, әдебиетке қосқан үлесін, түркі әлеміндегі әдебиеттен алар орнын, ең бастысы алашым деп, қазағым деп, ұлтым деп жүрегі соғатын ғалым Р.Бердібайдың шығармашылық портретін аша білген. Мысалы: «Р.Бердібай қазақ кеңес әдебиетінің әр жанрдағы көптеген туындылары туралы сын мақалалар жазды, проблема көтерді, соның ішінде әсіресе қазақ романын тереңдеп тексерді, қазақ әдебиеті мен әлем әдебиеті байланыстарын, көне қазақ әдебиеті тақырыбына да белсене қалам артты», - дейді. Ғалым зерттеуші атап көрсеткендей Р.Бердібайдың шығармашылық ауқымы өте кең, 60-70 жылдары сын жанрында жарқылдап көрінді, көп уақыт бойы роман жанрын зерттеді, ал енді баспасөз бетіндегі проблемаларға араласып, конференция, т.б. жиындардағы ойлы, отты, өткір пікірлер өз алдына бір бөлек дүние. Бұл күндері «Р.Бердібай – зерттеу мектебі қалыптасқан көрнекті фольклорист, бұл саладағы еңбектері өз ішімізде де, сырт елде де үлкен абыройға ие. Тынымсыз ізденістен туған «Қазақ эпосы», «Эпос – ел қазынасы», «Эпос мұраты» аталатын монографиялары арқылы түйілген концепциясы оны эпостану негізін салушы дәрежесіне көтерді. Күллі түрік дүниесінде әбден мойындалды».
Қ.Ергөбектің ұстаздық парыз, шәкірттік қарыз дара даналық, мейірімді ізгілік жайында айтары көп. Осы ойлардың бір парасын Рахманқұл Бердібайға қатысты былай өрбітеді: «Ізгілік бастауы – даналық! Даналық қайнары – ұстаздар өнегесі. Р.Бердібай ұстаздар өнегесін мықтап тұтынған, шәкірттігіне шәк келтірмейтін кісі». Иә, кешегі Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, Ә.Қоңыратбаев сынды ұлы тұлғалардың шәкірті, бүгінгі Ш.Ыбыраев, Қ.Ергөбек, З.Бисенғали, Ж.Дәдебаев, Б.Ыбырайымов, т.б. талантты әдебиеттанушылардың ұстазы Р.Бердібай алаш рухын айбындатып, асқақтатып жүрген қалам қайраткері болып ғұмыр кешті.
«Бақытты ғұмыр». Қ.Ергөбектің бұл еңбегі академик сыншы Серік Қирабаев шығармашылығына арналған екен. Үлкен әдебиеттің жауынгер жанры саналатын әдеби сынға Абай атындағы педагогикалық институттың екінші курсында оқып жүргенде жазған «Идеясыз жинақ» («Социалистік Қазақстан», 24.10.1948, қазіргі «Егемен қазақстан») атты мақаласымен келген ол танымал әдебиетші, белгілі сыншы болып ғұмыр кешті. Серік Қирабаев көп қырлы талант иесі, зерттеуші соның бірі жайында былай деп түйін жасайды: «Саны көп мақалалардың ішінен бізге қазақ балалар әдебиеті жайында жазған мақала, рецензиялар көбірек ұнады. В.Г.Белинский рухында жазылған «1949 жылғы балалар әдебиеті» (1950), «Балаларға арналған жинақ» (1951), «Балалар әдебиетінің кейбір мәселелері» (1954), «Балаларға арналған әңгімелер» (1953), «Қазақ совет балалар әдебиетінің кейбір мәселелері» (1954), «Детям – хорошие книги» (1954) – аталатын мақалалар проблемалылығымен, танып айтып, талдай қоюымен көңілді елең еткізген кезінде», - деп бір түйсе, одан әрі өзінің де бұл әдебиетке деген сүйіспеншілігін: «Балалар әдебиеті – бейкүнә, жанап кетсең жаныңа шуақ ұялататын кәусар бұлақ секілді мөлдір әдебиет қой», - деп жеткізеді. С.Сейфуллин, Ж.Аймауытов, Ғ.Мұстафин т.б. классиктер шығармашылығын монографиялық деңгейге дейінгі зерттеуді жүзеге асырған ғалымның сын әлеміне балалар әдебиетінің сыншысы, зерттеушісі болып келуінің өзі бір тарих. Әдебиет әлемінде жүріп «бақытты ғұмыр» кешу оңай емес, ардың ісі болып саналатын әдебиет әрқашан азаптануды талап етеді. Біздің ойымызша Серік Қирабаевтың бір бақытты ғұмыры – ол «Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері» (1995), Серағаңның әдебиет, қоғам үшін күресінің бір белесін: «қайта құру рухымен өмірге келген «ақтаңдақтарға» Серағаң алдымен себепкер басшы-ұйымдастырушы болып араласты. Ұлы Абайдың, алау ақын Сұлтанмахмұттың екі томдығы, маздаған Мағжан, аяулы Ақаң, Жақаңдар, ғұлама Ғұмардың бір томдық еңбектерінің жарық көруіне тікелей атсалысты», - деп көрсетеді.
Аға буын саналатын ардақтылардың алдында тұрған ең ұлы міндеттердің бірі күні кешегі әдебиеттің басынан өткен «ақтаңдақтардың» ақиқатын айту, кейінгі келер ұрпаққа шынайы шындықты жеткізу. Жаратылысында бекзат, тумысында адал Серағаң бұл сұрақтардың көпшілігіне шама-шарқынша жауап берді және ең бастысы әділеттен аттамай үлгі көрсетті. Қадірменді Қирабаевтың осындай ұлағатты іске кірісуі жөнінде: «Ағалық жасқа жеткен Серағаң ұлғайған жасқа, молайған тәжірибеге орай осы екі міндетті қатар атқаруға кірісіпті. Соңғы кездері жарық көрген – «Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері» мақалалар жинағы бізге осындай ой түйгізді», - дейді. Аталған кітапқа енген «Әдебиет пен өнер-ұлттық идеологияның маңызды саласы», «Әдебиет – ұлттың рухани байлығы», «Қайта құру және әдебиеттану», т.б. мақалалардың қай-қайсысы болмасын бүгінгі әдебиетті қалай өркендетуге болады, ғылым, білім, әдебиетті қалай дамытуға болады дейтіндей методологиялық мәселелерді тереңнен қозғайды. Жоғарыдағы мақаланың аты айтып тұрғандай әдебиет пен өнерді ұлттық идеологиядан бөліп қарау мүмкін емес. Бұл жөнінде сыншы ғалым С.Қирабаевтың өзі: «Ешбір қоғам, мемлекет идеологиясыз өмір сүре алмайды. Идеологияның жоқтығы қоғамның даму бағдарын әлсіретеді, оны құлауға жеткізеді», - деп жағымды пікір айтады.
Сыншы Қ.Ергөбек өзінің ойын қорытарда ардақты аға, кемел ғалым, академик С.Қирабаевтың бірнеше адами қасиетін санамалап көрсетеді, ол қасиеттері төмендегідей: 1. Әділдігі; 2. Қимыл ілкімділігі; 3. Өзі жазып қана қоймай, белгілі бір объектіні өзгеге тақырып етіп ұсынар кеңдігі; 4. Қазақ әдебиеті қазынасын орыс тілі арқылы кезінде үлкен аренаға шығарған азаматтығы; 5. Әдеби процесті тұтас көргісі келетін алымдылығы; 6. Ақ деп таныса пікірін батыл қорғайтыны.
Серік Қирабаев бойындағы сыншы-ғалым Құлбек Ергөбек көрсеткен бұл қасиеттердің әрқайсы туралы-ақ жан-жақты пікір сабақтап, ой түйіп, дәлел келтіруге әбден болады, оған ғалым Қирабаевтың өмір жолы, ғалым сапары, әдеби мұралары әбден лайық. Оның бәрін тәптіштеп айтып, жазып жатуды бүгін мақсат етпедік.
Қ.Ергөбектің «Арыстар мен ағыстарында» (Әдебиеттану, сын әлемі» қазақ әдебиеттану ғылымына, оның ішінде әсіресе сынына қосқан тұлғалар жөнінде жазған ойлы, қызықты, дерек көздері орасан бай еңбектер көп. Атап айтқанда Мүсілім Базарбаев («Кекіреліден басталған жол»), Төлеген Тоқбергенов («Сыншы мінезі»), Сағат Әшімбаев («Жанын жалау еткен»), Бақыт Сарбалаұлы («Таза бұлақ») т.б. жайындағы жазбалары құндылығы, тереңдігі, методологиялық бағыты, ең бастысы ғылыми концепция айқын.
Бүгінгі шағын ғана зерттеуімізде біз ғалымның М.Қаратаев, Р.Бердібаев, С.Қирабаев шығармашылығының кейбір қырларын сөз еткен еңбектеріне ғана тоқталдық. Зер салып қарағанда аңғарылатын бір жайт бар, ол сыншы Ергөбектің зерттеу объектісінің ауқымы бай. Ол өзі сөз етіп отырған тұлғаның шығармашылық тағдырымен бірге өмірлік деректерін қабыстыра, қоғамдық өмірдегі орнына дейін талдау жасай отырып танымды, тағылымды, үлгі-өнегені қатар ұсынып отырады. Мұның бәрі ғалым зерттеулерін қызғылықты етіп, құрғақ дәлелдерден ада етіп тұрады.
Қорыта келгенде, қазақ әдеби сынының бүгінгі зерттеушісі, қазақ әдебиеттану ғылымының жаңа бір мектебін қалыптастырып келе жатқан сыншы, кешегі аға буынның шәкірті, бүгінгі жас әдебиетшілердің ұстазы Құлбек Ергөбектің «Арыстар мен ағыстарында» айтары көп, тек оны оқып, зердеге түйіп, таным алу, халық рухын іздеу – біздің баршамыздың міндетіміз.

Нариман НҰРПЕЙІСОВ,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының
кандидаты, доцент

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.